БІЛІМ ЖҮЙЕСІ – ӨЗГЕРІССІЗ ӨРКЕНДЕМЕЙДІ

Білім Мәселе
456 Views

Басқаларды қайдам, біздің қоғамымызда жұрттың үміттене күтетін басты екідатасы бар. Бірі – 1 қаңтар. Жаңа жыл басы. Екіншісі – 1 қыркүйек. Жаңа оқужылының басы. Екеуі де алдағы жайлы да жақсы, жетістік пен жемістілік,көңілдегі тіршіліктен үміт күттіретін құтты істердің басы болсын дейтіндей үміт-сезімніңбастауы сияқты көрінеді. Әсіресе, бала-шағасынан, немере-шөбересінен үлкенболашақтың лебін сезетін, сезгісі келетін азаматтар үшін. Ел Президентініңкезекті халыққа Жолдауы да, осы аталмыш күнге сәйкестеніп, алдағы күткен күндерге деген сенімге, оң істерді күтуге жетелей түскендей әсер қалдырды.

Биылғы жылғы дәстүрлі тамыз конференциясы «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» деген тақырыпты иеленіпті. Меніңше, қандай керемет! Қысқа да, нұсқа. Біздің ең басты мақсатымыздың өзі осы, «Табысты ұлт», емес пе? Ол үшін сапалы білімді адал ұрпақ тәрбиесіне, оның іс жүзіндегі нәтижесіне қол жеткізуіміз керек.

Десек те, болашақ жарқын болу үшін іргелі мақсат қою мен оған қол жеткізу арасында еңбекке толы өмір, күреске толы тіршілік, үмітке толы уақыт жатқаны көзі қарақтыға белгілі дүние ғой деп ойлаймыз. Әзірге дейін сапалы білім мен ұлттық идеологиямызға толық және сөзсіз сәйкес даңғылға сенімді түрде түсе алмағанымыз жиі-жиі көрініп қояды. Өткен тамыз конференцияларындағы, оның алдындағы басқа да білім мәселелеріне бағытталған шаралардағы пікірлер де соны меңзейді.

Білім министрлері айтпаған, не айта алмаған, көптеген проблемаларды Жолдаудан естідік. Бұл – оптимизмге орағандай әсермен, оң ойларға жетеледі. Әйтпесе, білім басшыларының күнделікті жұмыс барысында да шешуге әбден болатын «реформалары» алысқа апармайтын сияқты көрініп еді…

Білім саласындағы көптеген проблемалардың шабан түрде шешілуі – қалың жұртшылықты алаңдататыны ақиқат. Неліктен? Жылма-жыл небір есептер, «қорытындылар» болып жатады. Республикадан бастап, жергілікті жерлердің бәрінде «Тамыз конференциялары» улап-шулап мерекелік сипатпен өтіп жатады. «Жаманбыз» деп ешқайсысы айтпайды. «Жақсымыз» деп айтылып, бұйырғандарға әртүрлі марапаттар беріліп те жатады. Сонда да, білім сапасына қалың жұрт тарапынан құлақтың құрышын қандыратындай ырзашылықты естімейміз. Әрине, аталмыш саланың белсенділері, лауазым иелері және олардың жанашырларынан басқа.

Есесіне, білім саласы коррупция, ұрлық, тамыр-таныстық дегенге, министрінен бастап, басқа да басшыларына дейін, бет қаратпай өздерін өздері мақтағанына құлақ үйреніп қалған сияқты. Шынында да, соңғы «тамыз іс-шараларында» да нәпақасын осы саладан табатындардың сөздерінен өздерін қуанышқа кенелетін позитивті өзгерістер болмаса, алқымнан алған негативтерге қарсы күрес түрлерін мен өз басым ести алмадым…

Аталарымыздан қалған, бала кезімізден естіген «құлдан да бір сөз» дегендей, педагогика саласының майталманы болмасам да, жеке ой елегінен өткізген бірер ұсынысты мен де оқырманмен бөліссем жөн сияқты көрінді.

БІРІНШІДЕН, Елдегі білім саласындағыдай кең ауқымды проблемалар жиынтығын еңсеру үшін ең алдымен олардың жан-жақты себептерін талдап зерттеу керек. Онан соң барып, оны іс жүзінде шешу мүмкіндігі, оның жолдары, бағыт-бағдары белгілі болатыны көпшілікке аян. Бірақ, мен пікір алмасқан бірде бір үлкенді-кішілі, бұл саланы білем дейтін азды-көпті азаматтардың біреуі де, ондаған жылдар бойы жинақталып, меңдеген аурулардан, саяси конъюнктурадан ада ем бағдарламасы, не жоспары бар екен дегенді естімедім. Бірінен соң бірі ұзағынан тізбектелген, біреулері өз ісіне жарым-жартылай сай, кейбіреулері тіптен сай емес министрлерден де ондайды естімегенбіз.

Мүмкін алдағы уақытта қоғамдық идеологиямызға сәйкес, ұлттық мұратымызды қанағаттандыратын, мемлекетімізді көріктендіретін, азаматтарымыздың саяси-құқықтық мәдениетін биіктететін, әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды көктететін халықтық оқу, оқыту және тәрбиелеу «Ұлттық бағдарламасын» көріп, қуанармыз?! Біздің «Жаңа Қазақстанымызда» оны қалыптасқан әлемдік, еуразиялық және ұлттық даму мен оның ерекшеліктеріне толық сәйкестендірілген мақсаттар жиынтығы ретінде әр азаматтың ой-жадынан орын алатын ұрпақ тәрбиесі құндылығының иегері болып қалармыз?! Мен, өз басым, өткен Президентіміз Жолдауынан кейін қазіргі оқу-білім министрлерінен, сала вице-премерінен осыны күтемін. Әрине, егер бұл лауазым иелері қабілеті мен жауапкершілігі жөнінен өздеріне артылған сенімге лайық болса…

ЕКІНШІДЕН, табиғаттың да, адамзат қоғамының да, аяларында заңды негізде әрекет ететін «Құбылыстардың жалпыортақ байланысы» деген философиялық та, практикалық та, заңдылық барын, қоғамдағы барша салалардың бірі бірімен әлеуметтік байланыста екенін орта білімдінің өзі біледі. Демек, елдегі білім саласын заман талабына бейімдеу, оны созбай дамытуды жоғарыда армандаған, ашықтығын аңсаған ұлт бағдарламасында мемлекеттік идеологияға, саяси-әлеуметтік мақсаттарға сүйене отырып, әр саланың парыз-міндетін айқындай, халық санасына орнықтырған дұрыс деп есептеймін.

Аталмыш мәселе Ата заңда өз орнын алған. Білім туралы заңдарда да орны түсінікті. Бірақ, өмірде міндеттілік талап деңгейі мен қатаңдығы төмен, жұмсақ күйлі. Мысалы, кешегі оқу керуені басталардағы бізге еш жағынан үлгілікке келмейтін «ауған-араб мектеп формасының» жанжалы. Сонда қалай болғаны? Елдегі ең діндар, ең фундаменталистік діни талап миын жаулаған пенденің өзі ауғанға болсын, арабтың 22 елінің біріне болсын, не басқасына болсын, «көш» десе де көшпейтін сорлының өзіне идеологиямыз да, онан туындаған Конституциямыз да, мемлекеттік саясатымыз да «екі қойың бір сом» болғаны ма? Бүткіл елде мемлекеттік идеология мен білім саясаты, оның заңдарын жүзеге асыру сеніп тапсырылған министрдің өзі әлеуметтік салмағы арзымайтын «қатардағы сақалбайдың» алдында міңгірлеп тұрғанына қарағанда, солай-ау, өзі!? Ал, қолда бар жалғыз мемлекет басшымыздың «диплом печаттайды» дегенінен бері бес жыл өтті, «сапасыз білімді» де ол аз сынаған жоқ… Қалғанын айтпай-ақ қойдым. Ұрлықы дипломдар, аттестаттарды да…

ҮШІНШІДЕН, еліміздің білім саласындағы проблемаларының негізгі себептері құқықтық қатынастардың тиісті дәрежеде, толыққанды әлеумет аясына сіңбеуінен. Жас буыннан бастап, ең үлкен дейтін буындардың арасында құқықтық санамен қабаттаса, діни, мифологиялық, дәстүрлі саналардың симбиозы орын алынуынан. Олардың ішіндегі фундаменталистік бағыттағыларының конституциялық талаптың өзіне бағынғысы келмей, одыраңдағаны көрініп тұрды. Қоғамдық пікірде амалсыз олардың соңында қандай саяси топтар тұр деген сұрақтар туындамай ма екен? Халқының діндарлығы бізден әлдеқайда жоғары көршілеріміздің өзі ондайларының тілін тырп еткізбей жұлып алады, ал біздің билік жүйесіндегілердің сонша либералдық танытқаны неліктен? Радикалдық діни сеніммен қоғамдық идеологияға арналған мектепке екпіндеп бас сұққандардан болашақта қандай нөмірлер күтуге болады?

Сол себепті еліміздің болашағын тәрбиелеп, менталдық талаптарын қалыптастыратын ұлттық білім саласы қоғамымыз мақсат еткен құқықтық, саяси-әлеуметтік мәдениеттің гүлденген ордалары болуы керек. Қоғамдық және мемлекеттік салалар олардың сөзсіз үлгілері болуы керек. Қазіргі жұртшылық пікіріндегі коррупциядан, басқа да мерездерден «үшінші орындағы» лидерлердің бірі емес, керісінше, тұнық судай тазалардың алдыңғы сапында болса ғана өркениетті елдердің құрметті ортасында боламыз. Әзірге, күрес жалғасуда… Мемлекеттің, қоғамдық-саяси топтардың, көзі қарақты, білімді, ұрпағын жарқын болашаққа бағыштайтындардың күресі…

ТӨРТІНШІДЕН, тоталитарлық билік тәртібінен құқықтық тәртіпке өту барысында, біз өткенде өзін ақтаған сол заманның геройларының образын жаңа идеологиялық кейіпкердің бейнесінде қайта туғызатын метаморфозаға қол жеткізе алмадық. Нарықтық заманымыздың, өркениетті болашағымыздың жастарға өмірде үлгі болатын, жанжақты өсіп-өну барысында түрткі ниет әсерін беретін, алуан түрлі тыныс-тіршілік жағдайында ұстанымы қалыптасқан «Біздің заманымыздың геройының» оң образы керек-ақ болып тұр деп ойлаймын. Әзірге, әдебиетімізде де, педагогикалық іс-шараларда да, телекиноларда да шашыранды сипатта ғана кездеседі. Негізгі білім, маман, азамат қалыптастырушы министрліктердің тарапынан үйлестіруші, тапсырыс беруші, насихаттаушы бастамалар не әлсіз, не жоқ.

Қоғамдық пікірлер аясында көбінесе жастардың «үлгілігі» ана тілімізге деген пікіріне, қолдау ұранына келіп тіреліп қалады. Өзі қазақ болса, Қазақстанның азаматы болса, ана тілін білу күнделікті тіршіліктегі қажеттілігі ғана болмай, елі алдындағы парызы, ұрпақ алдындағы қарызы бола тұра, неге «үлгілігі» ғана болады?! Кезінде тарихи тағдырымызға байланысты тіл проблемасы орын алды. Қазіргі заманда және алдағы уақыттарда орыс халқы айтатындай, бұл «само собой разумеющаяся истина» болуы керек!

Меніңше, елінің дамыған елдердің қатарынан орын алғанын шын мәнінде қалайтындар халқының санасын құқықтық қатынастар билейтін қоғам үшін күреседі. Сондықтан да, мемлекетінің Ата заңы, заңдары мен заңнамалары, халық сайлаған билік органдарының басқа да ел мүддесі үшін шешімдері саналы, үлгілі азаматтың, «Біздің заманымыздың геройының», ең бірінші қадір-қасиеті болуы керек. Онан басқа «геройлықтың» ешқайсысы «Мәңгілік Тәуелсіздіктің» басты кепілі бола алмайды. Онсыз қабылданған тұғырнама, бағдарламаларың ешқашан ойлағаныңдай толыққанды орындалмайды. Онсыз құқық бұзушылыққа қарсылық күрес те ымырасыз бола алмайды.

Құқықтық тәртіптің арқасында адамды ең керекті, К.Маркс айтқандай «тамақ, киім, баспана, тағы біраз нәрсемен», тиімді жағдайда қамтамасыз ететін экономикалық қабілеттілік қажет. Бұл «геройлықтың» түрін қамтамасыз ететін білімділік, кәсібилік, ғылымпаздық, былайша айтқанда, өндірістік, тіршілік мәдениеті деген заман талабы да бар. Көріп отырсыздар, құрметті оқырман, айту жеңіл шығар, бірақ жүзеге асыру жүздеген жылдар бойы әлемдік көшке ілесуі көңіл көншітпеген біздер үшін «геройлық» қана талап етіліп тұрған жоқ. Жеке басының пайдасы үшін, өз тобының мүддесі үшін, мыңдаған жылдардың аласапыранынан «мың өліп, мың рет тірі қалған» елінің мүддесін құрбандыққа шалып жіберуге дайын небір «псевдопатриоттар», «Аллаһтың құлдары», «табысына береке дарып» кеткендер, «білгішбектер», «зиялымын» деп дес бермейтін «зияндылар» төрден орын алып тұрғанда, алға, даму мақсатымен даңғыл жол, тура бағыт, жұртты жетістікке жетелеудің өзі «заманымыздың геройлығы» болатын сияқты…

Қалай болғанда да, баянды болашағымыздың кепілі болатын жас ұрпақ тәрбиесінде, баланы да, ата-ананы да, мақсат қойған демократиялық, құқық, зайырлылық, әлеуметтік мәдениеттерге баулуда, Саттардың құрдастары, оның Рахметінің үлгі-образының бүгінгі интерпретациясы бағасыз роль атқарады деп ойлаймын. Осыған Әзілханның Меңтайы мен оның студент достарының білімге деген табиғи ынтықтығын, ортасындағы таза, әділетті тіршілікке деген махаббатын қосыңыз. Әрі қарай Сафуанның Инеші бар, тағы үстіп кете береді. Сонда не болғаны? Егеменді жылдары біз түбін түсіре жамандаған коммунистік биліктің өзінде қазақ жастарында, қазақстандық білім идеологиясында заманына қарай өз ту ұстаушылары, «геройлары» болды да, Тәуелсіздік аясында, әлемдік прогреске бет аламыз деп көштің басын бұрғанда, тәспімізден жаңылғанымыз ба? Еліктегенде алдына жан салмайтын қазақта неге болашақты елестететін геройларымыздың образдары, прототиптері жоқ?…

«Білім туралы» заңымызда «білім мен тәрбие – егіз» деп әлдеқашан жазылып қойған. Нәрестенің бүлініп қалған жаялығындай жиі ауысатын тәрбие министрлері енді не дейді екен? Билігі барды мақтағанда алдына жан салмайтын, марапаттан құр қалса, қара аспанды суға алдыратын «Сарай ақындары» да, кеш болса да, ойланса болады ғой!

БЕСІНШІДЕН, жоғарыда айтылған проблемалар қанша жерден білім саласымен тығыз байланысты болса да, әрі қарай еш бітпейтін «реформалармен» көмкерілген оның ішкі бірнеше мәселелері тұрғысында да бір-екі пікір білдірсек.

Алдымен «РЕФОРМА» деп ат қойып, айдар таққан қандай түсінік, қандай әрекет, іс-қимыл? Біз жас кезімізде РЕ – ФОРМА деген ресми қабылданып, талабын орындауға міндетті ресми шешімнің түрін өзгерту арқылы түбегейлі жаңарту деп түсіндіруші еді, компетенттілер. Кеңестік оқу-тәрбие жүйесін егемен елдің таңдаған идеологиясына, конституциясына, заңдарына сәйкестендіру шарасы арқылы жаңа білім жүйесін қалыптастыру, шынында да, «РЕФОРМА» десе болатын еді. Өздері қызметіне лайық емес, енді Тәуелсіздігін алған су жаңа елдің министріне қабілеті мен моральдық бейнесі келе бермейтін, сондықтан да сырлаушының қолғабындай бірін-бірі тез ауыстыратын тәрбие мен білімнің «сардарлары» өздерінің әр «жаңалығына» қоғамдық-формациялық деңгейдегідей мән беріп, «реформаға» айландырды».

Енді «өткен іске салауат» дейді қазақ. Бар кемістікті жөндеп, салынбаған жолды бастап, аталмыш қоғамдық саланы жоғарыда айтқандай, жылдар бойы меңдеген дерттен тезірек айықтырып, өзінің әлеуметтік функциясын өркениетті мазмұнда атқаратын жағдайға ел-жұрт болып ұмтылуымыз керек. Білгенімді өзімше топшылай отырып, төмендегідей ұсыныстар берсем деймін:

— Елдегі білім-тәрбие саласының және басқа да қажетті ірі мамандардың эксперттік бағалауымен, мүдделі министрліктер өкілдері жобасын ұсынған, қазіргі мемлекет басшысының билік мезгілін қамтитын уақытқа (кем дегенде) арналған білім жүйесін дамытудың бағдарламасын бағыт-бағытымен және кезең-кезеңімен зерттеп, анықтап, айқындап, мемлекеттік статуттағы құжат дәрежесінде халыққа таныстырып, орындауға әрекеттенген дұрыс деп ойлаймын.

— Бұл мемлекеттік статуттағы ресми құжаттың талаптарын жүзеге асыруда білім мен тәрбие туралы іс-қимылдағы заңдар жиынтығын жетілдіріп, еліміздің «Білім және тәрбие» КОДЕКС-ін қабылдаған қолайлы деп те ойлаймын.

— Білім және тәрбие беру үдерісінде де кеңестік әлеуметтік идеологиядан келе жатқан, көпшіліктің, әсіресе, әлсіз топтардың санасына терең сіңген «адамнан адамның артықшылығы жоқ, бәрі бірдей» деген постулат бар. Иә. Құдайдың алдында; әр түрлі етіп жаратса да, табиғаттың алдында; алуан түрлі физикалық және психологиялық мүмкіндіктермен өмір сыйласа да, заң мен моральдың алдында; – барлық адам бірдей. Солай бола тұра осы идеологияның белді авторларының бірі Карл Маркстың өзі «жеке өзгешелік әр адамның қайталанбайтын сипаты» дегенін де білеміз. Табиғаттан, өмірден үйренген ата-бабаларымыздың: «Болар бала боғынан» дегені де әр қазаққа белгілі. Сол себепті, осы уақытқа дейін осы ақиқатты тиісті дәрежеде мойындамай, табиғаттың заңымен қарсыластық. Білім саласының қоғамның даму мүмкіндігіндегі рөлін төмендетіп алдық. Енді «барлық адам бірдей» мен «әр адамның қайталанбайтын сипатының» әлеуметтік симбиозын тереңдете анықтауымыз қажет деп ойлаймын.

Сондықтан да, білім саласындағы қабілеттілік дифференциясын да тереңдету керек. Мысалы, топтар мен сыныптар қалыптастыру үрдісі балалар бақшасы мен бастауыш мектепте жалпы бір бағдарлама – «барлық адам бірдей»; орталау мектепте ғылым мен тәрбиенің негіздері бойынша тараптау – «екі ақиқаттың симбиозы»; жоғары сыныптарды болашақ мамандықтар тобы бойынша қалыптастыру – «жеке өзгешілігі» (қабілеті) арқылы болуы керек.

Менің ойымша, егер орта білім деңгейін меңгеру үдерісінде айтылған қабілеттілік дифференциясы үрдіс ретінде орын алса, онда жоғары білім саласында «диплом печаттау», «төрт-бес дипломмен мақтану», бірнеше дипломды салып алып, «базарларда арба итеретіндер» сандары күрт азаятын еді. Осыған жеке меншік оқу орындары да, мемлекет меншігіндегілер де, бітірушілерді тек ұсынса, кейіннен білімі үшін жауап берсе, ал мемлекет соңғы сынды өзіне алса.

— Құқықтық, әділетті қоғамның білім жүйесі өзінің идеологиялық, әлеуметтік және мәдени функциясын талапқа сай, толыққанды атқарған жағдайда ғана елің өркениеттілікке қол жеткізе алады. Әйтпесе, Абай атамыздың сөзімен айтсақ, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде «өсек, өтірік, мақтаншақтықпен», әрі қарай да салпақтай беретін сияқтымыз. Бұл жағдайдан құтылудың ең бірінші жолы педагогтардың, ата-ананың, білім алушылардың іс жүзіндегі жауапкершілігі екенін көпшілік ертеден біледі. Бұл қағиданы білмесе, «білмейтін» тек осы уақытқа дейін бірінен соң бірі «реформалардан» қолдары тимеген оқу министрлер «керуені». Шешу жолы – диплом сатуды, біліктілігіне сәйкессіз диплом беруді, біліміне сай емес аттестатты оңды-солды шашуды, осылай ұлттың әбиірін таптаудың себепкері болған «ұстаздар» легін біржолата жоюда. Бұл бас жетпейтін күрделі шара емес. Жетпесе, лауазым иелері өздеріне басқа лайықты орындарын тапса!..

Сапарбек САХОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Республикасы журналистер Одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *