АДАМ – БӘРІНЕН БИІК

Қоғам Құқық
29 Views

(Халықтық Конституцияның мәні мен мазмұнынан туындаған ойлар мен толғаныстар)

Қоғамдық құбылыстар әр қилы көрінгенімен, дәуір дидарының даму үрдістерінен жаңашылдық леп, жасампаздық рух, жауапкершілік жүгі танылады. Әрі өмірдің өзегінде – ақиқат айнасы, шындық шырағы бар қырынан жарқырап, нұр-сәулесін түсіріп тұрады. Адам әлемінде өмірдің ақиқат жайттары, ақыл-парасат нұры, дәстүр мен дүниетаным арналары, білім мен білік мәйегі, тарих пен таным тоғысы, тәлім-тәрбие тағылымы мол. Оның бірқатар көріністері ұнамды үрдіс пен кереғар жайттарымен бірге беріледі. Бұл жайттар, негізінен алғанда жарық дүние – патшалығы, қоғам байлығы – адам капиталынан, асқақ мұраттарынан, арман-аңсарларынан кең көлемде көрініс береді. Мұның өзі Ата Заңда айқындалып: «…адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі» (Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Сардар, 2026. – 12-бет).

І. Адам мұраты

Ақиқатында, Ата Заң – ел тарихын, арғы-бергі кезеңдерін, бағыт-бағдары мен даму үрдістерін айқындайды. Ойға алсақ, Қазақстан Республикасының Конституциясы – 11 бөлім, 96 баптан тұрады. Әр бөлім – «Конституциялық құрылыс», «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер», «Президент», «Құрылтай, «Үкімет», «Қазақстан Халық кеңесі», «Конституциялық сот», «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару», «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу», «Қорытынды және өтпелі ережелер»,- деп аталады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді (Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Сардар, 2026. – 192 бет).

Жаңа Ата Заңның преамбуласында: «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және адамзаттың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққы ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз»,-делінген. Осында, сөз жоқ Ұлы Дала, Қазақ халқы мен оның мың сан жылдық тарихы, шекарасы мен тұтастығы Һәм сабақтастығы, ұлт пен ұрпақ жауапкершілігі, адам мен оның құқықтары, бостандығы мен еркіндігі, этносаралық және конфессиялық татулық, бірлігі мен ынтымағы кең көлемде орын алады.

Бұдан бөлек, анығында: «Конституцияның преамбуласы – Ата заңды салтанатты түрде ашатын жай кіріспе сөз емес, мемлекеттің басып өткен жолы мен болашаққа бағдарлаған ұстанымының рухани Һәм құқықтық айнасы. Ол: «Біз кімбіз, қандай құндылықтарға сүйенеміз, қайда барамыз?деген маңызды сауалдарға жауап береді. Негізгі заңның баптары мемлекеттің қалай жұмыс істейтінін айқындаса, ал преамбула елдің не үшін өмір сүретінін аңғартады. Сондықтан оның жаңаруы мемлекет пен қоғамның өзгергенін білдіреді» (Шәріп А. Пайымы биік преамбула. – «Айқын», 2026, 18 тамыз).

Осы жайттарды ескерсек, Адам – ардақты ат, құрметті есім…

Адам мен өмір егіз…

Адам – өмірге бір-ақ рет келеді. Өмір – адамға бір-ақ рет беріледі. Ақыл-нұры, білім-білігі, дәстүр нәрі, әрекет-қимылы, еңбек болмысы, тарих пен таным арналары, тәрбие өнегесі, тіршілік тынысы, бәрі-баршасы – болашақ бағдарына, ұлт пен ұрпаққа, отан мен отбасына қызмет ету.

Адамның өмірге келуі – қуаныш. Өмірден өтуі – қасірет..

Адамның есейіп-өсуі, елге қызметі – абырой, мәртебе!..

Адам – қоғамды құрды, қоршаған ортаны қалыптастырды, ел-жерге иелік етті!..Адам – өмірін өзі өрнектейді. Еңбек – бақытқа бөлеп, ізгілендіреді.

Қысқа шегініс, шолу жасасақ, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында (әр жылдар бойынша), жыл басындағы – «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Түркістан» газеттеріндегі сұхбаттарда, бұдан басқа демократиялық, зайырлы Һәм әлеуметтік-құқықтық мемлекет қағидаттарының арқауында – Адам мен оның өмірі, еңбегі мен денсаулығы, білім-білігі, құқықтары кең орын алады. Негізгісі, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бөлім, 1-бабында: «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-деп атап көрсетілген (2026, 15 наурыз).

Бұл бағытта, әрине отан мен отбасында, мектепке дейінгі мекеме мен орта мектепте, жоғары оқу орындарында – адам мен оның өмірі, еңбегі мен құқықтары, қоғамдағы орын-үлесі дұрыс жолға қойылған. Ел-жер мәні, елдік пен ерлік шежіресі, дәстүр мен дүниетаным, тарих пен таным, адамгершілік, ақыл-парасат, жасампаздық, еңбекқорлық, патриотизм, ізгілік, сенім, сыйластық, тәлім-тәрбие төңірегінде кең көлемде сөз етіледі. Алайда, «Көрмейін десем көзім бар»,-деген қағидаттың дүрбісімен қарасақ, алаяқтық әрекеттер, жемқорлық пен сыбайластық, қылмыс көріністері (мысалы, адамзатқа қарсы қылмыстар, адам өлтіру, бұзақылық, құмар ойын, отбасылық зорлық-зомбылық, жыныстық, экологиялық т.т.), жол апаты, кездейсоқ оқиғалар т.т. тым көп-ақ. Тіпті, бір күннің шежіресі, бір түннің оқиғасы – өмірдің нұрлы мәнін, адамның асқақ құндылығын, еңбектің мерейлі салтанатын, бейбітшілік пен тыныштықтың бағасы мен бәсін, жарық дүниенің қымбат қадір-қасиетін, жоғары маңызын аяқасты етіп, жарамсыз күйге түсіріп, жойып жібереді. Адамзаттың асыл мұраты, жаңа технология мен жасанды интеллект қуаты – Адам мен оның еңбегін ардақтап, жарық дүние мен өмір өлкесіндегі жасампаздық пен ізгілікке негізделген қалтқысыз қызметін жоғары бағалап, бәрінен биік екенін білгені жөн. Жер-жаҺан, шартараптағы планета мен қоршаған орта – адам мен оның өмірі, еңбек болмысынсыз бос кеңістік!.. Кеңістік пен уақыт арақатнасы да ақиқат мәнін арттыра түседі.

Жарық дүние — жалған, өмір мұраты – мәнсіз, адам еңбегі – құнсыз болса, жасампаздық жолы – қысқа, тіршілік баяны – құнсыз болғаны ғой!..

Асылы, адам мұраты – арман-аңсар, мақсат-мұраттарға негізделіп, ақыл-парасат, оқу-білім, тәлім-тәрбие арқылы берік бекіп, кең өріс алады.

Адам мұраты – әділетті Һәм тұрақты қоғам, заң мен тәртіп, адал да арлы азамат ұстанымы, жауапкершілік жүгі, еңбекқорлық мәні, отаншылдық рух, біртұтас тәрбие жүйелі жүзеге асқанда ғана жан-жақты айқындалады. Құқықтық мемлекет қағидаттарының асыл арқауы – адам мен оның өмірі, еңбегі, зияткерлік мәні, қадір-қасиеті де осында жатқаны анық. Тегінде, адам мұраты асқақ, ұстанымы – жасампаздыққа негізделсе, қоғам ізгіленеді, дәуір дидары да нұрланып, болашаққа бағдар айқындалып, өмірге құштарлық артып, жан-жүрек жадырап, ақыл-парасатқа кең өріс ашылады. Бұдан байқалатыны: адам – әлемнің әміршісі, оның өмірі мен еңбек болмысы – қоғамның қозғаушы күші. Ақыл-парасаты, тәжірибе өрнектері – жасампаздық жолы. Маңыздысы: «Адамнан бұрын оның ішіндегі Құдайды сүю керек», «Әрбір мейірімді адамның жүрегінде – Құдай өмір сүреді!» (Л. Толстой), немесе: «…өз сөзім – өзімдікі!»,-деп айтқан Хакім Абайға жүгінсек: «…адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», «…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады. Сол мінез бұзылмасын!»,-деген толғам-тұжырымдары мәнді (Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы, 2-том, 2004.- 89,105, 118-беттер). Бұдан басқа, «…Ұлтына, жұртына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден» екенін ескерсек (Ә.Бөкейхан), қоғамның басты байлығы – адам, оның өмірі мен еңбегі, құқықтары мен бостандығы, ар-намысы, қадір-қасиеті, дәстүрі мен дүниетанымы, өмір тарихы мен тұрмыс-тіршілігі айрықша болып табылады. Ендеше, адамзаттың асыл айнасы: адам — бәрінен биік!..

ІІ. Адам еңбегі

Адам еңбегі – арғы-бергі тарихта іргелі ізденіс іздерінен, ақыл-ойдың нәтижелі жемісінен, жүйелі де тұрақты әрекет-қимылдан, талапты талпыныс пен қажыр-қайраттың көпке мәлім қырлы-сырлы сипаттарынан кеңінен көрініс беріп, терең танылады. Абай айтқандай:

Жан аямай кәсіп қыл…

Немесе:

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей…

 

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап,-деген қатпарлы сөз, қағидалы ойлар өзегінде – адам мұраты, өмір мәні, еңбек болмысы, дәстүрлі құндылықтар, жасампаздық жолы, өнеге өрнектері, тәжірибе тәлімі мол…

Еңбектің әлеуметтік-қоғамдық Һәм фәлсафалық қыр-сыры көп-ақ. Оқу-білімнен бөлек, күнделікті әдет-ғадет, кәсіп-тәжірибеден туындаған тұстары да жетерлік. «Кәсіп атасы – еңбек», «Еңбек – бәрін жеңбек»,- деген даналық, қағидаттар тамырында да мың сан арна алып, тарамдалып жатқан жайттар жоқ емес. Абайға жүгінсек: «Адал жүріп, адал тұр», «Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ», «Бейнет көрмей, дәулет жоқ»,- екені анық аңғарылады. Бұдан басқа, Цифрлық технология мен ЖИ дәуірінде, креативті индустрияларды дамыту кезеңінде, заманауи платформалардың мүмкіндігі артқан тұста – адам еңбегін, ақыл-ой қайнарынан қуат алған кәсіби мамандардың игілікті істерін, ізгілікті бастама, ұнамды да қисынды қағидаттарын жоққа шығару қиын-ақ.

Ойға алсақ, Қазақстанда 2025 жыл — «Жұмысшы мамандықтар жылы» болды. Елдің әлеуметтік-экономикалық салаларына көп көңіл бөлінді. Жұмысшы мамандардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, еңбек болмысын дәріптеу, білікті мамандар дайындау, өндіріспен байланысты нығайту, маман құзіреттілігі мен тәлімгерлік тәжірибелерге айрықша маңыз берілді. «Жұмысшы мамандықтары жылы» — еңбек адамына құрметті арттырып, лайықты жалақы беріп, қоғамның белсенді мүшесі ету жайы қозғалады. Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, елдегі демографиялық үрдісті зерделеу, денсаулық жүйесін дамыту, мәдениет пен өнердің дамуын қамтамасыз ету, бұқаралық спорт пен футбол клубтарының кең өріс алуына жағдай жасау ісі де ел дамуымен байланыстырылып, кадр тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оған деген жауапкершілік жүгі де кеңінен қозғалады.

Елімізде – «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы мен тұжырымдамалары кең қанат жаюы ұлт сапасын арттырып, озық елге айналу бағытында бірлік-берекені баянды етіп, осының негізінде ел-жерді қорғап, еңбек болмысын жақсартып, отан мен отбасын нығайтып, заңды сақтап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, мемлекеттілікті берік ету мақсаты айқын екендігі терең танылады.

Еңбекпен қамту орталықтары – бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып, жұмыссыздықпен күрес бағытында бірқатар игілікті істерге мұрындық болып келеді. Жас мамандарды біліктіліктеріне сәйкес өмірдің барша салалары мен нарықта сұранысқа ие кәсіпорын, өндіріс орындарына тартып, еңбек етуге, өз орындарын табуына әсер-ықпал етіп келеді. Еңбек мәнін, кәсіп иесі атанудың – зор мәртебе, айрықша мақтаныш екенін де кеңінен түсіндіреді. Қоғамдық құбылыстардың қыр-сыры, өмірдің мәнді-нәрлі тұстары, береке-бірлік негізі, дамудың даңғыл жолы Һәм қайнар көзі – еңбек болмысында жатқанын да жасыру қиын. Осы орайда, ағартушы Һәм қаламгер Ж.Аймауытұлы сөзімен сабақтасақ: «…Адам – өзінің ыңғайымен, еркімен қызмет ететін зат. Кісі іштен туғаннан-ақ, белгілі бір өнерге икем болып туады, басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғай, қабілет, яки зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаралады. Өмірде түк жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады, ең болмаса өтірік айтуға зерек болып жаралады. Кімде кім өзіне біткен ыңғайына қарай, өз жолымен жүріп, қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ» (Ж.Аймауытұлы. Жан жүйесі мен өнер таңдау. Кітапта: Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том. – Алматы: Ғылым, 1998. – 229-бет).

Еңбек болмысы мен мұраты – кең ұғым. Ойға алсақ, салыстырмалы түрде: «…Еңбек еткің келмесе, дастарханға отырма!»,-деген даналықта (Апостол Павел) өмір өзегі – еңбек, құдіреті мен қасиеті жатқаны анық.

Еңбек мәні, болмысы мен бедері, құдірет-қасиеті де осында болса керек. Жасыратыны жоқ, жаҺандық дағдарыстар, әлеуметтік тығырық пен экономикалық күйзелістер, адами мұраттар мен рухани құндылықтардың төмендеуі – даму бағыттары мен ілкімді үдерістерге кері әсер етті. Мұның өзі, бұдан басқа алыс-жақын елдердегі қазіргі күрделі геосаяси жағдай ауыр ахуалға айналып, жойқын жарылыстар орын алып, көзқарастар алуандылығы, текетірес пен сын-қатерлер күшейген тұста – адам мұраты, еңбек мәні, өмірдің құдірет-құндылығы, жарқын қырлары айқындала түсті. Осы орайда, әрине Ата Заңда айқындалғанындай: «…Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар»,- екені анық (Қазақстан Республикасы Конституциясы. 27-бап, 1-тармақ (2026, 15 наурыз). – Алматы: Сардар, 2026.- 16 бет). Ендеше, адамзаттық құндылықтарда, жасампаздық рухта еңбек болмысын нығайтып, кең өріс ашу – мәнді құбылыстар қатарына жатады. Еңбек адамы да қоғамның басым бағыттарын құрайды. Адам мұраты мен құндылықтары – еңбекпен байланысты. Адам – бәрінен биік екені көрінеді.

ІІІ. Кітап оқу мәдениеті

(Жасампаз ұлт, зерделі оқырман хақында)

Кітап – қымбат қазына, ақыл-парасат мәйегі, руханияттың асыл өзегі. Кітап-қазынаның маңызы мен пайдасы: ақыл-парасат артады; білім мәні тереңдейді; сөздік қор молаяды; ойлау қабілеті дамиды; ақпарат көбейеді; қиял шарықтайды; жан әлемі байиды; дереккөздері көбейеді т.с.с.

Кітап – байырғы тарих, кешегі шындық, болашақ бағдары…

Осы реттен алғанда, қатпарлы қағидаттар мен нұсқалы ойлар Һәм толғаныстарға жүгінсек, алдымен: «Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады» (әл-Фараби), «Ақыл – Алланың сыйлығы», «Зерделі кісі бәрінен де жоғары тұрады» (Ж. Баласағұн), «Білім – адамның байлығы» (С.Сарайи), «Кітап – ақылына ақыл сұрамайтын асыл ұстаз», «Шын сөз – нұсқа, Жақсы сөз – қысқа» (Ә.Науай), «Жақсы сөз – жан азығы, жаман сөз – жан қазығы» (Қ.А.Ясауи), «Оқуды ғалым болмақ үшін емес, жақсы өмір сүру үшін игеру керек» (Л. Толстой), «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» (Абай), «Өнердің ең асылы – сөз» (М-Ж. Көпеев), «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» (А.Байтұрсынұлы), «Бір әріп үйреткенге – 40 жыл сәлем бер!» (Ж. Аймауытұлы), «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана!» (Ә.Кекілбайұлы) т.т. адам мұраты, өмір өрнегі, еңбек болмысы, ақыл-парасат құндылығы, кітап – қазына мәні кең көлемде орын алады.

Жаңа технология, цифрлық үдеріс – адамнан кітапты тым алыстатып жіберді. БАҚ құралдарын – онлайн жүйе алмастырғаны анық. Мобильдік жүйе алға түсті. Бәрі-баршасын жұрт біледі, әрі қолжетімді…

Оқу үдерісі төңірегінде көп айтылып, жиі жазылады. Жалпы жұртшылықтан бөлек, мектепке дейінгі мекеме, орта және жоғары мектеп жүйесінде де сын көп-ақ…

Мемлекет басшысының: «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында (2026, 16 мамыр) адам капиталын дамытуға, қоғамның зияткерлік Һәм мәдени-рухани әлеуетін арттыруға, оқу-ағарту, білім-ғылым ісін – Кітап арқылы насихаттап, адам әлемін, ақыл-парасат айдынын, көркемдік өріс кеңістігін айқындап, оны дамыту мен нығайту жайын кең көлемде қозғайды. Бұдан бөлек, зерделі ұлт қалыптастыру, қоғамдық кеңістік құру, жаңа форматтағы кітапханалар құру, ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, әдеби мұраны шетелде насихаттау, жылдың – 10 оқырманын анықтау негізгі нысан етіледі.

Келесі кезекте, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев: «Кітап оқитын — ұлт» Жобасы жөнінде үндеуін жұртқа жолдады. Ауыл мен Астана арасына сол сәтте жетті. Марафон басталып кетті. Кітап марафоны бірнеше кезеңнен тұрады. Әркімнің қатысуға құқығы бар. Нәтижесінде, жылдың – 10 оқырманы жеңімпаз аталады. 10 оқырман – 10 млн-ан ұтады. Марафон жеңімпазы – Ұлттық кітап күні, 23 сәуірде анықталады.

«Кітап оқитын – ұлт» Жобасы – оқу-білімге дұрыс көзқарас қалыптастырып, ұлт руханиатын асқақтатып, әдебиетке құрметті арттырып, оны оқып-үйрену, насихаттау мен тарату ісіне бағытталғаны анық.

«Кітап оқитын – ұлт» Жобасы – ататарих пен қазіргі кезең аралығын кең көлемде қамтып, ұлт руханияты мен ел әдебиетінің қайнарларын оқып-үйрену арқылы кеше мен бүгін байланысын, зияткерлік сабақтастықты дамыту негізінде – кітап-қазына мәйегі мен рухани нәрін жіті танып, жете сезіну.

«Кітап оқитын – ұлт» Жобасы – кітап әлемі мен тарихнамасынан бағыт-бағдар береді. Бұдан басқа, Сөз қашан пайда болған? Талант дегеніміз не? Алғашқы кітап қақында не білеміз? Кім қалай жазады? Жазушы еңбегінің өлшемі не? Қаламгер кітапханасы деген не? Жазушы зертханасы жайлы не білеміз? т.с.с. мың сан сұрақтарға нақты жауаптар беріледі.

«Кітап оқитын – ұлт» Жобасы – жазушы еңбегін, қаламгер миссиясын, кітап-қазынаның көркемдік-рухани мәні мен нәрін, қоғамдық-мәдени Һәм танымдық-тағылымдық әсер-ықпалын кең көлемде айқындайды.

«Кітап оқитын – ұлт» Жобасы – автор-туынды-оқырман байланысын айқындап, ортақ бірлік пен сабақтастық сипат-сырларын ашып, артық-кем тұстарды саралап, көркемдік кеңістіктің озық мұраттарына қадам жасайды.

Ел әдебиетін дамыту, рухани нәрдің (кітап) айбынын асқақтатып, қадірі мен қасиетін бағалау мен насихаттау бағытында – ҚР Абай атындағы Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы, «Месеnаt.kz» әдеби сыйлығы (авторға өмір бойы – 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі) т.с.с. жүйелі беріліп келеді.

ҚЖО мен Мәдениет және ақпарат министлігі бірлесіп жүзеге асырған – «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушыларға қатысты зерттеу жұмысын жүргізу» сынды Жобалар мәні мен міндеті де кітап-қазынаға кең өріс ашып, игілікті де ізгілікті істердің жүйелі дамуына жаңа бағдар, дұрыс жол, тың тыныс, соны серпін берді.

ҚЖО Астана қалалық филиалы ұйымдастырған – «Қаламгер ұстаханасы» жобасы – жазушы мен оқырман арасындағы байланысты бекітіп, дәріс барысында шығармашылық үдеріс жайы, қыр-сыры кеңінен қозғалды.

Бұдан бөлек, «Қала хикаялары» республикалық әдеби байқауы, сөз жоқ ұлт руханиятын, ел әдебиетін, жалпы көркемсөздің табиғатын қолдап, оның кемел келешегіне жасалған батыл қадам екені анық. Анығында, арғы-бергі тарихта сөз атасының бастауында – кітап-қазына ретінде танылды….

Ұлттық кітап күні – 23 сәуірде белгіленді…

Анығында, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жүйелі жүзеге асыру – үйден Һәм отбасынан бастау алуы тиіс. Жас нәрестенің есею-өсу жолында қолына қалам, қағаз беріп, сурет сызбалардан – көрініс-құбылыстардың бейне-бедерін анық-қанық болмаса да қал-қадерінше түсіргені жөн. Әке-шешенің көңіл, назары осы тұсты қалт жібермегені жөн. Артық-кем тұстарды айтып-көрсетіп, ақыл-кеңес, бағыт беру арқылы дұрыс таңдауға әбден болады.

Мектепке дейінгі мекеме (балабақша) мен орта мектеп жүйесі – жас ұрпақтың білім нәрін сезініп, таңдап-талғап оқып, белгілі бір бағытқа қызығушылығын еселеп арттыратын кезең екені анық. Осы тұс, сөз жоқ жас ұрпақтың қоғамнан Һәм өмірден орнын табуға да ынта-ықлас танытып, мамандық таңдауға бағыт алған, белгілі бір кәсіпке бейімін байқататын кезең екені де жасырын емес. Жас ұрпақ осы тұста ынта-ықласы артқан, бағыты айқындалған жаққа бұрылып, қажетті әдебиеттермен танысары анық. Жас ұрпаққа әке-шешенің, дос-құрбының ақыл-кеңесі осы тұста еселеп артып, кітапқа қызығушылығы да оянып, оқу мәдениетінің қыр-сырын меңгеруге кең өріс ашылады. Болашақ мамандыққа қатысты әдебиеттермен бірге, көмекші құрал Һәм танымдық туындылардың берері де мол. Ұлт мұраты мен руханиятқа қатысты әр алуан тақырыптағы туындылар – жас ұрпақтың қалыптасуы мен дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне, жұрт ісінің қадір-қасиетін терең түсініп, елге қызмет ету бағытындағы борыш-қарызды жіті сезінеді. Кітап – қымбат қазыналар қатарынан табылып, өз бетінше ізденіп, қажетті әдебиеттерді жинап, жеке кітапхана қорын да көбейте бастайды. Кітап оқу мәдениетінің қалыптасып, зияткерлікке қадам басар тұс та осы. Кітап-қазынаның алдымен білімдер жиынтығын ұсынып, нәтижесінде қызығушылық-құштарлық сезімі – кітапқұмарлық орбитасына алып барады. Кітап оқу мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы, іргелі ізденістердің ағысты арна алып, зерделі ұлт баянына ұласар ұшар биігі де осыған саяды.

Негізінен, ақыл-парасат қайнары – кітап әлемі білімдер жиынтығынан тұрады. Ал, білім табиғатында, оның нәрі мен өзегінде – адам капиталын дамытудың, қоғамды өркендетудің, дәстүр мен зияткерлік сабақтастығының асыл арқауы, алтын тамыры жатыр. Абайша түйіндесек: «…Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез, деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де — ақымақтық». Мұның да асыл мұраты мен өзегінде руханият айнасы – кітап әлемі, білімдер жиынтығы жатқаны анық. Оның өзі адамның ақыл-парасаты, еңбек болмысы, өмірдің өнеге-тәжірибесі негізінде жасалады. Мұның маңыз-мазмұнынан қоғамның асыл қазынасы – Адам құдіреті, еңбегі мен өмірі көрініс береді. Өйткені, адам капиталы – ел дамуының арналы саласы, басты бағыттарының бірі. Мұның мазмұн-мәнін мемлекет және қоғам қайраткері Ж. Құлекеев тап басып көрсетеді: «…Адам капиталын дамыту сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми зерттеулерді қолдауды арттыру, жастардың кәсіби әлеуетін жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау, денсаулық жүйесін жетілдіру, азаматтардың әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтумен тікелей байланысты. Елімізде адам капиталы тұрақты дамыған жағдайда ғана мемлекеттің жаҺандық экономикадағы бәсекеге қабілеттілігі арта түсетіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда адам капиталы құндылықтарының ерекше орын алуы осы салаға салынатын инвестициялардың ұлғаюына берік негіз қалыптастырады. Демек, қоғамның интеллектуалдық әлеуетін дамыту мемлекеттік саясаттың конституциялық деңгейде бекітілген маңызды басымдығына айналып отыр» (Адам капиталы – басты стратегиялық ресурс. – «Егемен Қазақстан», 2026, 11 тамыз). Осы реттен алғанда, сөз жоқ журналист-жазушы Бигелді Ғабдуллин айтқандай: «Ең ұлы байлық – Адам!» . Демек, әлемнің әміршісі, жұмыр жердің айбары мен мадағы, жарық дүниенің қымбат қазынасы: Адам мұраты мен өлшемі – бәрінен биік!

ІҮ. Ұлттық сана – өзекті арна, елдік тәрбие – құндылықтар қайнары

Ұлттық сана – асыл арна, кең ұғым. Тәрбие ісі – елдік мүдденің қайнар көзі. Тәуелсіздік тұсында бұл бағыттарда іргелі ізденістер жасалып, арғы тарихқа, қазіргі кезеңнің талап-тілектеріне мықтап бет бұрылды. Ел мүддесі, ұлттық құндылықтар басымдыққа ие болды. Әсіресе, мектепке дейінгі мекемелерде, орта және жоғарғы мектеп бағытында жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Оқу мен тәрбие ісі қатар қозғалып, бұл бағыттарға көп көңіл бөлініп келеді. Тарих мәні айқындалып, дәстүр мен дүниетаным, ұлт пен ұрпақ, отан мен отбасы, тәрбие мен тәртіп негізгі назарға алынды. «Наурыз» мейрамы, Республика Һәм Тәуелсіздік күні қарсаңында елдік мүдде мен ұлттық құндылықтарға негізделген дәстүр-салттар жаңғыртылып, атамекен-ататек жайы қозғалып, халықтық тәлім-тәрбиеге кең орын беріледі.

Ақиқатында, білім, ғылым және инновацияны дамыту – Ата Заңда айқындалды. Адам капиталы – білім-ғылым ісінде, экономиканыы қалыптастыру мен дамыту жолындағы стратегиялық басым бағыттар қатарына енді. Адам капиталын дамытуға бағытталған – AI-SANA бағдарламасы, ЖОО-дағы – AI пәндері, жаңартылған жаңа білім беру бағдарламалары жас ұрпақты жігерлендіріп, жаңа буын мамандарын қалыптастырады. Нәтижесінде, Әділетті Қазақстанды құру, қуатты елге айналу үдерісіне сүбелі үлес қосады.

Ұлт руханиятының мақтаныш-шамшырақтары айтқан даналық ойлар мен сырлы сөз мәйегінен де елдік мүдде, дәстүр мен дүниетаным, білім-ғылым, тарих пен таным тоғысы, тәлім-тәрбие арналары айқын аңғарылады. Айталық, Әбу Насыр әл-Фараби: «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу», «Шын білім – ақиқат, анық білім», «Мінез – жанның айнасы», «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» ісін алға тартады. Бұлар, асылы елдік мүдде, ұлттық құндылықтарға негізделген. Озық дәстүр, берік дін, терең дүниетаным, тағылымды тарих, тәлімді тәжірибе — білім мен білікті, ғылым ісін берік бекітіп, даналыққа даңғыл жол ашты.

Түркі жұртының рухани атасына айналған – Қ. А. Ясауи мұрасындағы жалпыадамдық мәселелер  «Диуани Хикмет» («Даналық сөздер» — «Хикметтер») кітабының табиғаты мен тағылымын айқындайды. Алланың ақиқат жолы, адамдық мұрат пен адамгершілік қағидаттары, қоғам мен заман шындығы, дүние дидары, дін-діл мәні, ар-иман иірімі, ақыл-парасат өлшемі, исламдық тәрбие, софылық идея, ел-жер қадірі, дәстүр мен дүниетаным арналары, жауапкершілік жүгі, жастық-достық сипаты, кісілік пен кішілік, сыйластық сырлары, тәлімдік сипаттар кең түрде көрініс береді. Қыр-сыры жан-жақты ашылады. Сондай-ақ, Төле би Әлібекұлы: «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі, Өзіне келер ұятты өзі біліп тұрса игі», «Бата – басқа, қына – тасқа, ақыл – жасқа», «Халқыңа адал бол, жауыңа қатал бол, досыңа әділ бол!» ,-десе, Хакім Абай: «…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!», «Бала – ата-ананың көз қуанышы», «Тіл өнері — дертпен тең»,- деп түйін жасайды. Ақын Мағжан «Педагогика» деген еңбегінде (1922) тәрбие мәні, жан мен дене сипаты, ақыл көрінісі, мінез құбылысы, жас ұрпақ жаратылысы хақында кеңінен сөз қозғайды. Ал, Алаш ардағы Ж. Аймауытұлы «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Псиқология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау» атты еңбектерінде (1926) адам мұраты, ақыл-қайраты, жан әлемі әр қырынан қарастырылады. Ана тілі, бесік жыры, білім-білік, тәлім-тәрбие алға шығады. Елдік мүдде, ұлттық құндылықтар – тарихи сана мен тәрбие өзегі етіледі. «Ұлтты сүю» атты көсемсөзінде: «…Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр…Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі. Жанның тәрбиеленетін үш түрлі сыпаты бар: ақыл, сезім, қайрат…Қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек»,-деп ұлт пен ұрпақ мәнін жіті айқындайды.

Алайда, ауыл өмірі мен қала тіршілігінде – тарихи сана мен тәлім-тәрбие бағыттарындағы жұмыстар жүйесінде бірізділік байқала бермейді. Әсіресе, жас ұрпақтың жауапкершілік жүгін жеңіл қабылдайтыны, жаңашыл көзқарас, еңбекқорлық пен патриоттық сезімнің төмендігі жіті көрініс береді. Ауыр көрініс, қауіпті құбылыстар қатарына: қылмыс хроникасы, алаяқтық, жемқорлық, нашақорлық, құмар ойынға құштарлық, ішімдікке әуестік, темекі шегу т.с.с. жатқызуға әбден болады. Тіпті, мессенджер топтар, чаттар мен анонимді арналар, интернет-алаяқтар, лудомания (құмар ойынға тәуелділік), қаржы пирамидасы, онлайн-казино, мобильді қосымшалар т.с.с. қатары қалың. Мұның әсер-ықпалынан смартфонға тәуелділік артты. Оқу үдерісі төмендеді. Кітап, газет-журнал оқылмайды. Теледидар қарамайды. Жалпы жұртқа мәлім, алайда жасыруға болмайтын жат құбылыс, теріс бағыт – жас ұрпақ тәрбиесінің бей-берекет бағыт алуы мен өзге тілде қарым-қатнасқа түсуі (орыс тілі т.т.) — зардабы ауыр, көлеңкесі мен қатпары қалың, салдары сергелдең, сорақылыққа апаратын «сындарлы соқпақ» екенін жасыру қиянат болар еді. Жүйелі жұмыс, батыл ұстаным, пәрменді әрекет осы тұсқа бағытталуы керек-ақ. Цифрландыру және жасанды интеллект технологиясының құдіретті қасиеті – жас ұрпақ тәрбиесі мен жат құбылыс пен теріс бағыт-әрекеттерге қайталанбастай тойтарыс беріп, ақжарылқап заманға қол жеткізу. Қысқасы, адам факторына қажетті даму үрдістеріне көлеңке түсіріп келеді. «Ұлтты сүю» миссиясына басымдық берілгенімен, адами асыл мұраттардың бәсі, деңгей-өре төмен, көпшіліктің көңілінен шыға бермейді…

Осы орайда, ұлттық сана – өзекті арна, елдік тәрбие – құндылықтар қайнары екендігі ойға оралады. Ағартушылық бағыт пен пассионарлық рух – ұлт азаттығы, еркін ел дамуының жарқын жолы. Жұрт ісі, ұрпақ болашағы, мәдени-рухани арналар – ұлттық сана мен тәрбие өзегін құрайды. Оның мәнісі: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» (әл-Фараби). Абайға сүйенсек: «…Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды», «Ғылым – алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық Һәм адамдық дүр», «…Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым». Ақиқатында, арғы тарихта айқындалғанындай: «Адамзатқа қызмет етпейтін білім – қатерлі» (Софокл), «Өмір ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді» (Сенека) секілді өмір-тәжірибеден алынған қағидатты ойлар мен толғаныстар жауапкершілік жүгін арттырады. Өмір мәнін, дүние дидарын, тарих тағылымын, дәстүр нәрін, еңбек сипатын, тәлім-тәрбиені барынша дамытып, терең тануға мол мүмкіндіктер ашады. Ендеше, тарихи санасы ашық, тәрбиесі толық ұрпақ – ел мерейі, ұлт жемісі. Жұрт ісінің бастауында – адам мен оның еңбегі, дәстүрі мен танымы, өмір өрнегі тұр. Өйткені, Адам – бәрінен биік!

Ү. Дүние дидары – адам әлемінің айнасы

Жер-жаҺан көрінісі, дүние дидарының даму үрдістері – қоғамдық құбылыстардан, адам мұраты мен өмір өрнектерінен, әрекет-қимылы мен еңбек болмысынан айқын аңғарылады. Ақиқатында, қоғам дамуынан – заман шындығы, уақыт рухы ғана емес, адам бойындағы артық-кем тұстарды да жіті тануға болады. Елдік ұстаным, ұлттық құндылықтар басым бағыт алғанымен, даму үрдістерін тежеп, кереғар-көлеңкелі көріністердің көз бен көңілге кірбің ұялататын тұстары да жоқ емес. Бастыларын еске түсірсек, алдымен өзге ұлт өкілдерінің саны артып, «еркін-жүрістері» назар аудартпай қоймайды. Мемлекеттік тілді құрметтеу мен қолдану ісі – ойда жоқ, назардан тыс қалған. Бұдан басқа, белі жоқ, балағы қысқа шалбар кигендер, мұрты жоқ сақалы өскендер, құмар ойын мен ішімдік шеккендер, өзге тілге — «жүйрік» темекіге үйір жасөспірімдер, ит жетектеп жол бермейтіндер, жол жиегінде, қоқыс маңында жүрген түр-тұрпаты танығысыз «түнгі жолаушылар», үй маңын қазып, тінтіп-түртіп жүрген анашақұмарлар, адамдар арасында бетперде киіп, пәтер тонап, мал ұрлап, жалған ақпарат таратып, алдап-арбайтын алаяқтар тобыры – қылмыс хроникасын еселеп арттырып келеді. Цифрлы технология дамып, камералар бұрыш-бұрышты торлап тұрғанда – құқықтық қағыдаттар алға озып, қылмыс саны азайып, жойылу-жоғалу кезеңі-сәті туды емес пе? Керісінше, құқық қорғаушылар мен ұлттық ұланның «үштік тобы» — әлгі атаған «ерекше адамдардың» бірін тоқтатып, келесілерін тергеп-тінтіп тұрғанын көрген ешкім жоқ. Келеңсіз, кереғар Һәм оғаш қылықты айтқан адамға: — Суретін түсіріп, кереғар құбылыс, келеңсіз көрініс, күдікті жағдаяттар жөнінде дәйек-деректі сол қалпында теріп-тізіп, куәгерлер қолын жинақтап, хаттап арнайы бөлімге әкеліп беріңдер!-деп жауап береді. Құқық қорғаушы, халық сенім артқан жауапты тұлға-өкілдің уәжі осыған саяды. Әділетті мемлекет құруға қалтқысыз қызмет ететін, Заң мен тәртіп қағидатын, құқық үстемдігін бұлжытпай орындап Һәм қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін – халық тірегі мен сенімді сақшысының «бедерлі бейнесі», «толымды тұлғасы», «сүйкімді сиқы» көз алдыңа осындай жайттарды еске түсіреді.

Елдік ұстанымды баянды ету, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау, тарих пен таным тоғысына адалдық таныту, тәрбие өзегін – даму үрдістеріне айналдыру басты борыш, қасиетті парыз екенін әркім-ақ білгені жөн екені жадымызда жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді…

Жарық дүниедегі өлшеулі өмірде – Адамнан асқан ардақты, асқақ та биік, мерейлі не бар екен?..

Аллаға мадақ айтып, Адамға көзқарасты өзгертіп, еңбегін бағалап, өміріне жіті-сергек қарап, құрметті еселеп арттырсақ, бұдан – болашақ айқындалып, ел мерейі есейіп-өсіп, нәтижесінде – Ұлт ұтады!

Адам – бәрінен биік!- екені де осы…

Осындай өрескел ахуалға (өзекті) бірден-бір тежеу-тосқауыл – Көші-қон квотасын арттырып, «Оңтүстіктен-Солтүстікке!», «Серпін», «Дипломмен – ауылға!» атты бағдарламаларға басымдық берілгені жөн. Бұл бағытта ашық Һәм нақты, жүйелі жұмыстар жасалса, тіпті нәтижелі бағдар кең өріс алса, қолдауға әбден болар еді. Бұл жерде – Адам мен оның өмірі, еңбегі бар. Болашаққа бағыт алған іргелі ізденістер, еңбек болмысы, өмір өнегесі, өрнекті өрістер де анық аңғарылады. Ел дамуына сүбелі үлес қосатын елшіл де өршіл жастар рухын да ескерген жөн. Бұдан бөлек, ел дамуында – бірлік-береке тірегі – қоғамдық келісім, жасампаздық-патриоттық ұстаным, халықтық дәстүр, жауапкершілік жүгі мен терең дүниетаным, демографиялық өсім де айрықша орын алатыны жасырын емес. Ендеше, осы жайттардың белортасынан – қоғамның қозғаушы күші, қымбат қазына, интеллектуал тұлға – Адам мен оның өмірін, еңбек болмысын, дәстүр тағылымын, ертеңі ерен, келешегі кемел жасампаз рухты көреміз. Адам – бәрінен биік!- деген елдік ұстанымы осы.

Елдік тарихнамаға ден қойсақ, Сопылық ілімнің жұртқа жеткен төрт бағдары: шариғат, марифат, тағрифат, хақиқат; әл-Фараби ұстанған – парасатты адам ілімі; Қ.А.Ясауидің – Хал ілімі; Ж.Баласағұнның – әділет, құт, ақыл, қанағат; Абайдың – толық адамы; Шәкәрімнің – Ар ілімі алдымен, адам мәнін айқындап, арман-аңсарын, бітім-болмысын, өмір тарихын, дәстүрі мен дүниетанымын, тарным арналарын, тәлім-тәрбиесі, тұрмыс-тіршілігін кеңінен көрсетеді. Осының бәрі-баршасынан – Адам капиталының мән-маңызы, өмірі мен еңбегі, дәстүрлі құндылықтары мен құқықтары, ар-намысы мен қадір-қасиеті, әрекет-қимылы мен көзқарас жүйесі, адамгершілігі мен жауапкершілігі, қанағат, сабыр Һәм ұяты, бастысы, Ұлы даланың тарихи сабақтастығы мен қазіргі кезеңнің стратегиялық бағыт-бағдары айқын аңғарылады. Нәтижесінде, Адам – бәрінен биік! айбынды да асқақ миссия, тұғырлы ұстаным екені жіті танылып, кең көлемде көрініс береді.

Түйінді тұста айтарымыз, сөз басын: Адам – бәрінен биік!- деп бастадық. Адамзат қоғамы, цифрлық даму үдерістері, жасанды интеллект иірімі, дрондар нарығы – Адам өмірі мен ақыл-ой еңбегін, руханияттың барша игілік-мүмкіндіктерін бәрінен жоғары қояды. Қоғам байлығы – Адам десек, оның өмірі мен еңбегі, ақыл-парасаты, әрекет-қимылы, бәрі-баршасы жаҺандық құбылысқа, даму үрдістеріне әсер-ықпал етеді. Адам – әлемнің әміршісіне айналып, оның өмірі мен еңбегі, білім-білігі, дәстүр-дүниетанымы зайырлылық-зияткерлік негізінде бәрінен биік сатыға көтерілді. Жаңа технология, цифрлық даму, жасанды интеллект – адам әлеміне еркін енді. Адам мұраты, адамгершілік өлшем, жасампаздық рух, ізгілік иірімі – ақыл-ой, терең таным, интеллектуалдық талғам іргелі ізденістерге негізделгендіктен, сөз жоқ басым бағыттарымен, көшбасшылық қырларымен алда тұруы тиіс. –Адам – бәрінен биік!-деген аксиомалық қағидат алыс-жақынға да, үлкен-кішіге де түсінікті болғандықтан, өмір шындығына айналды.

Біздіңше, Адам – бәрінен биік!,-деген жәй сөз емес. Адамзат тарихнамасында – Адамның пайда болуы, өмірмен, еңбекпен байланысы, ақыл-парасатқа, білім-ғылымға, дәстүр мен дүниетанымға қатысы, есею-өсіп жетілуі жөнінде мысал-дереккөздері жетерлік. Елдік ұстаным, қоғамдық келісім, адалдық пен жауапкершілік, ар-иман, намыс-ұят, құқықдық дәстүр мен мәдениет мәйегінде – «Қасым ханның – қасқа жолы», «Есім ханның – ескі жолы», Тәуке ханның – «Жеті жарғысы» айрықша маңыз-мәнге ие болған-ды. Халық әдебиетінде, әсіресе айтыс өнері мен батырлар жырында, би-шешендер сөздерінде елдік ұстаным, халықтық қағидаттар кең орын алды. Бастысы, азаттың миссиясы, адам капиталы, еңбек болмысы мен өмір өрнектері, елдік-ерлік шежіресі, дәстүр мен дүниетаным басым бағыттарға ие болды. Ұлы даланың тұғырлы тірегі: Адам – бәрінен биік!-деген миссия жоғары тұрды.

Сөз жүйесінің баяны, қоғамның басты байлығы – Адам мен оның өмір тарихы, еңбек болмысы Һәм оның даму үдерістеріне қатысты түйін-тұжырымдар мәні төмендегідей қорытындыға әкеліп саяды:

  • Көк пен Жердің арасындағы жетістіктер мен құндылықтар мәні – Адамның іргелі ізденістері мен жүйелі әрекет-қимылы, білім-білігі мен ақыл-парасатының жемісі;
  • Жер планетасындағы әлемнің әміршісі, қоғамның қожасы Һәм басты құндылығы – Адам мен оның еңбегі, білім-білігі, ақыл-парасаты, дәстүр тағылымы, өмір тарихы, тәрбие-тәлімі, тұрмыс-тіршілігі – бәрінен биік, барлық мадаққа әбден лайықты екені анық;
  • Ақпарат ағыны, цифрландыру үдерісі, жасанды интеллект иірімі – Адам еңбегінің, дәстүрі мен дүниетанымының, өмір тарихы мен тәжірибе тәлімінің көрнекті көрсеткіші;
  • Білім-ғылым Һәм технология жетістіктері – Адам арман-аңсарының, мақсат-мұраттарының байтақ әлемін, білім-ғылымның, тарих пен танымның, жүйелі ізденіс-еңбектің нәтижесін көрсетеді.

Мұның өзі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқанындай: «…Адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық», «…Адал азамат дегеніміз – елін, жерін сыйлайтын, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықтарды қолдайтын және ел бірлігін нығайтуға үлес қосатын азамат», «…Қазіргі қоғам өмірінде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидаттың өзектілігі артты. Сондықтан жаңа Конституцияның бойынан осы ұстаным анық аңғарылады» (Кітапта: Әділетті қоғамға – шыншыл сөз. – Астана: Фолиант, 2026.- 28, 30, 56-беттер).

Байқалғаны, дүние дидарында, жер-жаҺанда, шартарап шарайнасында – Адам мен оның өмірі, еңбек болмысы, ақыл-парасаты, білім-білігі, тарих пен таным жүйесі, отан мен отбасы институттары, бәрі-баршасы адамзаттың қымбат қазынасы, қоғамның қозғаушы күші, даму үдерістерінің барометрі болғанын тамыршыдай тап басып көрсетеді. Ел дамуы мен мемлекеттің өркениет өрістерінен: Әділетті Қазақстанның басты байлығы – Адам мен оның өмірі, бостандығы мен құқықтары, Заң мен тәртіп қағидаттары Жаңа конститутциясы арқылы да айқындалды. Заңгер А.Қоспанов айтқандай: «…Заңға құрметің алдымен отбасында қалыптасады. Баланың үлкенді сыйлауы, уәдеде тұруы, өзгенің құқығын құрметтеуі – құқықтық мәдениеттің алғашқы баспалдағы. Осы тәрбиені балабақша мен мектеп жалғастырып, азаматтық жауапкершілікке ұластыруға тиіс» («Егемен Қазақстан», 2026, 14 тамыз). Адам мен оның өмірі, еңбегі мен құқықтары — басты байлық, қымбат қазына, әрі құрметтің қандайына да әбден лайықты болып табылады. Адамзат тарихнамасында, жылнама шежіресінде – Адам ардақты! Даңқ тұғырындағы орын – Адамға арналады! Демек, Адам – бәрінен биік! өлшем екені анық.

Қазіргі кезеңнің айдай анық ақиқаты, шынайы шындығы осы.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор