ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Денсаулық Мерей
10 Views

Адам баласының пәнидегі ғұмыры – оның басып өткен соқпақтарымен немесе жасаған жасының мөлшерімен емес, артында қалдырған өнегелі ісімен, қоғамға сіңірген өлшеусіз еңбегімен бағаланса керек. Дана халқымыз «Жақсының өзі де жақсы, сөзі де жақсы» демекші, бірге жүріп, бірге қызмет еткен сырлас досым, кәсіби білікті дауагер Бәтеш Айтбайұлының басып өткен жолы – өскелең ұрпаққа нағыз ғибрат.

Артта қалған сырлы жылдар парағын жаңғыртсам, сонау 1995 жылдың шуақты күндері көз алдыма келеді. Сол тұста мен Шымкент қалалық №5 емханасының балалар бөлімін басқарып жүрген едім. Облыстық клиникалық аурухананың қабырғасында ота жасайтын хирург-уролог ретінде ысылған, Алматы мемлекеттік медицина институтының 1994 жылғы жас түлегі Бәтеш Айтбайұлы біздің ұжымға алғаш рет қадам басты. Ол бізде амбулаториялық жағдайда күрделі оталарды асқан шеберлікпен жүргізетін емшілік қасиетін көрсетті.

Уақыт өте келе, емхананың бас дәрігері Нариман Әміреев жас маманның бойындағы ерекше ұйымдастырушылық қабілет пен ыждағаттылықты дөп басып танып, оны ақылы қызмет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Міне, осы сәттен бастап Бәкеңнің еңбек жолы үлкен қарқын алып, мерейі үстем болды. Ол тек өз міндетімен шектелмей, емхананың қоғамдық тынысына да белсене араласты: кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде бұқараның мұңын мұңдап, азаматтық қорғаныс бөлімін басқарып, қара шаңырақтың абыройын асқақтатты. Мекеме көрсеткіштерін биіктетуге қосқан үлесі үшін Облыстық және Қалалық денсаулық сақтау басқармаларының жоғары марапаттарына ие болды. Соның нәтижесінде, зәру шипа іздеген науқастар облыс пен қаланың түкпір-түкпірінен осы №5 емханаға, білікті маман Бәкеңе ағыла бастады. Жұмыс уақытына сыймаған жандарды ол демалыс күндері де қабылдаудан еш жалықпайтын.

Осы орайда досымның асыл бір қасиетін, азаматтық мәрттігін айтпай кету мүмкін емес. Әлі есімде, аптап ыстық тамыз айында өзінің кішігірім «Таврия» автокөлігіне мініп алып, ауыл-ауылды аралап, балаларды сүндеттеумен айналысатын. Сәбилерді мұсылман ету жолында ешқашан ақы сұрамай, «Бергеннің берекесін берсін» деп, тек ақ батасын беріп жүре беретін еді.

Бойындағы алғырлығы мен Алла берген кәсіби шеберлігінің арқасында Бәкең халыққа медициналық көмек көрсетудің жаңа сапасын қалыптастырып, алғашқылардың бірі болып жеке емдеу орталығын ашты. Зәулім үйдің бірінші қабатынан пәтер алып, «Сымбат Нұр» клиникасының іргетасын қалады. Кейіннен халықтың сұранысы мен қамын ойлап, Қайтпас мөлтек ауданында осы клиниканың кеңейтілген филиалдарын іске қосты.

1961 жылдың 7 наурызында дүниеге келген, Бөген өңірінің тумасы Бәтеш Айтбайұлы 2001-2008 жылдары «Сымбат Нұр» клиникасының бас дәрігері, ал 2008-2013 жылдары Шымкент қалалық №1 емханасының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарды. Осы жылдары №1 емхана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, қала халқына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын көкке көтерді. Нәтижесінде бұл мекеме қала бойынша «Ең үздік емхана» мәртебесіне ие болды.

Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі ұйымдастырушы Бәтеш Айтбайұлы 2013 жылы Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету станциясының бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Осы кезеңде де ол қарап отырмай, жедел жәрдемнің шұғыл сапасын арттыру үшін қосымша екі ірі подстанция аштырып, автокөлік паркін заманауи техникалармен толық жаңартты.

Бүгінде Ордабасы ауданының Құрметті азаматы, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы Бәтеш Айтбайұлы – отбасында да бақытты әке, аяулы жар. Құдай қосқан қосағы Жадыра Төребекқызымен бірге 3 перзент тәрбиелеп, 2 немеренің сүйікті ата-әжесі болып отыр. Ғұмыр жолында қасиетті қажылық парызын да өтеп қайтты.

Осынау дүр азамат, менің отыз жылдан бергі қимас әріптесім, сырлас досым биыл пайғамбар жасынан асып, кемелдіктің шыңы – 65 жасқа толып отыр. Халыққа жасаған өлшеусіз еңбегіңнің жемісін көріп, жүз жаса, досым!

 

Құтты болсын алпыс бес – кемел жасыңыз,

Әлі талай асу алып, белестерден асыңыз.

Қызық пенен қуанышты тең көріп,

Жүзге лайым сенімді қадам басыңыз!

 

Ақ тілекпен:

Манап Мұстафаұлы ДОСАНОВ,

дәрігер-хирург, еңбек ардагері.