ЗАМАНА ЗАҢҒАРЫ

Тұлға
984 Views

Академик, ұлы ғалым, Қазақстан заң ғылымының атасы Салық Зиманов туралы жазбақ ниетте қолына қалам алып, ақ қағазбен бетпе-бет келген не бір атақты тұлғалар, ғұламалар,классик қаламгерлер бұл ерекше кейіпкердің образын дәл беретін теңеу іздеп қатты толғанатыны белгілі. Оны әдетте тауға, дарияға, жұлдызға теңеп жатады. Оған осылардың қай-қайсысы да лайықты, жарасымды. Тау дегенде бірден көзалдымызға асқақтаған Алатау келеді. Дария десе көл-көсір, ұшы-қиыры көрінбейтінжал-жал толқынды айдын елестейді. Ол жұлдыздардың ішіндегі Темірқазығы болар.

С. Зиманов Қызылжарда (Петропавл) «Өлке тарихы,
тұлғалар тағдыры» атты конференцияға келгенде

Жалпы Атыраудың, дәлірек айтқанда шет жатқан Қызылқоға ауданының бұл перзенті зер салып, байқап қарасаңыз бірте-бірте қалыптасып, өсіп, биіктеп, уақыт санап танылып, абырой мен атақтың заңғарына шыққан емес, жасынан бірден шырқағандай әсер береді. Шынында да дәл солай. Бала Салық, жасөспірім Салық әрқашан уақыт талабынан жоғары, озық тұрған, айналасына өзіндік нұр шаша білген. Сондықтан шығар ғұлама-ойшылдың өмірбаянын шола, жүгірте қарағанның өзінде ол туралы ылғи да «алғашқы», «тұңғыш» деген бағалау-анықтау сөздер тіл ұшына оралады. Тіпті ол 1938 жылы Гурьевтегі Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін бітіруші алғашқы түлектердің бірі екен. Мектепті бітіре салысымен қысқа мерзімді мұғалімдер курсында оқып, Киров атындағы орта мектепке физика-математика пәнінің мұғалімі болып орналасады. Он-сан бүлдіршіннің алғашқы ұстазы болған жас мұғалім ұзамай азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанады. Осы орайда жас жігіттің өсу-қалыптасу кезеңі мемлекет тарихындағы ең қиын, күрделі жылдарға сәйкес келгені ойда жаңғырығып тұрады. Алапат аштық, байларды тәркілеу, жын қуғандай аласапыран ұжымдастыру, 1937 жылы басталған жаппай қуғын-сүргін логикалық тұрғыдан алғанда оны басқаша қалыптастыруы керек еді. Зиманов болса, қайсар, батыл, парасатты, өткір болмысынан айныған жоқ. Қанды қырғын соғыс өрті де оны қанша шарпығанымен, жасыта алмады, қайта алмас қылыштай етіп шыңдай түсті.

Соғыс дегенде өзі де майдангер, өзі де тау тұлға, атақты классик қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтың естелігінде айтылатын мынадай бір жай ойға оралады. Соғыстың қайнап тұрған шағында, кеңес армиясы әлі күшейіп, басымдық таныта алмаған кезеңде жас командир Зиманов аз топпен жау құрсауында қалады. Оны бұзып шығу да, ұзақ қарсыласу да мүмкін емес еді. Командир ешкімнің ойына келе қоймайтын шұғыл шешім қабылдап, рациямен өздері тұрған жердің координаттарын жіберіп, зеңбіректен оқ жаудыруды сұрайды. Әп-сәтте жердің үсті астына түсіп, асты үстіне шығып жатқанда Зимановтың тобы қоршаудан құтылып кетеді. Не деген жүрек жұтқан адамның шешімі! Екінші бір ой да төбе көрсетеді: математикаға жетік командир жау әскері мен арадағы он-жиырма метрдей жердің өзін дәл есептеп, зеңбірекшілерге дәлме-дәл координат жібергені ғой. Бес-алты метр не әрі, не бері қателессе, қоршаудан дін аман шығу қайда?!

Осылай Сухуми әскери училищесінің түлегі бірден батарея командир ретінде қайнаған соғыстың ортасына түседі. Закавказье, Солтүстік Кавказ, Воронеж, Степной, бірінші және екінші Украин, бірінші және екінші Беларусь майдандарының құрамында алып елді бақайшағына дейін қаруланған жаудан азат ету ұрыстарының ылғи да алдыңғы сапында жүреді. Буг, Днепр, Одер дарияларынан өту сияқты ауыр шайқастарды бастан кешіп, Одақ территориясын, Румынияны, Польшаны азат етуге қатысады. Германияны тізе бүктіру жолындағы қиян-кескі ұрыстарда ерекше батырлығымен көзге түседі. Бірнеше рет жараланады. Наградалары да жетерлік. Бірінші және екінші дәрежелі «Отан», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, тағы басқа медалдармен наградталған. Сөйтіп ол жиырма төрт жасында миномет полкі командирінің орынбасары дәрежесінде соғысты аяқтайды. 1945 жылдың басында 66-шы механикаландырылған артиллерия бригадасының командирі болады. Жеңістен кейін біраз уақыт артиллерия полкі штабының бастығы қызметін атқарады.

Біз оның әскери қызметін неге тәптіштеп отырмыз? Себебі сол: жап-жас жігіт шағында осындай биіктерге көтерілген офицер елге оралған соң, әскери қызметін жалғастыруға ниет танытқанда бірден-ақ бір аймаққа әскери комиссар қызметіне тағайындалып, әне-міне дегенше генерал дәрежесіне көтерілетініне күмән жоқ-ты. Бірақ Қазақстан заң ғылымының бағы жанғалы тұр екен. Прокуратура саласында жауапты қызметтер атқарған ол, білімін жетілдіру үшін Бүкілодақтық заң институтына сырттай оқуға түседі. Оны бітірген соң біржола ғылымға бет бұрады. Мәскеуде ғылым кандидаты атағы үшін диссертациясын үздік қорғаған жас ғалым Қазақ ССР Ғылым Академиясында жұмысын бастап, Алматы мемлекеттік заң институтында дәріс оқыды, оқытушы болды.

Осы ретте тағы да оның маңдайына жазылған алғашқылық тағдыры басталды. 1952 жылы ол аталған институттың директоры, кейіннен бұл оқу орны Қазақ Мемлекеттік университетінің құрамында заң факультетіне айналғанда, оның алғашқы деканы қызметіне шақырылды. Институттың жас директоры кезінде республикада жас ғалымдарды тәрбиелеп, қалыптастыруға ерекше үлес қосты. Сондай-ақ ол республика Ғылым Академиясы жүйесінде жаңадан ашылған Философия және құқық институтының да алғашқы директоры болып, оны ұзақ жыл басқарды. Зимановтың алғашқы болу, ғылымда ерлік жасау жолы бұнымен шектелмейді. Бүкіл ғұмырында жалғасын тапты. Тіпті сонау 1961 жылы сол тұстағы жұрттың жүрегі дауалап бара бермейтін ұлттық тақырыпта, яғни «Қазақстанның XVIII ғасырдағы және XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси құрылысы» деген атаумен қазақтың ғалым-заңгерлері арасында бірінші болып докторлық диссертациясын Мәскеудің өзінде қорғады. Бұл айтулы тарихи оқиға еді. Аталған еңбектің заң ғылымында жаңа бағыт, жаңа саланың ізашары болғаны анық. Ұзамай 1964 жылы С.Зиманов профессор атанса, үш жылдан кейін, 46 жасында қазақтан шыққан алғашқы заңгер-академик болып сайланды. Осыдан былайғы өмірі мен қызметі толықтай туған еліне, халқына, заң ғылымына арналды. Әсіресе 90-жылдары кемеліне келген, толысқан академик жаңа қазақ мемлекетінің дұрыс қалыптасуына айрықша үлес қосты. 90-жылдардың өне-бойында жас мемлекет қабылдаған алғашқы дербес заңдарда, алғашқы ұлттық конституцияда, кодекстер мен декларацияларда Зимановтың қолтаңбасы қалды, көзқарастары заң баптарына айналды, биік мінберлерден сөйлеген сөздері, жарияланған мақалалары мен жарық көрген кітаптары заң ғылымының, жалпы ұлттық мемлекет тарихының құндылықтарына айналып, алтын қорға қосылды. Осы бір қым-қиғаш, қызу айтыс-тартыс жүріп жатқан кезеңде жолсызбен сапарға шыққан жас мемлекетте сол жылдары Салық сынды Алатаудай асқаралы, сөйлесе шешен, ойласа дария тұлғалар болмағанда қайығы ұлы мұхитта қалт-құлт еткен қазақ елінің егемендікті сақтап қалуы екіталай еді. Айтпақшы, Салық ағамыздың тәуелсіз мемлекет қалыптастырудағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, «Халықтар достығы», «Парасат», «Отан» ордендерінің иесі. Дегенмен осы жерде ел ауызында жүрген мына бір сөзді еске алуға тура келіп тұр. Ерлікке толы екі өмір кешкен абызға, ерлікке тән белгіні бермей қалуымыз өкінішті-ақ болды. Бір кем дүние деген осы шығар. Болмаса бір жазда егіннен мол өнім алған диханға да беріп жатқан белгіні де қимадық қой.

Қандай жауапты, басшылық қызметте жүрсе де шалқар білімді, парасатты жаратылысынан ұстаз әрі шешен ғалым шәкірт тәрбиелеуден, жас ғалымдарға жетекшілік етуден қол үзген емес. Сондықтан оның дәрістерін тыңдап, үлгісін алған, қолынан түлеп ұшқан шәкірттері көптеп саналады, бүкіл елге, әлемге танымал болған абыройлы, атақты ізбасарлары да жетерлік. Қысқасы өзін ұлы академиктің шәкіртімін деп, мақтанышпен айтып жүретіндер көп-ақ. Олай етуге олардың құқы бар. Тіпті өмірінде Зимановтың дәрістерін тыңдамаған, қол алып, сәлемдесу бақыты бұйырған қаншама ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері оны өздеріне ұстаз санайды. Себебі сол – бірнеше ұрпақ өкілдері ұзақ жасаған және қаламы қолынан түскенше еңбек еткен ғалым-ұстаздың сан қырлы, әрқашан актуальді әрі өмір шындығын қапысыз жеткізе білген мақалаларын, он-сан кітаптарын оқып, кез-келген аудиторияны баурап алатын баяндамалары мен сөздерін тыңдады. Заң ғылымы кадрларының қалыптасуы деген аса маңызды елдік, ұлттық, мемлекеттік үлкен іс-қимылдың басы-қасында Зиманов жүрді. Оны бүкіл зиялы қауым, халық пен билік те заң ғылымының атасы деп таныды. Кешегі одақтас республикалар мен алыс, жақын шетелдердің ғалымдары, қоғам қайраткерлері оны көшбасшы ретінде мойындады, мақтан тұтты , үлгі алды, үйренді.

Үйренді демекші… Алла-тағала жолыңды оңғарамын десе қиын ба! Сонау алпысыншы жылдардың аяғында Түркістандағы педучилищені бітіріп, біраз уақыт комсомол жұмысына араласып, оң-солымды анық таныған шақта, яғни балалық, жастық ұшқары арманмен емес, өмір көріп сақайған азаматтың мұратымен заңгер болуға бел будым. Ол кезде Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсу дегенің түске ғана кіретін арман сияқты болатын. Ысылып, бір шама қалыптасып келгендіктен шығар студент атандым. Бәрі қызық, бәрі таңсық. Әсіресе профессор, академик Салық Зимановтың дәріс оқитыны білімге сусап келген ұл-қыздарға қанат бітірді. Ол кісінің дәрістерін орысша да, қазақша да тыңдадық қой. Сонда қазақша сөйлесе таңдайлары тақылдаған қазақ шешендерін, орысша лекция оқығанда орыстың ақпа-төкпе ораторларын жолда қалдыратын қарапайым ұстаздың бұндай сирек қабілеті қайдан келді екен деп, таңданушы едік. Атырау облысының шалғай жатқан қазақ ауданында дүниеге келіп, Атыраудағы қазақ мектебін бітірген, аумалы-төкпелі заманда қалыптасып, көп қиыншылықты, қанды майданды бастан өткерген, шетелдердің қос-қос дипломын алмаған адамның осыншама талантты болып жаратылғанына таңдана отырып, өзімізді бақытты сезінетінбіз. Зимановтың дәрісі болады десе, қуанатынымыз әлі де есте. Қоңыр, жағымды үні құлағымызда күмбірлеп тұрады.

Уақыты келгенде біз де есейдік, түрлі жауапты қызметтер атқардық. Қатардағы судьядан Шымкент облыстық сотының төрағасына дейінгі жолдан өттік. Алайда қызмет жолымыз теп-тегіс болды деп те айта алмаймыз. Қиыншылықтар да аз кездескен жоқ. Қуанғанда да, қиналғанда да ұлы ұстазымыз еске түсуші еді: «Бұндайда ол қандай қадамға барады?» деп, ойға шоматынбыз.

Әділет министрлігінде қызмет етіп, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, Қазақстан Республикасы судьялар одағының төрағасы болған жылдары ұстазбен жиірек кездесудің, араласудың сәті түсті. Заман өзгерген, адам да, қоғам да кешегідей емес. Ал Салық ағамыз сол салиқалы, парасатты қалпынан айнымады. Қазақстанның Ресейдегі жылдар аясында республика судьялар одағының бастамасымен жоғарғы сот 2003 жылы Мәскеуде Қазақстан мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары бірлесіп, халықаралық деңгейде ғылыми-теориялық конференция өткізді. Сол келелі кеңесте екі елдің әлемге белгілі зиялы қауым өкілдері мен заңгерлер қауымы алдында біздің мақтанышымыз академик Зиманов арнайы баяндама жасады. Баяндамадан кейін сөз алған қаншама ғалымдар, жоғары мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер қазақстандық профессор салған ізашар соқпақтан ұзай алған жоқ, өз ой-пікірлерін баяндамаға ұластырып отырды.

Қызылжарға қызметке ауысқаннан кейін де, жұмыс бабымен, шәкірттік және інілік ілтипат жетегінде ол кісімен кездесіп, сырласып жүрдік. Сонда бір байқағаным, ол мемлекеттік деңгейдегі ірі іс-шараларға ғана емес, халық мүддесіне сай келетін жиындарға да жиі қатысады екен. Әсіресе жас мемлекетіміздің әлемдік деңгейде мойындалып, қалыптасуы жолындағы мылтықсыз майданда, шетелдің емес, өз еліміздің ғалымдарымен, депутаттарымен, басқаша айтқанда бір қалада, бір үйде тұратын өзіміздің Қазақстан азаматтарымен болған талай-талай айтыстарда шешуші пікір, шынайы, шындық көзқарас, бұлтартпайтындай тұжырым Зимановтың ауызынан шығатын. Ешкімге дес бермейтін әсіре ұлтшыл да, шектен шыққан шовинист те осынау азаматтың салмақты, салиқалы, көреген ойларына қарсы келе алмайтын. 1990 жылдың 25 қазанында Жоғарғы Кеңесте «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» талқыға түсті. Сонда жасы жетпіске келген абызымыз жеті сағаттан аса уақыт тікесінен тік тұрып, жан-жаққа тартқан, әдетте Кремльдің билігінен басқаны мойындамақ түгілі, ондай пікір туралы ауыз аштырмайтындар Зимановтың уақытынан, заманынан озық тұрған тезистерінен асыра ой-пікір айта алмады. Декларация қабылданды, арада бірер сағат өтпей-ақ Түркия бастап, басқа мемлекеттер қостап, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жаппай мойындап жатты.

Жоғарыда айтылғандай, биік, мемлекеттік мінбердің тұрақты иегері десе болатын ағамыз 2010 жылғы маусымда Солтүстік Қазақстандағы біздің «Жеті жарғы және Қожаберген жырау қоғамдық қайырымдылық қорының» шақыруын екі сөзге келмей қабылдап, Петропавлға арнайы келіп, «Өлке тарихы – тұлғалар тағдыры» атты конференцияның мән-мағынасын тереңдетіп, көкжиегін кеңейтіп, солтүстік жұртын ризашылық, алғыс, мақтаныш сезіміне бөлеп, қуанышқа кенелтіп кетіп еді-ау.

2009 жылы жасы тоқсанға бір-екі апта қалған тұста абыз ағамыздың таңдаулы шығармаларының X томдық жинағы жарық көрді. Бұл көптомдық туралы айта бастасақ, әңгіме созыла-созыла үлкен кітапқа айналар еді. Өйткені осынау көлемді , салмақты, жан-жақты зерттеу мен терең іздену, туған елге, туған халқының тарихына деген зор құрметпен, үлкен жауапкершілікпен жазылған дүниелерде ғалымның көп жылғы еңбегінің жемісі бар, білігі мен білімі бар, үлгі-өнегесі бар. Алдағы жылдарда, жаңа замандарда осы аталған жинақ және тізіп шығу мүмкін еместей басқа да туындылары талай-талай жас ұрпақтың ұстазы, темірқазығы, шамшырағы ретінде жұмыс істей береді. Ұлы ұстазымыз әрқашан халқымен бірге болады.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері-заңгері,

заң ғылымдарының докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *