«ПОЛИЦИЯ ЖҰМЫСЫНЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ – ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ»

Қоғам Құқық
1 399 Views

Алмас Балтабайұлы ӘМЗЕЕВ, Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі:

«ПОЛИЦИЯ ЖҰМЫСЫНЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ – ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ»

Тәуелсіз еліміздің іргесін бекітіп, қауіпсіздігінарттырудағы мәні зор құрылымның бірі – Ішкі істер органдары. Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасызететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсібибіліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта береді.

УАҚЫТПЕН САНАСПАЙ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Балтабайұлы Әмзеев.

Ішкі істер органдарында 27 жылдан бері еселі еңбек етіп келе жатқан полковник мегаполис халқының тыныштығы мен қауіпсіздігінің күзетіндегі қорғаушыларымыздың жауапкершілігі, кәсіби деңгейі мен біліктілігі, олардың жүктемесі жөнінде айтқан еді.

«Өздеріңіз білесіздер, Шымкент республикалық маңызы бар қала ретінде 2018 жылы құрылды. Шымкент қаласының Полициясы сол кезден бастап жеке Департамент болып қалыптасты.

Біздің Департаментте бүгінде 2,5 мыңнан астам қызметкер бар. Халықтың санына шаққанда біздің әріптестерімізде жүктеме өте жоғары. Өзіңіз ойлаңыз, Шымкентте ресми түрде миллионнан аса тұрғын бар. Оған қоса, Түркістан облысының қалаға жақын аумақтағы тұрғындардың барлығы күнделікті жұмысқа осы жаққа келеді. Жастар осында білім алады. Сенбі-жексенбі күндері сауда немесе басқа да шаруамен жақын аймақ тұрғындары Шымкентке ағылады. Мереке күндері, кешкі уақыттары да ойын-сауық орталықтары мен демалыс орындары үшін халық қалаға қарай асығады.

Әкімшілік, басқа да мемлекеттік органдар тарапынан үлкен мерекелік, спорттық, көпшілік шаралар ұйымдастырылғанда тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау мен қорғау, әрине, полиция қызметкерлеріне жүктеледі. Халық ағыны көп мегаполисте сондықтан қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері уақытпен санаспай қызмет етеді. Барлығы да адам ресурстарына байланысты болғандықтан, біздің қызметкерлеріміз үнемі екі есе ауыртпашылықпен жұмыс істеп келеді», — дейді полковник.

ЖҰМЫСЫНА АДАЛ, ЖАУАПКЕРШІЛІГІНЕ БЕРІК

Расында, жылдың қай мезгілі, тәуліктің қай сағаты болмасын, оғаш жағдай мен тосын оқиғаға, басбұзарлық немесе заңбұзушылыққа тап болса тұрғындар жанынан ең алдымен полиция қызметкері табылатыны рас. Уақытпен санаспай еңбек ету ет пен сүйектен жаратылған, тәуліктің үштен бірін тынығуға арнауға тиіс адам үшін оңай емес.

«Әрине, мұндай жүктеменің салдары жұмыстың көрсеткішіне, қызметкерлердің жеке тәртібіне әсер ететіні сөзсіз. Себебі артық жүктемемен жұмыс істегендіктен шаршайды, адам түгілі темір де тозады ғой, олардың отбасы бар, отбасылық мәселелер деген болады, осының барлығы түптеп келгенде қызмет сапасына кері әсер етпеу үшін, өкінішті салдарға әкеліп соқпау үшін жұмыстар атқарамыз. Полиция қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалу мәселелері, ұжымдағы моральдық-психологиялық климатты дұрыс қамтамасыз ету, оны дұрыс бағытқа қою мәселесі қашанда маңызды», — деп еске салады Шымкент қаласы Полиция Департаменті бастығының орынбасары, полковник А. Әмзеев.

Айта кетейік, Шымкент Полиция Департаментіндегі кадр жұмысының қызметі, полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығы тікелей полковник А.Әмзеевтің жетекшілігінде. Оған қоса полиция қызметкерлерінің тәрбие, тәртібі мәселесіне де жауапты. Департаменттің тәртіптік комиссиясына төрағалық етеді. Департамент жанындағы Ардагерлер кеңесімен тығыз байланыста болып, ішкі істер органдары қатарынан зейнеткерлікке шыққан ардагерлермен жұмысты ұйымдастыру мен үйлестіру де полковник А. Әмзеевке жүктелген. Сондықтан Қазақ полициясының бүгінгі бет-бейнесі, кәсіби деңгейі мен біліктілігі, олардың сырт көзге көріне бермес ауыртпашылығы мен арқалаған жүгі жайлы одан артық білетін жан жоқ десек жарасады. Тыным таптырмас тіршілікте әрбір әріптесіне бір сәт те босаңсуға ерік бермейтін жігер мен рух беру, қиын сәттерде оларды қолдап, демеу болу осы офицердің жауапкершілігінде.

«Ішкі істер органдары – мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Біздің әр қызметкер, егер ол өзін осы салаға арнаған болса, полицияда қызмет етуді үлкен мақтаныш, үлкен абырой санау керек. Себебі, қарапайым тілмен айтсақ, біздің қызметіміз – сауапты тірлік. Бізде ешкім жеке басының, болмаса өзге біреудің мүддесін күйттемейді. Полиция қызметкері әрдайым халықтың қауіпсіздігін сақтау, халықтың меншігін сақтау, қоғамдық тыныштық пен тәртіпті сақтауға байланысты жұмыстарды атқарады. Бұл – саладағы қиындығы мен қызығына қоса қауіп-қатері бірге жүретін қызмет.

Полицияның халыққа қажеттілігі кешегі қаңтар оқиғасы кезінде қатты білінді. Өздеріңіз білесіздер, бүкіл Қазақстан бойынша орын алған жаппай заңсыз шеру кезінде Шымкент қаласында да тәртіпсіздіктер орын алды, біраз мүлік бүлінді, материалдық шығындар келтірілді. Осы кезде Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жағдайды бір қалыпқа келтіргенше уақытпен санаспай, күндіз-түні қызмет атқарды. Халықтың тыныштығы, елдің амандығы үшін әр әріптесіміз басын қауіп-қатерге тікті.

Тарихта «Ел басына күн туғанда» дейтін сәттер болған. Адамның адамдығы, еліне деген құрметі, Отанына деген адалдығы сыналатын тұс. Қаңтар оқиғасы біздің тәуелсіз еліміздің тарихында осындай сын сәт ретінде қалады. Сол сын сағаттың негізгі ауыртпашылығы, салмағы полиция қызметкерлеріне жүктелгені жасырын емес. Осы тұста Шымкент Полиция Департаменті қызметкерлерінің өз жұмысына деген жауапкершілігін, қызметіне деген адалдығын, Отанына деген құрметін, ел тыныштығы үшін қашанда сапта тұруға, алдыңғы шепте жүруге әзір екенін көрсеткенін мен мақтанышпен айта аламын. Қаңтардағы жаппай заңсыз шерулер кезінде ем алып жатқан, кезекті еңбек демалысында жүрген полиция қызметкерлері жағдайды ести сала өздері қызметке келіп, міндетін атқаруға кіріскен жағдайлар көп. Біз ол қызметкерлерге өте риза болдық. Біздің қатарымыздағы әрбір қызметкеріміз өз міндетін осылай терең түсінеді, артылған сенімді біледі, жауапкершілік үдесінен шығады. Сондай өзінің жұмысына адал, жауапкершілігіне берік әріптестеріміздің арқасында біз ел тыныштығын сақтап және қорғай алдық. Қаңтар оқиғасы кезінде өзге өңірлермен салыстырғанда Шымкентте қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде сақталды деп айта аламыз». Сұхбат барысында полиция полковнигі Алмас Әмзеев осылай дейді.

ХАЛЫҚ ПОЛИЦИЯНЫ ҚОРҒАУШЫ, КӨМЕКШІ СЕЗІНУІ ТИІС

Айта кетейік, қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте 50-ден аса полиция қызметкері әр түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Сол бір тұста арандатушылардың айтағына ерген ашулы адамдар қолына түскен заттың бәрін қару ретінде қолданғаны белгілі. Тас, темір, кірпіш, бөтелке… Әрине, атыс қаруы да болды. Сәйкесінде полиция қызметкерлерінің дене жарақаты да әртүрлі.

Екі полицей ауыр жарақат алған. «Бір қызметкерімізді автокөлікпен қасақана қағып кеткен. Екіншісіне атыс қаруынан оқ тиді. Олар әлі ем алып жатыр. Қатарымызға қосылып кетеді деген үмітіміз бар. Денсаулығы қалыпқа келгенше біздің Ішкі істер министрлігінің медициналық мекемелері бар, солардың қадағалауында болады. Ем-дом шаралары толығымен тегін. Министрлік тарапынан дене жарақатын алған қызметкерлердің барлығына Қазақстанның емдеу-сауықтыру орындарына жолдамалар берілді.

Сонымен бірге жаппай тәртіпсіздіктер кезінде дене жарақатын алған қызметкерлерге жарақат дәрежесіне байланысты министрлік деңгейінде өтемақы төлеу мәселесі қаралған. Өзіміздің тарапымыздан Алғыс айту күнінде олардың отбасына, ата-аналарына барып, алғыс айттық. Емдеу мекемелерінде жатқан қызметкерлерге де кіріп шықтық. Шымкент Полиция Департаменті әрбір қызметкерге осылай моральдық тұрғыда да қолдау мен көмек білдіріп отырады», — дейді басшы орынбасары.

Бүгінде құқық қорғау органдарында оңтайландыру шаралары жүріп жатыр. Азаматтармен жұртқа жақын полиция деген қағида енгізілді. Шымкент қаласы Полиция Департаментінде бұл мәселе жөнінен қандай жұмыстар атқарылып жатыр? А. Әмзеев бұл жайлы былай дейді:

«Оңтайландыру жұмыстары — әсіресе халықпен тығыз, жиі қарым-қатынаста болатын учаскелік полиция инспекторлары мен жергілікті полиция қызметіне қатысты. Біздің қызметке баға негізгі осы жоғарыда аталған екі сала қызметкерлеріне қатысты беріледі. Патрульдік полиция мен учаскелік полицияның жұртқа жақын болуы үшін тап осы екі бағыт қызметкерлерге назар аударылады, халықпен тығыз қарым-қатынаста болуды тап солардан талап етеміз.

Біздің полиция қызметкерлері алдына арыз-шағыммен келген жан, өзіне қатысты болмаса да кез келген жағдайда көмекке мұқтаж адам көретін болса, оған міндетті уақыт бөліп, мәселесін тыңдап, қолұшын беруге міндетті. Тиісті жеріне жеткізіп тастау, кеңесін беруден бас тартпауы керек. Біз осыны талап етеміз. Халық полицияны қорғаушы, көмекші сезінуі, солай деп білуі тиіс. Жұртқа жақын полиция дегендегі мақсатымыз осы.

Қазір барлық полиция басқармаларының алдында фронт-офистер ашылған. Қандай да бір мәселе, арыз-шағыммен келген, қатардағы қызметкер немесе басшы құраммен кездесуім керек деген халықты күттірмеу үшін фронт-офисте кезекшілер отырады. Олар келушіге жауап беретін тиісті маманды шақырып береді. Бір жағы, фронт-офистер келушілер полиция ғимаратында өзін жайсыз, қолайсыз сезінбеуі үшін де қолайлы етіп жасақталған. Ол күнделікті таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін жұмыс уақытында істейді. Қалған уақытта біздің кезекшілер тәулік көлемінде кезекшілік етеді. Сосын тәулік бойы жұмыс істейтін 102 нөмірі бар».

ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ФОРМА КИЕТІН КҮН ЖАҚЫН

Қазақстан полициясы жаңа үлгідегі киімге көшетіні белгілі. Шымкент көшелерінде де жаңа формадағы полиция қызметкерін көретін күн алыс емес. Бұл да оңтайландыруға қатысты жасалып жатқан нәрсе.

«Бұл заман талабына сай, уақыттың өзі көрсетіп берген түзетулерінің арқасында келген ой. Күнделікті жұмыс барысында келген бастама.

Жақын арада Шымкент полиция қызметкерлері жаңа формаға көшеді. Ол қандай болады? Бастысы – ол ыңғайлы. Біз ең бірінші – сыртқы – халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын қызметкерлерді киіндіреміз. Олар күнделікті жұмыс барысында көлікке отырады, тұрады, қылмыскерді қуады, халық арасында жүреді, тәртіп бұзушыны ұстайды, зат көтеруі мүмкін, түрлі жағдайлар болады. Үстіндегі киімі соған сай қолайлы, ыңғайлы болуы тиіс. Өзімен бірге алып жүретін арнайы құралдары барлығы ілініп тұратын болуы керек.

Бас киім де, аяқ киім де жұмыс барысында қолайлы болуына баса назар аударылған. Енді полиция қызметкерлері баяғыдай фуражка емес, бейсболкаға ұқсас бас киім, аяғына үшкір туфли емес, кроссовки тектес аяқ киім киеді. Бастысы, белдемеде өзінің қажетті құралдарын қоятын орындары болады.

Жаңа формамен ең бірінші учаскелік және мектеп инспекторлары, патрульдік полиция қызметкерлері қамтылады. Бір айдың ішінде Шымкент Полиция қызметкерлерін жаңа киім үлгісінде көресіздер».

Сөз арасында Алмас Балтабайұлына әлеуметтік желілерге мониторинг жасау, жас кадрларды бейімдеу, ардагерлерді үлгі тұту мен құрмет көрсету мәселесі жөнінде сұрақтар қойдық. Полковник Алмас Балтабайұлы жыл сайын зейнеткерлікке шығып жатқан әрбір полиция қызметкерінің еңбегі орасан екенін еске салды.

«Осы департаментті басқарған, жалпы барлық полиция қызметкерлерінің, соның ішінде әсіресе біздің – Шымкент полициясының мақтанышы – кадрлар соған қарап түзелетін генералдарымыз бар. Арамызда жүр. Олар Сұлтанов Жеңісбай Әбдікерімұлы және Оразалиев Молдияр Молыбайұлы. Шымкенттің ғана емес, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы полициясының қалыптасуына елеулі үлес қосқан ағаларымыз бүгінгі таңда зейнеткерлікте. Осы ағаларымыздың өмір жолы, атқарған қызметтері, өздерінің анттарына адалдығы, жұмыс атқару стилі тұнып тұрған үлгі-өнеге. Біз жас кадрларға осы кісілерді үлгі етеміз. Өзіміз де әлі күнге дейін соларға қарап бой түзейміз.

Кеңес Үкіметі уақытында да Оңтүстіктен шыққан мықты генералдарымыз болды. Халменов Құлахмет Дүйсенбекұлы – өзіміздің жерлесіміз. Жалпы, ардагерлерге келетін болсақ, бізде өзімізде ішкі істер органдары мен ішкі әскер Ұлттық ұлан ардагерлерінің кеңесі бар. Зейнеткерлікке шыққан ардагерлерімізбен осы Кеңес арқылы үнемі және тығыз байланыстамыз. Бізде тәлімгерлік институты бар. Қатарымызға қосылған жас мамандарды тәрбиелеуде ардагерлердің қосып жатқан үлесі мол. Ол кісілер ешқашан аянған емес.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынбеков Сержан Оразұлы. Ол кісі осы департаменттің Оңтүстік Қазақстан облысы бас басқармасы бастығының кадр саласына жетекшілік жасаған орынбасары қызметінде зейнеткерлікке шыққан. Сондықтан біз осы кісімен тығыз байланыста ардагерлерді қоғамдық жұмысқа тартуға және жастарды тәрбиелеуге тартып отырмыз».

Қазақ полициясы – елдің қорғаны, қамқоршысы, тыныштығын күзетуші. Оны бәріміз білеміз және мойындаймыз. Бірақ полиция қызметкерлеріне соған сай лайықты құрмет көрсетіліп жүр ме? Бұл ретте полковниктің айтар ойы бар екен, көңілге қонды.

«Полицияның оң имиджін қалыптастыруға ерекше мән беру керек. Оған Үкіметтік деңгейде көңіл бөлген дұрыс. Полиция қызметкерлерінің еңбегі туралы кино түсіру мәселесі ойландырады. Жағымды образын қалыптастыратын әр түрлі көркем фильмдер керек. Детективті фильм түсіруге де болады. Баяғыда КСРО кезінде «Дядя Степа» деген мультфильм болатын. КСРО милициясын балаларға дейін сыйлатып, құрметтеуге шақыратын, үлкендердің өзі қызыға көретін, полиция қызметінің маңыздылығын баланың да санасына құятын мультфильм. Бізге осындай бастамалар ауадай қажет. Полиция – қорғаны екенін балалардың да санасына сіңіруіміз керек.

Маңызды бір мәселе — полиция қызметкерлерінің салтанатты мерекесіне Президент қатысып, құттықтауы біздер үшін маңызды. Жергілікті жерлерде жұмыс графигі қаншалықты тығыз болса да, әкімдер уақыт бөліп, қатысса дейміз. Полиция қызметкерлерінің мерейі үстем болуында мұның орны бөлек.

Полиция жөнінде кино, патриоттық әндер керек. Қоғамның бетін бері қарату үшін. Полиция өзінің қорғаны, досы екенін сезінетін, бүгінгі қоғамды жайлаған жағымсыз (негатив) көзқарастан арылтып, жаңашыл бетбұрысқа жетелейтін осындай бастамалар жасайтын уақыт келді.

Әрине, сәйкесінше, ішкі істер органдары қызметкерлері арасында да идеологиялық жұмыс әлсіремеуі керек. Осындай екіжақты бірлескен жұмыс нәтижесіз болмасы анық».

Р. ОРДАБЕК….

Полицияның жұмысы, олардың жауапкершілігі жайлы айтарымыз да, жазарымыз да көп. Қоғам тыныштығы үшін Ішкі істер органықызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстары орасан. Шымкент қаласы Полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі А. Әмзеевпен сұхбатбарысында осыны терең ұғындық. Сұхбатқа бөлінген бір сағатта сұрағымыз да,сұрарымыз да көп болды. Жазарымыз бұл ғана емес. Оны газетіміздің келесі нөмірінде оқитын боласыздар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *