ЗАҢ МЕН СТАНДАРТ БҰЗЫЛУДА

Мәселе
959 Views

Біз 1995 жылдан бері Шымкент қаласының Абай ауданы, Темірлан тас жолы, №34 үйдің 31 пәтерінде бүткіл отбасы мүшелерімен тұрамыз. Тұрмыстық қызмет көрсету салаларының барлық түрлері бойынша өтемақыны дер кезінде төлеп келемін. Бүгінге дейін жылудан басқасына қарызымыз жоқ.

Бұл қарыз «3-Энергоорталық» АҚ (әрі қарай мәтін бойынша – «Қоғам») жылу тасымалдаушы судың параметрлерін тиісті қалыптардан кем бергендіктен, оның ақысын төлеуден бас тартқан 2009 жылы болған, қазір де бар.

ҚР Азаматтық кодексі 486-бабының 1-бөлігінде энергиямен жабдықтаушы ұйым беретін энергияның сапасы ұлттық стандарттарға және стандарттау жөніндегі өзге де нормативтік-құқықтық құжаттарда белгіленген немесе шартта көзделген талаптарға сәйкес болуға тиіс. Осы кодекстің 3-бабы 8-бөлігінде, егер ҚР ратификацияланған Халықаралық шартта ҚР-ның азаматтық заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, аталған шарттың ережелері қолданылады. Халықаралық шарттан оны қолдану үшін заң шығару талап етілгеннен басқа жағдайларда азаматтық қатынастарға ҚР қатысушысы болып табылатын халықаралық шарт тікелей қолданылады.

Қазақстан 1999 жылы 3 қаңтарда қолданысқа ендірілген мемлекетаралық стандарт 30-494-96 «Тұрғын және қоғамдық құрылыс жайлар микроклиматының параметрлері» (әрі қарай мәтін бойынша – «Стандарт») шартының қатысушысы. ҚР «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» заңының (әрі қарай мәтін бойынша – «Заң») 5-бабы, 1-бөлімінің 9- тармағындағы табиғи монополия субьектісіне: мемлекеттік органдар өздерінің құзыреті шегінде белгіленген, реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) сапасына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін, реттелетін көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) ақы талап етуге тыйым салынады, – деген. Бұлар тұтынушыға сапасыз жылуға ақы төлемеуіне негіз болып табылады.

Жылу сапасының осындай нашарлығынан және оны Қоғамның жақсартпайтынына көздері жеткен және арыздану-соттасуда әділеттілікке қол жеткізуден үміттерін үзген, біздің 40 пәтерлі үйдің 23-і одан бас тартып, автономды жылу жүйесіне көшкен. Мұндай жағдай Шымкент қаласының көпқабатты тұрғын үйлерінің көпшілігінде орын алған және ол арта түседі деуге негіздер бар. Себебі, 2006-2007жылдардан кейін, жылудың сандық және сапалық көрсеткіштері күрт кеміген, жөнделмейтін сияқты. Сондықтан, Қоғам мен жылу жеткізуші «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК (әрі қарай мәтін бойынша «Кәсіпорын») «сутегін» дерліктей табысынан айырылып қалмау үшін, жылудан бас тартуы мүмкін тұтынушыларының жеке автономды жылу жүйесіне өтуіне рұқсат етілмейтін құқықтық акт қабылдатып алыпты деген қауесет сөз бар…

МОНСТР МАҚАМЫ

Жылуды тасымалдап, тұтынушыға сатумен «Кәсіпорын» айналысатын болғандықтан, жылу және онымен жабдықтау туралы жасалатын «келісімшарттың» кейбір бөлімдері бойынша пікірлесейін деп арнайы бардым. Жеке қабылдауында болған 2018 жылдың 30 қаңтар күні, Кәсіпорынның директоры Н.Ергешбеков бас инженер П.Ш.Сабитов пен Хохлова дегенді шақыртып: «… Бәрін шешетін мыналар. Осылар не айта сол болады. Сен тексеруші, тергеуші органнан ба едің? Жылу параметрлеріне қатысты ақпарат саған берілмейді. Ақыр заңға сүйенеді екенсің, онда сол заң бойынша істейміз… Мынаның қарызын өсімімен «на полную катушку» есептеңдер. Сөйтіп жіберіңіздер. … Болды. Сенімен сөйлеуге уақыт жоқ. Бара бер,»-деп, кабинетінен сес көрсетіп шығарып салды.

Жоғарыда келтіргеніміздей, кәсіпорын директоры Н. Ергешбековтың жылуға қатысты мәліметтер берілмейді деп мәселені шорт кескеніне қарағанда, Қоғамның бұрынғы бас директоры Р. Тұрдахуновтың басшы әрі азамат ретіндегі парасаты, мәдениеті мен жауапкершілігі әлде қайда жоғары екенін аңғардым.

Себебі, ол біздің өзінің атына және Департамент арқылы 2009–2015 жылдар аралығында жазған арыз-шағымдарымыздың барлығына тиісті құжаттарды тіркеп, толық жауап беріп, ерекше маңыздыларына қатысты құжаттарға сілтеме де жасап келген.

Заңның 5-бабы, 1-бөлімінің 10-тарамғында, табиғи монополия субьектісіне: ұсынылатын реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтер (тауарлар, жұмыстар) туралы ақпаратты коммерциялық құпия деп тануға тыйым салынады, –деген.

Қоғам мен Қәсіпорынның «Жеке тұлғаларды жылу және ыстық сумен қамтамасыз ету қызметтерін көрсету туралы» келісімшартының 5.1.2- бөлімінде: Абоненттің қолданыстағы тариф, жылу қуаты және ыстық сумен жабдықтау бойынша қызметтердің бағасы, жүргізілген есептеулер туралы ақпарат алуға құқығы бар деген.

Сонда Н.Ергешбеков, оның орынбасары Ө.Ахметов пен бас инженері П.Сабитов бұларды білмегені ма? Жоқ, әлде… Әйтеуір, қалай болғанда да тегін емес сияқты.

Сол сәтте Н.Ергешбековты мазалаған, тұтынушыға беретін жылу энергиясынан да күшті бір нәрсе болды ма екен?-деген ойда қалдым.

ПӘТЕРДЕГІ СЫЗ, ЗЕҢ «КРЕМАТОРИЙГЕ» ТЕҢ

Мүмкін дәл болмаса да содан кейінгі біздің жылу сапасына қатысты жазған арызымызға: «…2016–2019 жылдар аралығындағы жылыту маусымына арналған температуралық және гидравликалық кестелер Кәсіпорын мен Қоғам арасындағы құпия ақпарат болып саналады.

Екі тараптың мүдделерін қорғайтын ақпаратты алуға мемлекеттік немесе қадағалаушы органның ғана құқығы бар…» – деген жауабы сол күмәнімізді растады.

Сонда не, кезінде Қоғам жариялы ретінде танысып, қолдануға берген ақпараттар, жылумен жабдықтаумен Кәсіпорын айналыса бастаған 2015 жылдан бері қандай заңның негізінде құпияға жатқызылған. Егер оны ақиқат десек, онда тұтынушылардың қандай жылу алғандары мен алатыны, ақыны не үшін төлейтіні де құпия болады ма?

Біздің көп жылғы зерттеуімізде болған және қаланың бұрынғы үш ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер, балалар бақшалары, мектептер мен басқа да қоғамдық орындарда, жылудың сандық және сапалық параметрлері 25-30 пайыз кем екені тексеру актілерімен және орнында көрумен расталған. Олардың кейбіреулері сот шешімдерімен дәлелденген.

Соның салдарынан салқын, ауасының дымқылдығы қалыптағыдан артқан, есік-терезелерін ашпай тұмшаланған бөлмелердегі ауа алмасуы жоқ пәтерлер қабырғалары көгеріп, зең басқаны туралы түзілген актілер мен фотосуреттер талап-арыздар жинақталып, іс қараған соттардың назарына ұсынылған.

Ондай «кіші крематорий» деуге болатын жағдайда тұратын адамдардың, әсіресе өмірінің 85-90 пайызы қозғалуы шектелген пәтер ішінде өткізетін нәрестелер, жас сәбилер, мүгедектер мен қарттардың денсаулықтарына зиян тиіп, әртүрлі созылмалы, аллергиялық және қатерлі ауруларға шалдығулары мүмкіндігін медицина мен санитарлық-гигиеналық саласының мекемелері өз анықтамаларында көрсеткен.

Оларда және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының арнайы бюллетендерінде, дымқылдығы артқан салқын ауаның алмаспай, көмір қышқыл газ бен органикалық заттардың көбеюінен пайда болған зеңнен бөлінетін саңырауқұлақтар (грибок) мен улы заттар адамның қорғаныс иммунитетін әлсіретіп, жүйкесін жұқартады. Тыныс алу жолдарын қабындырып, қозғалу-тірек органдарын, жүрек-қан тамырларын ауруға шалдықтырады. Өте қауіпті өзге де ауруларды қоздырып, сүйек майларына дейін сіңіп кетеді. Шошқа безгегі (лихорадка), өкпе ауруына шалдықтырып, бауыр рагына соқтыруы мүмкін. Жүкті әйелдердің жалпы ағзасы мен қаны арқылы бойына біткен нәрестеге өтіп, зиян тигізуі де мүмкін деген.

Бұларды қарапайым халықтың бәрі біле бермегенмен, оның өмірі мен денсаулығын қорғау, қалыпты жағдайда жұмыс істеп тынығуына, өсіп-өнуіне қолайлы, қажетті және жеткілікті жағдай жасау міндеттеріне ендірілген мемлекеттік органдар, мекемелер мен кәсіпорындар басшылары, әсіресе жоғары лауазымды қызметкерлері білуге міндетті. Білмесе үйренулері тиіс деп есептейміз. Ал, жоғары қадағалаушы орган-прокуратуралар мен соттар дауласушы тараптардың жылуға қатысты арыз-шағымдары мен талап -тілектерін қарағанда осыларды ескергендері жөн. Ол мемлекет пен оның байлығының ең жоғарғы қайнар көзі мен күш-қуаты, қорғаны-халықтың қамын ойлағандары болар еді. Сондай салқын пәтерін газ пешін жағып жылытуға мәжбүр болған жас ананың, екі сәбиімен уланып, облыстық токсикологиялық орталығының жансақтау бөліміне түскені белгілі.

ҚЫСТАҒЫ «ҚҰТЫРУ» МА? ЖОҚ, ӘЛДЕ…

Осындай жағдайдың орын алуына, стандарт пен соның негізінде қабылданған және қолданысқа ендірілген ҚҚжЕ бола тұра, Қоғамның әрекет етуі Ресей мен Қазақстанда 1992 жылғы 1 қаңтарда тоқтатылған ҚҚжЕ 02.04-05-86 қалыптарын қолдануы себеп болуда.

Жоғарыда аталған Мемлекетаралық стандарт пен соның негізінде қабылданып, қолданысқа ендірілген ҚҚжЕ мен басқа да ресми құжаттарда біздің Оңтүстіктегі Шымкент қаласы үшін жылыту маусымындағы сыртқы ауанын орташа есептік температурасы плюс(+) 1,4°С және ең төменгісі минус (-) 17°С қабылданған.

Жылу сыртқы ауаның температурасы плюс(+) 8°С болып, бес күндей және одан әрі тұрақтағанда тұтынушыларға 68°С-де беріліп, 53°С болып қайтуын қалыптастырып, ол туралы акт түзілуі міндетті нәрсе.

Бұл сол кездегі жылу тасымалдаушы судың температурасы мен қысымы көрсеткіштерінің мөлшерін үй-іші ауасының жарамды орташа температурасы 20°С — 26°С болуын қамтамасыз ететін 0,103 Гкал/м2 жылу энергиясын беріп, одан кейін сыртқы ауа температурасының төмендеуіне тура пропорционалды көтеріле түсуі тиіс. Себебі, технологиялық қажеттілік болмаған құрылыс жайлар мен тұрған үйлер пайдалануға жаңадан берілген, яғни адамдар қоныстанбаған немесе уақытша тұрмайтын пәтердің оңтайлы (оптимальный) орташа температурасы жатын бөлмелерде 20-22°С, ваннада 24-26°С, дәретханада 19-21°С болуын қамтамасыз ететін 0,103 Гкал/м2 жылу энергиясын беру міндеттелген.

Ол бұдан кейін 28°С-ге дейін жетуі мүмкін де, пәтеріші мен бөлмелердің есік-терезелерін ашып, ауасын алмастырып тұрумен қалыпты жылылықты реттеуге мүмкіндік береді. Ал, Қоғам басшылығы «Южгражданпроект» АҚ 1998 жылы есептен шығарған 0,094 Г кал /м2 жылу энергиясын беріп, тұрғын жайлар ауасының орташа шекті (допустимый) температурасын 18°С-ді қамтамасыз ететін қалыптарды Шымкент қаласы әкімінің 2010 жылғы 11 қарашадағы №1818 қаулысымен бекітіп, заңдастырып алған. Қазіргі кәсіпорын басшылығы да сол үрдісті ұстанып, жеке және заңды тұлғаларды жылумен және ыстық сумен жабдықтау туралы «Келісім шартына» енгізген (4.2.2.- бөлімін қараңыз), яғни стандартты бұзып келген.

Оның Қазақстанда 1999 жылғы 3 қаңтар күні қабылданған және қолданысқа ендірілген мемлекетаралық Стандартты бұзу екенін көрсетіп, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ОҚО бойынша департаментіне арыз түсіргенбіз (2009 жыл 18 тамыз). Соған байланысты, департамент талапты бұзған Қоғамның жылуды тұрмыстық мақсатта тұтынатын жеке тұлғалардың пайдасына 56044152 теңге өндіру туралы нұсқама берген (2009 жыл 24 қыркүйек күнгі №110).

Қоғамның онымен келіспегеніне қатысты Департаменттің талап арызын қараған ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қанағаттандырған (2009 жыл 25 желтоқсан). Қоғамның оған аппеляциялық шағымын ОҚО азаматтық іс бойынша коллегиясы қанағаттандырғысыз, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған (2010 жыл 17 ақпан). Ол бүгінге дейін заңды күшінде, сондықтан Кәсіпорынның 0,094 Гкал/м^2 жылу энергиясын бергені заңсыз деп танылуы тиіс деп есептейміз.

Қоғам мен Кәсіпорын жылу тасымалдаушы судың беру және кері қайту температураларын, шамамен тиісінше орташа 50-53°С және 40-45°С-де ұстайды, яғни 25 пайыз кем беріліп, 20 пайыз кем қайтады деген сөз.

Қысымның берілуі мен қайту параметрлерінің есептік көрсеткіші біздің Темірлан тас жолы, №34 үйге ρ1 –7,0 атм. және ρ2 -1,7 атм. есептеліп, айырмасы (7,0–1,7) = 5,3 атмосфера болуы анықталған. Қысымның берілуі мен қайтуындағы айырмашылығының сондай болуы, біздің пәтерлеріміздегі батареяларға жеткізілген жылу тасымалдаушы судың тиісті температура, жылдамдық пен көлемде ТЭЦ-3–тің жылыту қазандықтарына кері оралуын қамтамасыз етуі тиіс.

Олар біздің үйге шын мәнінде қысымның берілуін орташа ρ1 -5,6 атм. және кері қайтуын ρ2 -5,0 атм. мөлшерінде ұстайды, яғни 20 пайыз кем беріліп, қайтуын 70 пайызға тежейді. Бұл онсыз да кем берілген жылу тасымалдаушы судың айналымын бірнеше есеге кемітеді, яғни жылу энергиясы соларға пропорционалды кем беріледі.

Бұларға қосымша құбыраралық сору құбырларының ернемегінде болуға тиісті бекіту қалақшасын (блин) қоймай немесе «шайба» қолданып, беру және қайту қысымдарының айырмасы өте аз судың тұтынушыға толық жетпей, араластыру құбырымен кері кетуіне соқтыратын жағдайлар да кездеседі.

ЖАЛҒАНДЫҚ ДЕРТ

Халқын алдап қанаған,

Өзі мен елін жалмаған.

 Мақал.

Келесі, үлкен дау туындататын нәрсе – Қоғам мен Кәсіпорын талап арыздары қаралған соттарда:

– көлденең, тік құбырларың, жылыту қондырғыларың (батареяларың) бітеліп қалған:

– оларды механикалық жолмен тазалаңдар немесе ауыстырыңдар;

– біз жылу тасымалдаушы суды басқару торабы – элеватордың бірінші ернемегіне дейін жеткізіп беруге міндеттіміз. Одан ары қарайғысына жауап бермейміз. Себебі, үй сенің жеке меншігің; – дегенмен тағы басқа жәйттер.

Егер, Сіз жылу сапасына шағым түсірсеңіз немесе қоғамның ақыны сот тәртібімен мәжбүрлеп өндіріп алуда дәлелдемелік құжат ретінде ұсыну үшін, оның қызметкерлері Сіздің немесе көршіңіздің пәтеріңізге келеді. Сөйтіп оның ауасының температурасын тексеру қажет дейді. Немесе батареяңа жылу келіп тұр ма? Пәтерің жылы ма? Жылуға шағымың бар ма? – деген байқау-сынау сұрақтарын қояды.

Мұндай тексерулерді Қоғам мен Кәсіпорын қызметкерлері әдетте күннің ашық әрі жылы мезгілдерінде жүргізуге әрекет жасайды.

Мемлекетаралық стандартта суық мерзімдегі пәтер ішінің микроклиматының параметрлерін сыртқы ауаның температурасы (-) 5°С –ден жоғары емес кезде жүргізу керек. Тәуліктің жарық кезіндегі бұлтсыз ашық мезгілде өлшеуге жол берілмейтіні көрсетілген.

Егер көршілеріңіз «Иә» деген оң жауап берсе, «онда мынаған қол қойып беріңіз» деп алдын-ала дайындалған актіге қол қойдырып алады. Мұндай арамзалық айламен асырылған амалдардың біразы анықталған деректер бар. Сондықтан, жылу энергиясының қалыптағыдай берілуін анықтайтын басты фактор – жылу басқару торабына берілген және кері қайтқан жылу тасымалдаушы судың температурасы мен қысымы. Оларды орнында, яғни жылуды реттеуші элеваторда тексеріп анықталғандағы көрсеткіштер, оны растайтын тексеру акті екі данада түзіліп, оның бір данасы Сізге берілуі тиіс.

Сізді негізсіз ақы төлеуге және мәжбүрлеп өндіруге тартатын сотта қорғайтын да осы құжат болады.

Шымкенттегі көпқабатты үйлердегі пәтерлер ауасы температурасының 18°С немесе одан жоғары болғанында Қоғам мен Кәсіпорын берген мардымсыз жылудың ешқандай еңбегі жоқ. Ол Сіздің өзіңіз бен отбасы мүшелері ағзаларының, газ немесе электр плиткалар, шамдар, үтіктер мен басқа да жылу көздерінің, сонымен қатар Оңтүстіктің шуақты күн қызуының нәтижесі.

Дауласушы тараптардың талап арыздарын қараған Шымкент қаласының бұрынғы Абай, әл-Фараби, Еңбекші аудандарының соттары, жылу энергиясын беруге қатысты мәселелерді қарағанда, оларды орнында көріп тексеретін, бейтарап жұмысшы комиссиясын құруды сұранған өтініштерімізді қараусыз және қанағаттандырусыз қалдырған.

АҚИҚАТ ЕМ

Адалды азғырсаң да,

Арсыз ете алмайсың.

 Мақал.

Тек сенімхаты бойынша мен өкілдік еткен Шымкент қаласы, Майлықожа көшесі 21 үй 47 пәтерінің тұрғыны Т.Д.Звонарьеваның әл-Фараби аудандық сотының шешіміне апелляциялық шағымын қараған облыстық соттың судьясы А.С.Қалдарова ғана тәуелсіз жұмысшы комиссия құруға пәрмен берді.

Қоғам қызметкерлері қатысқан топ талапкердің пәтеріне қатысты тік және көлденең құбырларындағы тиісті реттегіш тетіктерді ашып-жауып, аталған пәтер құбырлары мен батареялардың бітелмегендеріне, яғни су айналымының қалыптылығына көздерін жеткізді. Соның нәтижесінде, Қоғамның Т.Звонарьеваны көлденең, тік құбырларың мен батареяларың бітеліп қалған. Сол себепті пәтеріңе жылу тасымалдаушы жетпейді, – деп оның өзін кінәлағаны негізсіз екені дәлелденді. Сондықтан, судья А.Қалдарова, А.Звонарьевадан жылу үшін ақыны толық көлемде өндіру туралы аудандық соттың шешімін өзгертіп, талапкердің шағымын ішінара қанағаттандырды, яғни, оның өзі төлеймін деген бөлігін ғана қалдырды. Қалған сомасын Қоғамның талап етуіне тыйым салды.

Содан кейін біздің сондай комиссия құру туралы арыз-шағымдарымыз Шымкент қаласының әкімдігі, аудандардың прокуратуралары мен соттары тарапынан қолдау таппады, кейбіреулері қараусыз қалды.

Тегеурінді түрде талап етуімізді тоқтатпаған соң, «арызыңызда көтерілген мәселелер бойынша арнайы комиссия құрудың қажеттілігі жоқ (Қалмырзаев 2010 жылғы 17 мамырда №К-2678 хат алдық).

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ОҚО бойынша департаменті жанында, оның қызметкерлері, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен партиялар өкілдерінің қатысуымен, азаматтардың өтініштерін қарау бойынша комиссияның алқасы жұмыс істеуде (облыстық прокуратураның 2010 жылғы 23 қарашадағы №7/46-10 хаты), – деген жауаптар берді.

Әрине, біз департамент жанынан комиссияның құрылғанына және жұмыс істейтіндеріне күмән келтірмейміз. Мәселе, тек олардың қараған арыз-шағымдарына байланысты, жылу тасымалдаушы судың берілу қысымы мен температура параметрлерін, біз сияқты арызданушының үйі жағдайында орнына барып тексеріп көрді ма? Онда анықталған параметрлерді, сол кездегі сыртқы ауаның температурасына байланысты берілуге тиісті есептік көрсеткішімен салыстырып, сәйкестігін анықтады ма? Жоқ, әлде… , – дегенде болып тұр ғой.

ЗИЯНКЕСТІК ПЕН ЗЫМИЯНДЫҚ

Жылуаралық жазға жеті ай мерзімде Қоғам үй-ішілік жылу жүйелерінде болуға және жай айналымда тұруға тиісті судың барлығын ТЭЦ-3 қазандығына қарай тартып алып, өзінің басқа мұқтаждықтарына жұмсайды. Оны растайтын бірнеше актілер түзілгені белгілі.

Содан бос қалған, іші дымқыл, сырты жылы темір құбырлардың ішкі беті мен сыртынан бірдей тотығып, қабыршақтану процесінің еселеп артатыны ғылымнан белгілі.

Мұндай жағдайлардағы үй-ішілік жылу жүйелері құбырлары мен батареялар, тік және көлденең құбырлардың ішкі бетінде тотықтар, кристалды қабыршақтар мен басқа да үгітінділер пайда болады. Алдын ала пневмогидравликалық жолменен жуылып тазаланбағандықтан, жылу беруді бастағанда, олар жылу тасымалдаушы судың ағу бағытымен, алдымен көлденең құбырларға, одан кейін тік құбырлардың қиылысу нүктелері мен вентилдеріне, ең соңында батареяларға жинақталады.

Бұларды жасыру тек өндірістік технологияны бұзу, жылу тұтынушылар мен құзыретті мемлекеттік бақылаушы, қадағалаушы және сот органдарын адастыру ғана емес, «халық шаруашылығына жасаған зиянкестік» деп есептеуге болатын құбылыс.

Уақыт өте келе олар нығыздалып, құбырлар мен батареялардың ішкі қабырғаларымен біте қайнап, біртұтас монолитке айналады. Оны пневмогидравликалық жолмен жуу түгілі механикалық тәсілмен тазалау мүмкін емес. Сондықтан оларды тек кесіп алып тастау керек. Мұндай жағдайда жаңадан ауыстырылған үйішілік жылу құбырлары мен батареялардың өздері әрі кетсе үш-төрт жылда қайтадан толығымен бітеледі.

Осылардың бәрін Қоғам мен Кәсіпорын басшылары, бас инженерлері мен қатардағы қызметкерлеріне дейін біледі. Бірақ, олар «біле тұра …» бәріне тұтынушыларды кінәлайды. Сөйтіп, оларды жауапкершілікке тартып, бірінші сатыдағы соттарға өз уәждерін «өткізіп», істі өз пайдаларына шешім қабылдатуға қол жеткізеді. Оларға жасалған шағымдарға жоғарғы сатыдағы соттар мен қадағалаушы органдарға шағымдану – бос әурешілік. Себебі олар: «Бірінші сатыдағы сот шешімі заңды. Оны бұзуға немесе наразылық келтіруге негіздер жоқ», – деген сияқты жауаптар беретіні тәжірибеден белгілі.

ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 7 желтоқсандағы №1822 қаулысымен бекітілген «Коммуналдық қызмет ережесіне» сәйкес жылу қуаты тараптардың пайдалану жауапкершілігінің бөлу шекаралары екі жаққа басқару жүйесін бөлетін соңғы ернемегі (фланец) болып табылатын. Қоғам оны «бірінші ернемек» деп көрсете тұра, соттарда қаралған істерде ұтып шығатын.

Біздің арыз-шағымдарымызға байланысты талқылауда Шымкент қаласының әкімдігі оның «соңғы ернемек» екенін мойындап, растаған (2010 жылғы 17 мамыр күнгі шығарған № К-2678 хаты).

Кімдердің ықпалымен және қандай мақсатта екені белгісіз, ҚР Үкіметінің жоғарыда аталған қаулысының және Энергетика министрінің бұрынғы бұйрығының нұсқаларының күштерін жойып, «көппәтерлі тұрғын үйлерде басқару торабының (элеватордың) кіру ысырмасының бірінші бөлу фланцы энергия көзі жағынан анықталады» дегенді бекіткен (03.03.2019 жылғы №30–05/жт–к–41//к–359–ж).

Соны басшылыққа алған Қоғам мен Кәсіпорын басшылығы «Жеке және заңды тұлғаларды жылумен және ыстық сумен жабдықтау туралы» Келісім шарты мен басқа да түсіндірулерінде:

— жеткізуші теңгерімділік тиесілігі және пайдалану жауапкершілігі шекарасынан кейінгі орналасқан желілеріндегі жылу қуатының және ыстық судың сапасыз берілуіне… жауапты болмайды;

— жылу тасымалдаушы судың бірінші ернемегінен кейінгі параметрлері көрсеткіштерінің төмендеуіне, яғни жылу энергиясы сапасының нашарлауына жауап бермейді, – дегендерді қолданады.

Осыдан барып, жоғарыда келтірілгендей, мемлекетаралық стандарттың, Қазақстан Республикасы заңнамаларының және басқа қағидаттардың бұзылып, жылу беруші мен оны тұтынушылардың арасындағы түсініспеушіліктер, мардымсыз қызмет үшін ақы төлеуден бас тартулар, сотталулар мен автономды жылу жүйесіне көшулер орын алып, үдеп барады деуге негіздер бар. Сондықтан Қоғам мен Кәсіпорынның қолданыстағы стандарттарды, заңдарды бұзулары, сонымен қатар «соңғы фланецті» «бірінші фланец» деп қалпына келтіру мәселесі Жоғары қадағалаушы прокуратура органдары, ҚР Үкіметінің және Энергетика министрлігінің тарапынан зерттеліп, анықталып, тиісті шешімдер қабылданатын жәйт болу керек деп есептейміз.

Жалпы, бүкіләлемдік тәжірибеде кез келген адамдар тобы, қауымдастығы, қоғамы мен мемлекетінің қабылдаған және қолданыстағы Тәртібі, Қалыбы, Қағидаты, Жарғысы мен Заңдарын өрескел, қайта-қайта бұзған мүшесі немесе азаматы тиісті ескертуін алады, оған да көнбесе қатаң жазаланады. Кейде ортадан қуылатын кездері де болады. Онсыз олар босаңсып, қожырап, ыдырап, бөлшектеніп, «жойылып» та кетуі мүмкін. Мысалы, автокөлік жүргізудің Халықаралық ережесін алайық. Оны қасақананы былай қойғанда, мәжбүрлі түрде кездейсоқ бұзғанның өзінде, жүргізуші тиісті жауапкершілікке тартылады.

Дәл сол сияқты Қазақстан қатысушысы болған және өзінде қолданысқа ендірген, жоғарыда аталған жылуға қатысты мемлекетаралық стандартты және оның негізінде қабылданған ҚҚжЕ-ді 1999 жылғы 3 қаңтардан бері бұзып келген Қоғам мен Кәсіпорын неге тиісті жауапкершілікке тартылмайды?

Мұның себебі мен салдарынан тиісті жылу энергиясын алмағандықтан, тұтынушылардың денсаулықтарына зиян тигізгені немесе өміріне қатер төндіргені, солай бола тұра негізсіз және сот тәртібімен мәжбүрлеп өндірілуі заңды ма? Жоқ, әлде: «Стандарт бұзылуда, жылу берушілер «құтыруда», ал оны тиісті мөлшерде алмаған тұтынушылар денсаулығынан айырылып, ақшадан ұтылуда», – деп «әндетіп» жүре береміз бе деген және басқа да сұрақтар туындайды.

Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *