САНАДАҒЫ СІЛКІНІС!

Тұлға Қоғам
334 Views

немесе дәрігер, академик Мұхтар Әлінің ғұмыр жолынан бір үзік сыр

Ежелгі Тұран жерінің, “Ұлы Жібек Жолы” бойында орналасқан талай тылсым құпияны қойнында бүгіп жатқан “Бөртескен” (дұрысы Бөрте өскен) атты жерде шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаны осы киелі топыраққа тамған Мұхтар Әліұлын о бастан ақ Ұлы Жаратушымыз Бір Алла өз қамқорлығына алған екен-ау деген небір ойлар жүз береді осы күндері! Қалай дейсіз ғой? Айнала ниеті жат империялар қоршап жатқан Ұлы Даланың төл перзенттерінің тарихы дұшпандар тарапынан қаншама рет өзгертілсе де, текті бабаларымыздың жадында жер — су аттары сақталып, санасында саңлауы бар ұрпаққа жер аттары мен сонда жерленген Рухтар да: “Уа, перзентім айналаң тола жұмбақ! Тереңге бойла, алысқа қара! Мына табаныңның астындағы жатқан жер атаулары мен әрбір шаршы метрінде құпия сырлар бар! Бізді ұмытпаңдар?! Ойлан, ойланыңдар!” — деп, тұрғандай-ақ. Жарайды бұл атаудың өзі де үлкен бір мақалаға жүк болғандай-ақ екен, оған да арнайы тоқталармыз..

Мұхтар ағамыздың жастық шағы киелі Түркістанда педагогикалық училищеде, одан кейін “Темір” темір жол бекетіндегі мектепте ұстаздық етсе, кейінгі жолы Алматы медициналық институтына түседі. Институттан соң “Қарақоңыр” жерінде өткен ғасырдың елуінші жылдары түйе зауыты боп ашылып, кейін “Темір” коммунистік еңбек совхозы деп аталған ұжымшардың учаскелік ауруханасына хирург маманы ретінде жолдамамен келіп, аз уақыт өте келе Бас дәрігерлік қызметіне тағайындалады. Осы “Қарақоңыр” деп аталған киелі жерде жас маман Мұхтардың өміріне мүлдем тың өзгеріс әкелген бір оқиға болады….

“Темір” совхозының Арыс (Ақтам ауылы) бөлімшесінде Яхия мен Зылиханың отбасында ерекше жаралған 8 жасар қыз бала айналасындағы ел — жұрттың айтар әңгімесі мен көз құртына айналады?! Азан шақырып қойылған аты Тұрсынкүл таңдайы тақылдап, сөзді де орайын келтіріп айтқаны бір басқа, ерекше бір ғажайып әдемілігімен де ерекшеленеді. Бидай өңді, танадай жарқыраған бота көзді, екі беті қызыл алмадай, сылаңдай жарқыраған қою қара шашы тобығына түскен періштені көрген жан шынында таң қалады екен. Әкесі мен анасы жұрт көзіне түсірмеуге тырысқанымен бір күні ауылдағы магазинге кеткен анасы Зылиханың артынан Тұрсынкүл жүгіре жетеді. Сол жерде жиналып тұрған бір топ азаматтар, ішінде бөлімше басшысы да бар: ”Ойпырмаай, Зылиха өзің қап-қарасың! Сен мынандай періштені дүниеге қалай әкелдің?! Мынандай адамның сұлу болуы мүмкін емес! Қой, мынау періште шығар, періште ғой!” — деп таң қалады. Сонымен өзіне қажетті деген айна мен тәттіні алдырып, анасымен бірге үйіне шаттана жеткен сәби, табалдырықтан аттай бере шыңғырып, есінен тана құлайды?! Отбасы у-шу болып, ол кезде автокөлік аз, телефон да, жедел жәрдем де жоқ кезі, атпен дереу үш шақырым жердегі совхоз орталығындағы ауруханаға жеткізеді…

Осы кездері бүкіл елде “қызылша” дерті де өршіп тұрса керек. Жас дәрігер Мұхтар өзінің бар білімі мен тәжірибесін жұмсап, сәбидің өмірін арашалап қалуға кіріседі. Сол кезеңдердегі медицинадағы бар нұсқаулық ем- домдардың бәрін жасайды. Бірақ қанша жерден күш салғанымен, ешбір нәтиже болмайды. Сәбидің жағдайы сағат сайын ауырлай түседі?! Сандырақтаған сәби: “Апа, үйге кетейікші! Ақ лағым мен қоңыр қозыма барайықшы! Апа, су берші, ішім жанып, қызып барады! Көкем мен әжем қайда?” — деп таң саз бере кішкентай пәк періште бір селк етіп тынши қалғанда, шарасыздықтан баланың кереуетінің басын қысып, жылап тұрған жас дәрігер Мұхтардың санасында жарқ еткен найзағай ойнап, тұла бойында ерекше бір сілкініс туып: “Ой, Құдай-ай! Мына балаға араша түсе алмадым-ау?! Неткен қорлық?! Қай жерден қате кеттім? О Алла, мына құлыңа күш-қуат бере гөр?! Қалған бар өмірімді осы адамдардың аман қалуына, медицинаға жұмсаймын! Ант етемін, ант етемін!” — деп ауруханадан шыға бере, сыртта өсіп тұрған қара ағашты құшақтап, еңіреп жібереді!…

Міне, осы жан-дүниесіне аса ауыр күш түсірген бұл оқиға, жас Мұхтардың санасындағы сілкініс дейміз бе, жарылыс дейміз бе, оның алдағы ұлы сапарының бастауына айналуына себеп болады…

Ұлы дәрігер, теңдесі жоқ хирург, отандастарымыздың арасынан қазіргі заманда “Әлем Азаматы” атағын тұңғыш алған Мұхтар Әлінің осы уақиғадан бастап, медицинадағы ғажайып, аңызға бергісіз ғұмыры басталады..

Адам баласының өміріне күрт өзгеріс әкелетін тылсым құбылыстарды, небір қарапайым елеусіз жүрген адамдардың арасынан кенеттен таланттардың тууына да осындай санадағы жарылыстардың себеп болуы, шынында да ғажап емес пе? Заманында Кавказдағы атақты “Имам Шәміл” аталып, Елінің азаттығы үшін патшалық Ресей армиясымен он шақты жыл бойы соғысып, небір ғажайып ерліктің үлгісін көрсеткен, “Ердің Ері, егеудің сынығы” аталған Шәміл балалық шағында әлжуаз, қорқақ боп өседі. Ауылының және көршілерінің балаларынан күніге таяқ жеп, мазағына айналған бала он үшке толған бір күні, кезекті таяқ жеудің соңында, санасында найзағайдай жарқ еткен сілкіністен соң, бойына ерекше бір күш пайда болып, айқайды салып, кетіп бара жатқан бір кісінің беліндегі кездігін жұлып алып, бес баланы бірақ сәтте ұрып жығып, тамақтарына кездігін тақағанда қорыққаннан әлгі балалар шыңғырып, тізерлеп отыра қалады. Міне осыдан бастап қорқақ, әлжуаз бала “батыр Шәміл” деп, аталып кетеді! Күннен күңге ақыл мен қуаты да ерекшеленіп өсе береді… Жаратылыстың біз білмейтін тылсым сырлары осындай киелі адамдарға ғана қонса керек!

Мына бүгін Елі мен оның шәкірттері медицинаның атасы Ибн Синаның ұлы істерін жаңа заманда жалғастырған ғажайып хирург, үлкен жүректі дәрігер, Қазақстанның “Халық Қаһарманы”, “Әлем Азаматы”, АҚШ-тың бірнеше қаласының “Құрметті азаматы”, академик Мұхтар Әліұлының 2023 жылдың 3 ақпанында 90 жылдық мерей тойын атап өтуде! Өзі кетсе де, артында қыруар ғылыми мұралары мен мыңдаған шәкірттері қалған ұлы дәрігердің аты ғаламдық және отандық медицина тарихында алтын әріппен жазылып қалды!

Міне адамзат өркениеті кезінде лайықты бағасын берген әзиз жан, Мұхтар Әліұлының мәңгілік шын ғұмыры енді қайта басталды, ағайын!

Жаның жәннатта, тәнің рахатта, жатқан жерің Құранның нұрымен нұрланып, жарық та жайлы болсын, Елі сыйлап, ардақтаған әзиз жан Мұхтар Аға!

Ілесбек БАЙЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Шымкент шаһары

ӨМІР ЖОЛЫ

Мұхтар Әлі — 1933 жылы 2 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық стансасында туған — 12 қаңтар 2015 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Әкесі — Сәрсембаев Әли (1892-1955), темір жол көлігі жүйесінде жол қараушы болған. Анасы — Сәрсембаева Құндыз (1900-1937). Жұбайы — Әлиева Минвар Қадышқызы (1941 жылы туған). Ұлы — Рахат Мұхтарұлы Әлиев (1962 жылы туған); қызы — Әлиева Гүлшат Мұхтарқызы (1965 жылы туған).

Мұхтар Әлі Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген (1957), емдеуші-дәрігер. Медицина ғылымдарының кандидаты (1966), докторы (1974). Профессор (1976 жылдан). ҚазКСР ҒА (1988), Халықаралық шығармашылық академиясының (1992), Халықаралық ақпараттандыру академиясының (1995), Нью-Йорк ғылым академиясының (1996), ГФР Медициналық білім беру академиясының (1996) академигі. ҚР хирургтері ғылыми мектебінің жетекшісі. 800 ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде 58 монография, ғылыми-танымдық және оқу кітапшалары бар. ҚР мен КСРО патенттері мен алдын ала патенттерінің 151 өнер табысы авторлық куәлігіне иегер. 30 ғылыми еңбектер жинағының бас редакторы. 1950 жылдан – Шымкент облысы Тимур ауылы 7 жылдық мектебінің оқытушысы. 1951 жылдан – Алматы мемлекеттік медицина институтының студенті. 1957 жылдан – Шымкент облысы «Тимур» кеңшарында учаскелік аурухана хирургі және бас дәрігері. 1958 жылдан – Алматы мемлекеттік медицина институтында клиникалық ординатор. 1960 жылдан – Республикалық клиникалық ауруханасының хирург-дәрігері. 1961 жылдан – Онкология және радиология ҚазҒЗИ кіші ғылыми қызметкері. 1963 жылдан – Алматы екінші қалалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі; Алматы мемлекеттік медицина институтының аспиранты. 1969 жылдан – Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институты кафедрасының меңгерушісі, доцент. 1976 жылдан 1980 жылдар аралығында – Алматы мемлекеттік медицина институты хирургия кафедрасының меңгерушісі. 1978 жылдан 1982 жылға дейін – ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі. 1980 жылдан 1985 жылға дейін Ә.Н. Сызғанов атындағы Клиникалық және эксперименталды ҚазҒЗИ директоры. 1982 жылдан 1987 жылға дейін – ҚазКСР денсаулық сақтау министрі. 1997 жылдан – Ә.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының директоры. 2001 жылдан бері – Ә.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының құрметті директоры. 11-ші, 12-ші шақырылған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1983, 1985). «КСРО-Франция» Достық қоғамдастығы Қазақ бөлімінің төрағасы (1978). Бүкіл одақтық хирургтер қоғамының басқарма мүшесі (1978-1982). ҚазКСР ҒА төралқасының мүшесі (1988, 1989). Халықаралық гастроинтестианалды хирургтер клубының (1996), Н.И. Пирогов атындағы хирургтер ассоциациясының (1996) мүшесі. ПБИТС-мен күресу және алдын алу республикалық қоғамдық комитеттің құрметті төрағасы, ұйымдастырушысы (1989). «Қазақстан хирургиясы» (1995), «Клиницист» (1995), «Қазақстан медицина журналы» (1998). ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1988), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1999), «Мамандық-Өмір» Халықаралық сыйлықтың (2004), «Платина Тарлан» сыйлықтарының лауреаты (2005). «Абылай хан» алтын медалімен (1998), «XXI ғасырдың 500 негізін салушылар» (Кембридж, Англия, 2001), «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Астана» (1998), «XXI ғасырдың 2000 көрнекті интеллектуалдары» медальдарымен; «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» белгісімен (2001) марапатталған. «Стратегиялық менеджмент үшін» алтын медалі мен лауреат атағын алған (Франция, 2002). Алтын жұлдыз – айрықша белгісінің табыс етілуімен «Халық Қаһарманы» (1995), «Жыл адамы» (2001), «Әлемнің көрнекті интеллектуалдары», «Медицина облысында көрнекті кәсіби жетістіктері», «Әлем азаматы», «Әлем елшісі», «Көрнекті көшбасшы» (2003) атақтарына ие. Хирургияны дамытудағы көрнекті үлесі үшін құрметті халықаралық дипломның дипломанты (2002). Балтимор қаласының Құрметті азаматы және Кентукки штатының Құрметті полковнигі, АҚШ (1988).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *