«ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢНЫҢ АЯҚҚА БАСЫЛҒАНЫ МА?!

Мәселе
1 244 Views

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. ТОҚАЕВ мырзаға

«ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢНЫҢ АЯҚҚА БАСЫЛҒАНЫ МА?!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Ақпарат айдынына шыққанына бүгінде он жыл толып отырған республикалық қоғамды-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұстанып отырған сара саясатын, Жолдаулары, бағдарламалық мақалалары, тапсырмалары мен ұсыныс-пікірлерін жүзеге асыру жолында шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп келеді. Осынау мерзім ішінде «халықтың көзі, құлағы һәм үніне» айналып үлгерген басылымның оқырмандары жыл санап арта түсуде. Оқырмандардың газетіміз көтеріп отырған өткір де өзекті мәселелерге қашанда бейжай қарамайтыны айқын аңғарылады. Өз кезегінде редакция қызметкерлері де алдарына талап-тілек, өтініш, мұң-мұқтажбен келген жандарға қолдан келген көмектерін аямай отыр.

Таяуда редакциямызға 285 адам жұмыс істейтін Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің 30-дан астам инженер-педагог ұстазы арызданып келді. Сөйтіп, олар колледждің сенімді басқаруға деген қарсылықтарын жарыса жеткізді. Кәсіпкер Болатбек (Нажиметдинулы) Алиев жетекшілік жасайтын «DALA CONSTRUCTION.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке сенімгерлік басқаруға берілген колледждегі оқу-тәрбие жұмыстарын жолға қоя алмай отырғанын ашына әңгімеледі.

Шағымданушылардың айтуынша, олар сенімгерлік басқаруға барынша қарсылық білдіруде. Өйткені, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бұл оқу орны 2018 жылы «Жыл колледжі» аталымын жеңіп алған. Аталмыш оқу орнының студенттері облыстық және республикалық сан түрлі конкурстарда талай рет топ жарып, жеңімпаз және жүлдегер атанған. 2019 жылы «Жас маман» бағдарламасына қатысып, бағын сынап көрген олар 318 миллион теңгенің грантын жеңіп алған. (Сөз орайы келгенде Түркістан жоғары аграрлық колледжі де мемлекеттік грантты жеңіп алған педагогикалық ұжым екенін тілге тиек ете кетейік). Міне, осындай ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар колледждерді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы (бұрынғы білім басқармасы) аяқ астынан сенімгерлік басқарушыларға бере салған. Негізінде мұндай жетістігі бар педагогикалық ұжымдар сенімгерлік басқаруға берілмеуі керек. Керісінше, олардың білім сапасы мен материалдық-техникалық жағдайы төмендеу оқу орындарын өздерінің қолдауы мен қамқорлығына алғаны жөн болар еді.

Бұл колледжде толық емес, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім, мүгедек балалар, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекцияда есепте тұратын тәрбиесі қиын балалар тәлім алады. Сол себепті де мұнда сенімгерлік басқару жүйесі келместен бұрын оқу-тәрбие жұмыстары жақсы жолға қойылған болатын. Аталмыш оқу орнындағы 200-ден астам ұстаз бен бірқатар студенттер «Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының жанындағы «Тұран» бастауыш партия ұйымының мүшесі болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2019 жылғы 14 қыркүйектегі №ЗТ-С-6276,1 тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасына қатысатын колледждердің кәсіпорындарға сенімгерлік басқаруға берілмейтінін атап өтілген. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Ш. Каринова еліміздегі облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне арнайы хат жолдаған. Соған қарамастан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рахия Арынқызы Асанова ханым «Президент Әкімшілігі басшысының тапсырмасын нормативтік-құқықтық құжат болып табылмайды», — деп айтқанын қалай ұғынуға болады?!

Осылайша Шымкенттегі қос бірдей колледж «DALA CONSTRUCTION.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке сенімгерлік басқаруға берілгені түсініксіз. Сөйтіп, Түркістан индустриальды-құрылыс колледжі мен Түркістан жоғары аграрлық колледжіне қожайын болып шыға келген олар педогогикалық ұжымдарды басқарудың жаңа тәсілін тапқан сыңайлы. Олай дейтініміз, өзінің жүргізушісіне 300 мың теңге, көмекшісіне 400 мың теңге тағайындаған «білікті басшының» іс-әрекетіне бас шайқап, таң қалып отырған Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің ұстаздар қауымы бүгінде дел-сал күй кешуде. Бір жағынан күллі әлемді күңіренткен коронавирус індеті мазаны алса, екінші жағынан Болекең командасының «белсенділігі» орынсыз қинап отырған жағдайы тағы бар.

Бір кездері облыс әкімінің орынбасары болып қызмет істеген, әкімдердің командалық әдіспен жұмыс істейтінін жақсы меңгерген «DALA CONSTRUCTION.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының өкілдері келе сала кадрларды сапырылыстыра бастаған. Ең алдымен колледж директоры А.Б. Елчиеваны жұмыстан босатқан. Сөйтіп, оның орнына білім беру саласында бір күн де жұмыс істемеген Бауыржан Қожатайды директор етіп тағайындаған. Ол тіпті, типтік оқу жоспары мен оқу-жұмыс бағдарламасының аражігін ажырата алмаған. Сол себепті де болса керек, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары С. Санаев, инновация мәселелері жөніндегі орынбасары Б. Ибрагимов, бас бухгалтер С. Батыршаева, экономист А. Ділдәбекова, заңгер Д. Жабағиева, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Н. Қалыбаев, психолог З.Мұраталина, зертханашы Б. Бегімбекова, күзетші С. Нұрханов мен жүргізуші Т. Қыдырқұлға дейін себепсізден-себепсіз жұмыстан босатып жіберген. Ақыр соңында өзі де лауазымды қызметінен босатылып, оның орнына сырттан келген әйел кісі тағайындалған.

Олардың орнына жаңадан адамдар қабылдауда заңсыздықтарға жол берген. Атап айтқанда, Бейсенгул Турсамбаевна Абилдаеваны жұмысқа қабылдау туралы 2020 жылғы 19 ақпандағы №44-ж бұйрықта: «2020 жылдың 19 ақпаннан бастап Бейсенгул Турсамбаевна Абилдаева директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары жұмысқа ретінде қабылдансын», – деп жазып, «ретінде жұмысқа» деген сөздің орнына «жұмысқа ретінде» деп стильдік қате жіберген. Бір айдан кейін, яғни 16 наурызда бұл лауазымға Нурсулу Абдешовна Калиеваны тағайындаған. Раушан Аблаевна Нурметованы басшылық қызметтегі еңбек өтілінің жетімсіздігіне қарамастан, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының келісімін алмастан директордың оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындаған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде қызмет істеген, дәл қазір декреттік демалыста жүрген Нәзира Төлбасиеваны өзіне көмекші етіп алған. Колледждің барлық мөрін қолына жинап алған ол ұстаздардың жұмысын тексерумен айналысқан. Колледждің асханасын жалға беріп жіберген. Бұлардың бәрі сайып келгенде Қазақстанның қолданыстағы Еңбек кодексінің өрескел бұзу деген сөз.

Ал колледждің жаңа директорының өзі болса, 17 ақпан күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалған кезде Мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік көрсетіп, бір қолын қалтасына салып, екінші қолымен ұялы телефонын шұқылап тұрған. Бауыржан Қожатайдың бұл ерсі қылығын көрген 19-01 тобының өндірістік оқыту шеберлері – Е. Турсынбеков, Н. Ерғазы, И.В. Харахордин, Н.Абдикулов пен бір топ студенттер бұған таңданыс білдірген.

Зейнеткерлік жасқа жақындап қалған, қырық жылдық еңбек өтілі бар кадрлар бөлімінің басшысы Наталья Юрьевна Шпакқа мемлекеттік тілде сөйлемегені үшін ғана ескерту жасаған.

Колледжде күн сайын тексеру, жиналыс секілді жағымсыз жағдаяттар орын алады да тұрады. Мәселен, 4 ақпанда оқу процесіне қатысты двигатель жоғалған. Бұдан басқа да көптеген заттар қолды болған.

28 ақпанда колледждегі өндірістік оқыту шеберлері – М. Нәжіметовтің Ленгерде өтетін облыстық конкурсқа, И. Юлдашевтің Семейде өтетін семинарға қатысу үшін жұмсалатын іссапар шығындарына 16 ұстаздан 50 мың теңге жиналған.

6 наурызда облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рахия Арынқызы Асанова, «DALA CONSTRUCTION.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігініңдиректоры Ғабдол Амирбекович Утенбаев, «Invest Kazakhstan» жауапкершілігішектеулі серіктестігі директорының орынбасары Берік Кенжебаев, сенімгерлікбасқарушы тарапынан тағайындалған колледж директоры Бауыржан Қожатай сағат 1100-ден 13 00-ге дейін сабақты қасақана тоқтатып тастаған. Сол уақытта оқупроцесінде 700-ден астам колледж студенті қараусыз қалып, Құдай сақтап,ешқандай төтенше жағдай орын алмағанына колледж ұстаздары шүкіршілік еткен.Рахия Арынқызының бұл іс-әрекеті ешқандай ақтауға жатпайды емес пе?!

«Студенттерің қайда жүр?» деген сылтаумен ретсіз тексерулер мен бас-аяғы жоқ жиналыстар жиілей түскен. Әрине, мұның бәрі онсыз да қиналып, күндерін әзер көріп жүрген ұжымдағы ұстаздарға артық салмақ салып отыр. Бұлардың бәріне қашанға дейін төзе беруге болатыны белгісіз.

Айта берсе әңгіме көп. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – колледждіңинженер-педагогикалық ұжымы бұл оқу орнының «DALA CONSTRUCTION.KZ»жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілуінетүбегейлі қарсылық білдіруде.

Аталмыш колледж ұстаздары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan»партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, «Nur Otan» партиясының Төрағасының бірінші орынбасары БауыржанБәйбек, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Гизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетов,Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат ҚанатұлыАймағамбетов, Түркістан облысының прокуроры Марат Тілеуқабылұлы Әлихановмырзаларға хат жолдап, істің ақ-қарасын анықтауды өтінген. Наурыз айыныңбасында колледждің инженер-педагогикалық ұжымы өткізген наразылық акциясынаеліміздегі бірқатар республикалық және жергілікті телеарналардың, атапайтқанда, «Первый канал», «31 телеарна», «КТК», «Отырар», тағы басқателеарналар арнайы телесюжеттер көрсеткен. 113 адам қол қойып, республикалық«Egemen Qazaqstan», «Жас Алаш», сонымен қатар «Рейтинг», «С-информ» газеттерінехат жолдап, көмек сұраған.

Қазіргі таңда колледждегі директор орынбасары мен аға өндірістік оқыту шеберінің үстінен іс қозғалып, құқық қорғау органдары мен сотқа берілген. Күш-қуаты мықты серіктестіктің қарапайым ұстаздарға деген бассыздық әрекеттерін қалай түсінуге болады?

Осылайша бүйректен сирақ шығарып жүрген «DALA CONSTRUCTION.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегілер қашанға дейін өз білгендерін істей бермек?! Оларға ай дейтін әже, қой дейтін қожа табылмай отырғаны жанға қатты батады. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен салалық ведомство басшыларының нұсқаулары мен тапсырмаларына атүсті қарайтын, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, іске асқан қазіргі кезеңде айрандай ұйып отырған колледж ұжымының берекесін кетірген әлгіндей басшыларға қолданылар шара бар ма екен?!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мемлекет басшысы ретінде Сізден Оңтүстікте орын алып отырған осындай өрескел оқиғаларға байланысты мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етуіңізді сұранамыз.

Әбдісаттар ӘЛІП,

республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің жауапты хатшысы.

Шымкент қаласы.

P.S. Күллі дүниені күңіренткен қатерлі коронавирус індетіне шалдыққан Түркістан облысына тылсым табиғат та теріс мінез танытқан сыңайлы. Арыстағы алапат жарылыстан аман-есен құтылып, енді есін жиған күншуақты өңірге төпелеп жауған жауын-шашынның салдарынан орын алған оқыс оқиғалар қосылуда. Биылғы мамыр айының басында Мақтаарал ауданындағы бес-алты ауылды су басып қалды. Енді оған Төлеби ауданындағы тасқын су қосылған. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшылығы осындай қауырт та қарбалас сәтте күндіз-түні тыным таппай еңбек етіп жүрген облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің имиджіне кері әсерін тигізбей ме?! Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінде орын алған жағдаят бүгін де көпшілікке ой салуда. Оның соңы немен бітер екен деп алаңдаушылардың қатары көбеюде. Редакция ұжымы бұл өткір де өзекті мәселені тұрақты назарда ұстап, оның барысы жайлы оқырман қауымды хабардар ететін болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *