«ЕЛІМ-АЙ» ДАСТАНЫ

Руханият Әдебиет
222 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Жас биі Кіші жүздің Малайсары,

Ол дағы ақыл-айла таба алмады.

Бас қосып, Күлтөбеде кеңес құрып,

Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды.

Малайсары Тайұлы

Шыққан тегі Байұлы.

Байұлы да Беріштен,

Ақылға күші сай ұлы.

Жеті баулы Беріштің,

Малайсары данасы.

Есет деген батырдың

Бірге туған ағасы.

Кім жақсы көрер дейсің ұтылғанды,

Сонда да апаттан ел құтылмады.

Арасы хан, сұлтанның ала болып,

Сақтауға жұрт бірлігін ұмтылмады.

Төрелер Әз Тәукедей бола алмады,

Оларға қазақ көңілі тола алмады.

Батыр, Болат, Сәмеке дәрменсіз боп,

Кездейсоқ ел жағдайы оңа алмады.

Еділдің арғы жағын қыстап ұдай,

Жүретін туыс көріп бізді қолдай.

Бірігіп Кіші жүзбен тізе қосып,

Қалмаққа қарсы аттанды азғана Ноғай.

Болысар одан басқа халық болмай,

Қазағым серкесі жоқ болды қойдай.

Желікті өршелене мейірімсіз жау,

Ішсе де күндіз-түні қанға тоймай.

Тасаттық беруге де мұрша болмай,

Шұбырды ел бет-бетіне үріккен қойдай.

Қолданар жауға қарсы құрал аз боп,

Есіл жұрт ығып кетті-ау, тозып бордай.

Аймағын Маңғыстаудың қыстап ұдай,

Ежелден мекендеген Қазақ, Ноғай.

Кердері мен Маңғытты көшірмек боп,

Түрікпендер көрсетіп жүр күнде құқай.

Қалмақтың шабуылы үдеп кетті,

Шабылған біздің Үш жүз жүдеп кетті.

Шұбырған босқын елдің жүрісінен,

Қою шаң көтеріліп түтеп кетті.

Құлақ тұнды дәу мылтық дыбысынан,

Тоқталды сайгүліктер шабысынан.

Бұйырып жиған малы қалмақтарға,

Айырылды біздің Үш жүз табысынан.

Қазақта жоқ бекініс, қамал, қорған,

Неге десең бәрі де қирап болған.

Ел тонап, жер алуды мақсұт еткен,

Дұшпанның қан ішкенге көңілі толған.

Күз болып, өсімдіктер құрап солған,

Халқымды Жоңғар оғы шөптей орған.

Дұшпандар дәу мылтықтан доп атқанда,

Күңіренді тау, өзен, көл, дөң, сай, орман.

Құтылу қиын болды жау торынан,

Келгенше амал етті жұрт қолынан.

Қаншама арпалысып соғысса да,

Қырылды бірталай жан жау оғынан.

Жан қиып, соғысты жұрт жер-су үшін,

Сан ерлер бойларынан сарқып күшін.

Ұрысқа әйелдер де араласты,

Келгенін зор алапат содан түсіп.

Әйелдер қолға ұстап құрық, бақан,

Қалмаққа қарсы тұрды ауыл шапқан.

Сойыл ап қариялар да арпалысты,

Қорғанбай отырған жоқ құр алақан.

Шошынды шар түскенде Қазақ, Ноғай,

Таба алмай паналауға жыра, тоғай.

Дедік біз қарғыс айтып, назаланып,

Келетін сұм қалмаққа кәрдің жоғы-ай!

Халқыма кез келтірді зор апатты,

Қырылып қазақ қаны судай ақты.

Халымыз биылғы жыл мүшкіл болды,

Болсақ та сауықшыл жұрт салтанатты.

Оққа ұшып ат-матымен қоса қабат,

Қиылды қыршынынан көп азамат.

Жаудырып қорғасын оқ өңкей мәжнүн,

Қара жер сан боздақты жатыр жалмап.

Басқаның бәрін-дағы қырып-жоймақ,

Қазақты жер бетіне емес қоймақ.

Көршілес екі ірі елден дәу мылтық ап,

Жұртты қыру әдісін тапқан ойлап.

Дүние кейде оңда, кейде солда,

Баста бақ, дәулет ылғи тұрмас қолда.

Ту ұстап, тұлпар мінген сардарлардың,

Талайы оққа ұшып, қалды жолда.

Іс болды аса қиын таңдай қағар,

Қорланды жаяу қалып сансыз батыр.

Жайнаған гүлдей тұрмыс ғайып болып,

Дариға-ай, ойда жоқта болдық пақыр.

Жау керегі меруерт, маржан ба еді,

Қалмаққа жұртты қыру арзан ба еді?

Қашаннан қазақ, қалмақ соғысса да,

Дәл мұндай қырғын, апат болмап еді.

Көңілі опасыздың тас болады,

Халқына ер-азамат бас болады.

Бұл қырғынды көзімен көрген жанның,

Іші өртеніп, көзіне жас толады.

Жөңкілді ел бет-бетіне есі шығып,

Бөрі тиген қойларша кетті ығып.

Жұрт басын құрай алмай ақсақалдар,

Қорқақ қоян секілді қалды бұғып.

Құлдырап кері кетті қоғамымыз,

Болды ғой аяқ асты Отанымыз.

Кетірген Үш жүзімнің берекесін,

Хан, сұлтан, бекке болсын обалымыз.

Қорғанар жоқ бекініс, қамалымыз,

Талды ғой еріксізден табанымыз.

Жау атқан дәу мылтыққа тоқтау болмай,

Таусылды ақыл-айла, амалымыз.

Жаратқан ісімізді оңда құдай,

Майданда ерлерімді қолда құдай.

Әз Тәуке өткеннен соң быт-шыт болдық,

Үш жүздің басын қосар көсем тумай.

Бас қоспай қайран елім бытырады,

Хал-жағдай күннен-күнге құлдырады.

Жау атқан дәу мылтыққа төтеп берер,

Қазақтың қолын да жоқ еш құралы.

Қолда бар қылыш, қанжар, садақ, найза,

Айбалта, сойыл, шоқпар кетпен, қайла.

Осының бәрін қару етсек-дағы,

Таппадық қарсыласып ешбір айла.

Бекінді мақұлұқ Жоңғар жер үй салып,

Үздіксіз атқылайды бұғып алып.

Батыс, шығыс көршіден нұсқа үйреніп,

Соғысқа шебер болды әдіс алып.

Қазақты оқ күшімен жерден қуып,

Талайлар алды бетін жаспен жуып.

«Өліспей жер мен суды бермейміз», — деп,

Жүрді ерлер тәуекелге белді буып.

Күз болып қазақ жері көркі кетіп,

Дұшпанға Үш жүз малы, мүлкі кетіп.

Тірліктен нелер жандар күдер үзді,

Қолынан билік пен бас еркі кетіп.

Түскен соң ел басына ауыр салмақ,

Апаттан жанын сақтау қиын болмақ.

Нәуетек жігіттері жігерсіз боп,

Бет қойды Үргенішке Қарақалпақ.

Қашса да олар ұзап кете алған жоқ,

Серттесіп пәтуа сөз ете алған жоқ.

Ағылып ерсілі-қарсылы басы айналды,

Алшынның үстіртіне жете алған жоқ.

Өзгеріп сұры қашып келбеттері,

Айналып жоғалуға сәулеттері.

Халифат байлығындай ауқатты елім,

Қажыды қолдан кетіп дәулеттері.

Елдердің Бұхар жақта болмай жайы,

Тышқақтап көп қырылды құлын-тайы.

Сұм қалмақ күн құрғатпай шабуылдап,

Үш жүздің оң жағынан тумады айы.

Бір хандық төрт хандыққа бөлінген соң,

Даңғойға жұрт билігі берілген соң.

Қалмақта соны біліп майдан ашты,

Қазақтың әлсіздігі көрінген соң.

Әйелдерше шашты өріп,

Бұрым еткен қалмақтар.

Қалдырып аз шаш төбеде,

Тұлым қойған қалмақтар.

Сиықсыз сондай сұмдармен,

Шықтық талай жекпе-жек.

Айдарынан ұстап бас кесіп,

Алған едік жаудан кек.

Биыл олар басқаша,

Бәрінің мылтық қолында.

Түгел атып тастайды,

Не кездессе жолында.

Ордос, Тумет, Білеуіт,

Деген қалмақ елдері.

Өршелене соғысты,

Керек боп қазақ жерлері.

Шаңға бөлеп әр жерді,

Көк шалынды қуратты.

Доңызын әкеп лайлап,

Арамдады суатты.

Аңғал қазақ алданған,

Төренің сөзін малданған.

Жан-жағынан жау қамап,

Жол таба алмай дағдарған.

Шапқыншылар құтырып,

Даламызды таптаған.

Дәу мылтығын сүйретіп,

Құмырсқаша қаптаған.

Қоғамдаспай хан мен бек,

Қалмақтан халқым ұтылған.

Дәрменсіз басшы сұлтаннан,

Жөн болар елім құтылған.

Қалмақпен құда кей төре,

Қашуға жұрттан ұмтылған.

Тіліне еріп солардың,

Қор болды ерлер жұлқынған.

Шығыста Алтай, Хобдадан,

Жендеттерін топтаған.

Батыста Еділ сыртынан,

Ағайындас жұртынан

Қанға тоймас сұмдарын,

Мейірімсіз бұзық қуларын.

Шордан тері жинады,

Бермесе тауып қинады.

Қорыққан Тұба шонжары,

Қолда барын сыйлады.

Жаулап алған елінен,

Азық пен киім жеткізіп.

Бас игізіп құлданып,

Еріксіз қызмет еткізіп.

Көршілес екі ел дем беріп,

Кәпір қалмақ құтырды.

Жауламақ боп көп елді,

Қанішерлер ілгері ұмтылды.

Қалмақ келіп жаулаған,

Еділ мен Жайық арасын.

Қазақ пен Ноғай шулаған,

Таппай дерттің дауасын.

Еділ-Жайық арасын,

Мекендеген Кіші жүз.

Тастап шықты қонысын,

Болғаннан соң мылтықсыз.

Жайықтан өтті сал жасап,

Жеңіліп жаудан амалсыз.

Ойылға қарай бет бұрды,

Әбден болып шарасыз.

Қаратау мен Сыр бойы,

Көшті жаудың қолына.

Түсірмекші Үш жүзді,

Кәпір қалмақ торына.

Дәу мылтықтан доп атып,

Қазақты қалмақ күйретті.

Жоңғарға мылтық атуды,

Орыс пен Қытай үйретті.

Айырылған соң қоныстан,

Өкшесі елдің сырылып.

Қатын-бала, кемпір-шал,

Әр жерде қалды қырылып.

Бұл заман, қай-қай заман, Орлы заман,

Орнаған Үш жүз үшін торлы заман.

Атадан ұл, анадан қыз адасып,

Жұртымды тентіреткен сорлы заман.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көш бас сайын бие, іңген бос келеді.

Ауылдар жұбын жазбай бірге көшсе,

Бір-бірін қиын жолда ес көреді.

Бірігіп бұрынғыша қоғамдасып,

Сұлтандар жүрсе ерлермен ақылдасып.

Жоңғар да баса-көктеп келмес еді,

Мұсылман бірлік құрса жақындасып.

Біз-дағы бұл аттанға аттан қостық,

Деп ойлап қосылмасақ болар бостық.

Қырғыннан қалған елді сақтау үшін,

Келетін жау әскері жолын тостық.

Шабуыл қазақ үшін болып ауыр,

Қоныссыз қаңғып қалды талай ауыл.

Әр жерге топталысты шұбырған жұрт,

Келе ме қайғырғанмен өткен дәуір.

Болмаса бір Алладан елге жәрдем,

Төніп тұр әр тараптан үлкен қауіп.

Көз тігіп Орыс, Қытай торауылдап,

Күн сайын мазалайды қалмақ шауып.

Қалған соң көршілерден көңілі суып,

Талайлар алды бетін жаспен жуып.

«Берілмей қан майданда өлейік!» – деп,

Соғыстық денемізді намыс буып.

Бір туған Қазақ, Ноғай, Қарақалпақ,

Ел едік, мал өсіріп, жатқан жалпақ.

Бас салып, ес жиғызбай ауылдарды,

Мылтықты қанішер жау кетті таптап.

Жазықсыз қанын төгіп талай жанның,

Тұсында болған қырғын Шыңғыс ханның.

Осы апат сонымен бірдей боп тұр,

Түбіне әбден жетіп қазақтардың.

Қазақтан бақыт шіркін, тайған ба еді,

Қалмақта бұрын мылтық болған ба еді?

Халқымнан дәулет құсы ұшып кетіп,

Жоңғардың шаттарына қонған ба еді?

Басталды елде аштық көп ұзамай,

Қалмақтың шабуылы аз болғандай.

Ұшырады шұбырындыға жас пен кәрі,

Сұм заман қазақтарға қас болғандай.

Болған соң сахарасы кең жер ғажап,

Тұрған жоқ Сыр бойында барлық Қазақ.

Аштық, жұт, қырғын соғыс қабаттасып,

Көрем деп кім ойлаған ауыр азап?

Япырым-ау, мынау құтсыз жыл ғой қоян,

Қазаққа дегені ме қанға боян.

Жаралы һәм ішетін тамағы жоқ,

Әр жерде аштан өлді талай ноян!

Қирады ақ орданың сүйектері,

Кілемнің ыдырады жиектері.

Соғыс, аштық, суыққа ұрынған соң,

Қарттардың селкілдеді иектері.

Бешпенттің қырқылды ғой етектері,

Жаураған бала-шаға дедектеді.

Суықта қатын-қалаш, кемпір мен шал,

Үйсіз қап айдалада дірдектеді.

Талды ғой сарбаздардың білектері,

Шайылды сардарлардың жүректері.

Бөгелді жау оғынан қазақ қолы,

Көрініп құлағандай тіректері.

Тозды ғой арулардың желектері,

Өртенді таудың қайың, теректері.

Тыным жоқ күн-түн сайын шабысуда,

Ерлердің қайтып қалды жүректері.

Сазандай балғын өскен балалары,

Дүние-жиһаз толы қоралары.

Қолды боп жиған мүлкі ата жауға,

Үш жүздің көп қамықты шоралары.

Көзінен ел-жұртымның бұл-бұл ұшты,

Күндері той-думанды, мерекелі.

Бытырап шіл боғындай тозып кетті,

Болса да біздің Қазақ берекелі.

Хан, патша қазынасындай болған Қазақ,

Төрт түлік малға толған далалары.

Мылтықты хайуандардан көріп азап,

Үш жүздің көп қайғырды даналары.

Сорлаған жесір болып аналар көп,

Зарлаған жетім қалып балалар көп.

Айырылып жер-суы мен дәулетінен,

Үй-күйсіз мәңгі болып қалғандар көп.

Бұлт төніп, ауыр күн орнап бастарына,

Індет кеп кәрі менен жастарына.

Жас келіп көздеріне мөлт-мөлт етіп,

Қарайды таудың тарғыл тастарына.

Ұшырап шабуыл мен аштық, жұтқа,

Кез болды ауыр соғыс біздің жұртқа.

Қамалап жан-жағынан қалың дұшпан,

Түскендей болды қазақ су мен отқа.

Ызғарлы күн де болды аса суық,

Қазаққа қиын болды зор күн туып.

Халқыма аштық, соғыс бірдей келді,

Тұрғандай ғазырейіл төніп жуық.

Сұм соғыс, аштық пен жұт нені қойсын,

Айырылды ел ен байлық пен жиған малдан.

Дұшпандар оқ жаудырып, кімді қойсын,

Хал кетті нелер алып сардарлардан.

Сайғақтай сая таппай туған жерден,

Қашып тұр бақ-береке талай ерден.

Қолына ұстағаны таяқ болып,

Әр жерде қалды өліп нелер мерген.

Жасыл жерді басып шаң,

Судың бетін бояп қан.

Есі шығып абдырап,

Жұрттың басы болды даң.

Батыс, шығыс көршілер,

Мұсылманға өшікті.

Атысарға мылтық жоқ,

Халымыз болар нешік-ті?

Орыс, Қытай көршіміз,

Ойраттарды жақтаған.

Мылтық алып солардан,

Жорыққа қалмақ аттанған.

Мұсылмандарды қырғанға,

Халхи мен Жоңғар шаттанған.

Қонысынан айырылып,

Қазағым болды-ау, ақтабан.

Қанға құмар Торғауыт,

Дәу мылтықты сүйретті.

Үсті-үстіне доп атып,

Даламды тегіс күңірентті.

Көрсетті жазмыш бұл істі,

Болсақ та жұртқа аяулы-ақ.

Қарқыны болып тым күшті,

Көп жерді алды сұм қалмақ.

Бақыты тайып қапа боп,

Қостары ауған шоралар.

Паналауға мекен жоқ,

Босқын болды көп жандар.

Басқыншы дұшпан желігіп,

Кең даламды таптаған.

Қоярдай жалмап көрініп,

Соғысып дамыл таппаған.

Байқап тұрсам заманға,

Көрші елдер ұқсайды қабанға.

Татулық жоқ, мейірім жоқ,

Жау болды адам-адамға.

Жап-жасыл қазақ жерлері,

Күз болған соң сарғайып.

Халықпен бірге күйзелді,

Қасіреті тым ұлғайып.

Хал болмай шабар қамалға,

Іс айналды жаманға.

Дәу мылтықтан доп атып,

Қаптады қалмақ бұл маңға.

Билер де көп сөз қозғап,

Тіршілік жайын ойланған.

Ерлер де көп атсыз қап,

Жаяу жүріп қиналған.

Соғысқұмар сұм қалмақ,

Түсіріп елге зор салсақ.

Тұтқын етіп өзінше,

Жұртымды болды құл қылмақ.

Садақтан басқа төрт түрлі,

Қалмақтың бар мылтығы.

Қырса да жұртты басылмайды,

Қанқұмарлық ынтығы.

Орнатып жұртқа дозақты,

Жоқ етпек боп қазақты.

Қырып-жойып ерлерді,

Көрсетпек көпке азапты.

Аттарын қалмақ баптаған,

Оларды көрші ел шаптаған.

Жолдамалы жендетпен,

Көбейіп саны қаптаған.

Жалдамалы сұмдарын,

Айдап салып халқыма.

Қысқа қамды жасатпай,

Ұрындырды салқынға.

Мінетін тым болмаса өгіз болмай,

Азамат жаяу қалды ортан қолдай.

Атыстан қазақ қолы қаймығып тұр,

Тең түсер дәу мылтыққа құрал болмай.

Хиуа алып түрікпеннен арғымақты,

Орнына берген қылыш дандан сапты.

Қазақты аяғансып тұрса-дағы,

Мылтықпен Түрікпенді жабдықтапты.

Үш жүзге ықыласы түспей қатты,

Бұхар да Түрікпенге мылтық сатты.

Алайда елші сыйлық апарған соң,

Сол себеп бізге Бұхар жауықтапты.

Қыруар ел Зерафшанға қоныстанды,

Мекендеп аз да болса тыныстады.

Хиуаға, Бұхарға да алым төлеп,

Олармен тіл табысты қырылыспады.

Көп өсіп Арғын-Қыпшақ өнген еді,

Рахатын молшылықтың көрген еді.

Арасын Ташкент, Торғай мекен етіп,

Ежелден қыстап, жайлап жүрген еді.

Шығысын Қаратаудың қыстау етіп,

Батысын Сарыарқаның жайлаушы еді.

Арқаны жыл аралата қыстап шығып,

Жалғанның қызығына тоймаушы еді.

Қара өткел, Шу арасы Арғын жері,

Шығысы Жарма өзенге тіреледі.

Орта жүз Арғын-Қыпшақ, Тарақтылар,

Егін сап, мал өсіріп күн көреді.

Көп жерін Сарыарқаның мекен етіп,

Өнермен Арғын-Қыпшақ өрлеп еді.

Аң аулап, саят құрып жігіттері,

Тапшылық бұған дейін көрмеп еді.

Шабуыл, аштық пен жұт қысқан заман,

Қазақтан бақыт құсы ұшқан заман.

Қолында мылтықтары болмаған соң,

Қалмақтан халқым қорқып пысқан заман.

Теңіз бен Сыр бойынан көш келеді,

Көш бас сайын атандар бос келеді.

Айырылған туысқаннан қандай ауыр,

Көл-көсір көзге ыстық жас келеді.

Жас келмей екі көзге қайтсін енді,

Жұртымыз зор апаттан сескенеді

Мұздады жылы жүрек күн-түн сайын,

Жау қалмақ елге қарап беттегелі.

Тарылып қағынды ғой заманымыз,

Тозды ғой жаяу жүріп табанымыз.

Толассыз дәу мылтықтан доп атылып,

Сарқылды әдіс-тәсіл, амалымыз.

Апатқа дейін қазақ көп ел еді,

Жігіті әнші, батыр, мерген еді.

Үш жүздің өзім тұстас қариялары,

Қалмақпен сан соғысып көрген еді.

Шеткі жер қолдан қолға өтуші еді,

Көбінесе жау жеңіліп кетуші еді.

Кешегі Әз Тәукенің заманында,

Уағада тастай болып бекуші еді.

Бұл күнгі хандар сертті бола алмады,

Пайда тіл көрші елдермен таба алмады.

Қазақ пенен Ноғайды құртқызбақ боп,

Сөйлеспей Орыс, Қытай табандады.

Мұндай боп жаудан маңдай таймап еді,

Қалмақ жеңіп, қанатын жаймап еді.

Сан майдан, талай ауыр шайқастарда,

Бұршақша қорғасын оқ жаумап еді.

Хан еді ұлы жүздің таз Жолбарыс,

Үйсіннің дәулетіне мас Жолбарыс.

Санасу жақсылармен ойында жоқ,

Ақыл айтқан кісіге қас Жолбарыс.

Төле менен Ханкелді,

Бірі – батыр, бірі – би.

Жолбарысты хан сайлап,

Тіккен оған арнап үй.

Ол екі ердің ойынан,

Жолбарыс хан шықпады.

Төле бидей жақсының,

Ақылын айтқан ұқпады.

Болғанда жаумен арпалыс,

Қамданбады еш Жолбарыс.

Ақылсыз сұлтан сол екен,

Маңдай да соры бес қарыс.

Әбілхайыр сұлтанды,

Десе де жұрт айлалы.

Қазақ үшін ол төре,

Түбінде болмас пайдалы.

Әбілхайыр сұлтан да,

Жолбарыс ханның інісі.

Бөгенбай ерге балдыз боп,

Кеңіп бірі қалды-ау, тынысы.

Қол басқарып көрмеген,

Әбілхайыр деген төреңіз.

Кіші жүз қолын бастар деп,

Ол қуға қалай сенеміз?

Татардың бір тайпасы Дәрмен екен,

Еділ де жаудан қысым көрген екен.

Үздіксіз Қалмақ шаба бергеннен соң,

Күнгейге ауа көшіп келген екен.

Олар да Байұлы мен бірге болды,

Қайғырып жүректері шерге толды.

Алшынның жасағымен күшін қосты,

Кеспек боп жау өтетін әрбір жолды.

Батырлар, билер кеңесті,

Шықпақ болып қоршаудан.

Сарбаздар жаумен егесті,

Босанбақ болып құрсаудан.

Қорғанбақ боп жыланнан,

Құтылмақ боп лаңнан.

Шоралар көп кеңесіп,

Көктөбеге жиналған.

Бөгенге көмекші екен деп,

Әбілхайыр мен Ғайыпқа

Сену қиын жарандар,

Қысылса кетер тайыпта.

Сыр бойы, Қаратауды келген қыстап,

Кіші жүз жоңғарлардан көрді қыспақ.

Орта жүз, Кіші жүз боп тізе қосты,

Бір-бірін жау қолына кетпей тастап.

Басында Көктебенің құрдық кеңес,

Уайымы мол жандарда болмай егес.

Ырду-дырду болатын ештеңе жоқ,

Басталған жау шабуылы оңай емес.

Хабарлап ауған елдің көштеріне,

Күнгей жұрт қосылмақшы Арқа еліне.

Жиналды әрбір жоқтан келген ауыл,

Қаратаудың теріскей бөктеріне.

Екінші Күлтөбе бар бұл бөктерде,

Таяу жер біз отырған Көктөбеге.

Ер тері, аттың тері төгілмекші,

Қан майдан басталатын Күлтөбеде.

Жылқысын қалмақ тартып алғаннан соң,

Халқымның көбісінде ат болмай тұр.

Мінетін көліктері болмаған соң,

Көңілі ерлерімнің шат болмай тұр.

Бұлтартпай көп ауылды жау кеп басты,

Үстіртке Қарақалпақ көше қашты.

Орта жүз Кіші жүздер күнгейдегі,

Қоршауда да тұрып жаумен арпалысты.

Бұл екі ел жауынгер еді әуел бастан,

Соғысты ата жаумен аянбастан.

Орта жүз, кіші жүз боп ұрандасып,

Қамалға шапты жастар тайсалмастан.

Біз-дағы ата жаумен майдандастық,

Халхидың жендетімен найзаластық.

Дұшпанға қолдан намыс бермеу үшін,

Таңдаулы тайшысымен қылыштастық.

Талай жан тірлікті ойлап зар қағып жүр,

Төрт балам, бәйбішем де сақтанып жүр.

Ілесіп ұлдарыма бір топ жастар,

Соғысқа араласып, ел қорғап жүр.

* * *

Әмудария атанған Жейхұн өзен

Бойлары Қарақалпақ мекені екен.

Қазақпен бауыр болып олар-дағы,

Ертеден бірге көшіп жүреді екен.

Ақыры Қарақалпақ қоныс таңдап,

Шығысына Түркістан өңірі көшкен екен.

Онда да қазақтармен бірге болып,

Басынан жақсы өмірді кешкен екен.

Түркістан аймағының шығыс жағын,

Мекендеп бірталай жыл Қарақалпақ.

Қазақ пен тату-тәтті көрші ел болып,

Байланбай тұрған еді жаман атақ.

Сұм қалмақ көп жыл бойы шабуылдап,

Әрдайым жасаған соң үлкен шатақ.

Шығысын Түркістанның тастап көшті,

Ілесіп қазақтарға Қарақалпақ.

Бектері Қарақалпақ болып жалтақ,

Оларда ой болмады күшін қоспақ.

Түбі бір туысқан ел болса-дағы,

Майданға шыға алмады бізді қостап.

Өкпе айттық қиын күнде мұсылманға,

Ішінде мұсылманның туысқанға.

Ноғайдан басқалары болысқан жоқ,

Қалмақпен үш жүз жылдай соғысқанда.

Әлі де жарты ғасыр соғысар ел,

Жалмамақ көп жандарды сұм қара жер.

Қалмақпен екі жақтап соғысқанда,

Тәңірім, басқызбасын аяқты кері.

Қарақалпақ бауырды көрмейміз жек,

Қашқанын және олардың тұтпаймыз кек.

«Тұқымы азғана елдің құриды», — деп,

Соғыстан тайған болар бастаушы бек.

Оларды мәңгі бақи қорғағанбыз,

Туыс деп әрқашанда қолдағанбыз.

Бөлініп қиын кезде кеткеннен соң,

Өлеңмен өкпе-назды жолдағанбыз.

Қалжырап қалды халқым құты қашып,

Мылтықсыз жауынгерлер қалды жасып.

Жеңетін ата жауды күн туса екен,

Бақытқа қадыр Алла жолды ашып!

Өкпе-наз қата болса, кешір, Алла,

Дұшпанға көктем жасыл түсір, Алла!

Баласын мұсылманның панаңа алып,

Үш бірдей жаудың үнін өшір, Алла!

Әлеумет, үш дұшпаның-кәпір бәрі,

Қарғаған үш жауды да жас пен кәрі.

Қалмақты қалған екеу бізге айдап сап,

Жоңғарға берген мылтық, оқ пен дәрі.

Біздің сөз қас дұшпанды меңзеу деп ұқ,

Бір емес ата жауым үшеу деп ұқ!?

Үш бірдей аждаһаға душар болсақ,

Жұртымыз құрып кетер, осыны ұқ!?

Болмайық соның үшін жалынышты,

Үш жаудың ешқайсысына бағынышты.

Тірісін Қазағымның тәңірім қорғап,

Жат елге ете көрме табынышты.

Күлтөбеге жиылып,

Жасықтықтан тыйылып.

Ұрысқа ерлер бел буды,

Алла, аруаққа сиынып.

Бүгінгі күн-мұнар күн,

Жер бетін тұман басқан күн.

Қытайлар аспас асудан,

Кәпір қалмақ асқан күн.

Бейғам жатқан халқымды,

Қапыда дұшпан басқан күн.

Атысарға болмай мылтығы,

Қалмақтан қазақ қашқан күн.

Мылтығы көп ұраңқай,

Шарасынан тасқан күн.

Ақыл таппай қиналып,

Билерім қатты сасқан күн.

Паналар жер таба алмай,

Ер етегін басқан күн.

Жер-суынан айырылып,

Ел-жұртым жылап босқан күн.

Сәмеке, Ғайып, Барақтар,

Хиуамен ақыл қосқан күн.

Хонтайжымен құда боп,

Аяқты кері басқан күн.

Жазығы жоқ жұртыма,

Жоңғарлар соғыс ашқан күн.

Қазақ, Ноғай екі елдің,

Қанын судай шашқан күн.

Қарақалпақ бауырлар,

Жеңіліп жаудан қашқан күн.

Дұшпанмен құда кей төре,

Елдің сырын ашқан күн.

Тар кезеңін Үш жүздің,

Орыс пен Қытай тосқан күн.

Бақыты тайып Қазақтың,

Ерсілі-қарсылы жосқан күн.

Жау індеті жеткен күн,

Үш жүзден қайрат кеткен күн.

Күшіне қару сай болмай,

Өкініп ерлер өткен күн.

Қазақтың ауыр жағдайын,

Түрікпен бегі күткен күн.

Қалмақша шауып олар да,

Мыңғытты жүндей түткен күн.

Түрікпеннің шонжары,

Кердері елін шапқан күн.

Қазақ пенен Ноғайды,

Жылатып олжа тапқан күн.

Қазақ пенен Ноғайға,

Түрікпен неге кектенген?

Жаулықтың білмей себебін,

Билердің іші өртенген.

Жер сұраған кезінде,

Мейман етіп ерлерін.

Мекендеуге ұсындық,

Иесіз Маңғұл жерлерін.

Келіссе де оған бектері,

Алтайға бірақ көшпеді.

Сыйласақ та оларды,

Жаулықтың оты өшпеді.

Көше қалса Алтайға,

Бермек болдық жәрдемді.

Уәделессекте әуелі,

Кейін қабыл көрмеді.

Бостан-босқа өшігіп,

Татулыққа еш келмеді.

Жазығы жоқ халқыма,

Соқтығып маза бермеді.

Парсыдан көмек сұрауға,

Қазақтың қолы жетпеген.

Туыстық сөзі Үш жүздің,

Өзбекке сірә өтпеген.

Хиуа, Бұхар, Қоқан да,

Қазақтарға қатайды.

Бізден барған елшіге,

Мылтық сатпай шалқайды.

Алауыз болып мұсылман,

Бір-біріне жәрдем етпеген.

Бауырмал, жомарт ел едік,

Ешкімді сыртқа теппеген.

Не пиғылдан тап болдық,

Мұндай ауыр індетке?

Жүретін енді жағдай жоқ,

Мылтық құрал іздеп те!

Пана болсын бір Алла,

Әлсіреп қалған халқыма!

Тіршілік бер деп тілеймін,

Азайып қалған жалпыға!

Орта жүзді төрелер,

Екі бөліп билеген.

Алдап момын қауымды,

Нан есепті илеген.

Бөлшектеп елді басқарды,

Әбілмәмбет пен Сәмеке.

Бір хандық төртке бөлінсе,

Бола ма халқым береке?

Әбілмәмбет солқылдақ,

Ақ балшықша борпылдақ.

Келіспейді ерлермен,

Қабандарша қорсылдап.

Соңына халқын ерте алмай,

Шепті бұзып өте алмай.

Әбілмәмбет хан қиналды,

Қоршаудан шығып кете алмай.

Шағырмақ күнім-түн болды,

Хан, сұлтандар жым болды.

Сәмеке, Болат, Барақтың,

Әлсіздігі шын болды.

Бұрынғы хандар секілді,

Қазіргі хандар болмады.

Ынтымақ кетіп төреден,

Жұртымыз содан оңбады.

Тірілікті ойла әлеумет,

Тоғышар пенде хан болмас.

Ел басқарар азамат,

Қоғамшыл болар, паң болмас.

Көсемсіз халқым сорлады,

Дегені бүйтіп болмады.

Ірі апатқа тап болып,

Қайғының бұлты торлады.

Бәйтерек қандай көрікті,

Маңында өскен ағашпен.

Хандардың көркі болар ед,

Ынтымақ құрса Алашпен.

Қата болса, бұл сөзім,

Сәлем бер ме жарандар.

Сене бермей әркімге,

Алды-артыңа қараңдар.

Төле биге ілесіп,

Шуға көшкен Жолбарыс.

Сарысуға бармап ед,

Секілденіп Арқа алыс.

Бұл күнде Шудан Сырға ауды,

Болғанменен жер алыс.

Сырға да тоқтамай,

Қаратауға келді Жолбарыс.

Төре-төлеңгіт қожаны,

Сірә да жек көрмеймін.

Оларды Үш жүз жұртынан,

Оқшаулап тағы бөлмеймін.

Төре-төлеңгіт, қожа да,

Қазағымның ұлы ғой.

Мұсылманның бәрі де,

Бір Алланың құлы ғой.

Хандықты төртке бөлді деп,

Өкпеледім хандарға.

Ренжімей қалай тұрасың,

Миғұла болған жандарға.

Көбейді жұрт шұбырған,

Жер-судан өкше ысырған.

Шабуылдады сұм қалмақ,

Қасқырша шапшып құтырған.

Соғысуға болмай хал,

Нелер сабаз болды дал.

Әр жерде қалды көмілмей,

Бала-шаға, кемпір-шал.

Адамдар көп сұлаған,

Балалар көп жылаған.

Талай сұлу сымбатты,

Көзінің жасын бұлаған.

Қазақтың жасыл даласын,

Түтін мен шаңға оратты.

Ата дұшпан – жау қалмақ,

Қорғасын оқты боратты.

Ата қалды баласыз,

Бала қалды анасыз.

Көшке ере алмай әр жерде,

Науқастар қалды панасыз.

Құмалақтай қорғасын,

Нелер жанды сұлатты.

Дәу мылтықтан шар түсіп,

Ерді атымен құлатты.

Боздағынан айырып,

Ата-ананы шулатты.

Сүйгенінен айырып,

Аруларды жылатты.

Дүлей жоңғар санасыз,

Жеткіншекті кемсітті.

Ата-анасыз ұл-қызды,

Жылатып қатты өксітті.

Бармағын шайнап долданып,

Ер жігері құм болды.

Торсық шеке ұлдардың,

Көздеріне жас толды.

Басқыншы дұшпан желігіп,

Даламызды таптаған.

Дәу мылтықтан бет қайтып,

Қамалға ерлер шаппаған.

Жүректері шайлығып,

Шайқасуға батпаған.

Ертелі-кеш сабылып,

Ел-жұртым болды-ау ақтабан.

Жекпе-жек шығу аз болды,

Мылтығына жаулар мәз болды.

Қазақтар түсіп қыспаққа,

Қалмақтың көңілі жаз болды.

«Босқа өлуге болмас», — деп,

Садақ тарттық Қалмаққа.

«Қалған жанды сақта!» – деп,

Сиындық Алла, Аруаққа.

Намысы бар азамат,

Соғыспай құр жатпаған.

Қару ұстап қолына,

Елін қорғап жақтаған.

Өтеміз бе деп шынымен,

Қызығын көрмей жалғанның.

Кіші жүз – Алшын Бай ұлы,

Байбақты Дат балуанның.

Көтергеніне қарасаң,

Жасыл ала ту болды.

Жебенің ұшын майлайтын,

Ағаштан алған қу болды.

«Не болса да көрем», — деп,

«Соғысып жаумен өлем», — деп.

Батырлар қолға найза алды,

«Қоршауды бұзып өтем», — деп.

Бастады ерлер көп қолды,

Аршуға жаудан бар жолды.

«Майданда өлген дұрыс», — деп,

Күлтөбе басы шу болды.

Қоршаған бозбала көп жан-жағымда,

Жырларым жаққаннан соң құлағына.

Көңілі босап-қорқып жылаған соң,

Бұлайша қайрат бердім жан-жарыма.

Қуарып өңі кетті манатым-ай,

Тозып тұр үстімде ішік жанатым-ай.

Анталап қалмақ жауыз қоршаса да,

Қорғанар қынапта тұр болатым-ай.

Я Алла, я Аруақ пана болғай,

Кенжесі ем Ер Толыбайдың ортан қолдай.

Келдім деп алпыс бірге мойымаймын,

Көрсетем қайратымды осы жолда-ай.

Жете алмай туған жерге қалғаннан соң,

Болып тұр қайырылғандай қанатым-ай.

Айшажан, жылап мені налытпашы,

Отпын шал да болсам жанатындай.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *