«МАМАН БОЛ ДА, АДАМ БОЛ»

Тұлға
29 Views

Кей адамдар өміріңе кездейсоқ келеді. Ал кей адамдардың кездесуі – тағдырдың саған жасаған сыйы секілді. Бір қарағанда, ұстаз бен шәкірттің жолы университет қабырғасында тоғысып, сабақ біткен соң екі жаққа айырылатын сияқты көрінеді. Бірақ шын ұстаздың сабағы аудиторияның есігі жабылғанда аяқталмайды. Оның айтқан бір ауыз сөзі, жасаған бір жақсылығы, көрсеткен бір үлгісі шәкіртінің санасында жылдар бойы сақталады. Мен үшін сондай ұстаздың бірі – Сейдулла Садықұлы.

 

СТУДЕНТТІК ШАҚТЫҢ ЕСТЕЛІГІ

 

2009 жылы Алматыда мектеп бітіріп, киелі Түркістандағы университетке оқуға түстім. Алматының қарбалас тіршілігіне, өзім өскен ортаға үйренген мен үшін Түркістандағы алғашқы жыл оңай болған жоқ. Бәрі басқаша еді. Адамдардың түсінігі, ұстанымы, көзқарасы маған бірден түсінікті бола қоймады. Жергілікті түлектермен тіл табысудың өзі қиынға түсті. Бір сәттерде Алматыға қайта ауысуды ойлаған кездерім де болды. Бірақ адам өмірінде қиындықтың арасында жол көрсететін бір адам табылады екен.

Менің университеттегі алғашқы тіл табысқан адамдарымның бірі – Сейдулла ағай еді. Кейде адамға ұзақ ақылдың қажеті жоқ. Бір ауыз сөздің өзі жеткілікті. Маған да дәл сол кездерде ағайдың қолдау сөзі ғана керек еді. Өзімнің ойымнан ұялмай, өз таңдауым үшін жауап беруге болатынын түсіндім. Сәйкес келмейтін көзқарастар пен пікірлер, түсініктер үшін де өзімді жегідей жеудің қажеті жоғын түсіндім. Ұстаз деген ұғымның қадірі осындай сәттерде білінеді екен.

2010 жылы «Хабар» агенттігі ұйымдастыр­ған «Жастар жанары» байқауы өтіп жатты. Бір күні Сейдулла ағай мені өзіне шақырып алды. Байқаудың хабарландыруын көрсетіп:

– Қатысып көрші. Сенің қолыңнан жазу келеді, – деді.

Бір ай уақыт берілген екен. Не жазатынымды біраз ойландым. Ақыры туған нағашы ағамның, біз ата деп атайтын кісінің отбасылық өмірі туралы жазуды ұйғардым. Атамыздың сегіз қызы бар еді. Кенжесі – тоғызыншы перзенті ұл болды. Біздің әулет үшін бұл үлкен оқиға болатын. Оқиғаның өзінде бір әулеттің қуанышы, бір әкенің арманы, қыздар мен ұлдың арасындағы ерекше байланыс жатқандай көрінді.

Сөйтіп эссенің тақырыбы да ойыма бірден келді: «Сегіз сұлу, бір сері».

Тақырып өзіме ұнады. Өзгертпеймін деп шештім. Сюжетін ойлап жүріп, эссені жазып шықтым. Нәтижесінде бас жүлдені жеңіп алдым. Арнайы дипломмен бірге ақшалай жүлде де бұйырды. Кейін «Хабар» агенттігі осы эссенің желісі бойынша арнайы хабар түсіріп, нағашыларымның ауылына да барды. Ол – өз алдына бөлек әңгіме.

Ал мен үшін бұл жеңістің мәні басқада еді. Себебі менің бойымдағы қабілетті бірінші байқап, «қатысып көр» деп жол сілтеген адам – Сейдулла ағай болатын. Қуанышымды бірінші болып ағайға жеткіздім. Ол кісі тағы да әдеттегідей ақылын айтты:

– Ақшаңды жина, жаратпа. Алғашқы қомақты табысың, болашаққа инвестиция болсын, – деді.

Кейде өмірдегі үлкен нәрселердің ­бастауы өте қарапайым болады. Бір ауыз кеңес. Бір сәттік қолдау. Бір адамның сенімі.

2012 жыл. Біздің топ университеттегі ең алғыр, ең ұйымшыл топтардың бірі болды. Топта он түрік, сегіз қазақ студент оқитынбыз. Ұлтымыз бен шыққан ортамыз әртүрлі болғанымен, бәрімізді біріктірген бір дүние бар еді – студенттік достық. Ал бәріміз үшін ортақ бір нәрсе – Сейдулла ағайдың көңілін қалдырмауға тырысатынбыз. Ағайдың сабағы құрғақ теорияны жаттауға құрылған жоқ. Ол журналистикадағы өз жолынан мысал келтіретін. Баспасөздегі тәжірибесін айтып, көрген-білгенін бөлісетін. Журналист болудың сыртқы қызығына емес, ішкі жауапкершілігіне көбірек мән беретін.

«Маман бол да, адам бол» деген сөзі әлі күнге дейін есімізде.

Меніңше, бұл – бір пәннің бағдарламасына сыймайтын, бірақ өмірдің өзіне жететін үлкен сабақ. Бірде ағай үйге арнайы тапсырма берді. Бірақ ертеңіне ешқайсымыз орындамай келдік. Жастық қой. Еркелік бар, бұзықтық бар. Оның үстіне топ старостасы өзіммін.

– Ағайдың алдында ұят болғанша, бәріміз сабақтан қашып кетейік. Әрі кетсе аудитория­ны шатастырыппыз дерміз, – деп «ақыл» айттым.

Топтағылар да қолдай кетті.

Арамызда Салтанат деген қыз бар еді. Әжесінің тәрбиесін алған, өтірік айтуды жек көретін. Тіпті бірде оқытушы оған «бес» қоймақ болса, «Апай, маған төрт қойыңызшы, мен беске лайық емеспін» деп бәрімізді таңғалдырған.

Сол Салтанат біз кеткеннен кейін аудиторияға қайта кіріп, тақтаға:

«Ағай, бізді іздемеңіз, біз сабақтан қашып кеттік», – деп жазып кетіпті.

Ертеңіне ағай бәрімізді жинады. Әуелі қатты ренжіді. Біз де ұялып, қатты өкініп қалдық.

Біраздан соң ағайдың қабағы жазылып:

– Тентектер-ау, қашқан соң үндемей кетпейсіңдер ме? Тақтаға жазып кетіп, деканға дейін көрсетіп кетіпсіңдер ғой сырларыңды, – деп күліп алды.

Содан кейін сабақтан қашуды қойдық. Бұл – сырт көзге қарапайым ғана студенттік естелік. Бірақ жылдар өткен сайын сол оқиғаның мәні тереңдей түседі. Ұстаздың шәкіртке ренжуі де, кейін әзілмен түсіндіруі де – тәрбиенің бір түрі екен.

2013 жыл. Университет бітіруге жақындадық. Төрт жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бір кезде бейтаныс болып көрінген орта енді өз үйіңдей. Қатарластарың досқа, ұстаздарың жақын адамға айналған.

Мемлекеттік емтихан кезінде Сейдулла ағай маған қарап:

– Сен оқуға түскен жылы Алматыға қайта ауысып кете ме деп қорқушы едім. Төрт жыл оқып шықтың. Ұстаздарыңмен де, қатарластарыңмен де тіл табысып, бәрімен жақын болып кеттің. Сен дәл осы университетті таңдағаның үшін, менің шәкіртім болғаның үшін рақмет! – деді.

Сол сәтте жүрегім ерекше толқыды. Көзіме жас келіп:

– Сізге рақмет, ағай! – дей бердім.

Жылдар өте келе сол сөздің салмағын бұрынғыдан да жақсы түсініп келемін.

Біздің студент кезімізде ағай Ташкентке жиі баратын. Докторлық диссертациясын қорғауға дайындалып жүрді. Ғылым жолының машақаты аз емес еді. Көп күш пен уақытты талап етті. Бірақ соның бәріне қарамастан шәкірттерін де назардан тыс қалдырмады.

Таза жолмен, адал еңбегімен ғылымға үлес қосып, журналистиканың қазанында қайнап, талай жастың қанатын қатайтып, өмірден өз орнын табуына себепші болды.

Бүгінде сол ұстазымыз жетпіс бес жасқа толып отыр. Адамның жасы – күнтізбедегі сан ғана емес. Оның артында атқарылған іс, тәрбиелеген шәкірт, жазылған кітап, айтылған сөз, біреудің өміріне жасалған ықпал тұрады.

Сейдулла ағайдың өмір жолына қарасам, ұстаздықтың шын мәні де осында сияқты. Ұстаз кейде саған мамандық үйретеді. Кейде қалам ұстатады. Кейде дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Ал кейде бар болғаны бір ауыз сөз айтып, өзіңе деген сеніміңді қайтарады.

Менің өмірімде Сейдулла Садықұлы осындай ұстаз болды.

Ол маған журналистиканы ғана үйреткен жоқ. Өз ойыңнан қорықпауға, адамды ұлтына не шыққан жеріне қарап емес, адамдығына қарап бағалауға, еңбек етіп, тапқан дүниені ұқсатып жұмсауға, ең бастысы – қандай маман болсаң да, адам болып қалуға үйретті.

Сондықтан мен үшін Сейдулла ағай – университеттегі ұстаз ғана емес, өмірімнің белгілі бір кезеңінде жол көрсеткен, қолдаған, сенім артқан адам.

 

ҰСТАЗДЫҚ ПЕН ҒЫЛЫМ ЖОЛЫ

 

Белгілі журналист, ғалым, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры ­Сейдулла Садықұлының өмір жолына үңілгенде, бір адамның ғұмырынан журналистика, ғылым мен ұстаздықтың үштағанын көреміз. Бұл – бір-бірінен бөлек жатқан үш сала емес, бір арнадан бастау алып, елдік мұратқа тоғысқан тағдыр жолы.

Мен Сейдулла Садықұлын ең алдымен ұстаз ретінде таныдым. Бірақ ұстаздық болмысын тереңірек тани келе, оның журналистік мектебінен өткенін, ғылымға деген адалдығын, қалам мен шәкіртті қатар ұстағанын түсіндім. Біз үшін ол жай ғана оқытушы емес, кәсіби жолдың жөнін көрсеткен, сөздің салмағын сезінуге үйреткен аға буын өкілі болды.

Сейдулла Садықов 1951 жылы 27 қыр­күйекте Түркістан (бұрынғы Шымкент) облысы Жетісай ауданының Қызылқұм ауылында дүниеге келді. 1968 жылы ауылдағы орта мектепті тамамдаған соң, оқушы кезінен баспасөзге мақалаларын жариялап жүрген жас тілші аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне әдеби қызметкер болып қабылданады. Осылайша бала күнгі арман кәсіби жолға айналды.

Журналистика сырт көзге сөз өнері болып көрінгенімен, оның ар жағында тынымсыз еңбек, ізденіс, жауапкершілік бар. Сейдулла Садықұлы мұны жастайынан сезінді. Газет редакциясы оның алғашқы мектебі болды. Қаламын серік еткен жас журналист елдің тыныс-тіршілігін, еңбек адамдарының өмірін, қоғамдағы өзгерістерді көріп, оны сөз арқылы жеткізудің қыр-сырын меңгерді.

1970-1972 жылдары әскери борышын өтеп келген соң, бала күнгі арманына қайта оралып, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті.

Университет адамға тек білім беріп қана қоймайды. Ол үлкен өмірге дайындайды. Сейдулла Садықұлы студент кезінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Сол кезеңдегі студенттердің жазғы құрылыс жұмыстарына, күзгі ауыл шаруа­шылығы науқандарына қатысуы жастарды еңбекке баулудың өзіндік мектебі еді.

Оқуын тамамдаған жас маман Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Насихат және үгіт бөлімінің жолдамасымен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жіберілді. Мұнда жауапты хатшының орынбасары, меншікті тілші, арнаулы тілші қызметтерін атқарды. Газеттегі жұмыс жылдары оның кәсіби журналист ретінде қалыптасуын одан әрі шыңдады.

Сол кезеңдегі журналистің жүгі де, ­жауапкершілігі де ауыр еді. Басылымдардың қоғамдық-саяси жүйедегі орны айрықша болатын. Сондықтан журналистен сауатты жазумен бірге қоғамның тынысын түсіну, оқиғаның астарына үңілу, сөздің салмағын сезіну талап етілетін. Сейдулла ағайымыз осы мектептен өтті.

1987 жылы өзі түлеп ұшқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне конкурстық негізде аға оқытушы болып қабылданады. Кейін факультет деканының тәрбие істері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Осылайша журналистикадан ұстаздыққа қарай жаңа кезең басталды.

«Білім – инемен құдық қазғандай» дейді халқымыз. Ал ғылым жолы одан да күрделі. Ғалым болу – атаққа жету емес, үздіксіз ізденудің, табандылықтың, өзіңе де, өзгеге де талап қоя білудің жолы. Ұстаздықпен қатар ғылымды алып жүру тіпті оңай емес. Өйткені ұстаз білім беріп қана қоймайды, шәкіртінің бойына жауапкершілік, азаматтық ұстаным, елдік сана сіңіруге тиіс.

Сейдулла Садықұлының ғылыми ізденісі де журналистикадан алшақ кеткен жоқ. 1992 жылы 26 маусымда М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің диссертациялық кеңесінде журналистика мамандығы бойынша «Аграрные преобразования в Казахстане и печать» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ол кезеңде Мәскеу төрінде ғылыми еңбек қорғау кез келген зерттеушінің қолынан келе бермейтін. Бұл – ғалымның ізденісі мен білімінің мойындалуы еді.

1994 жылы Сейдулла Садықұлының өмірінде тағы бір үлкен белес басталды. Ол арнайы шақыртумен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ауысып, Түркістанға табан тіреді.

Алматыны қимай келгенімен, киелі Түркістан оны жаңа міндет, жаңа орта, жаңа ­жауапкершілікпен қарсы алды. Журналистика мамандығын дамыту, жас мамандар даярлау ісіне білек сыбана кірісті. 1995 жылдан журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2003–2005 жылдары докторантурада аға ғылыми қызметкер ретінде ғылыми зерттеу жүргізді. Бүгінде осы университеттің журналистика кафедрасының профессоры.

Ғалымның 120-дан астам ғылыми еңбегі бар. Оның қатарында журналистика және публицистика мәселелеріне арналған оқулықтар, оқу құралдары, монографиялар, оқу-әдістемелік еңбектер мен ғылыми-зерттеу мақалалары бар. Шетелдік басылымдарда отыздан астам ғылыми мақаласы жарық көрген. Scopus базасында жарияланымдары бар. Халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференциялар мен халықаралық түркология конгрестерінде жиырмадан астам баяндама жасаған.

Ғалым еңбектерінің географиясы да кең. Оның зерттеулері АҚШ, Қытай, Нидерланды, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қыр­ғызстан секілді елдердің басылымдарында жарияланды. «Казахи. Вопросы идентификации и идентичности и печать Казахстана» атты 26 баспа табақ көлеміндегі монография­сы Германияның «Palmarium» академиялық баспасынан шықты. «Тюркская филология: вопросы языка и литературы» атты халықаралық жинаққа Бакуде, «Освещение вопросов национальной идентичности в казахстанской публицистике» атты монографиясы Ташкентте жарық көрді.

Қазақ журналистикасының ұлттық болмысы мен кәсіби мәселелерін қозғайтын «Қазақ журналистикасы: ұлттық бірегейлік мәселелері», «Ұлттық рух жаршысы», «Қоғам және журналист», «Публицистің шығармашылық шеберханасы», «Қазақ елі: Тәуелсіздік публицистикасы», «Журналист жолға шықты», «Қазақ журналистикасы: ұлттық идея» секілді еңбектері де өз оқырманын тапты. Бұл кітаптардың бірқатары еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының журналистика факультеттерінде оқу үдерісінде пайдаланылып келеді.

Сейдулла Садықұлының шығармашылық жолындағы ерекше еңбектердің бірі – «Журналистика – тағдырым» атты мемуар-романы. Бұл кітаптың жөні бөлек. Себебі журналист өз өмір жолын өзі таразылап, кәсіби тағдырын көрген-білгенімен, әріптестерінің шығармашылық ізденісімен сабақтастыра отырып баяндаған. Бала күнгі қаламға деген құштарлықтан кәсіби журналистік жолға дейінгі аралықты қамтыған шығарма – бір адамның ғана ғұмырнамасы емес, белгілі бір кезеңдегі қазақ журналистикасының да шежіресі.

 

ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТКЕН

 

Түркістан – түрік дүниесінің рухани астанасы. Сондықтан бұл қалада журналистика мамандарын даярлау ісінің орны бөлек. Осы ортада Сейдулла Садықұлының алдынан мыңдаған шәкірт өтті. Олардың арасынан елге танылған қаламгерлер, журналистер, ұстаздар шықты.

Ұстаз еңбегінің ең үлкен өлшемі де осы емес пе?! Ұстаздың аты шәкіртінің жүрісінен, жазғанынан, азаматтық ұстанымынан көрінеді. Өз басым Сейдулла Садықұлын осы тұрғыдан бағалаймын.

Ғалымның докторлық зерттеуі де ұлттық мәселеге арналды. 2012 жылғы 29 наурызда Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің арнайы мамандандырылған докторлық диссертациялық кеңесінде докторлық диссертациясын қорғады.

Ұлттық бірегейлік – уақыт өткен сайын мәні арта түсетін мәселе. Ел тәуелсіздігі тек мемлекеттік шекарамен немесе саяси дербестікпен өлшенбейді. Ұлттың өзін тануы, өзінің тарихын, тілін, мәдениетін, рухани құндылықтарын бағалауы да тәуелсіздіктің тұғырын бекітеді. Сейдулла Садықұлы ғылыми еңбектерінде осы мәселелерді журналистика мен публицистика тұрғысынан зерделеді.

Ғалымның еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен Өзбекстанның Жоғарғы аттестациялық комиссиясы берген филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесі дипломының баламалығы танылды. 2014 жылы қауымдас­тырылған профессор ғылыми атағы берілді.

Сейдулла Садықұлы – кәсіби журналист қана емес, қаламын ғылыммен ұштастырған зерттеуші. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, республикалық шығармашылық байқаулардың жүлдегері. Түркістан облысы мен Түркістан қаласының үздік насихатшысы атанды. «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2012» атағына ие болды. Қазақстан филологтарының І съезіне қатысты. Түркістанның «Жыл адамы» атанып, Н.Төреқұлов, М.Шоқай және Түркістанға сіңірген еңбегі үшін медальдармен марапатталды.

Алайда адамның ең үлкен марапаты – ел алдындағы еңбегі.

Сейдулла Садықұлының ғұмыр жолына үңілгенде, оның жетістіктерінен гөрі сол жетістіктерге жеткізген табандылығы назар аударады. Өйткені атақ пен марапат – еңбектің сыртқы көрінісі ғана. Ал оның ар жағында жылдар бойы үзілмеген ізденіс, шәкіртке деген жауапкершілік, журналистикаға деген адалдық жатыр.

 

БАСПАСӨЗДЕГІ ҚОЛТАҢБАСЫ

 

Ғылым жолына түскен журналистің баспасөзден қол үзіп қалуы жиі кездеседі. Уақыт тапшылығы, ғылыми зерттеудің ауыр жүгі, шәкірт тәрбиесі кейде қаламгерді күнделікті ақпарат кеңістігінен алыстатып жатады. ­Сейдулла Садықұлының ерекшелігі де осында – ғылымға бет бұрғанымен, журналистиканы тастамады.

Ол республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ үні», «Әділет», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Қостанай таңы», қалалық «Түркістан» газеттері мен «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналында, жоғары оқу орындарының ғылыми басылымдарында мақалаларын жариялап келеді. Оның ғылыми-публицистикалық еңбектері Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан басылымдарында да жарық көрді.

Бұл – жай ғана кәсіби әдет емес. Бұл – журналистиканы өмірлік тағдыры деп қабылдаған адамның қаламға деген адалдығы.

Сейдулла Садықов шығармашылығының өзегінде елдік мәселе жатыр. Қазақстанның тәуелсіздігі, ұлттық бірегейлік, халықтың ынтымағы мен бірлігі, қазақ қоғамының көкейкесті мәселелері, жастардың болашағы, журналистиканың жауапкершілігі – оның қаламынан тұрақты орын алған тақырыптар.

Біз, шәкірттері, ұстаз өмірінің осы белес­теріне сырттай ғана баға беріп қоймаймыз. Оның әр сөзінен, әр сабағынан, әрбір кәсіби әңгімесінен өзімізге сабақ алдық. Журналис­тикада тақырып табудан бұрын, адамның тағдырын түсіну керегін; мәтін жазудан бұрын, сөздің жауапкершілігін сезіну қажеттігін ұқтық. Бұл – кітаптан ғана үйренетін білім емес. Мұндай тағылымды өмірден көріп, ұстаздан сіңіреді.

Сондықтан Сейдулла Садықұлының өмір жолынан бір нәрсені анық аңғаруға болады: мамандықты таңдау бір басқа да, оны тағдыр­ға айналдыру бір басқа.

Журналистикаға бала күнінен келген ­Сейдулла Садықұлы сол мамандығын өмірінің өзегіне айналдыра білді. Қаламгер болды, ғалым болды, ұстаз болды. Бірақ осы үш арнаның үшеуінде де оның негізгі мұраты өзгерген жоқ – елге қызмет ету, ұлттық ойға үлес қосу, кейінгі ұрпаққа білім мен тәжірибе қалдыру.

Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Сейдулла Садықұлының ғұмыр жолына қарап отырып, осы сөздің мәніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей боласың. Себебі ұстаздың шәкірті, ғалымның еңбегі, журналистің сөзі – уақыттан ұзақ жасайтын рухани мұра.

Ұстаздан тәлім алған шәкірт үшін мұндай тұлғаның мерейтойы – жай ғана құттықтау айтуға себеп емес, өзіңе есеп беретін сәт. Ұстаздан не үйрендік? Оның аманатын қалай жалғастырып жүрміз? Қаламға деген адалдығын біз қаншалықты бағалай алдық? Осындай сауалдар әр шәкірттің көңілінде тұрады.

Сейдулла ағайдың бізге берген ең үлкен сабағы да осында шығар. Журналист болу – жазу ғана емес, елдің сөзін сөйлеу. Ғалым болу – атақ жинау емес, ақиқат іздеу. Ұстаз болу – дәріс оқу ғана емес, шәкірттің жүрегіне із қалдыру. «Алдымен адам бол» деген ақылының өзі неге тұрады!

Биыл 75 жас мерейтойына жетіп отырған ұстазымызға ұзақ ғұмыр, шығармашылық қуат, ғылыми ізденісіне толайым табыс тілейміз. Ел ертеңі – жас мамандарды тәрбиелеу жолындағы еңбегі еселеніп, шәкірттерінің жетістігі өзіне қуаныш болғай. Қаламыңыз мұқалмай, сөзіңіз елдік ойдың жүгін арқалай берсін, қадірлі ұстаз!

Кейде адамға өмір бойы алғыс айтуға бір ғана сөйлем жетеді.

 

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»