ЖАСТАРҒА ЖАРҚЫН ЖОЛ АШЫЛУДА

Рухани жаңғыру
1 435 Views

Осыдан біраз жыл бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялағанын бәріңіз жақсы білесіздер. Жолдауда қозғалған бағыттарды кеңінен тарқатып, мемлекеттік идеологияны анықтайтын, көпке түсінікті, рухани жаңғыртуға бағытталған құжат деп білеміз.

Мақаланы оқи отырып, оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілгенін түсіндік. Президент мақаласы Қазақстан халқының мінезін, сындарлы ұлттық басымдықтарды қамтып, ұлттың мәдени кодын көрсетеді. Пре­зидент біздің негізгі рухани құндылықтарымыздың даму бағытта­рын баяндаған: ғылым, мәдениет, білім. Енді рухани жаңғыру кезінде ең алдымен біз елін, жерін, халқын шын аты сүйетін ұрпақ, қалың қауым тәрбиелейміз десек, әуелі тарихи санамыз жаңғыруы керек. Қазақтың ертеңгі ұрпағы ең әуелі осы елдің, осы кең-байтақ жерді қалай иеленгенін, бұған қанша қан төгіліп, қанша тер сіңгенін, мұндай ұланғайыр даланы біздің ата-бабаларымыз қалай сақтап қалғанын, бұл даланы бізге өсіп-өну үшін аманаттап кеткенін, осы дарқан даланың әр қарыс жері үшін батырларымыздың, хандарымыз бен билеріміздің қасық қаны қалғанша қалай күрескенін бүгінгі ұрпақ білуі керек.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге бейімделудің жолдарын білуге тиіс. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне терең де саналы білім мен тәлімді тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс.

Елбасының мақаласында белгіленген бағдарламалық мақсат­тар­ды іске асыру жастарда патриотизммен азаматтық ұқсастық сезімін барынша нығайтады. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Қазақстан халқының қоғамдық келісімінің және бірлігінің нығаюына жағдай жасайтын болады.

Жастардың, әсіресе, студент жастардың, интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана өлшенбейді. Сонымен қатар олардың рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты. Рухани жаңғыру – әрбір жеке тұлға үшін оның тәрбиесі, ұлттық сана-сезімі, ұлттық рухани тамырынан нәр алған құндылықтары мен оның жаһандық өзгерістерді дұрыс бойына сіңіруі.

 Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарымыздың интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана емес, сонымен бірге олардың ұлттық тәрбиесімен, рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты.

 «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өзара бірлікте орындауымыз аса қажет. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу – Елбасының асыл арманы. Ендеше, Мемлекет басшысының жастарға соны серпін, тың бастама ұсынуы келешекке қамданудың әрекеті деп түсінеміз.Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор.

Ұлт Көшбасшысының бұл игі бастамасын қолдап-қорғау барша азаматтардың басты борышы деп білеміз.

Балзия ЗАУРБЕКОВА.

Шымкент политехникалық колледжі әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бірлестігінің оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *