ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРМЕН САНАСУ – ХАЛЫҚ БИЛІГІНІҢ БАСТЫ БЕЛГІСІ НЕМЕСЕ СЫН ТҮЗЕЛМЕСЕ, МІН ТҮЗЕЛЕ МЕ?

Мәселе Саясат
676 Views

Дәл осы кездегі біздің қоғамымыздағы қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және ментальдық-психологиялық ахуалды қанағат тұтатын азаматтар көпшілік емес сияқты. Әрине, барлық тұрғындарының төрт құбыласы түгел, қарны тоқ, етігі көк елдер әлемде онша көп те емес шығар. Бірақ, біз соңғы үш онжылдықтай уақытта атадан қалған жеріміз кең, әзірге санымыз аз, еліміз тәуелсіз, демек алда бізді бақуат, бақытты өмір күтіп тұр дегенге құдайға сенгендей сендік. Әлі де сенеміз. Сенгіміз келеді! Тек, ондай шалқыған қоғамдық өмір үшін алдағы уақытта көптеген проблемаларды ескеруіміз керек екенін көпшілігіміз сезе бермейміз, біле бермейміз, сондықтан да, мойындай бермейміз. Кейбір азаматтарымызға ондай әлеуеті мол өмір уақыт талабымен өзінен-өзі келетіндей де көрінеді…

Міне, ХХI-ші ғасырдың үшінші онжылдығы да басталды. Тәуелсіздік тізгініне ие болғанымызға биыл мерейлі 30 жылға толады. Ұлт дамуы үдерісінде қол жеткізген жетістіктеріміз де аз емес. Десек те, бүгінгі күнгі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және ментальдық-психологиялық ахуалымыздың көпшілікті қанағаттандыра қоймайтын тұстары да аз емес сияқты…

Келтірілген қоғамдық, оның негізіндегі ұлттық, ахуалдың квинтэссенциясын тұжырымдасақ, аспанымыз ашық, қарнымыз да аш емес. Оқып-үйренуге де, еңбектенуге де, жетістіктер жолымен алға жылжуға да, потенциалдық мүмкіндігіміз көптеген елдер қызығатындай деуге болады. Бірақ, бұрынғы қоғамдық-экономикалық тәртіптен діттеген, жаңа заманғы, халқымызды қанағаттандыратын ахуалға жеткізетін өтпелі кезең созылып кеткендей.

Мұндай жағдайдың созыла беруі обьективті түрде алуан түрлі дағдарыстарға әкеп соқтырады. Оның үстіне мемлекеттегі коррупция, оның бүткіл организміне тарап, «кеткісі келмейтіндей» орын тебуі, жемқорлықтың есіріп, қоғамдық санаға тереңдене ене бастауы, аталмыш дағдарысты үдете түсті. Ресми насихат пен «сымсыз телефон» әңгімелерінің ара салмағы алшақтады. Билік жүйесіне деген сенімге сызат түсе бастады. Нәтижесінде біреулеріміз күн көруден басқаны ойлаудан әрі кете алмай қалдық. Біреулеріміз сенетінге де, сенбейтінге де сенуден қала бастадық. Енді біреулеріміз қоғамдағы негативті құбылыстарды түгелімен билікке арта бастадық. Тағы да біреулеріміз әлі сол, өткен заман мен «орысты» кінәлаудан әрі шыға алмаудамыз.

Арамыздағы ұлт мақтанышы, зиялы дегендеріміздің өзі қатал заң арқылы, күшпен, азаматтарымыздың бәрін түгелдей, ұлтына, әлеуметтік орнына, ерекшелігіне қарамай, қазақша сөйлетіп жіберсек болды, барлық проблемамыз көп қиындықсыз шешіліп кетеді деп, көпшіліктің миын улап, билікті кінәлайтындар да баршылық. Осы секілді «саналық және идеологиялық» бытыраңқылық мәселелерін әрі қарай да шаша беруге болады…

Меніңше, арындап алға басып даму үшін, өткеннен қалған және бүгінгі қиындықтарымызды артқа тастау үшін, ең маңызды шаралардың бірі – халықтың билікке, оның түрлі тармақтары мен салаларына деген сенімін тиісті деңгейге көтеру. Аталмыш СЕНІМНІҢ толыққандылығына қол жеткізудің сара жолы – мемлекетімізде билік халықта екенін айғақтау, барлық деңгейдегі билік органдарының конституциялық компетенциясына сәйкес жұртшылықтың қызметінде екенін күнделікті дәлелдеу. Өз кезегінде бұл істің басты дәлелі – қоғамдық пікір. Оны жан-жақты сараптау, зерттеу, сәйкес шаралар қолдану жүйесін жетілдіру. Нәтижесін бүкпей көпшілікке жеткізу.

Меніңше, арындап алға басып даму үшін, өткеннен қалған және бүгінгі қиындықтарымызды артқа тастау үшін, ең маңызды шаралардың бірі – халықтың билікке, оның түрлі тармақтары мен салаларына деген сенімін тиісті деңгейге көтеру. Аталмыш СЕНІМНІҢ толыққандылығына қол жеткізудің сара жолы – мемлекетімізде билік халықта екенін айғақтау, барлық деңгейдегі билік органдарының конституциялық компетенциясына сәйкес жұртшылықтың қызметінде екенін күнделікті дәлелдеу. Өз кезегінде бұл істің басты дәлелі – қоғамдық пікір. Оны жан-жақты сараптау, зерттеу, сәйкес шаралар қолдану жүйесін жетілдіру. Нәтижесін бүкпей көпшілікке жеткізу.

Сондықтан да, өздерін демократиялықпыз, әлеуметтікпіз деп жариялаған және осы құндылықтарға сәйкестілігін мақтан тұтқан елдерде қоғамдық пікірмен санаспайтын, оны құрметтемейтін саналы азамат немесе лауазым иелері некен-саяқ. Тіптен, қазіргі кезде «тоталитарлық» деп қарғап-сілеген өткендегі партократиялық жүйенің өзінде де қоғамдық пікір (немесе өсек, «сымсыз телефон») билеуші, басшы атаулыны немқұрайлы қалдырмайтын. Оны «залалсыздандыру» мақсатында олар өтіріктен, қулықтан, айла-шарғыдан, аяғы басып-жаншудан да тайынбайтын.

Кәрі тарих тұңғиығынан ең жаңа тарихтың төріне дейін орын алған әлеуметтік текетірестер, төңкерістер, басқа да әлеумет пен билік арасындағы келіспеушіліктер, қоғамдағы кең таралған пікір түріне еніп, дағдарыстардың «туына» айналып жатады. Социалистік тәртіп теория жүзінде елдегі қоғамдық пікір тек оң мазмұнды ғана болуы заңды деп үйретуші еді. Себебі, билік еңбекші бұқараның мүддесін қорғау мен қамтамасыз етуге арналған дейтін. Ал, іс жүзінде олай болмағанын, миллиондаған бұқараның пікірінше оны аударып тастау әлеуметтік әділеттік деп ұрандатқанын да көрдік. Демек, бұл – халық пен биліктің мақсат-мүддесі қарама қарсы бағытқа кеткенінің, әлеуметтік топалаң мен ыдыраушылықтың заңды көрінісі деген сөз.

Қазіргі Қазақстан мемлекеті – идеологиясы бойынша да, Ата заң талабы бойынша да, демократиялық қоғам. Ол – билік те, жер де, табиғи байлық та, басқа да конституциямыз анықтап берген құндылықтар да, халықтың құзырында деген сөз. Демек, біздің жағдайымызда да теория жүзінде халық өз билігіне өзі қарсы болуы, қоғамдық пікір билік саясатына негативті болуы, қарсылық туғызуы – нонсенс. Бірақ, кейбір жағдайда елдің мүддесі мен биліктің әрекеті екі айрылатын кез де болады. Елге, мемлекет мүддесіне қажетті болғанымен, жеке адам мүддесіне тікелей сәйкес келе қоймайтын шешімдер қабылдауға да тура келеді. Ондайда, уақытша болса да, биліктің беделіне негативті қоғамдық пікір қалыптасуы әбден мүмкін. Сондықтан, билік органдары мен оларда қызмет атқаратын лауазым иелерінің қоғамдық пікірді объективті, уақтылы, сауатты да сенімді қалыптастыруы – қаласақ та, қаламасақ та, мемлекеттік идеологияның, саясаттың ең жауапты міндеттерінің бірі болып табылады. Атқарылған іс-шаралардың, орындалған бағдарламалардың сапасы мен тиімділігі, ел өміріне қажеттілік мазмұны, заңдылық пен мемлекеттік тәртіптің талапқа сай сақталуы, қоғамдық пікірдің оң мазмұндылығын кең ауқымда әрдайым көрсетіп тұрса, онда халық пен оның өз жағдайын сеніп тапсырған билігінің арасы пайымдылық логикасына сай деген сөз.

Осы мақалаға арқау болып отырған «Қоғамдық пікір» мәселесі бүгінгі күні біздің өмір сүріп отырған қоғамымызда қандай дәрежеде өз орнын алып отыр? Өз қоғамдық ролін тиісті мазмұнда атқарып, билік пен халықтың арасын тиімді реттеп, олардың байланысының шынайы көрсеткіші іспетті саяси-әлеуметтік функциясын атқаруда ма? Шынымды айтайын, білмедім. Ол үшін арнайы зерттеу арқылы сараптама жазу керек. Мақаладағы алдыма қойған міндетім бұл проблеманың маңызы мен оған лайықты көңіл бөлмеген жағдайда өте қиын әлеуметтік текетірестерге соқтыруы мүмкін екені жайында.

Өткен кеңестік заманда, көбіне формалды түрде болса да, «Көтердің бе проблеманы, ұсынысыңды да айт!» – дейтін ұран болатын. Осыған сай мен де өз білгенімді айта салайын. Әрине, бұл ұсыныстардың түгелге жуығы көзі қарақты оқырманға бұрыннан белгілі. Бірақ, қазіргі кезде «Қоғамдық пікір» деп ат қойып, айдар таққан, тиісті дәрежеде айналыссаң қоғамдық мәні өте жоғары, ал, мәніне сай көңіл бөлмесең терең әлеуметтік және идеологиялық күреске әкеп соқтыратын мәселелерге, меніңше, салмағына сай көңіл бөлінбеуде. Бұл тұжырымды дәлелдеп жатудың еш қажеті жоқ. Өсек-аяңның, «сымсыз телефонның», әлеуметтік желілердің, тележаңалықтардың айтқан сынына ағын ақ, қарасын қара деген жауаптың, айтылуға тиісті контраргументтердің мазмұны, толыққандылығы көп жағдайда қоғам мүшесін қанағаттандырмайды.

Ең алдымен, қоғамдық пікірмен санасу, оны зерттеу, сараптау және өзіне қатысы бар сегментіндегі мәселелерді шешу және оның нәтижесін көпшілікке уақтылы жеткізу арқылы халық сенімін қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік басқару құрылымдарының төл міндеті болуы керек. Бұл істе көп жағдайда орын алып отырған бейқамдық, жауапсыздық және «өтірік құпиялық» атымен болмағаны өте қажет.

Онан соң компетентті органдарға келіп түскен алуан түрлі азаматтардың хаттарына, арыздарына және басқа да өтініштеріне жауап пен қолданылған шаралар заңдар мен ресми шешімдерге сәйкес болуы керек. Қазіргі кезде телехабарлар легінен күнде көретініміз – «үнсіз, хабарсыз», «уәде созылып кетті» немесе «орындалмай кетті», «кеңседен кеңсеге сандалтып жіберді», тағы сол секілді билікке деген сенімді онан әрі құлдырату. Сонда телеұжымдарға көрермендер сенімі қымбат та, ал, шенеуніктер мен кәсіп иелеріне бәрібір болғаны ма? Еңбек пен капитал арасындағы кезіндегі тарихи текетірестерден ешқандай хабарлары болмағаны ма!?

Онан кейінгі мәселені таза идеологиялық десе болатындай. Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікір саласына жататын талдаулар, сараптамалар, маңызы жоғары уақиғалар тұрақты түрде жарияланып тұрса. Тіршіліктегі сын да, мін де, олардың шешілуі, не шешілмеуі, соған жауаптылар мен қоғам белсенділерінің, журналистер қауымының ой-пікірі арқылы көпшілікке жетіп тұрса.

Өңірлер мен аймақ басшылары жоғарғы биліктің екпінімен әр жылдың басында жергілікті халық өкілдерімен(«халық қалаулыларымен» емес) кездесіп, есебі мен уәдесін беріп тұрады. Осының өзі олардың жұмыс нәтижесі туралы қоғамдық пікірдің позитивтік мазмұнына игі әсер етуде. Неге оларға сол жылдың ортасынан аса немесе аяғына таман арнайы, «Әкіміміз және ол туралы халқымыздың пікірі» тақырыбында, лауазым иесі негізінен сұрақтарға жауап беретін, ал, БАҚ, кіші және орта бизнес, ата-аналар өкілдері, шағын аудандардың тұрғындары және басқа да қоғамдық пікір қалыптастырушы субъектілер өз ойларын ортаға салатын бір-екі кездесу өткізбеске?

Билік құрылымдарының қызметіне оң пікір қалыптастырудың тағы бір тиімді жолы – лауазымды басшылардың, әсіресе саяси тұлғалардың тұрақты, жоспарлы түрде еңбек ұжымдарымен кездесуі. Өткендегі сынаумен сыны әбден кеткен кеңестік кездерде, қазіргі біздегідей билік халықтікі емес, компартиянікі болса да, партия комитеттерінің басшылары еңбек ұжымдарымен кездесіп тұруды естен шығармайтын.

Тура осындай кездесулер, тек басшы кадрлардың кең ауқымын тарта отырып, жергілікті жерлерде тұрғындармен де «Бірыңғай саяси күн» деген айдармен әр апта сайын өтетін. Тақырыбы шамалас осындай үрдіспен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, Тәуелсіз биліктің алғашқы уақыттарында облыстың, қалалар мен аудандардың әкімшілік қызметкерлері, әкімшіліктің конституциялық басқармалары мен бөлімдерінің басшылары аптаның әр бейсенбісінде арнайы кестемен, кездесу объектісін ауыстыра отырып, тұрғындар мен еңбек адамдарымен қауышатын. Кездесуге келгендердің көтерген мәселелері мен проблемалары бойынша, компетенттігіне қарай, шешілетінін сол жерде шешіп, арнайы процедуралар арқылы шешілетіндеріне уәдесін беріп, қолында тұрмаған заңды өтініштерді тиісті инстанциялар мен лауазым иелеріне ресми, жазбаша өздерінің осы кездесуге байланысты есебінде көтеретінін уәделеп, түсіндірумен және ақыл-кеңеспен ризашылығын алатындарын алып қайтатын. Ертеңіне, жұмадан қалмай-ақ, тиісті әкімнің шешімдері мен тапсырмалары арқылы қоғам мүшелерінің пікірлері басшылыққа алынатын. Міне, конституциялық халық билігінің, демократиялық тәртіптің айқын бір көрінісі!! ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ОСЫ ТӘЖІРИБЕНІ НЕГЕ ПАЙДАЛАНБАСҚА!!

Билік органдарының атқарып отырған қызметінің қоғам алдында позитивтілігін көтерудің тағы бір қарапайым, қиын емес, белгілі жолы – мемлекеттік құрылымдар басшыларының кең көлемді мақалаларын міндетті түрде газет беттерінде жариялау. Мұндай мақаланың талабы: алға қойылған жоспарлар; басшының және айналасындағылардың бастамалары; мезгілінде, артық шығынсыз орындалған, қоғамның «алғысын» алатын нәтижелер; орындалмаған жоспарлар мен тапсырмалар беріліп, орындалмаған құрғақ уәделер, бұндай жағдайға кінәлілер және басқа да азаматтарды бейжай қалдырмайтын жәйттер болуы керек. Осындай жарияланымдардан кім, не ұтылмақ?!

ҰТСА: ақпараттық кеңістік; газеттерге деген сұраныс; басшылардың әбиірі мен олар туралы қоғамның бағасы; өскелең ұрпақтың тәрбиесі, олардың билікке деген сенімі; бүткіл халықтың құқықтық санасы, әділеттілікке және заңдылыққа деген оң көзқарасы және басқа да жағымды ақпараттар арқылы келетін рухани-саналық, саяси-моральдық, еліне, аймағына деген мақтаныш, патриоттық сезім ҰТАДЫ.

ҰТЫЛСА: шенеуніктік жауапсыздық, өсек пен өтірік, жайбарақаттық пен тәртіпсіздік, биліктегілер мен басшыларға деген сенімсіздік ҰТЫЛАДЫ. Әсіресе, аталмыш ұсынысты мүдделі түрде министрлер мен әкімдер басшылыққа алып, өздері үлгі көрсетіп, басқа басшылар контингентінің мүшелерін талапқа сай орындатуға шамасы мен құлқы жетсе. Онан кейінгі осы ұсыныстағы талап: әр басшы өз мақаласын өзі жазуы керек. Әрине, материал, есеп алу деген болады. Талдау, сараптау, тұжырымдау өзінде қалуы керек. Жұрт көптеген бастық атаулының жазуға шамасы жетпейтінін, жетсе де жазғысы келмейтінін біледі. Егер өздері жазбай, «штаттағы жазғышбектерге» жаздырса, олардың компетенттігі, объектіге тереңдеу дәрежесі жетпей, мәселені сөзбұйда жаққа бұратынын да оқырман біледі…

Бұл мақаладағы соңғы ұсыныс. Кейінгі жылдары әлеуметтік желілерде бұрын естімеген «Фейк» деген жағымсыз да зиянды нәрсе пайда болды. Ол – өтірік дегеннің синонимі екені бүгінде баршаға белгілі. Билік органдарына, басшы қауымына фейк арқылы сенімсіздік туғызушы негізгі әдістерінің біріне айналды. Осыған байланысты заңға, моральға, ақиқатқа және азаматтардың ар-намысы мен көңіл-күйіне тікелей жағымсыз постылар мен комменттерге, оны ұйымдастырушыларға билік орындарының қарсы шарасы шынымен-ақ жоқ па екен деген де пікірлер жетіп жатыр. Халық пен биліктің ара қатынасы жақсы болсын, жақсы болмасын шынайылық негізде көрсетілсе, кемістікті жөндеу де шынайы сипатта болар еді.

Ұзын сөздің тобықтай түйіні: Қандай да бір елде болмасын, әсіресе демократиялық тәртіп пен азаматтық қоғам құруды мақсат еткен елде, халықтың өзі сайлаған өз билігінің, оның құрылымдарының арасында сенімге сүйенген ара қатынас орын алмаса, түпкі мақсатқа, өркениетті өмір құндылықтарына қол жеткізу екіталай. Сондықтан да, биліктің халқына адал қызметі мен ел-жұрттың оған деген сенімі, қоғамдық пікірдің әрдайым басшыларына позитивті болуы – жаңылмайтын көрсеткіш.

Сапарбек САХОВ,

Оңтүстік Қазақстан медициналық

Академиясының доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *