«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» АШЫПСЫҢ ЖАРҚЫН МӘНІН

Руханият Тарих
475 Views

(Жыраудың мүсінін ашу салтанатында оқыған өлеңі)

Ерен тұлға бабамыз Қожаберген,

Ер екенсің уақыттан оза желген.

Ел жаңарды, ақталды ақ сенімің,

Болашаққа қолыңды соза берген.

Ойран салған жан едің ойраттарға,

Ел шебінде тұрғанда ойлантты Алла.

Ойлы сазға орадың жырларыңды,

Зар заманда зобалаң толғантқанда.

Сегіз қырлы, бір сырлы байқағаным,

Үлгі болды ұрпаққа бай талабың.

Әз Тәукенің әйгілі заманында

Тайдырыпсың сан рет жау табанын.

Тарих сырын кең аштың, асыл бабам,

Жау қалмапты қазақты басынбаған.

«Елім — аймен» жеткіздің мұңға бөлеп,

Қазағымның көл – көсір жасын маған.

Бар қазаққа ерекше жақын адам,

Ұстаздығың ешқашан басылмаған:

Қаршадайдан жабыссам домбыраға,

«Елім – айдан» бастатты ақын ағам.

Ұстаз болып Бұқараға қарқындадың,

«Жеті жарғы» ашыпсың жарқын мәнін.

Бұрын өткен Шыңғыс хан жорығынан,

Алаша ханын қазақтың айқындадың.

Кім сыйламас сендей зор ғұламаны,

Терең жаздың «Алқакөл сұламаны».

Бүгін басқа күн туды: дербес елміз,

Басқан ізің болардай жыр алаңы.

Біз қуансақ ескерткіш қойып алып,

Сені атадық тарихтан ойып алып.

Шырт ұйқыдан, Қожеке, аунап түсші,

Болып жатыр бір үлкен тойың анық.

Қожаберген жырауға ода

Біздің ел қайыңдар арасында,

Көк Есіл, Күміс көлдер жағасында.

Туған жер, өжет батыр, дана жырау,

Гүлтөбе ұқсап кетті дара шыңға

Толыбай сыншы ұлы Қожаберген,

Ол бекзат текті әулеттен оза желген,

Атақты жырау, сардар, ордабасы,

Жарқырап шыққан дүлдүл тозған елден.

Оң қолы Әз – Тәукенің, қолбасшысы

Ақыл, ерлік, тәсілқой қолдатты ісі

Төкпе ақын, мәліметтер ұлы ханға

Одан артық табылмас жолдас кісі.

Дәрежесін ол ханмен тең сақтады,

Жас Абылай бата алса, ел жақтады.

Бұқар жырау пір тұтты ұстазым деп,

Баптаушым деп Бөгенбай ардақтады.

«Жеті жарғы» негізін салған адам,

Ұлт қорғаны, ұлы ойшыл тарлан бабам.

Төле, Қазыбек, Әйтеке билерменен

Ел сыйлауда «Жарғыны» армандаған.

«Елім –ай» — дастан Қырғыздың «Манасындай»,

Дана жыршы, ақындық данасындай.

«Елім – ай» әні қазақтың ән ұраны,

Ел сақтаған көзінің қарасындай.

Осынау әнді жас күннен жаттап, естіп,

Қаратаушыл сарынын сақтап өстік

«Алқакөл сұламаны» естігенде,

Елдің мұңын жаттағыш салтқа көштік.

Қожаберген ел – жұрттан жабық жатты,

Бодан күннің азабын халық татты,

«Ханның досы, әрі ұлтшыл залалды» деп,

Ең үлкенін пәленің анық жапты.

Зұлымдықтың көкесі көрінгендей,

Жүрдік шыдап пәлеге көңіл көнбей.

Қолдан келер еш лаж болмаған соң,

Кештік күнді көз жасы төгілгендей.

Айта алмадық зорлықты бадырайған,

Білеміз ғой келгенін тағдыр қайдан.

Қабырғаны кетті ғой қайыстырып,

Даналармен кеңестік содыр майдан.

Тәуелсіздік көзді ашып асылдандық,

Қожаберген жырауды ашып алдық,

Пәле жапқан Мәскеудің залымдары,

Үндері өшті жасаған басынғандық.

Ұлы ғалым, ақтұйғын қарқынды адам,

Жау шапса да шындықтан тартынбаған

Қожаберген жыраудың кім екенін,

Қозыбаев Манаш нақ айқындаған.

Туған елдің жасатса мұңы жорық,

Солтүстіктің кетті ол ұлы болып.

Илиада мен Одессеяға теңеп берді.

«Елім – айды» әділдік құлы болып.

Бүгін жырау ардақтым төрімдегі.

Ең қымбатты ашылды өмір кені.

Дана бабам оралып тұғырына,

Қайта жанды жұлдызым көгімдегі.

Кәкімбек САЛЫҚОВ,

ақын, мемлекет және қоғам қайраткері,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *