БЕЙСЕНКҮЛДІҢ БАСТАМАСЫ БАЯНДЫ БОЛҒАЙ!

Руханият
708 Views

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге міне, отыз жылға жуықтап барады. Бұл – аз да, көп те уақыт емес. Соған қарамастан, ауыз толтырып айтарлықтай табыстар мен жетістіктерге қол жеткіздік. Егемен елімізді төрткүл әлем танып, мойындай бастады. Қазақстан Халықаралық беделді ұйымдарға мүше болды. Ата Заңымыз (Конституциямыз) бен Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Елтаңбамыз бедерленіп, Көк туымыз көкке көтерілді, Әнұранымыз асқақтай түсті.

Жалпы, жұртшылық Мемлекеттік ту тек екі жағдайда ғана көтерілетінін өте жақсы біледі. Оның бірі – ел Президентінің шетелдерге жасаған ресми сапары кезінде. Екіншісі – саңлақ спортшыларымыздың Олимпиада, Әлем және Құрлық чемпионаттарында, Халықаралық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарды жеңіп алған сәтінде. Алайда, соңғы кездері сол Елбасы мен спортшыларды қолдап, қошеметтеп жүрген жанкүйер қауымның қолдарынан да үлкенді-кішілі туларды жиі көретін болдық. Тіпті, сан алуан байрақты бәсекелер, футбол, хоккей, тағы басқа да спорт сайыстарын тамашалауға келген фанаттардың бет-аузын Мемлекеттік тудың кішірейтілген нұсқасымен бояп алатынына да куәміз.

Кез келген қаланың Орталық алаңдарына ту ұстап шығу, онымен суретке түсу – сәнге, қазіргі тілмен айтқанда трендке айналып отыр. Мәселен, былтыр шілде айында шымкенттік танымал журналист, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетованың бастамасымен әлеуметтік желілерде «Көк тудың желбірегені…» атты эстафета қолға алынған болатын. Нәтижесінде, бұл ізгілікті де игілікті іс-шараға үлкен-кіші деместен жалпақ жұртшылық жапатармағай атсалысты. Көк тудың жанында жарыса суретке түсті. Басқаны айтпағанның өзінде, тіпті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай да өзінің жүрекжарды ізгі тілек ниетін жеткізген. Желтоқсан айында, дәлірегі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Тәуелсіздікке диалог» патриоттар форумында аталмыш эстафетаға белсене қатысқан азаматтарға марапат ретінде алқызыл гүлдің орнына көгілдір түсті ту сыйға тартылған. Керемет көрініс емес пе?! Ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді бойға дарытудың тамаша тәсілі емес пе?! Осылайша беделді, белсенді әріптесіміздің бұл бастамасы құптауға, қолдауға тұрарлық шара екеніне көпшіліктің көзі жетті. Бір тілегіміз – мұның бәрі науқандық шара болып қалмай, күнделікті өмірде өзінің жалғасын тапса екен. Бұл үшін Бейсенкүлге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Оның игі бастамасы баянды болғай деп тілейміз!

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 конституциялық заңының екінші тарау, төртінші бабында Мемлекеттік туды пайдаланудың жөн-жоралғысы мен тәртібі көрсетілген. Онда Ақорда, Парламент, Үкімет үйінен бастап, әкімдіктер, тағы басқа ресми мемлекеттік мекемелерде, құқық қорғау органдарының ғимараттарында, елшіліктерде көк туымызды ілуге болатыны жайлы жазылған. Ал оның кез келген нұсқасын үйдің қабырғасына ілу, көлікте алып жүру, киімге жапсыру, тағы басқа жағдаяттар жайлы егжей-тегжейлі жазылмаған. Сол себепті де болса керек, қасиетті де қастерлі көк туымызды жеткілікті дәрежеде қадірлеп, құрметтей алмай жүрміз.

Біз қайткен күнде де егемен еліміздің мемлекеттік рәміздеріне айрықша құрметпен қарап, оларды қадірлеп, қастерлей білуіміз керек. Осы орайда, көпті көрген аға буын, зиялы қауым өкілдеріне жүктелетін жауапкершілік жүгі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, жас ұрпақты ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерге баулу жолында оларды мерейімізді өсіретін мемлекеттік рәміздерімізді шынайы құрметтей білуге шақырайық, ағайын!

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *