АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ

Әдебиет
2 027 Views

Адам өмірі махаббатқа байланысты екеніне көзім жетті. Мыңдаған жылдардан бері өз құндылығын жоғалтпаған ғажап сезім! Дүниеге келген сәтте сәби құшағыңды ананың ыстық алақаны жылытып, пана болады. Ет жақының ата-анаң арқасүйер тірегіңе айналады. Бала кезден-ақ жақындарыңның махаббатын иеленіп, олардың саған деген ерекше қомқорлығы, жылы сөздері мен қолдаулары осы күнге дейін сенім беріп тұратындай. Махаббат тек алып-ұшып сүю ғана емес, бауырыңның саған деген мейірімі сияқты көрінеті белгілі.

Мектеп қабырғасындағы алғашқы бала махаббат. Үлкен өмірден хабарсыз жүрген шақтар, кіршіксіз таза пейіліміз нағыз сезімнің қандай екенін еске түсіріп тұратындай еді. Періштедей пәк көңіліміз, сезімге адалдығымыз, айналаға деген құштарлық, барлығы дерлік шәкірттік жылдардан бастау алып, бізді үлкен өмірге шығарып салды. Атауы бәлкім қызықтырар, бірақ үлкен өмірдің артында күйбелең тіршілік пен қақтығыстар сені күтіп тұрған өмірлік махаббатыңнан алыстатар, бәлкім адастырар. Өмір сүру үшін талпыныста жүрген кезде махаббатқа толы өткен күндерді аңсайды екенсің. Бірақ та өткен күндер оралмайды, тек жылы естелікке толы сәттер жадымызда сақталады.

Ал, өмірім махаббаттың мұңы мен қуанышын қатар алып жүрген жыр шумақтарына ұқсайды. Қайғым мен қуанышым бір-бірімен жарысып, көңілімді аулайтындай, бірақ әрдайым қайғы озатындай! Мұң үш әріпті сөз болғанымен, берер мағынасы мен залалы, адамды әрдайым төмен қаратады. Махаббатты әр адам әрқалай қабылдайды. Сезімге иеленген сәтте ешқашан аяқталмағанын бар жүрегіңмен қалайсың. Ал қайғы бір-ақ сөзбен түйінделеді. Өйткені, онда тек қана бір қасірет бар. Махаббатта шаттық пен береке, сенім мен алып-ұшқан сезім сені биікке жетелейді! Сүйген адамыңның жанында болуы, қолында перзенті бар ананың махаббаты, айта берсең, көзің қуанып тек шапағатты сезінгің келеді! Бірақ бұл сезіммен де қаншама жандар азап шекті емес пе?! Сүйгенінен хабар ала алмай, баласының дүрсілдеген жүрегін тыңдай алмай! Қызғаныштың кесірінен бір-бірімізді көре алмағанымыз. Міне, нағыз қасірет.

Өзімнің алғашқы махаббатым жайлы қағазға жазып, есімін ұмытқанмын… Осының астына жарты жыл бойы жазған сезімдерім баяндалады.

Ғашықтық дерті жүрегіме маза берер емес. Әр тынысым Сізді ойлап күрсінумен болады. Неге ғана жүрегіме Құдайдың құтты күні жаңа мұң сыйлайсыз! Соншалықты ұнатпайсыз ба, әлде ғашықтықтан басыңыз айналып, сүйіктіңізді қандай ауыртпалыққа салғаныңызды білмейсіз бе?!

Әрине, білмейсіз, Сіз дегенде жүрегім аузыма тығылып қана қоймай, жас моншақтары жанарымнан емес, жүрегімнен де тамшылайтындай күйдемін. Осы құбылысыма өзім таң қалып қоймай, жүзіңізді аймалап тұрып, есім танғанша сүйіп, құшақтап алғым келеді. Сізді байқамай тұрған қыздың қылығына саламын! Неге дейсіз бе?!

Өйткені, Сіз маған қараған көзқараспен бөтен қыздарға да дәл солай қарайсыз. Маған күлімсіреген жүзіңізді неге мен ғана емес, басқа қыздар сезінуі керек! Қызғанамын! Өйткені, ұнатамын! Тек Сізді ғана жүрегімнің түкпірінде сақтағым келеді… Аспандағы жұлдызды емес, Сізді қалаймын. Өмірлік серігім болуыңызды, тек бірге болуымызды ғана шын жүрегіммен қалаймын! Ал егер бұл өмірлік арманымды көп көрсеңіз, бізді жұмақтың бір бұрышында кездесуді жазсын…

Осы жазбамды оқи отырып алғашқы сезімнің құдіреттілігіне таңқалам. Ал қазір оған қарасам, қазақтың қарапайым жігіті екеніне көзім жетіп, іштей өткен күндерді есіме түсіріп, өзімнің қылығымнан ұяламын.

Бұл адамды жақсы көремін бе? Сіздің келбетіңізге емес, алыстағы әлемнің таңғажайып әуенін өзіне сыйдыра білген дауысы осы күнге дейін жинаған мұң-зарымды жүрекке таңба салмай ыдырата білді. Сіздің ерік-жігеріңіз, өмірдің ауыр соқпақтарына қарсы тұрған, қайғы-мұңға төтеп берген жан екеніңізді тек маған сездірткенсіз. Адамдарға деген кіршіксіз таза махаббатыңыз Сізбен кездескен әрбір адамды жақсылыққа жетелейді. Мінезіңіз сырға толы, әлі толықтай жазылмаған кітап беттеріне ұқсайды. Жүктелген әрбір істі адалдықпен атқарып, бар ынта-жігеріңізбен жасап қоймай, өміріңіздің бір бөлшегіне ұштастыра білген ең керемет жансыз. Осыдан кейін қалайша Сіздің келбетіңізді жақсы көрмеймін. Тұла бойы тек ізгілікке толы, өмірі тек бақытпен өтуі тиіс жанның бірісіз. Ай құрғыр өмір-ай, талай рет қолындағыны бағалауды үйретсең де пенделікке салынып, қайта-қайта жүрекке ауырлық тигізумен-ақ бар болмысыңды қинай түсесің. Сіздей жанмен сырлас болып, махаббатыңызға бөленген сәттерді ешқашан ұмытпаспын. Естен кетпес естеліктерге толы күннің құшағы әрдайым Сізді еске алумен бақытқа кенелтеді. Маған өмірімнің соңына дейін керек жансыз. Сізді жақсы көремін.

Мынауым енді тым артық, әсірелеп жібергенім анық. Бірақ сол сәтте көз жанарымды махаббат деген сезім жаулап алған еді. Өзімнен өзім қиналған сәтте жанымның дертін тек қағаз бен қаламға ғана ақтаратынмын. Керемет туындылар жазбасам да жылы деуге келмес естелік қалдырғаныма ризамын.

Қиналған шақта неге келмедіңіз?

Жаным өзіңізге деген бұл нешінші назым екенін жазып үлгере алмай жатырмын… Сағындым жылы жүзіңізді, қанша ұмытқым келсе де сезімімнің шынайы мөлдірлігіне сене алмай, өзімді әлі күнге дейін жазғырамын. Өмірімнен артық жалғыз бақытым деп жақсы көрем. Сеземісіз Сізге деген кіршіксіз таза сезімімнің қаншалықты лаулап тұрғанын? Сезбессіз бәлкім, бірақ мына қара қыз өзіңізді бір күн түгілі, бір сәтте есінен шығарған емес. Еш болмаса оралыңызшы. Сіз жүрген көк аспанның астында жүрейінші. Сіз жұтқан саф таза ауаның бір кішкентай бөлігін жұту жанымды тыныштандыратын еді. Сүйсінген келбетіңізді жақыннан тамашаласам ғой. Жаным дәл қазір Сіздің сөздеріңізге зәру. Дәл қазір жүзіңізді көруге зармын. Шаршап кеттім, жанымның дауасы да, мұңы да өзіңізсіз.

Бұл сағынышым-ау. Шынымен де әлі күнге дейін сағынамын. Бірақ бұрынғыдай сезімім аттай туламаса да іштегі бір сезім өзін жақын тартып тұрады. Ол жан жайлы ұзақ жазғым да келмейді көңілім қалған сәттердің өзі ауыр тиеді.

Ұмыту қиын қашанда.

Өзіңіз жайлы жазатын дүние таусылуда. Жүрегімнің ең қымбат бөлшегі, мөлдір махаббатым, ессіз ғашығым, жанымның ләззаты, қиялымның тұңғиығы, ойымның патшасы қайда барасыз?! Қара түнектен шыққан жұлдызым, жарығына тамсана алмай тапжылмай күту үстіндемін, бірақ шабытым аттай тулап барады, қанатын кеңге жайып, артына қарамай шапқысы келеді… әттең жүрегім өз мұңын айтып қоймайды. Күт дейді, күте ғой, күте біл дейді. Күтуге шама бар ма?! Махаббатқа күйіп-піскен адамнан күту не қайыр?! Ал шыдамым жеткенше күтейін, бар асылын жоғалтқандай күтейін! Зарыға күткен серігім мендік бола ала ма?! Оған деген сезім, оны күту жолындағы шыдамым жеккөрушілікке алып келмей ме, міне, сол сәтте өзіме не бетіммен қараймын?

Әлі күнге дейін сол жанды ұмытуға әрекет жасаймын. Мүмкін махаббаттың не екенін білмей, бағалай алмағаным болар. Басқа адамдарда алғашқы махаббат жауапсыз болса, ал менде тіпті ол жанның өзі сезімін жайып салып, ғашық болған еді. Оның сезімі бар кезде бағаламай, қадірін білмей айырылысқан кезде алғашқы махаббатым сол жанда болыпты. Қызық, бір жылдың жүзі болса да тек жай ғана жымиып еске түсіретін халге жеттім. Осы аралықта бірнеше жігітпен сырласып та, кездесіп те көрдім, бірақ олардың біреуі де алғашқы махаббатыңа татымайды екен. «Жүрекке әмір жүрмейді» деген осы шығар. Сосын «Шын ғашықтар қосылмайды» дегені де рас болайын деп тұрған сыңайлы. Егер де өмірімдегі алғашқы махаббатымның маған деген сезімі қайта оянса, демек, бұл жолы қателеспей, бірге болудың бар амалын жасар едім. Ал олай болмайтын болса, тағдырдың бұйырғанына көнемін де.

Нурида РЫСПЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *