ЖАҢА МІНДЕТТЕРДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА КІРІСТІ

Ел және Елбасы Рухани жаңғыру
1 333 Views

Түркістан қаласында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бойынша мәжіліс өтті.

Актив жиналысын ашып беріп, жүргізіп отырған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев негізгі алты бағыттан тұратын саяси құжаттың мәні мен мағынасына жеке-жеке тоқталып, оның қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы, әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталғанын жеткізді.

Ел Президентінің Жолдауындағы әрбір тармақты талқылаған аймақ басшысы ондағы міндеттерді Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстармен байланыстыра баяндады.

«Елбасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды жүктей отырып, оның болжамды нәтижелерін де атап өтті. «Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді», — деді Президентіміз.

Бұл тапсырма да жаңадан құрылған Түркістан облысында да кәсіпкерлік саласының одан әрі дамуына тың жол ашады», — деді Ж.Түймебаев.

Отырыста сонымен бірге облыс әкімі Жолдауда айтылғандай, ел экономикасын алға сүйрейтін, атап айтқанда, индустрияландыру, өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй, туризм, агроөнеркәсіп сынды салалардың өңірдегі көрсеткішімен, алдағы даму жоспарларымен бөлісті.

Мемлекет басшысының саяси құжатындағы міндеттерді насихаттауда мінберге бірқатар азаматтар шығып, өз ойларын ортаға салды. Олардың ішінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, тарих ғылымының докторы Тұрсын Маханұлы, «Бөрте Милка» кәсіпорнының құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Нұралы Әбішев, Сайрам аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, ардагер ұстаз Амангелді Қабылбеков, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ІV курс студенті, «Түркістан студенттері альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Алуа Тұрсынхан да бар.

Актив соңында Ж.Түймебаев Елбасы Жолдауында атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, ең алдымен, оның тиісті деңгейде түсіндіріліп, БАҚ-та насихатталуын облыстық ішкі саясат басқармасына тапсырды. Насихаттау шаралары сондай-ақ, облыстық білім, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармалары мен аудан, қала әкімдіктеріне, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына да жүктелді.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысын қайта есептеп, қажетті қаржыны анықтау шараларын жүргізуді жүктеп, жергілікті бюджет есебінен білім, денсаулық сақтау, ішкі істер және басқа да сала мамандары үшін жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін шешу жолдарын қарастырып, нақты ұсыныс енгізуді тапсырса, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қолдану мерзімінің 2025 жылға дейін ұзаруына орай тиісті шараларды жүзеге асыруды міндеттеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылық өнімінің экспортын көбейту бойынша нақты шараларды жүзеге асыратын болса, білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту мақсатында тиісті министрлікпен «Жол картасын» әзірлеуді міндетіне алды. Ал денсаулық сақтау басқармасы бұдан кейін медициналық қызмет көрсету мекемелерінің толыққанды электронды құжат айналымы жүйесіне өтуді қамтамасыз етпек.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп тұрғындардың бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қол жетімділігін арттыру мақсатында арнайы спорт кешендерін салу және аула мен саябақтарды арнайы дене шынықтыру құралдарымен жабдықтау жолдарын жүзеге асыратын болды.

Жалпы, облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктері сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жұмыстарын жалғастырып, бұл мақсатта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясын мейлінше тікелей қарым-қатынасты азайту арқылы электронды форматқа көшу шараларын жүзеге асырмақ.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *