Жанар Әлібекқызы: «ТҮРКІСТАННЫҢ КЕЛБЕТІ – ТҮРКІСТАНДЫҚТАН БАСТАЛАДЫ»

Сұхбат
7 Views

Түркістанның бай тарихы бүгінгі тұрғынның өмір салтынан қалай көрінуі керек? Халық пен билікке арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық құндылықтарды күнделікті дағдыға айналдыру үшін неден бастаған жөн? Бұл сұрақтар Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы қызметіне кіріскен Жанар Бектаеваның алдағы жұмысымен тікелей сабақтас.

Жаңа қызметке келгенімен, саланың тынысы мен жауапкершілігін бұрыннан білетін Жанар Әлібекқызының өңірдің қоғамдық дамуына қатысты пайымы қандай? Бүгін өзекті сұрақтарды алға тартып, алдағы жұмыстың басымдықтары мен Түркістанның қоғамдық келбеті жөнінде әңгіме өрбітудің орайы түсті.

– Жанар Әлібекқызы, Түркістан облысының ішкі саясаты мен қоғамдық құндылықтарын дамытудың 2027–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеудегі негізгі мақсат қандай?

– Түркістан – тарихи жады мен рухани мұрасы терең өңір. Бұл мұра бізге мақтанышпен бірге жауапкершілік те жүктейді. Тарихты білу, ұлы тұлғаларды құрметтеу олардың өнегесін бүгінгі өмірде жалғастырумен құнды.

Таяуда Түркістан облысының алдағы үш жылда атқаратын және басымдық беретін бағыттары туралы жобалар мен жоспарлар бекітілуде. Мақсат – тарихи-рухани дәстүр мен заманауи дамуды үйлестіріп, білімге ұмтылатын, адал еңбек ететін, заңды құрметтейтін, туған жеріне жанашыр азамат қалыптастыруға жағдай жасау.

Ішкі саясаттың нәтижесі өткізілген жиындармен ғана өлшенбеуі керек. Оның ықпалы адамдардың өзара қарым-қатынасынан, мемлекеттік органдарға деген сенімінен, қоғамдық мәселелерді бірлесіп шешуге дайындығынан көрінуі қажет. Сондықтан құжатта қоғамдық тұрақтылық пен азаматтық жауапкершілік өзара сабақтастықта қарастырылады.

– Алдағы жобалар негізінде «Түркістанның келбеті – түркістандықтан басталады» деген ұстаным енгізілмек екен. Оның мазмұнын қалай түсіндірер едіңіз?

– Өңірдің келбетін ғимараттар мен тарихи ескерткіштер ғана қалыптастырмайды. Оған тұрғындардың мәдениеті, қызмет көрсету сапасы, көшедегі тәртіп, адамдардың бір-біріне деген құрметі тікелей әсер етеді.

Түркістанға келген қонақтың алғашқы әсері жол сұраған адамының жауабынан, көлік жүргізушісінің әдептілігінен, саудадағы адалдықтан қалыптасуы мүмкін. Өз тұрғындарымыз үшін де жайлы ортаның өлшемі осы күнделікті қатынастардан басталады.

Біз түркістандық болуды туған жеріне жауапкершілікпен қарайтын азаматтық ұстаным ретінде орнықтырғымыз келеді. Бұл облыста тұратын барлық азаматқа этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан ортақ. Оның мәні қарапайым: өз ісіңді адал атқару, айналаңа құрмет көрсету, ортақ мүлікке ұқыпты қарау, өңірдің дамуына үлес қосу.

– Тарихи мұраны қазіргі қоғамдық өмірге енгізудің нақты жолдары қандай?

– Тарихи мұра адамның ойына, әрекетіне ықпал еткенде оның қоғамдық маңызы артады. Мысалы, әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы ойлары білімді, әділеттілікті, өзара көмекті бағалауға үндейді. Ясауи мұрасы адамгершілік пен рухани жауапкершілік туралы ойлануға мүмкіндік береді. Отырардың ғылымы мен жазба мәдениеті білімге ұмтылудың мәнін ашады.

Осы сабақтастықты мектеп, кітапхана, музей және отбасы арасындағы байланысты күшейту арқылы дамыту көзделеді. Баланың тарихи орынға барып, оның мағынасын түсінуі, туған ауылының тарихын зерттеуі, үлкендердің естелігін жазып алуы маңызды.

«Ясауи тағылымы», «Фараби оқулары», «Туған жерге туыңды тік» бағыттарының мазмұны осындай танымдық жұмыстармен толығуы қажет. Тұрғын өз өлкесінің тарихын түсініп, оны өзгеге жеткізе алса және тарихи нысанға жанашырлық танытса, ағарту жұмысының нәтижесі сол болады.

– Қоғамдық көңіл күйді зерттеу мен әлеуметтік шиеленістің алдын алу жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Әр аудан мен қаланың жағдайын түсіну үшін тұрақты талдау қажет. Тұрғындарды не алаңдатады, қай мәселе ұзақ уақыт шешілмей келеді, қандай шешім түсіндіруді немесе қосымша талқылауды қажет етеді – осы сұрақтарға дер кезінде жауап іздеуіміз керек.

Әлеуметтік желілер маңызды ақпарат көзі болғанымен, бүкіл халықтың пікірін толық қамтымайды. Сондықтан ондағы талдауды тұрғындармен тікелей кездесулермен, өтініштерді зерделеумен және әлеуметтік зерттеулермен толықтыру қажет.

Сынның өзі шешілуі тиіс мәселені көрсетуі мүмкін. Мемлекеттік органның міндеті – сол мазмұнды түсініп, өз құзыреті шегінде әрекет ету. Алдын алу жұмысының мәні де азаматтардың заңды талаптарын дер кезінде естіп, мәселенің ұлғаюына себеп болатын жағдайларды азайтуда.

– «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын күнделікті әдетке айналдыру үшін не қажет?

– Бұл қағидаттардың әрқайсысы күнделікті әрекетпен бекітіледі. Адалдық – жұмысты сапалы орындау, уәдеге беріктік, саудада тұтынушыны алдамау. Заңға құрмет – өз құқығыңды білу және өзгенің құқығын сақтау. Тазалық – өзің пайдаланатын кеңістікке тұрақты жауапкершілікпен қарау.

Мұнда отбасының, білім беру ұйымдарының, еңбек ұжымдарының және мемлекеттік органдардың үлгісі маңызды. Қоғамға айтылған талап мекемелердің өз жұмысынан да көрінуі керек.

Құқықтық ағарту нақты өмірлік жағдайларға сүйенгенде пайдалы болады. Интернет алаяқтығынан қорғану, буллингке тап болғанда көмекке жүгіну, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелер түсінікті тілмен жеткізілуі қажет.

Тазалық мәдениетінде де тұрғынның жауапкершілігі мен қызметтердің сапасы қатар жүреді. Қоқысты уақытында шығару, қолайлы инфрақұрылым және азаматтардың ұқыптылығы бірін-бірі толықтырады.

– Жастар саясатына қатысты қандай өзгеріс ұсынасыздар?

– Жастармен жұмыстың өзегінде олардың нақты қажеттілігі тұруы керек. Бір жас мамандық таңдауға қиналады, екіншісі жұмыс іздейді, үшіншісіне кәсіп бастау үшін кеңес қажет. Осы жағдайларды ескермей, бәріне бірдей формат ұсыну жеткіліксіз.

Оқымайтын және жұмыс істемейтін жастармен жеке жұмыс жүргізу көзделеді. Оның нәтижесі жас адамның оқуын жалғастыруынан, кәсіптік дағды алуынан немесе тұрақты жұмысқа орналасуынан көрінуі тиіс.

Кәсіптік бағдарды өңірдегі еңбек нарығымен байланыстыру да маңызды. Сонымен бірге цифрлық сауаттылық, жасанды интеллект құралдарын орынды пайдалану, ақпаратты тексеру және интернеттегі қауіпсіздік дағдыларына көңіл бөлу қажет.

Жастардың қоғамдық басқаруға қатысуына да мүмкіндік берілуі керек. Өз ауылының немесе қаласының мәселесіне ұсыныс айтып, оның жүзеге асуына қатысқан жас туған жеріне жауапкершілікпен қарай бастайды.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кітап оқуды ұлттың озық қасиетіне айналдырудың маңызын атап келеді. Өңірде кітапқа құштар ұрпақ тәрбиелеп, оқуды күнделікті өмір салтына айналдыру үшін қандай жұмыс қажет?

– Отбасы – өзара құрмет, жауапкершілік пен қамқорлық қалыптасатын алғашқы орта. Сондықтан отбасы құндылықтарын нығайтуда ағарту жұмысымен бірге нақты қолдаудың қолжетімділігі маңызды. Ата-аналарға кеңес беру, психологиялық және құқықтық көмек, әкенің бала тәрбиесіне қатысуын күшейту сияқты бағыттар өзара байланыста жүргізілуі қажет. Отбасымен жұмыста адамның қауіпсіздігі мен қадір-қасиеті басты орында тұрады.

Кітап оқу да отбасылық ортада орнығатын әдеттердің бірі. «Бір отбасы – бір кітап» бастамасының құндылығы – бірге оқып, пікір алмасуға мүмкіндік беруінде.

«Кітап оқитын Түркістан» бағыты аясында кітапханаларды тұрғындар тұрақты келетін зияткерлік орта ретінде дамыту ұсындық. Оқу клубтары, балаларға кітап таңдау бойынша кеңес, ауылдарға көшпелі кітап қорларын жеткізу осы міндетке қызмет етеді. Мұндағы маңызды көрсеткіштің бірі – кітапханаға қайта келетін оқырманның көбеюі. Біз осы бағытта жұмыс істеуді қолға алмақпыз.

– Қоғамдық келісім мен дін саласындағы жұмыстың негізгі ұстанымы қандай болады?

– Қоғамдық келісім күнделікті әділ қарым-қатынасқа, тең мүмкіндікке және өзара құрметке сүйенеді. Жергілікті жердегі мәселенің себебін дәл анықтап, оған қатысы бар азаматтарды тыңдау маңызды. Тұрмыстық немесе әлеуметтік дауға орынсыз этностық сипат беруге жол бермеу керек.

Этномәдени бірлестіктермен, қоғамдық келісім алаңдарымен және жергілікті қауымдастықтармен тұрақты байланыс қажет. Ортақ мәселені бірге шешу адамдар арасындағы сенімді күшейтеді.

Дін саласында ар-ождан бостандығын құрметтеу, діни сауаттылықты арттыру және экстремизмнің алдын алу міндеттері қатар қарастырылады. Әсіресе жастардың сұрағына түсінікті жауап беретін, сенімді ақпарат ұсынатын ашық диалог қажет.

– Туризм мен қызмет көрсету мәдениетінің ішкі саясатпен байланысын қалай түсіндіресіз?

– Туризм өңірдің қоғамдық мәдениетін айқын көрсетеді. Бағаның ашықтығы, сыпайы қызмет, тарихи ақпараттың сапасы, қоғамдық орындардың қолжетімділігі тұрғынға да, туристке де ортақ қажеттілік. Жақында «Түркістан» телеарнасынан «Қонақжай Түркістан» атты бағдарлама аштық. Мұнда шетелдік меймандар бағдарламаға арнайы шақырылып, өз еліне бізден қажетті ақпарат алып кететін болады, мақсат – Түркістан топырағын әлемге таныту, бұдан бөлек алдағы уақытта бірнеше жобалар қолға алынбақ.

Отырар, Сауран, Қарнақ, Ясы–Түркістан бағыттарын тарихи-танымдық байланыста қарастыру өңірді тереңірек танытуға мүмкіндік береді. Мұнда салалық мекемелердің, жергілікті әкімдіктердің және кәсіпкерлердің бірлескен жұмысы қажет.

Қоғамдық даму саласының міндеті – тарихи мұраны құрметтеу, қонақжайлылық, адал кәсіп пен қоғамдық әдеп құндылықтарын орнықтыруға ықпал ету. Сапалы қызмет көрсететін маманның, адал кәсіпкердің еңбегін таныту да осы жұмыстың бір бөлігі.

– Ақпараттық жұмыста қандай тәсілге басымдық беріледі?

– Ақпарат тұрғынның сұрағына жауап беріп, оған пайдалы болуы керек. Мақсатты аудиторияның ерекшелігін ескерген жөн: жастарға қолайлы формат пен ауылдағы егде адамның ақпарат алу тәсілі әртүрлі болуы мүмкін.

Біртұтас ақпараттық кеңістік дегеніміз – ресми ақпараттың түсініктілігі, дәйектілігі және қолжетімділігі. Тұрғын қайда жүгінетінін, қандай қолдау барын, көтерілген мәселе бойынша не істеліп жатқанын білуі қажет.

Сонымен бірге адал еңбегімен, кәсібімен, қоғамдық белсенділігімен үлгі болып жүрген азаматтарды таныту ұсынылады. «Түркістандық адам» айдары арқылы мұғалімнің, дәрігердің, жұмысшының, шебердің, еріктінің күнделікті еңбегін көрсетуге болады. Қоғамдық құндылықтар осындай адамдардың өмірі арқылы түсінікті болады.

– Келесі 2027 жылдан 2030 жылға қарай қандай нәтижеге ұмтыласыздар?

– Алдымен бастапқы жағдайды анықтап, соған сәйкес өлшенетін көрсеткіштер белгілеу қажет. Тұрғындардың мемлекеттік органдарға сенімі, өтініштер бойынша кері байланыстың сапасы, жастардың оқу мен еңбекке араласуы, тұрақты оқырмандардың белсенділігі, қайталама қоқыс ошақтарының азаюы сияқты көрсеткіштер жұмыстың бағытын бағалауға мүмкіндік береді.

2027 жылы тәжірибелік аумақтарда жобаларды сынап, нәтижесін саралау, 2028 жылы тиімді үлгілерді кеңейту, 2029–2030 жылдары оларды тұрақты жұмысқа енгізу ұсынылады. Тиімділігі төмен тәсілді қайта қарауға дайын болуымыз керек.

2030 жылға қарай тұрғындардың ортақ іске қатысуы күшейгенін, мемлекеттік органдармен диалогтың нәтижелі болғанын, білімге, адал еңбекке және қоғамдық тәртіпке құрметтің күнделікті өмірден көрінгенін қалаймыз.

Түпкі мұрат – тарихи мұрасын мақтан тұтып, соған лайықты өмір мәдениетін қалыптастыратын қоғам. «Түркістанның келбеті – түркістандықтан басталады» деген ұстанымның мәні де осында. 

Сұхбаттасқан Әділ ҚЫРАН