ЕЛБАСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН АСТАНАНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Ақорда
836 Views

Қазақстан Президенті Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік тудың дәстүрлі түрде Астана күні қарсаңында көтерілуі осы жалпыұлттық мерекенің мәртебесін асқақтата түсетінін атап өтті.

Елбасы Қазақстанның аспан түстес көк туы Астананың қалыптасуы мен бүкіл еліміздің даму жолын айшықтайтынын айтты.

– Батыр бабаларымыз біздің зор жеңістерге жетуімізді тілеп, әрдайым туды тік ұстауды өсиет етті. Содан бері біз барлық жетістікке көк байрақтың астында қол жеткізіп келеміз. «Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана» деген түсініктер біздің мемлекеттігімізбен, болашағымызбен біртұтас ұғымға айналды. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, Тәуелсіздік – орындалған арманымыз. Әлем елдері туларының ешқайсына ұқсамайтын көк туымызды дүниежүзі мойындады, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясатының бейбітсүйгіш сипатын атап өтіп, Қазақстанның Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды сапалы дайындаудың маңыздылығын айтты.

– Сіздердің әскери қызметтеріңіз бейбіт жағдайда өтсін деп тілеймін. Бірақ мемлекет әрдайым өзінің қауіпсіздігі мен шекара бүтіндігін ойлауға тиіс. Сондықтан, біз офицерлерімізді тәуелсіз Қазақстанның жаңа жағдайында, жаңа Қарулы Күштеріміз үшін оқытып, тәрбиелейміз. Әскери қызметті лайықты атқарудың үлгісін көрсетіңіздер, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жас офицерлерге арнаған сөзінде Мемлекеттік туға зор құрмет көрсету Отанды сүюмен бара-бар екенін атап өтті. Бұл қазақстандық патриотизм құндылықтарын және еліміздегі ұлттық бірегейлікті нығайта түседі.

– Бүгін әскери оқу орындарының үздік түлектері офицерлік шен алады. Сіздер арқылы осы жылы оқуын бітіріп жатқан жас офицерлердің бәрін құттықтаймын. Осы сәттен бастап сіздерге Отан қорғау, Қазақстан азаматтарының бейбіт өмірі мен тыныштығын күзету үшін күрделі де мәртебелі миссия жүктеледі. Сіздер ұлы бабаларымыз аманат еткен қасиетті борышты лайықты атқаруларыңыз керек. Бүкіл өмір жолдарыңызда офицерлік атақты үлкен абыроймен алып жүріңіздер! – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан еліміздің жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қарулы Күштердің офицерлік шендерін алды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астананың 20 жылдығымен құттықтап, Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

Содан соң Мемлекет басшысы жазғы және қысқы паралимпиялық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар мен спорттық резервті сапалы әрі кәсіби дайындау үшін салынған елорданың жаңа бірегей спорт кешенімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев ойын залын, күрес залы мен жаттығу бөлмелерін аралап көріп, спортшылармен және бапкерлер құрамымен әңгімелесті.

– Өздеріңіздің табандылықтарыңыз бен ерік-жігерлеріңіздің арқасында еліміздің даңқын асқақтатып жүрсіздер. Мен сіздердің еңбектеріңіз бен өршіл қасиеттеріңізге тәнтімін. Сіздер барша жұртқа лайықты үлгі көрсетіп келесіздер, – деді Қазақстан Президенті.

Нысанды аралап көру барысында Мемлекет басшысы XII қысқы паралимпия ойындарының чемпионы Александр Колядинге спорттағы жетістігі үшін естелікке сыйлық тарту етті.

Сонымен қатар, спорттық нысанның ашылу рәсімінде Азия Паралимпиялық комитетінің президенті Маджид Рашед Нұрсұлтан Назарбаевқа осы ұйымның Құрмет Орденін тапсырды.

М.Рашед бұл сыйлық Қазақстан Президентінің еліміздегі паралимпиялық қозғалысқа қосқан зор үлесін, сондай-ақ Елбасының ерекше мұқтаж адамдарды әлеуметтік қорғау және барлық азаматтар үшін бірдей мүмкіндіктерді қамтамасыз ету арқылы тұрақты қолдау көрсетуін мойындаудың белгісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы салған «Ақжайық» саябағын аралап көрді.

Мемлекет басшысы шара барысында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен, елордадағы «Сарыарқа» ауданының тұрғындарымен және Мәншүк Мәметованың туыстарымен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасының елорданы әлеуметтік әрі мәдени тұрғыда дамыту ісіндегі маңыздылығын атап өтті.

*   *   *

Саябақ аумағында Мәншүк Мәметованың ескерткіші, субұрқақ, 100 орындық амфитеатр, «Сиқырлы лабиринт» атты инсталляция, тақырыптық алаңдар, сондай-ақ баскетбол ойнауға және жүгіруге арналған алаңдар бар.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *