КАННДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ЖҮЛДЕСІ

Мерей Өнер
3 Views

Көрнекті кинорежиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері

Абдолла Қарсақбаевтың туғанына – 100 жыл 

КАННДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ЖҮЛДЕСІ

Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылық мұрасы және қазақ киносының халықаралық мойындалуы 

Қазақ кино өнерінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылған тұлғалардың бірі – көрнекті кинорежиссер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаев. Оның шығармашылығы ұлттық кино өнерінің қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосып, қазақ баласының болмысын, ұлттық дүниетанымын және рухани әлемін экран арқылы танытуға жол ашты.

Абдолла Қарсақбаев 1926 жылғы 2 қазанда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1956 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін М. Э. Чиаурелидің шеберханасында тәмамдаған. Кейінгі шығармашылық жолын «Қазақфильм» киностудиясымен байланыстырып, қазақ киносының алтын қорына енген бірқатар көркем және деректі фильмдерді дүниеге әкелді.

Режиссердің «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қилы кезең», «Алты жасар Алпамыс», «Бандыны қуған Хамит» секілді фильмдері көрермен жүрегінен ерекше орын алды. Бұл туындылардың әрқайсысында ұлттық мінез, адамгершілік құндылықтар, балалық шақтың шынайы бейнесі мен тарихи кезеңдердің тынысы көрініс тапты.

 

«Менің атым – Қожа»: қазақ киносының халықаралық табысы 

Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылық жолындағы елеулі белестердің бірі – Бердібек Соқпақбаевтың повесі негізінде түсірілген «Менің атым – Қожа» фильмі. 1963 жылы түсірілген бұл туынды қазақ балалар киносының ғана емес, тұтас ұлттық кинематографияның көрнекті жетістігіне айналды.

Фильмнің басты кейіпкері Қожа – тентектігімен қатар, шынайылығымен, арманшылдығымен және ішкі жан дүниесінің тазалығымен ерекшеленетін бала. Оның мінезі мен басынан кешкен оқиғалары арқылы режиссер балалық шақтың күрделі де қызықты әлемін нанымды жеткізді.

1967 жылы фильм Канн халықаралық кинофестивалінде көрсетіліп, «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» арнайы сыйлығына ие болды. Бұл оқиға қазақ киносының халықаралық деңгейде танылуына жол ашқан маңызды жетістіктердің бірі еді. Қожаның бейнесі шетелдік көрермендердің қызығушылығын тудырып, фильмнің көптеген тілге аударылуына ықпал етті.

Осылайша, Абдолла Қарсақбаев қазақ баласының бейнесі арқылы ұлттық мәдениетті әлемге танытып, отандық кино өнерінің халықаралық беделін арттыруға зор үлес қосты.

 

Өнердегі мінез бен азаматтық ұстаным

Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылығын еске алғанда, оның кәсіби шеберлігімен қатар, азаматтық ұстанымы мен қарапайым болмысы да назар аудартады. Ол ұлттық ерекшелікті сақтауға, көркемдік шындыққа адал болуға және әрбір туындының мазмұнына терең жауапкершілікпен қарауға ұмтылды.

Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Ықтымбаев өз естеліктерінде режиссердің қарапайымдылығын, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін және шығармашылық батылдығын атап өткен. Оның естеліктерінен Абдолла Қарсақбаевтың атақ пен даңқтан гөрі, халыққа қызмет етуді жоғары қойған тұлға болғанын аңғаруға болады. Ол:

– Біз алты ағайындымыз: мен, Нұрлан Сегізбаев, Досхан Жолжақсынов, Гүлнәр Дұсматова, Болат Қалымбетов және Қырғызстанның халық әртісі Әшір Чокубаев. Өйткені, кинодағы әкеміз бір, ол — Абдолла Қарсақбаев.

Жазушы Камал Смайыловтың естеліктері де режиссердің шығармашылық талапшылдығын айқындай түседі. Ол фильм сценарийіне қатысты мәселелерде дайын шешіммен шектелмей, туындының көркемдік сапасын жақсартуға ерекше мән берген. Бұл қасиет оның кәсіби ұстанымының берік болғанын көрсетеді.

Балалар  киносының  атасы, корифейі бір топ атақты  шәкірттер тәрбиеледі. Басқа да белді-белді өнер адамдарын өзіне жақын тартып, оларды фильмдеріне атсалысуға шақырды. Ол достыққа өте  адал еді. Оның достары – қолдаушылары Олжас  Сүлейменов, Сұлтан Қожықов, Кененбай Қожабеков, Нұрғиса Тілендиев тағы басқа да сол кездегі зиялы қауым өкілдері  еді. Тіпті Кененбай Қожабековке туған баласындай қамқорлық жасап, қолдау көрсетті.

 

Канн кинофестивалі және әлемдік кинематография 

Канн халықаралық кинофестивалі әлемдегі ең беделді әрі мәртебелі кинофестивальдердің бірі саналады  Жыл сайын Францияның Канн қаласында өтетін бұл фестиваль әртүрлі елдердің кинематографистерін біріктіріп, заманауи кино өнерінің үздік үлгілерін халықаралық көрерменге ұсынады. Фестивальдің басты марапаты – «Алтын пальма бұтағы». Сонымен қатар Гран-при, қазылар алқасының жүлдесі және үздік режиссура үшін берілетін марапаттар да ерекше беделге ие.

Алғаш рет 1946 жылғы 20 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Францияның оңтүстік-шығысындағы Прованс, Алпі аймағында Жерорта теңізінің  әсем жағалауындағы Канн курортты қаласында өткізілді. 1951 жылдан бастап фестиваль көктем мезгілінде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

2026 жылы өткен фестивальде қазылар алқасына оңтүстіккореялық кинорежиссер, сценарист әрі кинопродюсер Пак Чхан Ук төрағалық етті. Ол корейлік және халықаралық кинофестивальдердің бірнеше мәрте лауреаты атанған. Оның шығармашылық жетістіктерінің қатарында Канн кинофестивалінің Гран-приін алған «Олдбой» фильмі, «Қазылар алқасының жүлдесіне» ие болған «Құштарлық» туындысы және «Кетуді шешу» фильмі үшін берілген үздік режиссура марапаты бар. Сондай-ақ ол Венеция кинофестивалінің «Күміс арыстан» жүлдесін және Берлин кинофестивалінің «Алтын аю» марапатын иеленген.

2026 жылғы фестивальде ресейлік режиссер Андрей Звягинцевтің «Минотавр» көркем фильмі Гран-при мен үздік саундтрек үшін жүлдеге ие болды. Бұл да кино өнеріндегі режиссерлік ізденіс пен музыкалық шешімдердің көркем туындыны бағалаудағы маңызын көрсетеді.

 

Ұлттық мұра – әлемдік мәдениеттің бір бөлігі 

Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылық мұрасы – қазақ киносының ғана емес, тұтас ұлттық мәдениет тарихының маңызды бөлігі. Оның көркемдік қуаты жоғары туындылары жылдар өтсе де өзектілігін жоғалтпай, көрерменнің рухани әлемін байытып, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп келеді. Режиссер өз фильмдері арқылы қазақ халқының болмысын, ұлттық мінезін, салт-дәстүрін және адамгершілік құндылықтарын шынайы бейнелеп, ұлттық өнердің өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.

Әсіресе Бердібек Соқпақбаевтың повесі негізінде түсірілген «Менің атым – Қожа» фильмі қазақ киносының тарихында айрықша орын алады. Қожаның шынайы мінезі, балаға тән арманшылдығы, ішкі жан дүниесі мен өмірге деген көзқарасы арқылы режиссер ұлттық кейіпкердің жарқын бейнесін жасады. Фильмнің 1967 жылы Канн халықаралық кинофестивалінде арнайы марапатқа ие болуы қазақ киносының халықаралық деңгейде танылуына жол ашқан маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл жетістік ұлттық өнердің әлемдік мәдениет кеңістігінде өзіндік орны бар екенін дәлелдеді.

Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Қилы кезең», «Алты жасар Алпамыс» және басқа да туындылары қазақ киносының алтын қорынан лайықты орын алды. Оның фильмдерінде адам тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілік, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтар терең көрініс тапты. Режиссердің шығармашылық мұрасы бүгінгі кинематографистер үшін де маңызды тәжірибе әрі шабыт көзі болып қала береді.

Биыл көрнекті режиссердің туғанына 100 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылық артып, ұлттық кино өнерінің тарихындағы орнына жаңаша көзқараспен үңілуге мүмкіндік туып отыр. Абдолла Қарсақбаевтың мерейтойын ЮНЕСКО аясында атап өту – оның шығармашылық мұрасының ұлттық шеңберден шығып, әлемдік мәдениет үшін де маңызға ие екенін көрсететін ерекше оқиға. Бұл – қазақ киносының көрнекті өкілін халықаралық деңгейде танытуға, оның туындыларын кеңінен насихаттауға және ұлттық мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам. Былтырдан басталған іс-шаралар, жұмыстар биыл да Алматы облысы бастап беріп, ЮНЕСКО деңгейінде өз жалғасын тауып жатыр. Қарсақбаевтануға  жол ашылып, екі зерттеу кітабы жарық көрді. Олар: режиссер қазақстандық танымал кинотанушы, өнертану саласының докторы (PhD), Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (ҚазҰӨА) оқытушысы Ержан Жұмабековтің докторлық жұмысы мен  монографиясы және осы оқу ордасының оқытушыларының зерттеу еңбектерінің жинағы. Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында «Кино әлемінің  кемеңгері» атты әдеби-сазды  кеш өткізілді. Алматы облысы  Жамбыл ауданы Жаңақұрылыс  ауылындағы  А.Қарсақбаев  атындағы  орта мектепте «Қазақ киносының классигі – Абдолла Қарсақбаев» атты мерекелік  кеш өткізілсе,  Алматы облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Дәулет Жарасбаев  деректі повесть жазып, өз қаражатына кітап етіп шығарып, ағылшын тіліне  аудартты. Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері Нағашыбек  Қапалбекұлы «Қазақ киносының классигі» атты мақала жазып, газет-журналдарда жарияланды. Журналист Исмаилжан Иминов «Казахстанская правда», «Огни Алатау» газеттерінде орыс тілінде  мақалаларын жариялады. Сонымен қатар Жамбыл аудандық кітапханасында бірқатар мазмұнды іс-шаралар өтті. Жамбыл ауданының барлық  мектептерінде, жазда жазғы балалар лагерлерінде  ашық аспан астында фильмдері көрсетілді. Жамбыл ауданында Қаншеңгел-Қопа арасында 100 жылдыққа жүз шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралардан да басқа спорттық шаралар, тарихи-танымдық  кештер, кездесулер ұйымдастырып, өткізіліп жатыр. Осы іс-шаралардың өткізілуіне  ат салысып жүрген, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткері, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы мен А. Қарсақбаевтың  келіні, продюсер, кино маманы  Майра Қарсақбаеваның  еңбегін ерекше  атап өтуге болады.

А. Қарсақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде  аталып өтетіндіктен бірнеше іс-шаралар халықаралық деңгейде де жүзеге асып жатыр.  Алдымыздағы  айларда Халықаралық «ТҮРКІСОЙ» ұйымында және қорытынды ретінде Францияның  Париж қаласында орналасқан  ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде кең ауқымда іс-шара өтеді.

Абдолла Қарсақбаевтың өмірі мен шығармашылығы – кәсіби адалдықтың, ұлттық болмысқа құрметтің және өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Оның фильмдері арқылы қазақ халқының рухани дүниесі, мәдени құндылықтары мен ұлттық ерекшелігі әлемге таныла бермек. Уақыт озған сайын режиссер мұрасының мәні тереңдеп, туындыларының тәрбиелік және көркемдік маңызы арта түсетіні сөзсіз.

Өнердің өлмейтіні рас қой… Ұлттық мәдениеттің құнды мұрасы ретінде Абдолла Қарсақбаевтың есімі мен шығармалары қазақ киносының тарихында мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа, ғасырлармен жалғасып әлі де жүре бермек. 

С. ӘШІМОВА,

ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының  орынбасары, PhD