ЕҢ БАҚЫТТЫ КҮН

Тұлға
6 540 Views

2019 – ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ЖЫЛЫ

Биыл қазақтың қабырғалы қаламгері, абыз жазушымыз, шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған, төрткүл әлемге классик жазушы ретінде танылған, Қазақстаның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толып отыр. Қазақстан мемлекеті, Жазушылар одағы, еліміздің зиялы қауым өкілдері бұл айтулы мерейтойды бүкіл республика деңгейінде кеңінен атап өтуге кірісіп те кеткен. Сөйтіп, жер-жерде «Әбіш әлемі», «Әбіш оқулары» секілді сан алуан ізгілікті де игілікті іс-шаралар ұйымдастырылуда. Түркі әлемінде Әбіш Кекілбаев жылының жариялануы да қазақ қаламгеріне деген құрметтің белгісі іспеттес.

Бұдан шетқақпай қалғысы келмеген республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы да бірқатар жоба-жоспарларды жүзеге асыруды ойластырған. Әр нөмір сайын Әбекеңнің өміршең өнегелі сөздерін ойлы оқырман назарына ұсынып келеміз. Жауһар жазушының керемет көркем дүниелерінің арасынан «Ең бақытты күн» әңгімесін жариялауды жөн көрдік. Мақсатымыз – қаламгердің оқырмандарымызға рухани нәр беретін мол әдеби мұрасын дәріптеу мен насихаттау болып отыр.

ЕҢ БАҚЫТТЫ КҮН

Көзін ашса таң әлі атпапты. Түндік тырсылдайды. Ық жақтағы боталы қоңыр інген жауыннан мазасы кетіп ыңырси береді. Осы оң жақ үзікті бір қалт еткенде жамап алатын. Шұрқ-шұрқ. Жауын жауса-ақ тамшы ағады. Астындағы текеметтің шеті дымданып қалыпты.

Атасы байғұс әлі қайратты. Демін қарашы. Өзінің дәу қара көрігіндей гүс-гүс етеді. Анау пысылдап ұйықтап жатқан енесі. Шүйкедей боп шалының жастығының қасына қисая салыпты. Ғұмыры ел құсап салған төсекке жатқанды білмейді. Түннің бір уағына дейін ұршық созып отырады да, әбден ұйқы меңдеген соң құлай кетеді. Шалының жанына барып та жатпайды. Я жастығының маңында, я аяқ жағында бүрісіп, томпиып жатқаны.

Таң ағарар-ағармастан тұрады. Қара құманын ұстап, үй сыртында әлденелерді айтып күбірлеп жүргені. Сосын үйге кіріп қолын қайта шайып, қараша інгеннің бауырына барады. Кішкентай жатаған інгеннің бауырынан жаулығы ағараңдап біразға дейін інгенімен жарыса күңіреніп тұрады. Сосын сыбдырсыз үйге кіреді. Одан кейін де қыбыр-қыбыр… Не істеп, не қойып жүргенін адам білмейді.

— Ене, жата беріңіз, мен тұрайын, — деген Торғынды:

— Жата бер, қалқам! Жұмысқа дейін бір ұйықтап оян, — деп қозғалтпайды.

Енесінің оянбағанына қарағанда таңның әлі алыс болғаны. Тағы аунап түсті. Ұйқысы құрғыр қайда кеткен. Кеше кештен бері көңілінде бір күбің бар… Мына жауынның ашылатын түрі жоқ. Су шағыр орақ дарытпай сорлатады ғой енді. Таң атқанша күн ашылмаса ертең жұмыс болар дейсің бе? Көмейіне шоқ құйылғырдың қақылдауын-ай! «Қақиық», «қақиық», «қақиық!» Жылап шақырып тұр ма, күліп шақырып тұр ма? Осы үйдің үзігіне қонған-ау! «Қақиық», «қақиық», «қақиық!» Мынау күліп шақырып тұр ғой. Басыла қалды. Ұшып кетті. Байғыздың күліп шақырғанын жақсылыққа жорып жатуші еді. Дәулеттен көптен бері хат жоқ. Әлгі бұжыр Сағит почтаға барып жүр дейсің бе? Почта торыны әкесінен қалған малдай Қызылтамның желкесіндегі жүлгеге тұсап жіберіп, бес-алты ешкісін кіш-кіштеп жүрген шығар. Елдің екі көзінің төрт болғанын не қылсын…

Қанша тың дегенмен, атасын да үлкендік жеңіп жүр. Тағы да бастығырылып жатыр. Кемпірі оянып кетті. «Шал-ай!», «Әй… шал…»

«Уһ…», «уһ»… Алқынып қалыпты.

Бәрі шаршағанның қырсығы. Шаршамай қайтсін, күні-түні тық-тық. Сексеуіл сап қара балға мен қара шалда мігір жоқ. Бұл күнде жөні түзу темір табыла ма, өңшең бір тот басқан ит жегір. Шағыр шап бергенде күрт-күрт сынып жатқаны. Орақ құтаймайды. Қазан-аяқ жақ сылдырлады. Енесі тұрыпты. «Ишшеке-ай!» Көйлекшең шыққаны несі? Иығына жадағайын іліп шықса қайтеді екен? Есік сарт ете қалды. Торғын жастығына түсіп қалған жаулығын түзеп тартты.

— Келін, менің кебісімді көрмедің бе?

— Кебеженің астында.

Енесі кебісін киіп қайта шығып кетті.

— Түу, қыл арқаны құрғыр су тисе өйістіп сіресіп қалады енді.

— Ене, тұра тұрыңыз, мен ашайын. Жауын басылып па?

— Жата бер. Сәл сіркіреп тұр.

Су түндік көне шаңырақтың кулдіреуіштерін сықырлата ауыр серпілді. Күлгін аспанның бір үзігі қылт етті. Таңның да атып қалғаны-ау. Салқын ауа төсекке лап қойды. Көрпесін қымтанып алды.

«Айналайын, жарығымның малы-ай!»

Қоңыр інген орнынан күңірене көтерілді. Көрші үйлердің сауын түйелері де ыңырана бастады. «Біссіміллә!» Қоңыр інгеннің желінінен шыққан алғашқы тамшылар темір шелектің түбіне тыз-тыз тамып жатыр.

Торғын төсегінен тұрды. Енді ұйықтап көктетпес. Тысқа шықты. Ауылдың алдында дөңкиіп-дөңкиіп жатқан қызыл шағылдар қоңырайып көрінеді. Жауын басылыпты. Ауада аздаған дымқыл қалыпты. Көк те аршылып, қараңғыдан қалған күңгірт кірбің шегіністеп барады. Желке тұстағы аппақ шыңдар жауыннан әрі қашып, таңғы буалдырдың арасынан еміс-еміс бозарады. Ауыл енді-енді оянып келеді. Кемпір жағы тұрып, түйе саууға кірісіпті. Жұмысқа шығатындар әлі ұйқыда. Торғын жамылып шыққан бешпетінің өңірін қымқыра ұстап ауылдың сыртындағы қалың шиге беттеді. Шиде де, ауылдан анадай жердегі қалың құрақта да үн жоқ. Бәрі іштен тынып тұр. Бригадир Берденнің қаракер аты әлі шидің ішінде жайылып жүр. Тым ерте тұрыпты. Күнде желімше жабысып алатын таң ұйқысы бүгін оңай серпілді. Құмақ топырақ су тиіп жентектеліп қалған. Әлі пісе қоймаған көк балауса ши түнгі жаңбырда тозаңынан арылып, ақжем ашылыпты. Ауадағы ақырғы тамшыларды ықтыра ескен баяу лепке сақалын тарайды.

Торғын үйге қайтып кірсе, атасы да тұрған екен. Қазір атқа қонып бір жаққа жүріп кететіндей қонышы қара санына жететін саптама етігін киіп жатыр. Шық-шыламды жақтырмайды. Отты үйге жағу керек шығар. Түйенің жабуының астындағы тезекке су өтпепті. Шырақтай маздайды. Атасы енді қылаулана бастаған бұйра сақалын қышырлата уыстап төрде отыр. Енесі әлі қазан-аяқ жақта күйбеңдеп жүр. Қайың күбі шелектің қақпағын ашып қалып еді, қымыран боп ашып тұрған шұбат иісі мұрын жара аңқып кетті. Үстіне жаңа сауылған сүтті құя салды да, аяққаптан сырлы ожауды алып, былғап-былғап қойып, о да отырды. Үшеуінде де үн жоқ. Атасы ойланып отыр, сақалының ұшын көп салалап кетіпті. Құйрығы қызарып тұрған ала көзін мосының астындағы отқа тігіпті. Өзі жасаған бүйірлі қара шәйнек енді-енді пысылдап келеді. Түбін қайта түптейтін.

Кемпірі қазанның да түбі жұқарды деп жүр. Осы үйдің ыдыс-аяғынан тесілмегені, кетілмегені қалды ма екен? Тозбай қайтсін, бес жылға айналып барады, жаңадан қосылған ештеңе жоқ. Қашанғы шыдасын!

Енесі оттың бір шетіне бөксесін тығып тұрған қара құманды суырып алды да қолын жуа бастады. Нені ұстаса да алдында бір, артынан бір қолын шайып алмаса, көңілі көншімейді.

— Келін, шәйнегің тасып кетті.

Дүкенге соқпағалы да біраз болыпты. Шай салатын көк қалтаның тек түбі ғана бұлтияды. Шай сандықтан атауыз алып сарсу сындырды. Оны екі шөкім қып үйіп, біреуін атасының екіншісін енесінің алдына қойды.

Шәй үсті де үнсіз. Құла судың қылқ-қылқ құлағанынан басқа дыбыс жоқ. Бұл үйдің есігін бүгін ең бірінші аттаған Сақан болды. Сақан қоңқақ мұрын қара бала. Бет-ауызы ылғи сортаң жердей жалақ-жалақ болады да жүреді.

— Әй, қатын, әрі отыршы, — деп жер жетпегендей қыстырыла отырды. Сосын шайын үнсіз сораптап отырған атасына тіл қатты.

— Көке, жасап берем деп алып, әлі жүрсіз бе?

Өзі осы үйдің бес-алты атадан қосылатын жамағайыны. Сонысын бұлдап шолжың сөйлейді. Атасы ауызына енді апара берген шыны аяғын ерініне жеткізе бере іркіп қалды.

— Бүгін түзетіп берсем, ертең бүлдіріп әкелесің. Саған не түтетін еді.

Сақан кіржіңдеп, алдына барған шыны аяқты еріне көтерді. Атасы онша шайқұмар емес. Шай аяғын ерте төңкерді. Енесі уақ сарсудың шетінен шекіп тістеп қойып, әлі ішіп отыр.

Түнде сүр жеп жатып, шөл шыққан кісіше көзінің маңайы дымдана бастапты. Сақан сарсу салған қалтаның түбіндегі ірімшіктің уағын шеңгелін толтыра көсіп алып, шай табақтың бетіне шашып жіберді. Пырт-пырт күйсеп ол да отыр. Мыс құрсаулы дүмше құманның шайы сұйылып барады. Атасы кемпірі мен Сақанның шамалы уақытта шыны аяқтан бас көтеретін сыңайлары жоғын байқап, бір өзі ғана қол жайып бата қылды да тысқа шығып кетті. Сақанның иығынан тартып:

— Шайыңды ішіп болған соң маған кел, — деп кетті.

Сақан әлі қыртыстанып отырған. Үндемеді.

Ұстахана жақтан бригадир Берденнің даусы шықты.

— Шал, бүгін шөп кепкенше жұрттың орағын бір-бір қарап шығарсың.

Ұстахана — қасында арбаның қаусап қалған бірер доңғалағы жатқан жермешел үй. Маңына қараң-құраң адам жиылып қалса керек, сәлемдескен дауыстар шығады.

(Жалғасы бар).

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *