«ЕЛІМ-АЙ» ДАСТАНЫ

Руханият Тарих
320 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ, АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА

Бұл қырғын жаппай барша қазаққа ауды,

Наймандар тастап көшті Алтай тауды.

Жалайыр, Найман – Қоңырат, Қарақалпақ,

Қиналды тоқтата алмай келген жауды.

Теріскей Алатауды қалмақ алды,

Найман мен Қоңыратты қуып салды.

Қайран жер жау иелігіне көшкеннен соң,

Жоңғардың Алатауы деп аталды.

Сауыр, Сайхан тауларын Ойрат алды,

Қаңырап Тарбағатай, Жайсаң қалды.

Найзалап балаларды қанішер жау,

Аямай қырды әйел мен кемпір-шалды.

Қырылу Алакөлден басталып тұр,

Қазақтар Ұраңқайдан жасқанып тұр.

Ресей мен Қытайға арқа сүйеп,

Жоңғар сұм сол екі елден күш алып тұр.

Қазақты Шорос қолы бас салып жүр,

Мекені әр ауылдың бос қалып жүр.

Жалайыр, Найман-Қоңырат, Қарақалпақ,

Айырылып қонысынан зар жылап жүр.

Ордос, Шарақ, Харачин – бәрі қалмақ,

Оларды Ресей, Қытай алған жалдап.

Қолына көп дәу мылтық тигеннен соң,

Келеді жолдағы елдің бәрін жалмап.

Еділдің батысындағы қалмақтарға,

Қатыс деп біз бастаған шатақтарға.

Астыртын жоңғарлардан жеткен хабар,

Ұрын деп батыс жақтан қазақтарға.

Ызғарлы күншығыстан жел келеді,

Шұбырған Алтай жақтан ел келеді.

Еділден Ұбашы қалмақ тағы шапты,

Зор бөгет тас маңдайға кез келеді.

Көздерін қызықтырып Самар дала,

Жер үшін көңілдері болып ала.

Убашы, Хорос, Шорос, Телеуіттер,

Кіші жүз елдеріне жапқан жала.

Бөлініп өз жұртынан кеткеніне,

Батыстан барып қоныс тепкеніне.

Жүз жылдан аса азғана уақыт болды,

Еділден бас сауғалап өткеніне.

Естекпен солар ашқан арамызды,

Ұлғайтып ушықтырып жарамызды.

Еділден өтпей бұрын шығыстан кеп,

Он жылдай мекендеген даламызды.

Улантып жаулықпенен санамызды,

Жылатып кемпір-шал мен баламызды.

Еріксіз баса көктеп келсе-дағы,

Ақыры тастап қашқан даламызды.

Ол соғыс Есімханның тұсында өткен,

Қалмақты Дәулен атам қырған шеттен.

Шығысқа қайтар жолы кесілген соң,

Жер таппай паналайтын есі кеткен.

Жолы қиылып жеріне қайта алмаған,

Қазақпен соғысудан қалжыраған.

Қырылып алпыс мың түтін қақ жартысы,

Қалғаны ес жия алмай абдыраған.

Қарамай алды-артына қашқан қалмақ,

Сал жасап Еділден әрең өтіп кеткен.

Құл болып қызметіңді атқарам деп,

Жеріне Ресейдің барып жеткен.

Қалмақты Ресей патшасы қабыл алған,

Мылтықпен жауыздарды жабдықтаған.

Қалмақтың әр тайпасының тұқымы бар,

Отыз мың үй тағы есін жиып алған.

Мылтық атуды үйретіп қалмақтарға,

Ресей мақсұтына пайдаланған.

Жерінен мұсылманды қуу үшін,

Ноғайға қалмақтарды айдап салған.

Орыстың қоластына енген дұшпан,

Ноғайды жер-суынан қуып салған.

Сонан соң Ноғай жерін мекендеген,

Жан-жаққа мойнын созып өңмендеген.

Ресейдің көмегімен кәпір қалмақ,

Еділде Алшын жерін иемденген.

Сол қалмақ күнбатыстан жасап жорық,

Көрсетіп жатыр әне жұртқа қорлық.

Дес бермей екі жақтан соғыс бастап,

Жасап тұр халқымызға сансыз зорлық.

Ресейдің қолтығына еніп алды,

Солардың мылтығымен қаруланды.

Жоңғарға батыс жақтан демеуші боп,

Жұртына Кіші жүздің ойран салды.

Осылай екі беттеп тиді қалмақ,

Ғаскерін күн-түн демей жиды қалмақ.

Қазаққа екі жақтан шабуылдап,

Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ.

Үш жүзге дұшпан болып шығыс жақтан,

Қытай да қаскөйлігін жасап жатқан.

Айдап сап қалмақтарды халқымызға,

Көк шалғын сахарамды шаң, қан жапқан.

Бұл заман, қай-қай заман, қайғы заман,

Бос кеткен ер еңбегі зайғы заман.

Айырылып бала-шаға, мал-мүлкінен,

Жұртыма апат келді өте жаман.

Алтай мен Жайсаң жақтан көш келеді,

Тай-тайлақ көш бас сайын бос келеді.

Айырылған егізінен қандай ауыр,

Мөлдіреп қара көзге жас келеді.

Үш жүзді көрші елдер жоқ аяп жатқан,

Жат болды мұсылмандар дінді ұмытқан.

Қол ұшын Қоқан, Хиуа бермек түгіл,

Дұшпанмен бірдей болды пәле баққан.

Күшігі Сыбан Рабтанның Шона Даба,

Халқыма оқ жаудырды келе сала.

Найман мен Жалайырды қуып тастап,

Құрығын тағы салды Дулаттарға.

Өлеңге қостым көзбен көрген кепті,

Халқымды қырғын соғыс тентіретті,

Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қарақалпақ,

Жеткізбей жау тобына ұзап кетті.

Бостырып Жалайыр мен Наймандарды,

Алтай мен Алатауды қалмақ алды.

Найман-қоңырат елдерін Барақ бастап,

Сарысу бойына өтіп қоныстанды.

Көп жылғы мол дайындық арқасында,

Паналап дәу мылтықтың қалқасына.

Екпіндеп ілгерілеп жетті жаулар,

Қаратал, Іле мен Шу, Балқашыңа.

Ұзынағаш-Үйсін жері батыс шеті,

Дәл биыл соған ауды жаудың беті.

Аға ұлы-үлкен жүзге келіп тиген,

Ойраттың қазақты аяр жоқ ниеті.

Сұм қалмақ Үш жүз қанын судай шашты,

Мылтығы көп болған соң күші асты.

Жау шауып, есі шыққан момын Дулат,

Арғын мен Қыпшақ жаққа көше қашты.

Ұзамай Іле бойын Жоңғар алды,

Қаша алмай Албан, Суан жауда қалды.

Аймағын Жетісудың түгел жаулап,

Дұшпандар зар жылатты Қаңлыларды.

Амалсыз Шуға ауып Төле кетті,

Соңынан азғана ауыл ере кетті.

Жау қалмақ бүгін бізді жеңсе-дағы

Түбінде оны қазақ жеңер депті.

Шағатын қалмақ болып улы жылан,

Қоныстан ауды қазақ болып құлан.

Келетін қолдан енді еш дәрмен жоқ,

Ажырады әке-шеше қыз бен ұлдан.

Халхилар жақындады Шуға таман,

Шошынды ел есі шығып одан жаман.

Күн сайын әр ауылды жоңғар шауып,

Орнап тұр қазағыма ауыр заман.

Замана күннен-күнге қағынып тұр,

Қатал жау әрбір тұстан жабылып тұр.

Аяйтын Үш жүзімді көрінбейді,

Талайтын жолбарыстай шабынып тұр.

Жау болды ағайын ел Естек бізге,

Жасады ол да жорық елімізге.

Қоқанда күнгей беттен қоқаңдады,

Соқтықпақ Түрікпендер тағы бізге.

Ресей өршіткен соң өсекті де,

Болғанмен Түрік елі есепті де.

Жатпенен шонжарлары олжалас боп,

Естектер бірге шапқан өстекті де.

Мұсылман көмектеспей мұсылманға,

Бермеді қару-жәрдем қысылғанда.

Өштеспей Түрікпен, Естек, Қоқан, Хиуа,

Жөн еді қолдың ұшын ұсынған да.

Шыңдарын Алатаудың бұлт басты,

Кез болып қыспақшылық қазақ састы.

Жау қалмақ шегірткеше қаптап кетіп,

Қайран ел есі шығып көше қашты.

Хангелді өз тобынан бөлек кетті,

Бұл соғыс бізге келген пәле депті.

Қоршаудан шыға алмаған Сіргелілер,

Шанышқы, Ошақтылар зар еңірепті.

Мылтығын Ресей, Қытай қалмаққа сатты,

Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты.

Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,

Орыстар қамалдарын салып жатты.

Бір елі Ұлы жүздің Шапырашты,

Жау қоршап, олардың да құты қашты.

Соғысқа қамданбаған көшпеліге,

Тұс-тұстан Хорос, Шорос майдан ашты.

Сары Үйсін, Ысты, Қаңлы жауда қалды,

Қоршаудан Үйсін жұрты шыға алмады.

Табиғы қалмақтарға болғаннан соң,

Бек, биі Ұлы жүздің корғалады.

Туысқан болыса алмай туысқанға,

Ұқсап тұр бүгінгі күн шын дұшпанға.

Қырсығып Бұхар ханы мылтық сатпай,

Жат болды Өзбек, Тәжік дін исламға.

Бұл елдер бізге жәрдем ете алмады,

Сертіне одақтастық жете алмады.

Бәрі де сырт айналып кеткеннен соң,

Ешкімнен қазақ көмек күте алмады.

Қамданған қалың жұртта күш болады,

Қамсыз елге дұшпандар тұс болады.

Оңтүстіктен тиді кеп түрікпендер,

Сор маңдайға қасқыр да өш болады.

Сатпады Хиуа, Қоқан мылтық қару,

Олардың болды ойы бізді шабу.

Қазаққа күнгей беттен тура тиіп,

Жолдарын ойластырды олжа табу.

Хиуаның тигіш еді мылтықтары,

Сол мылтық қазақтарға сатылмады.

Аз еді ел ішінде Күлдірмамай,

Өзінің иесінен артылмады.

Болса да Өгіз түрік тектеріміз,

Түріктің көп елінен шеттедік біз.

Мұсылман қасқыр болып мұсылманға,

Қандастар жат боп кетті дәл осы күз.

Құрттатып ет жейтұғын Қалмақ кәпір,

Үш жүздің сахарасын жайлады ақыр.

Теңемек болып бізбен терезесін,

Жауығып жүруші еді, тігіп шатыр.

Сегіз жүз тоқсан бес мың жаудың қолы,

Доп атқан дәу мылтықтан аршып жолды.

Жағалай Үш жүз жерін басып алып,

Халқыма аямастан құрды торды.

Қазақтың сахарасы жүз құлпырған,

Қытай мен Ресейді қызықтырған.

Күнгейдегі хандықтар көз алартып,

Үш жүзді бас салуға дайын тұрған.

Жұртымның жағдайына болып қанық,

Байлаулы қазақ қолын пайдаланып.

Иесіз қалған жерге күрке тігіп,

Ресей масайрады қамал салып.

Мылтықсыз жетпеген соң шамалары,

Халқымның көп қиналды даналары.

Біздерде мылтық жоғын сезген Ойрат,

Жұртымның әлсіз жағын шамалады.

Жасақты қоймаған соң әрбір шетке,

Насихат жүрмеген соң әркез көпке.

Көшумен күні өткен аңғал қазақ,

Тап болды бейғамдықтан зор індетке.

Болды ғой заман ақыр япырым-ау,

Жарар еді қазақ қалса апаттан сау.

Үлгертпей елден сарбаз жиюға да,

Соқтықты қапияда мейірімсіз жау.

Айырылды бай-мырзалар саудасынан,

Бектердің ұшты бақыт сау басынан.

Аң аулап жүрген шағы түске айналып,

Жаңылды хан, сұлтандар тәубасынан.

Ажырады ер інісі мен ағасынан,

Төмендеп бұрынғы ерлік бағасынан.

Өсірген әлпештеп-ақ ұл менен қыз,

Адасып қалды-ау ата-анасынан.

Үш жүздің қалмақ алып күншығысын,

Қазақтың тоздырып тұр көп ұлысын.

Атқылап дәу мылтықпен ауылдарды,

Тарылтты мұрша бермей ел тынысын.

Дәл биыл қырсыққандай жаумай жауын,

Қызыл жел үдей түсіп соқты дауыл.

Шөп шықпай, егін шықпай, қуақшылық боп,

Қуратты дихандардың бақша-бауын.

Қысқа қам жасауға ел үлгермеді,

Шабындық қиын болды өртенгені.

Доп атып, дәу мылтықтан ата жаулар,

Қазақты қорғануға келтірмеді.

Сақтауға өз бастарын кейбір төре,

Қалмақпен құда болып, амал қылған.

Жаудан аман қалуға тәсіл тауып,

Шабылмай ауылдары есен тұрған.

Жоңғарға кей төрелер елді сатқан,

Көсемі жоқ қазақтың басы қатқан.

Жасанып жарақтанған қанқұйлы жау,

Жұртымды ойрандады тыныш жатқан.

Еділ-Жайық бойынан жұрт ағылған,

Алатау, Алтай жақтан ел сабылған.

Халықтың бас-аяғы жиналмай-ақ,

Естілді жау дабылы көп қағылған.

Соғысты Қазақ, Татар тілемеген,

Қалмақша көкірек керіп шіренбеген.

Жеріме Ұраңқай, Халхи өрт салғанда,

Қалмады ел жауды қарғап-сілемеген.

Айырылып талай елдер мекенінен,

Қоштасты өзен, көлді әсем жермен.

Сыр бойы, Қаратау да қоныс болмас,

Келсе де Қоңырат-Найман Алакөлден.

Адамын Шу бойының отап салды,

Таразды шабуылдап Қалмақ алды.

Дәу мылтықтан доп атып, жол тазартып,

Сайрамның шаһарын кеп қоршауға алды.

Жеңіліп Сайрам халқы кетті босып,

Үнінен дәу мылтықтың қатты шошып.

Есі кетіп, басы ауған босқын елді,

Жауыздар атқылады алдан тосып.

Сайрамға таяу еді жасыл қала,

Кәпірлер барып жетті тап сол маңға.

Шаһардың бейбіт халқын қырды қалмақ,

Айнымай ұқсап тура жыртқыш аңға.

Шымкентке Торғауыттар басып кірді,

Хош көрмей, оқ жаудырды бірме-бірді.

Қаланың тірі қалған халқы қашты,

Жамылып жанталасып айсыз түнді.

Шымкентті жасыл қала дейтін халық,

Күн көрген тұрғындары егін салып.

Қызығы бір-ақ күнде ғайып болды,

Кенеттен қалмақтардың өрті шалып.

Жаулар кеп Түркістанды алды орап,

Бұршақша дұшпан оғы кетті борап.

Жан-жаққа жеңілген ел жөнелді ауып,

Ілезде шұбырынды іздер болды сорап.

Түркістан — Өгіз Түрік бас қаласы,

Бұл күнде Қазағымның астанасы.

Қанішер Ойрат қолы жаулап алып,

Оның да шығып жатыр масқарасы.

Хакімі еді Түркістанның Уәли төре,

Ол-дағы қаза тапты көппен бірге.

Жастарды қолма-қолға келтірмеді,

Жастығын ала өлер еді бірме-бірде.

Білеутке олжаланып малы-басы,

Шаһардың қырғын тапты кәрі-жасы.

Шалқыған мол дәулетті қазағымның,

Болмады-ау, осы күнде ішер асы.

Үш жүздің жауда қалып астанасы,

Қырылды кент жұртының жас баласы.

Тапталып ат тұяғына перзенттері,

Есі ауып қаңғып кетті-ау, ата-анасы.

Бір тобы жаудың барып Созақты алды,

Оқ атып шаһар халқын жайпап салды.

Аймағын Қаратаудың түгел жаулап,

Бойында Қуаң Сырдың асыр салды.

Созақтың көне аты-Аяз қала,

Ертеде шықса да одан талай дана.

Бұл күнде жау әскері оқ жаудырып,

Есепсіз көп қырылды бала-шаға.

Бастарын Қаратаудың мұнар жапқан,

Сылдырап Сырдың суы сылаң қаққан.

Жүргенде қалың жұртым көшіп-қонып,

Кенеттен қалмақ құрды қанды қақпан.

Бұл заман, қай-қай заман, құйын заман,

Шіріткен тамам жұрттың миын жаман.

Басталды Алакөлден жұрт сұлауы,

Мәңгіртті есті алып қоныс ауған.

Алатаудың басынан көш келеді,

Жорғалар әр көш сайын бос келеді.

Атсызды аты барлар ілестірсе,

Құдайым ондай істі хош көреді.

Аң орнына сұм қалмақ,

Адамзатты аулаған.

Алатаудың қырғызын,

Қапыда шауып жаулаған.

Айналдырды майданға,

Қаратау, Тұрфан арасын.

Соғысуға елдердің,

Келтірмеген шамасын.

Сібеге киім тіккізіп,

Дүнгенге егін еккізіп,

Дайындады жасағын,

Бұйрығын қалмақ өткізіп.

Қырғызға малын баққызып,

Солонға отын жаққызып.

Ойғырдан ғаскер жинады,

Көнбегенін шапқызып.

Сахаменен Хасқа да,

Айтқандарын еткізіп.

Әзірлеп қару-жарағын

Сөздерін елге өткізіп.

Шор, Тұба, Хас, Саханы,

Ислам діннен айырған.

Өз дініне мойын ұсынтып,

Бақытын бастан тайдырған.

Баса салып салығын,

Еріксіз алып алымын.

Аяусыз жоңғар талады,

Көрші отырған қауымын.

Хошоуыт, Дөрбіт, Телеуіт,

Қалмақтан шыққан сілімтік.

Аш қасқырдай қуанар,

Кездессе жолда өлімтік.

Қанға құмар Убашы,

Жұртты шапса сауыққан.

Қазақ пенен Ноғайға,

Орынсыз дұшпан жауыққан.

Сұмырай қалмақ үйретті,

Жылқының ұстап асауын.

Азық, киім дайындап,

Жабдықтады жасағын.

Содырлы Халхи, Ұраңқай,

Жазықсыз қырды Татарды-ай.

Мұсылманды кінәлап,

Қылмысынан жалтарды-ай.

Батыста шауып Ноғайды,

Шығыста қырып Сағайды.

Ел тонағыш Қалмақтың,

Ниеті әбден қарайды.

Хорос, Шорос, Білеуіт

Қалмақтың еді жауызы.

Оғына ұшып солардың,

Көп өлді жігіт жамбозы.

Көрші елден алып дәу мылтық,

Жыртқыш қалмақ шаттанған.

Әрбір тұстан қазақты,

Құртамын деп аттанған.

Біздің қазақ жұрты да,

Алты Алаштың біреуі ед.

Ерте кезден жауынгер,

Мұсылманның тіреуі ед.

Қан төккіш, бұзық Жоңғардың,

Қалмады ауылы шаппаған.

Сорына болып Үш жүздің,

Жаулығын халхи сақтаған.

Түркістан, Сайрам, Таразды,

Қоршады Ойрат жендеті.

Сұлатты нелер шаһыбазды,

Әкелген қалмақ індеті.

Көрсетіп елге қаһарын,

Шашып Ұлы заһарын.

Ойрандады Ордостар,

Шымкент, Созақ шаһарын.

Орнатып елге дозағын,

Жолға құрып тұзағын.

Мейірімсіз Торғауыт,

Қаланың қырды қазағын.

Медіресе, Мешітті,

Убашы қалмақ өртеді.

Қылышпен шауып есікті,

Лақтыра ашып серпеді.

Адамзатты жиіркентер,

Қалмақтың ісі осындай.

Бейіттерге де соқтықты,

Өлі аруақтан шошынбай.

Қару соғу жарандар,

Ерте кезден басталған.

Пілтелі мылтық білсеңіз,

Қарнақта бұрын жасалған.

Әз Тәуке өтіп дүниеден,

Шеберлік кәсіп тұсалған.

Хандығымыз әлсіреп,

Қиюы кетіп босаған.

Дүниеден Тәуке өткен соң,

Елімде болмай тұтастық.

Ұлдарыңда болған жоқ.

Әз Тәуекеге ұқсастық.

Аға-інісінен мықты еді,

Тәуекенің ұлы Ғайып та.

Өз әулеті көре алмай,

Жоймақ болды жаулары.

Аң аулап жүрген Ғайыпты,

Астыртын олар өлтірді.

Өштескен сол төрелер,

Хандыққа нұқсан келтірді.

Мейрамтөбе, Шаштөбе,

Шаһарлар ұсақ тым көне.

Бершін, Шаған, Қарашық,

Қалпына қайта келе ме?

Аққорған мен Қосқорған,

Иран менен Жалқорған.

Қарнақтың – бәрін жау алып,

Ауыр күн елге тұс болған.

Қиын боп тұр бұл күнде,

Мұсылман жұрты жағдайы.

Жайсаң менен Қасқаның,

Тасқа тиді маңдайы.

Дәу мылтық аузы жаман қара үңгірдей,

Шошынды ел оны көріп, шама келмей.

Батыс, шығыс көршіден мылтық алып,

Сұм қалмақ болды өзінше әулиедей.

Мылтықты жауды көріп шыдап болмас,

Наймандар дұшпан жайлы хабар берген.

Көрші екі ел қалмақтармен қолдас болып,

Қазақты қырғызбақ боп желді берген.

Жолығып көп мылтықты дүлей күшке,

Айналды жақсы тұрмыс көрген түске.

Ресей, Қытай, Қалмақ сұм ақылдасып,

Алмақшы Қазақ жерін бөліп үшке.

Жаббар хақ қиындықта бізді қолдап,

Ерлерге әулиелер болғай қорған.

Аруақтар халқымызды желеп-жебеп,

Арылар күн туар ма қалың сордан.

«Шеп сал!» – деп ерте айтқан атам Түрік,

Шеп болмаса салар деп дұшпан бүлік.

Жан-жақтан абайсызда жау кеп алды,

Жүргенде мәз-мәйрам боп ойнап-күліп.

Болған соң қамсыз күйде сахарамыз,

Келмеді қорғануға еш шамамыз.

Бір хандық үш хандыққа бөлінген соң,

Қалайша жаудан кекті қайтарамыз.

Керей, Жәнібек тұсынан

Тұтас хандық болып ед.

Істеріне хандардың,

Бұқара көңілі толып ед.

Қол бастаған ерлерім,

Алды-артын шолып ед.

Қолайлы жерге бекініп,

Қосынымен қонып ед.

Ұрпақтары олардың,

Атасындай болмады.

Тұтас күйді бүлдірді,

Айтқан ақыл қонбады.

Апатқа дайындықсыз кез болып ел,

Соғыста мылтық болмай қырылғанбыз.

Тынымсыз күн-түн демей жау атқылап,

Быт-шыт боп тобымыздан жырылғанбыз.

Дін ордасын былғады сасық қалмақ,

Доп атып көп ауылды өтті жалмап.

Айнала Үш жүз жерін иемденіп,

Түсірді мұсылманға ауыр салмақ.

Бұл соғыс қазағыма қатты батты,

Қара жер боздақтарды жалмап жатты.

Қыз алып, қыз берісіп, құда болып,

Кей төре ойда жоқта елді сатты.

Құдаға Қазақ, Ноғай жарамай ма,

Қыздары төреге жар бола алмай ма?

Жауынгер Үш жүзімнің жігіттері,

Төре, қожа қыздарын ала алмай ма?

Не сұмдық кәпірлермен құда болған,

Тамағы жаудан жеген харам болған.

Сасытып һәм құрттатып ет жейтұғын,

Дұшпанға қалайынша көңілі толған?

Қалмақпен құда болу жарамайды,

Сондайдан елді әрекет аралайды.

Діні, тілі, тегі жатқа матап беру,

Жүрегін бойжеткеннің жаралайды.

Қыздардың обалына қалмау керек,

Қарғысын бой жеткеннің алмау керек.

Жауларға еріксізден қыз бергенше,

Жүзінде бұл фәнидің болмау керек.

Көрші екі ел көмек бермей түпке жетті,

Қалмаққа мылтық сатып, күшті ел етті.

Жауыздар дәу мылтықтан доп атқанда,

Халқымның бірлігі жоқ есі кетті.

Алданып сырт дұшпанға ұтылғанбыз,

Кез болып аждаһаға жұтылғанбыз.

Ұйтқысы еліміздің шайқалған соң,

Торына ата жаудың тұтылғанбыз.

Ел едік егін салып, бейбіт жатқан.

Күтпеп ек жау болар деп пәле баққан.

Қысқа қам жасауға да үлгірместен,

Жолықтық ата жауға дабыл қаққан.

Қазақтар бір-біріне хабар берді,

Ауылдар арасында жаршы жүрді.

Жау келерін жыршылар естіген соң,

Үш жүздің барлығына түсіндірді.

Еділ мен Сарыарқаға көмекке кеткен,

Сарбаздар тез оралмай жұрты күткен.

Киінді қыз-келіншек еркектерше,

Бұл күнде ат үстінде адам біткен.

Жаршылар сақтандырып хабарлады,

Келері жаудың көпке тез тарады.

Елдегі қариялар мен бала жігіт,

Шықпақ боп жауға қарсы даярланды.

Жабықтан найза ұшы жалтылдайды,

Шағылысып аспанда айға жарқырайды,

Кермеге жарау аттар байлаған жұрт,

Аузына алды аруақ пен бір құдайды.

Қорқақтық қиын істе қол байлайды,

Батылдық үмітті боп гүл жайнайды.

Асынған қару-жарақ жас пен кәрі,

Жолға деп азық,киім дайындайды.

Қалмақтан қорғау үшін мал мен жанды,

Бала-жігіт, қарттардан қол құралды.

Сан майданды өткерген қариялар,

Жас жетіп, қайрат кеміп қайғылады.

Аға ұлы ұлы жүзді қалмақ алды,

Сыр жаққа баса-көктеп келіп қалды.

Қарттар мен балалардан құрған топты,

Дұшпандар оқ жаудырып, ұйпап салды.

Қазақтар Бұхар жаққа елші салды,

Апаттан сақтау үшін мал мен жанды.

Елші апарған тартуды алғаннан соң,

Азырақ Хиуа, Бұхар тынышталды.

Соншалық болды елден ес кеткені,

Бағдарлап барар жерін белгі етпеді.

Қоштасып ата мекен, жер-суымен,

Жұрт қашты бет-бетіне күнелткелі.

Шұбырды әр тарапқа бастары ауып,

Айырықша төнгеннен соң қатер-қауіп.

Бұршақша қорғасын оқ жауғаннан соң,

Отырар күні барма іңген сауып?

Қолды боп шапқыншы елге жайлаулары,

Бұйырып жауыздарға бар малдары.

Он мыңдап жылқы айдаған мырзалардың,

Қаңырап босап қалды қыстаулары.

Кетіріп басқыншылар берекені,

Алды олар иемденіп көп өлкені.

Жаяу-жалпы шұбырды қосы ауған ел,

Дұшпанға қала берді жұрт мекені.

Көрген соң көп мылтықты қатал жауды,

Бей уақыт біздің Үш жүз адамы ауды.

Айырылып жер-суынан жұрт жөңкілді,

Паналап орман, жыра, биік тауды.

Ел көшті Бұхар жаққа айдап малды,

Айырылып асқар тау мен шалқар көлден.

Сұм соғыс кездейсоқта жолын байлап,

Бақ тайды аруақ қонған асыл ерден.

Еріксіз Ойрат жаулап Қаратауды,

Күнгейлік Арғын-Қыпшақ жерден ауды.

Арқадан көпшілігі көшпесе де,

Аз тобы жол кесіліп, Жизаққа ауды.

Мінекей, Қаратауды жоңғар алмақ,

Кердері теңізі, Сыр жауда қалмақ.

Қылышын сүйретіп қыс әлі-ақ келеді,

Япырым-ау, біздің қазақ қайда бармақ?

Ежелден «Сұлу төбе» – Алшын жері,

Көп еді Сыр бойында Алшын елі.

Еділ мен Сыр арасын мекен етіп,

Әуелден көшіп-қонып жүруші еді.

Жаласы жапқан Естек жалған еді,

Орыстың өсегіне нанған еді.

Қазаққа Башқұртты айдап салу үшін,

Жылқысын қалмақ қуып алған еді.

Сыр бойы, Қаратауды қалмақ алды,

Алшынды күнбатысқа қуып салды.

Жинаған асыл бұйым, дүние мал,

Бұйырмай иесіне жауда қалды.

Шіркін-ау, ел-табаны тайған ба еді,

Дүние шыныменен жалған ба еді.

Үш жүзге мұнша қалмақ өшігетін,

Бұрыннан кегі алынбай қалған ба еді?

Жаңбырша қорғасын оқ сан бораған,

Сасқан жұрт паналар жер таба алмаған.

Азамат қан майданда соғысып жүр,

Қорғансыз бала-шаға әйел қалған.

* * *

Бестамды Есентемір тастап көшті,

Дұшпанға құл болман деп құлақ кесті.

Кіші жүз жасақтары қарсы тұрды,

Көрсетіп шамасынша жауға сесті.

Көрген соң дәу мылтықты ұраңқайды,

Теңізден қаша көшті Жағалбайлы.

Керейіт, Алаша, Ысық Арқаға ауды,

Кетпесе Торғауыттар аямайды.

Жоңғарлар басқа шауып, төске өрледі,

Қазаққа оқ жаудырып, дес бермеді.

Жағынған хан, сұлтанға бимен бектің,

Тілегін жаратқан хақ хош көрмеді.

Қажыды шаршап талай ер,

Қиналды елдер жұтып шер.

Көп сарбазды жалмады,

Бауыры суық қара жер.

Зерафшанға ел кетті,

Естілерден ес кетті.

Мал-мүлікті тартып ап,

Қазақты Жоңғар еңіретті.

Қия алмай дала, тау-тасын,

Құрай алмай ел басын.

Жер-суынан айырылып,

Халайық төкті көз жасын.

Мұсылманға әкелді,

Кәпір қалмақ ажалды.

Қазақ,Татар ұтылды,

Тойтара алмай тажалды.

Көрген жанды жиіркентер,

Қалмақтардың кескіні.

Жазығы жоқ жұртыма,

Молайып кетті өштігі.

Сақал да жоқ, мұртта жоқ,

Өңкей көсе, көнті ауыз.

Ел шапқанға көңілі тоқ,

Қанға тоймас жалмауыз.

Дариға-ай, ерсілі-қарсылы ел сабылды,

Алтайда қалған қазақ бері ағылды.

Күш жұмсап сырға қарай өтсе-дағы,

Тұсында Алакөлдің көп шабылды.

Көңілі жауыздардың жаз болғандай,

Қуанып ел шапқанға мәз болғандай.

Көз тікті көрші елдердің мекеніне,

Иесіз Маңғұл жері аз болғандай.

Түріктің Татар, Қырғыз үлкен жұрты,

Татардың Маңғұл деген іргелі ұлты.

Шыңғыстың бастауымен көшіп кеткен,

Қымбат боп дүние деген көздің құрты.

Жиһанға билік құру болып арман,

Татарлар көп жерлерді жаулап алған.

Батысқа Шыңғыс ханмен бірге көшкен,

Маңғұлдың барлық жері босап қалған.

Сол жерге қоныстанбай кәпір жоңғар,

Жер үшін көрші елдерге шашып ызғар.

Біз оған әуелде де тиген жоқпыз,

Білмедік көңілінде қандай сыз бар.

Кей елдер қоршаудағы көше қашып,

Құлжадан бері өтті асып-сасып.

Жетуді Сарысуға арман қылды,

Соққы жеп қалса-дағы қатты жасып.

Маңында Найман қақпа тосып алып,

Алдыңғы кейінгіні қосып алып.

Сарыарқа жер кіндігі қайдасың деп,

Ілгері жөнелісті жосып халық.

Жетті олар өліп-талып шықпай жаны,

Қосылды қалған қазақ бізге тағы.

Дұшпанмен соғысқа ерлер дайындалды,

Бимәлім кімнің соры, кімнің бағы.

Басында Сұлутөбе мәжіліс құрған,

Таба алмай ақыл-айла көп қиналған.

Бәрі де бір Алладан тілек етті,

Қалса деп аман болып шыбындай жан.

Ойласаң аңғалдықтан болған бәрі,

Естілді кемпір-шал мен бала зары.

Сақтанбай алдын ала ата жаудан,

Не пайда хан мен бектер тапты кәні?

Арқаға кеткен ғаскер қайтты оралып,

Сырға жетті атының мойны талып.

Олар кеп ну қамысқа паналады,

Қалуға өз бастарын аман алып.

Келді әскер Еділден арып-ашып,

Шегіне ұрыс салып кейін қашып.

Қалжырап ұзақ жолдан қайтқан жасақ,

Майданға шыға алмады жаумен ашық.

Бұл заман, қай-қай заман, азған заман,

Ел-жұртым апат келіп, тозған заман.

Көрші екі ел мылтық беріп есірткен соң,

Үш жүзден сасық қалмақ озған заман.

Еділ мен Жайық жақтан көш келеді,

Ат пен нар әр көш сайын бос келеді.

Айырылған жер мен судан қиын екен,

Мөлтілдеп екі көзге жас келеді.

Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,

Басынып ата жауым етті мазақ.

Көршілес екі жұрттан дәу мылтық ап,

Көрсетті Халхи, Жоңғар елге азап.

Біз-дағы бұл соғысқа араластық,

Дұшпанға қарсы тұрып тайталастық.

Бәрі бір қайда барсаң, бәрін де ұрыс,

Бет алып Түркістанға қарай астық.

Алыстан жау қарасы әйгіленді,

Жиынның болар жері белгіленді.

Шалғайдан қоршалғанын ұқты халық,

Мылтықты қатал дұшпан көрінгелі.

Ноғай мен Жетіруды жиі шауып,

Түрікпендер жер алмақшы ебін тауып.

Өңірін Маңғыстаудың жауламақ боп,

Төндірді егіз жұртқа тағы қауіп.

Кердері теңізі, Сыр, Қаратаудан,

Ыққан ел соққы жеді қалмақ жаудан.

Сахарадан таба алмай жанға сая,

Жұрт ойлады шығуды зор қоршаудан.

Көктебенің басында болып жиын,

Түсінді ел зор апатты болар биыл.

Құрсаулап жан-жақтан жау қысып келед,

Қоршаудан шығуға айла табу қиын.

Ауыр боп қазақ үшін қанды майдан,

Үш жүздің маңдайынан бағы тайған.

Жағалай жерімізді басып алып,

Әр тұстан қалмақ қолы қанат жайған.

Мылтығын Ресей, Қытай сатпаған соң,

Қатынас арадағы тоқтаған соң.

Сенделді хандар, билер ақыл таппай,

Кенеттен дұшпан елді таптаған соң.

Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,

Келгенде елу алты жасқа ажал жетті.

Бағыну бір көсемге дұрыс қой деп,

Боларын осы апаттың болжап кетті.

Төреден Әйтеке би безін деді,

Келді ғой көсем сайлар кезің деді.

Қазақты алғыр батыр басқармаса,

Ата жау быт-шыт қылар сезін деді.

Хан, сұлтан, төре күні өткен деді,

Олардан ақыл-айла кеткен деді.

Үш жүзім өзіңді өзің тұтас ел қып,

Басқарар енді уақыт жеткен деді.

Әйгілі топтан көсем ізде деді,

Жұртыңның амандығын көзде деді.

Қазақты төре бастап көгертер деп,

Малтаңды би мен бектер езбе деді.

Данышпан топтан көсем сайла деді,

Үш жүздің келешегін ойла деді.

Көсемге ер-азамат түгел еріп,

Бақытын дұшпаныңның байла деді.

Ақылды болсын батыр көсем деді,

Басқарса қазақ болар есен деді.

Көрші елмен татуласып, тіл табысар,

Тағы да болсын өзі шешен деді.

Үш жүзден үш ақылшы болсын деді,

Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді.

Сайлаған көсемдерің кемеңгер боп,

Халқыңның болашағын шолсын деді.

Бұл сөзді бимен бектер ұға алмады,

Бас қосып, дұрыс кеңес құра алмады.

Үш жүздің шонжарлары төре жақ боп,

Ортадан батыр көсем шыға алмады.

Өткен күн ойлағанмен қайта оралмас,

Бақыт құс ұшып кеткен қайта қонбас.

Өсиетін Әйтекенің естеріне ап,

Қазыбек, Төле, Ақсуат шайқады бас.

Қазыбек, Төле, Ақсуат шешен жорға,

Қиналды ақыл таппай осы жолда.

Сайланған менен кейін ордабасы,

Үш жүзде Ер Бөгенбай басшы ед қолға.

Қанжығалы Бөгенбай Ақша ұлы,

Ол ер де бір Алланың сүйген құлы.

Түскен соң ел басына ауыртпалық,

Баршаға ортақ болды мал мен пұлы.

Атанып ордабасы Ер Бөгенбай,

Он үш жыл жетекші боп қалың қолға-ай,

Басынан көп соғысты өткерсе де,

Бұл күнде тіреліп тұр тұйық жолға-ай.

Бөгенге көмекші боп белгіленіп,

Беделді болмаса да ел басшысы.

Сайланды Әбілхайыр отыз жаста,

Кіші жүз жасағына ғаскербасы.

Деп айтып төремізді тәңірім қолда,

Алшында бата беріп қожа, молда.

Билікке Әбілхайыр араласты,

Өзінше жұрт тізгінін алып қолға.

Бөгенбай, Жәнібектей жезделері,

Сайлатты Кіші жүзге ғаскербасы.

Әйтпесе Әбілхайыр дейтін төре,

Көрмеген бұрын болып қолға басшы.

Алшынның жасағына бас болды деп,

Емес бұл жас төрені күндегенім.

Мұндайда қол басқару оңай емес,

Үйренсін сардарлардан білмегенін.

Көпке ұнамсыз болған соң,

Айтпасқа тағы болмайды.

Әбілхайыр сұлтанға,

Алшынның көңілі толмайды.

Әбілхайыр мен Жолбарысқа,

Бөгенбай, Жәнібек жезде еді.

Балдыздарын көтеріп,

Аттарына сөз келді.

Қолбасы болуы қиын-ау,

Тәжірибесі аз жігіттің,

Белгілі зайға болары,

Ондайға артқан үміттің.

Бір кездегі шәкіртім,

Ақшаның ұлы Бөгенбай.

Әбілхайырды сардар сайларда,

Біздерге хабар салмады-ай.

Күндегенім емес-ау,

Хан әулеті-төрені

Батыр жоқтай сайлатты

Әбілхайыр деген немені.

Жолбарысты хан қойды,

Жағдайдың ауыр кезінде.

Сондай жігіт болса да,

Ұлы жүз жұрты өзінде.

Төрелерге жол берді,

Хангелді мен Төле де.

Бәрі де жолсыз іс қылды,

Ақылдаспай көнеге.

Даңқы шыққан екі Арғын,

Қос төренің жездесі.

Сардар етті балдызын,

Алшынның жоқтай өзгесі.

Жәнібек пен Бөгенбай

Шәкіртім еді бір кезде.

Тым ретсіз іс етті,

Ақыл салмай біздерге.

Қол басқара біледі,

Жігіттің батыр естісі.

Оларға нұсқа үйретер,

Сардардың біздей ескісі.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *