ЕЛОРДАНЫҢ ТОЙЫ – БӘРІМІЗДІҢ ТОЙЫМЫЗ

Құттықтаймыз
975 Views

Әбдімұса ҚУАТБЕКОВ, Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің құрметті президенті, Жоғары ғылым академиясының академигі, химия ғылымының докторы: ЕЛОРДАНЫҢ ТОЙЫ – БӘРІМІЗДІҢ ТОЙЫМЫЗ

Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері толағай табыстарға қол жеткізудеміз. Әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз жақсарып, ғылым, білім, мәдениет, денсаулық, спорт, туризм салалары қарыштап дамып келеді. Елбасының сара саясатының арқасында бүгінде Қазақстанды төрткүл әлем танып, мойындап, санасып отыр.

Сайын дала – Сарыарқаның төсінде ғажайып қала – ару Астанамыз бой көтерді. Мұнда Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының саммиті, Ақ Олимпиада, дүниежүзі дінбасылары басқосулары секілді келелі басқосулар өткізілуде. Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Назарбаев университеті құрылып, білімді де білікті мамандар даярланып келеді.

Биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын тойлайтын елордамыз күннен-күнге көркейіп, ажарлана түсуде. Әрине, мұның бәрін көргенде көз қуанып, көңіл марқаяды. Торқалы тойға лайықты тарту-таралғымен баруды мақсат-мұрат тұтқан республика халқы Астанаға өзіндік сый жасауда. Мұндай ізгілікті де игілікті істен күншуақты Оңтүстік өңірінің жұртшылығы да шетқақпай қалып көрген емес. Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Жамбыл облыстарының есебінен елордадағы қалалық саябақтан бастап Ильинка кентіне дейін қашықтығы 56 шақырым веложол салынады. Шымкент зообағы Астананың 20 жылдығына 20 ат сыйлауға дайын тұр. Бұған қоса-қабат таяуда елордада біздің облысымыздың күндері үлкен табыспен өткенінен бәріңіз де хабардарсыздар.

Елінің, жерінің, халқының жағдайын ойлайтын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстікке қашанда бүйрегі бұрып тұрады. Жыл сайын екі-үш мәрте келіп, өндіріс орындарын аралауды айтпағанның өзінде саялы Сарыағашта демалуға да уақыт табады. Облысымыздың атауын Түркістан деп өзгертіп, Келес, Жетісай аудандарының қайта құрылуы, Шымкентке республикалық деңгейдегі дербес қала мәртебесінің берілуі – соның айқын айғағы іспеттес. Әрине, мұның бәрі өңір жұртшылығына мақтаныш-мерей сезімін ұялатумен бірге үлкен жауапкершілік жүктейтіні де белгілі. Біз, жоғары білім саласының қызметкерлері мұны айқын сезінеміз. Сол себепті де Мәңгілік елдің білімді де білікті мамандарын тәрбиелеу жолында бүгінгіден де еселі еңбек ете беретін боламыз.

Астанамыздың тойы – халқымыздың тойы. Ендеше, той құтты болсын! Қуаныштан қуанышқа, табыстан табысқа жете берейік!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *