ЕЛІМІЗДЕ МӘҢГІЛІК БЕЙБІТШІЛІК ОРНАСЫН!

Құттықтаймыз
1 726 Views

Құрметті отандастар! Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына міне, 74 жыл болды. Отан қорғаушылар күніне де тоқталсақ, халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Армиямыздың айбынынасқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Осы қос мерекенің қатар келуінің символдық мәні бар. Бұл Ұлы Отан соғысындағы жеңімпаздар мен Отан қорғаушыларымыздың бүгінгі буынының әскери дәстүрлерінің сабақтастығын білдіреді. Майдандағы әскери ерлік пен тылдағы қажырлы еңбек Жеңістің басты негізіне айналды. Біздің халқымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіске өшпес үлес қосты. Соғысқа аттанған 1 миллион 200 мың жерлесіміздің жартысы шайқас алаңында қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдары бүкіл халқымыз тылдағы еңбекке жұмылды. Жауға атылған 10 оқтың тоғызы біздің елімізде жасалды. Әкелеріміздің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы – патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі, – деп Елбасы өз сөзінде қадап айтқан болатын.

Әскери қызметшілердің басты міндеті – Қазақстан егемендігі мен азаматтардың тыныштығын қорғау. Осы қасиетті парызды адал орындайды деп сенеміз. Бүгін біздің айбынды жауынгерлеріміз еліміздегі айтулы алаңдардан салтанатты шеру тартып өтеді. Бұл – Ұлы Жеңіске және Отан қорғаушы күніне көрсетілген құрмет. Өкінішке қарай, жыл сайын қан майданда кеудесін оққа төсеп, ұрпақтың бейбіт күнін қалыптастырып кеткен ҰОС ардагерлерінің қатары сиреп келеді. Оларға тек Жеңіс күні қарсаңында ғана емес, жыл бойы қамқорлық көрсету – біздің парызымыз.

Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ержүрек істеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз. Әр сүйем жер үшін, ата-баба қонысын жаудан көздің қарашығындай қорғап жүрген еңсегей бойлы ерлерді, жаужүрек, қайсар мінезді сардарларымыз бен сарбаздарымызды бүгінгі мерейлі мерекелерімен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің жеке құрамы және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің қажымас қайраттарыңыз бен қайтпас қайсарлықтарыңыз және тәуелсіз ел болуға деген ерік-жігерлеріңіздің мұқалмауы арқасында қол жеткізген көк байрақты, біздер ұрпақтар абыроймен одан әрі алып, асқақтатып жүре берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Соғыс болмасын. Елімізде мәңгілік бейбітшілік орнасын!

Нұрлан ҚАМБАТЫРОВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *