ШАЙТАН ЕНГЕН ШАҢЫРАҚ

Әдебиет
21 Views

Қазақстанның оңтүстігіндегі кішкентай қалада тай-құлындай тебісіп өскен, бір мектепте бірге оқыған бес-алты жігіт Алматыда көптен бері тұрамыз, мамандығымыз да әртүрлі. Осы күнге дейін арамыздан қыл өткен емес, жұбайларымыз да, балаларымыз дабір-бірін жақсы таниды, бірге туған туыстардай араласып-құраласып, жақын болыпкеттік.

Мектепте оқыпжүргенде арамызда Кәкіш деген бала болды. Әкесі үлкен сауда орнында бастықболып қызмет атқаратын. Қалада ол кезде көліктің төресі саналатын «Волганы» осыкісінің мініп шалқып жүретіні әлі көз алдымызда. Ол кезде біз ойын баласымыз,ештеңенің мәнісін түсіне бермейміз. Үлкендер жағы Кәкіштің әкесін жұмыртқаданжүн қырыққан қу деп онша жарата бермейтін. Көбіміздің әкелеріміз айлығы айлығына әрең жететін қарапайым еңбек адамдары. Біздің қолымыз велосипедке жетпей жүргенде, Кәкіш тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде сол кезде таптыра бермейтін шетелдік «ЯВА» мотоциклін мініп жүрді. Сондықтан да болу керек, «Ашбала тоқ баламен ойнамайды» демекші, біздерді онша менсінбей, аулақтау жүреді.Обалы не керек, Кәкіш мектепті жақсы бітірді. Сол жылы-ақ Алматыдағы ең мықты жоғарғы оқу орындарының біріне қиналмай түсті.

Біз студент кезімізде стипендиямызды әрең жеткізіп, қара су ішіп, қара нан жеп жүргенде, ол қара уылдырық жеп, жап-жаңа «Жигули» мініп шалқыды. Анда-санда кездейсоқ кездескеніміз болмаса, араласқанымыз шамалы болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдары көбіміз жұмыссыз қалып, ала дорба арқалап кеткенімізде Кәкіш керемет байып кетіпті деп еститінбіз. Қайсысының шын, қайсысының дақпырт екенін ажырату қиын. Кішкентай қаладан көшіп келген бір ағамыздың айтуы бойынша, Кәкіштің әкесі өмір бойы саудада басшы болып, үкіметтің байлығын басып қалыпты. Рубльдің құнсызданып кететінін алдын-ала біліп, байлығын тек алтынмен жинапты-мыс. Өтірік-шынын кім білген, Алматының қақ ортасынан 28 пәтер сатып алып, оны жалға беріп, ақшаны пішендеп табатын құсайды.

Ел шынында да біліп айтады. Менің мамандығым журналист болғандықтан, мемлекеттік дәрежеде өтетін әртүрлі кездесулерде, жиындарда жиі-жиі боламын. Кәкіш жерлесімді сен тұр, мен атайын дейтін небір қалтасы қалың бизнесмендер мен жоғары лауазымды шенеуніктердің арасынан жиі көретін болдым.

Бірде үлкен мемлекетаралық басқосуда екеуміз бетпе-бет кездесіп қалдық. Әлі де менмендігі мен тәкаппарлығы басым, сен қайдан жүрсің дегендей, маған төбемнен қарады, басын изеп амандасқан болды.

Жасы елуге жақындағанда анау кәуек басына аздап болса да ми кірген болу керек, соңғы кездері бізді іздейтінді шығарды. Осыдан екі жыл бұрын кенже қызымның ұзату тойын жасауға дайындалып зыр жүгіріп жүргенімде, Кәкіш күтпеген жерден ұялы телефоныма хабарласып, қызыма ақ тілегін айтты. Баяғы тәкаппарлық жоқ, дауысы биязы. Мектепті бітіріп, жоғары оқу орнын аяқтап, Алматыда тұрақтап қалған Дәуренді, Дәуітті, Сәбитті, Қаржаубайды, Марат пен Сәкенді ұмытпапты. Алыстап кеткен балалық шағымызды есіне алды.

– Дәркеш, жақында өзіміз өскен қалаға барып қайттым. Тәуелсіздік алған жылдарда кішкентай шаһар қирап қалып еді, қазір сәл есін жиыпты. Оқыған мектебіміз көзге ыстық көрінді. Сендерді еске алдым. Бірге оқыған екі-үш кластасымды көрдім, бір-біріңді көріп, араласып тұрасыңдар ма дегенде, не айтарымды білмей, қатты қысылдым.

Қаладағы Орталық мешіттің салынуына Алматыда тұрсаңдар да үлкен үлес қосыпсыңдар, ашылуына қатысыпсыңдар. Ел-жұрт, ағайын сендерге дән риза. Имандылық үйіне мен де құр қол бармадым, үлесімді қостым. Мектепті бітіргенімізге отыз жылдан асыпты. Қызмет, дәулет қуып жүріп, сендерден шеттеу жүргеніме қатты өкінемін. «Ештен кеш жақсы» демекші, араласқым келеді. Шақырып жатсаң, қызыңның ұзату тойына қуана-қуана келемін. Бірге оқыған жігіттердің келетінін білемін. Солармен кездескеннің өзі бір ғанибет! – деді ағынан жарылып.

– «Ақсақ қой түс қайта маңырайды» деген атам қазақ. Есің кірейін депті, – дедім мен әзілдеп. – Ондай ниетің болса, біз де сені қуана күтеміз. Ертең шақыру билетін жіберемін.

Кәкіштің тойға келетінін ешкімге айтқан жоқпын. Ол ішке сопайып жалғыз кіріп келгенде, бәрі де таң қалысты. Сыныптастарым өмірдің қызығы мен қиындығын көріп өскен, әр салада еңбек етіп, нанын адал тауып жүрген жігіттер. Кеш те болса өз үйірін таппаққа ұмтылған Кәкішке ешқайсысы суық қабақ танытпады. Қал-жағдайларын сұрасып, алыстап кеткен балалық шақтарын еске алысып, тай-құлындай шұрқырасып жатты…

Кәкіш көптен көрмеген жерлестерімен тойдың төріне шығып, қызым мен күйеу балама ақ тілек айтып, үлкен бақыт тіледі.

Жерлесім бала кезінен саяқ жүретін, әкесінің дәулеті асып-тасып жатса да, қалтасынан көк тиын артық шығармайтын сараңдау болатын. Қанша дегенмен өмір үлкен ұстаз ғой, кейде ол адам баласын өзгертіп жатады. Кәкішті қанша сараң десем де, қазақтың жөн-жорығын ұмытпапты, қызымыздың тойына тартуым болсын деп, жуандау конверт ұсынды. Мен де жұмыр басты пендемін, ықыласына ішім кәдімгідей жылып жүре берді… Сәл менмендігі болмаса, Кәкіш мектеп қабырғасында жүргенде-ақ көрікті жігіттің бірі еді. Оның үстіне спорттық гимнастика түрімен айналысады. Астында қымбат мотоцикл, көп адамның қолы жетпейтін қымбат киімді сол киеді. Сымдай тартылған сымбатты бозбалаға қаланың небір сұлу қыздары шетінен ғашық.

Кәкіш жасы елуге келсе де, баяғы сымбатын жоғалта қоймапты. Үстінде өте қымбат шетелдік костюм, сәл қырау шала бастаған қою қара шашы өзіне жарасып тұр. Маңғаз, келісті жігіт ағасына күйеуі жоқ көрші сұлу келіншектің көз қиығы қайта-қайта түсе берді. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, Кәкіш те сол сұлудың жанынан көбірек табылды. Қыз ұзату тойы аяқталуға жақын қалғанда, Кәкіш пен бүгін елден ерекше жырқылдап көп күлген, мейрамхананың еденінің түбін түсіріп билеген сұлу келіншек ешкіммен қоштаспай зып етіп тайып отырысты. Олардың зытып бара жатқанын жанымда тұрған жерлесім Серік екеуміз байқап қалдық.

– Дәркеш, мына Кәкіш мектеп қабырғасында жүргенде көрші орыс мектебінде оқитын он бестердегі жас қызды екіқабат етіп қойғаны есіңде ме? – деді басын шайқап. – Қатынқұмарлығын әлі қоймапты. Тойға келген екен, біз сияқты адам құсап әйелімен бірге келмей ме? Соңғы кезде сені жиі-жиі жағалап кетті, ол бекер емес. Бір есебі бар оның.

Жанымызға әйелім келіп, әңгімеміз аяқталмай қалды.

Арада екі апта өтпей жатып, Кәкіш хабарласып, мені жұмыс орнымнан алып кететін болды. Шаруам бір басымнан асып жатса да көңілін қимай, келісімімді бердім. Келіскен уақытта Кәкіш өмірімде көрмеген қымбат шетелдік көлікпен келді. Жанындағы жүргізуші мен шымыр денелі, қараторы жас жігіт бас изеп амандасқаны болмаса, екеуі де ауыздарына су толтырып алғандай, жол бойы үнсіз отырды.

Үлкен қаланың дәл ортасындағы офис үш қабатты ғимарат болып шықты. Есіктің алдында тұрған жас күзетші еменнен жасалған есікті ашып жатты. Асығыс көтеріліп, тез Кәкіштің кабинетіне бет алдық. Қабылдау бөлмесінде көзін сүрмелеген жас хатшы орнынан ұшып тұрып, «Сәлеметсіздер ме, хош келіпсіздер!» деп ілтипатпен амандасып, кабинеттің есігін аша берді. Атшаптырым кабинет қымбат жиһаздармен жабдықталған. Бірнеше хрустальді люстра айналасына сұсы басым көрік беріп тұр. Қымбат, шымқай қызыл матадан тігілген перделер ерекше бір салтанаттың белгісін аңғартады. Кәкіш екеуміз шағын столдың жанына қойылған қымбат былғары креслоға жайғастық. Сол-ақ екен, рұқсат сұрап әлгі құмырсқа бел хатшы қыз келді.

– Кәкіш Сұрағанович, сізге әдеттегідей қара кофе ме? – деді. «Иә» дегендей, кабинет иесі басын изеді.

– Аға, сіз не ішесіз? – деді хатшы лып-лып етіп, – кофе ме, әлде шай ма?

– Рахмет, қызым! Маған қант қосылмаған қара шай жетіп жатыр.

– Менің бизнеспен шұғылданғанымды білгеніңмен, нақты қандай іспен айналысатынымды білмеуің мүмкін, – деді Кәкіш жаңа ғана хатшы қыз әкелген кофені қолына алып, – біздің фирма «Қаратас» деп аталады. Менің автомобиль жолдары институтын бітіргенімді жақсы білесің. Кеңес дәуірі кезінде қатардағы мастерден жол басқармасының бастығына дейін көтерілдім. Кеңес дәуірі ыдыраған соң, жұмыстың берекесі кетіп, осы мекемені аштым. Негізі атқаратын жұмысымыз – Қазақстан бойынша жолдарды күрделі жөндеуден өткізу. Соңғы бес-алты жылда Батыс Қытай – Батыс Еуропа сияқты ірі магистраль салу жобасына қатысып, біршама табыстарға жеткен жайымыз бар. Бізге бекітілген учаскедегі 70 шақырымдық төрт жолақты автомобиль жолын уақытында әрі сапалы аяқтау міндеті тұр. Бұл дегеніміз, қыруар жұмыс, қыруар қаржы, үлкен жауапкершілік. Сондай-ақ, Жапониядан, Франция және Германиядан қазіргі заманғы озық технологиялық медициналық жабдықтар жеткізумен айналысамыз. Құдайға шүкір, қол жеткен табысымыз жаман емес. Фирмада 300-ден астам адам жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр.

Кәкіш өз жұмысы, компанияның болашағы туралы тәптіштеп айтып жатты. Шетелден медицина жабдықтарын жеткізу жөніндегі бизнес түрінен менің хабарым шамалы. Ал, жол жөндеу, жаңа жол салу мәселесін бір кісідей жақсы білемін. Жаңылыспасам, осыдан оншақты жыл бұрын болатын. Жанұяммен Абай және Сайын көшелерінің қиылысындағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрамын. Қыркүйек айының орта шенінде болу керек, күндегі қалыптасқан әдетім бойынша ерте тұрып, Сайын көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолымен серуендеп келе жаттым. Абай көшесіндегі үлкен көпірге жеткенімде біреудің қатқыл шыққан ашулы дауысы естілді. Жалт қарап, өз көзіме өзім сенбедім. Қолына линейка, аяғына керзі етік, басына қалпақ киген күнде телебізірден көріп жүрген қала әкімі біреулерді әкесін танытып, ескерту беріп жатты.

– Сендерде мысқылдай ұят бар ма, жоқ па? – деді әкім қатулана сөйлеп. – Мына жолдың күрделі жөндеуін өз уақытында бітірдік, сапасы керемет, – деп мені де, қала тұрғындарын да алдағыларың келеді. Айтқан өтіріктеріңді дәлелдеп берейін бе?! Күрделі жөндедік деген жолдың екі жиегін жеті сантиметрге кем салып, үлкен көзбояушылыққа барып отырсыңдар. Төселген асфальттың қалыңдығы 6 сантиметрге кем. Ойбай-ау, мынау масқара ғой! Жолға қолданған құрылыс материалдарының анализін алып, арнайы лабораторияға тексеруге жіберілсін!

Жасаған ұрлықтары мен былықтары аймандай болған жол жөндеу учаскесінің басшылары айтуға сөз таппай, түрлері сұп-сұр болып төмен қарай берді.

– Жеп қойған қаржыны қайтарып, ұзындығы он шақырымға жуық жолды қайтадан күрделі жөндеңдер! Әйтпесе, жегендеріңді желкелеріңнен шығарамын!

Қала әкімі жанындағы көмекшісін ертіп, қызмет көлігіне бет алды.

Батырға да жан керек, жолды күрделі жөндеу қайта басталып, уақытында аяқталды. Оны Алматы қаласының әкімі қалай қабылдап алғанын, «Алматы» телеканалындағы жаңалықтардан көріп, әкімге іштей риза болдым.

Сайын даңғылының төрт жолақты автомобиль жолы Батыс Қытай – Батыс Еуропа магистральмен салыстырғанда майда-шүйде іс. Жаңылыспасам, осыдан алты-жеті жыл бұрын 1 шақырым жол салуға 1 000 000 АҚШ доллары жұмсалатын. Нарық шарықтап, қымбатшылық асқақтап тұрғанда, сөз жоқ, бұл қаржының әлдеқайда көбейгені шындық.

Жанымда отырған Кәкіш бауырым 70 шақырымға жол салып жатырмын деп отыр желпініп. Иә, мемлекет жолдарды жөндеуге, жаңа жолдар салуға қыруар көлемде қаржы бөліп жатыр. Бірақ, оның сапасы қандай дәрежеде? Әңгіменің мәнісі сонда. Басқасын тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Астана – Алматы арасындағы жаңадан салынған үлкен жолда былық шығып, сол кездегі көлік министрі істі болғаны әлі есімізде. Өзі тойса да, көзі тоймайтын жоғары дәрежедегі шенеунік көп асап қойып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты. Одан кейін де ішіп қойған, жеп қойған талай бастықтар түрмеге қамалды. Бірақ, жол сапасы жөнделер емес, баяғы жартас, сол жартас.

Жақында Таразға барып қайттым. Осыдан бес-алты жыл бұрын салынған бетон жол әр жерден ойылып, опырылып берекесі кетіпті. Естіген құлақта жазық жоқ, «Кәкіштің сұғанақтығы бар, қолы таза емес» деген қаңқу сөзді естіп қаламыз. Итің жаман десе намыстанатын қазақпыз, жерлесімнің жаман істен аулақ жүргені дұрыс болар еді. Кәкіш жерлесім өзі басқаратын компанияның жетістіктері, ертеңгі болашағы туралы айтып жатқанда, осындай ойдың жетегінде отырдым.

– Дәркеш, тағы да шай алдырайын ба? – деген жерлесімнің сөзі ойымды бұзып жіберді.

– Рахмет! – дедім сыпайылық танытып.

– Құрдас! – деді Кәкіш – сенімен арнайы кездесуімнің мақсаты – атқарып жатқан жұмыспен таныстыру емес еді. Жұмыс қайда қашар дейсің, одан да күрделі бір мәселе болып тұр. Сол туралы өзіңмен ақылдасайын деп едім.

– Сендей аты шулы бизнесмен менімен ақылдасатын болса, менің де осал болмағаным ғой, – дедім күліп.

– Сені кім осал деп айтты. Кәсіпкер болсақ та, біз де газет-журнал оқимыз. Жазғаныңды, жүргізген хабарларыңды көріп жүрміз. Сен өз мамандығыңның шеберісің, майталманысың. Саны бар да, сапасы жоқ қара жаяу журналист болсаң, Президент сыйлығын алар ма едің? Жақында ел жаққа барғанда аңғардым: абыройың биік екен, қала әкімі де, Мәслихаттың хатшысы да сені мақтап, жер мен көкке сиғызбады. Біз оқыған мектепте сенің атыңнан сынып ашылып, мұражайдан үлкен суретің орын алыпты. Бұл – үлкен абырой, үлкен құрмет! – деп бұрынғы сыныптасым артыма көпшік қойып, мақтауымды әбден жеткізді.

Журналист ағайындар іштей психолог болып келеді. Кәкіштің мені кабинетіне шақырып, мені «данышпан» жасамақшы болуында бір есеп барын іштей сезіп отырмын. Сол күдігім рас болып шықты.

– Дәркеш, екеуміз бір көшеде өстік. Менің әкемді жақсы білесің, ол кісінің қалаға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, өмір бойы ел игілігі үшін еңбек етті. Ол кісінің дүниеден өткеніне 10 жыл болыпты. Ортамызда аман-есен жүргенде келесі жылы 90 жасқа толар еді. Менің шалқақтап жүргенім – әкемнің арқасы деп білемін. Оның торқалы тойын дүркіретіп өткізсем деген ізгі ойым бар. Сөзімнің басында елге барып қайтқанымды айттым, қаладағы көшелердің бұрынғы аттары өзгертіліпті. Бұл дұрыс шығар, заман талабы солай, егеменді ел болдық. Дегенмен, бұл жөнінде әттеген-ай дейтін жайлар бар болып шықты. Көшелердің атын кім көрінгенге беріп жатыр. Басқасын айтпай-ақ қояйын, көзі соқыр болып қалған көрші шахтерге дейін бір көшенің атын беріпті. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел мүддесі үшін маңдай терін төккен менің әкемнің атында, Қарабай Оңғарбаевтың есімінде көше жоқ. Бұл әділетсіздік емей немене! Қала әкімінің қабылдауында болып, осы мәселені көтеріп едім, сылап-сипап шығарып салды. Өзі ештеңенің мәнісін түсінбейтін дөңкиіп қалған біреу екен. Әкемнің 90 жылдығы жақындап қалды, қаладан бір көшенің атын алып бермесем – абыройыма дақ түсейін деп тұр. Жоғарыда айтып өттім емес пе, елде сенің абыройың асқақтап тұр, әлгі әкімге сенің сөзіңнің өтеріне еш дауым жоқ. Көмектесіп жібер бауырыңа. Керек десең, елге бірге барып қайтайық. Ер мойнында қыл арқан шірімейді, еңбегіңді ақтаймын…

Сөзін аяқтаған Кәкіш маған қарап, бұл не дейді екен дегендей, үнсіз қалды. Жерлесім үлкен салмақ артып отыр, айтылған өтініштің орындалуы – оңай шаруа емес. Қала әкімшілігі айға қарап, жұлдыз санап отырған жоқ. Олар кімнің кім екендігін жақсы біледі. Кәкіштің әкесі үлкен қызметте болғанымен, ешкімге қайырымы жоқ кісі еді. Талай жазықсыз жандарға тізесін батырғанын қаладағы үлкендер тұрмақ, біз, кішкентай балалар да білетінбіз. Осының бәрін сыныптасыма айтып, лайықсыз адамға көшенің атын беру қиын екендігін айтып, желпілдеп отырған Кәкішті ренжіткім келмеді.

– Түсіндім, Кәкіш. Екі айдан соң әкемнің туған інісінің асы еді. Қалаға барғанда әкімге кіріп, сенің өтінішіңді айтып шығармын, – дедім Кәкіштен құтылғанша асығып.

– Жарайсың, Дәркеш! Нағыз азамат екенсің. Рахмет саған!

Қатты қуанған жерлесім орнынан тұрып кетті. Үш күннен соң, Кәкіш тағы да телефон соқты.

– Дәркеш, үлкен қалада тұрып жатқан жерлестер онша көп емеспіз, ары кетсе бес-алты жанұя екен. Сендердің бастарыңды қосып дәм беру көптен бері ойымда бар еді. Сенбіге дейін әлі бес-алты тәулік бар. Біз дайындала берейік. Жігіттер сені тыңдайды. Жерлестеріме сәлемімді жеткіз. Міндетті түрде жұбайларыңмен бірге келіңдер. Біраздан соң тұратын мекен-жайымның адресін жіберемін. Менімен хабарлас, жауабыңды күтемін, – деп телефонын өшіре берді.

«Шақырғаннан қалма, шақырмағанға барма» деп данышпан бабаларымыз тегін айтпаған. Оның үстіне дәмнен ешкім үлкен емес. Шақырған күні бәріміз жұбайларымызды ертіп, жолға шықтық. Медеуге бара жатқан жолдың маңайындағы табиғаты көрікті жерге қоныс тепкен үш қабатты зәулім үйдің алдында Кәкіш пен жұбайы қарсы алды. Жарты гектарға жуық жерді алып жатқан мекен-жайдың іші кішігірім бау-бақша. Ағаш біткеннің небір түрлері жайқалып, айналасына ерекше бір рең беріп тұр. Үлкен үйдің алдындағы гүл шоқтары жан-жағын көріктендіріп, ажарландыра түскендей. Шаңырақтың маңайынан екі-үш күзетшіні аңғарып қалдым. Аумағы үлкен үйдің бұрыш-бұрышына бейне бақылау құралдарының орнатылғаны байқалады. Үйдің іші де керемет болып шықты. Алтынмен апталған, күміспен қапталған патша сарайына кіргендей болдық. Қымбат әрі шетел жиһаздары рет-ретімен орын тауып, еденге қымбат парсы кілемдері жайылыпты. Көлемі алпыс шаршы метрден болатын қонақ күту залы өзінің сән-салтанатымен қарсы алды. Пілдің сүйегінен жасалған үлкен столға дастархан жайылыпты. Құстың етінен басқаның бәрі бар, сіресіп тұр. Кәкіш бәрімізді төрге шақырды. Әйелі бар, еркегі бар бес-алты қызметші зыр жүгіріп қызмет етіп жүр.

Еркектерге қарағанда әйелдер халқы әуесқой болып келеді. Олар осыншама байлық пен дәулетке, сән-салтанатқа қызыға, таңдана қарайды. Кәкіш үлкен бизнесмен ғана емес, тамаша тамада болып шықты. Бәріміз көңілді отырдық, балалық кездердегі небір қызық оқиғалар айтылды, жастық шақтағы әндерімізді шырқадық. Бәрі дұрыс сияқты, бірақ, мен көпшілік байқай қоймаған, көңілге кірбің әкелетін бір-екі жайды аңғарып қалдым. Кәкіштің жоғары оқу орнында оқитын студент қызының оғаштау мінезі ұнамады. Есі бар қыз үлкен кісілермен дастархан үстінде көп отырмайды, тез шығып кетеді. Бұл қыз болса отырған орнынан қозғалар емес, оның үстіне егде адамдармен бірге мұз салған шетелдік вискиден қайта-қайта алып қояды. Қыздарының мұнысына Кәкіштің де, жұбайының да мән беретін түрі жоқ. Жерлесімнің әйелінің де оңып тұрған түрі жоқ. Ішімдікті еркектерден қалыспай сілтеп, ыржалақтап күле береді. Орнынан тұрып, әдемі көздерін төңкеріп қойып, біресе маған, біресе жанымдағы Серікке әдейі сүйкеніп өтеді. Түннің біраз уақытында қонақтықтан қайттық. Үйге Серіктің жүргізушісі әкеліп тастады.

– Бәрі дұрыс болды, бірақ маған Кәкіштің әйелі мен бүлдіршіндей қызының кейбір қылықтары ерсілеу көрінді, – деді Серік менімен қоштасарда.

– Сен де аңғарған екенсің ғой, – дедім басымды шайқап, – мына түрлерімен олар Кәкішті талай ұятқа қалдырады.

…Арада бір айдан соң, Кәкіш жүрек талмасынан қайтыс болыпты деген суық хабар жетті. Оның жаназасына адамдар көп жиналды. Көппен бірге жерлесімізді соңғы сапарға шығарып салдық…

Кәкіштің қырқын берген күні жерлесімнің оққағары болған жас жігітпен бетпе-бет кездесіп қалдым. Ол мені танып амандасып, көңіл айтты.

– Аға, мен сізді алғаш көргенде бірден таныдым. Сіздің менің әкем Өрісбаймен бір класта оқығаныңызды жақсы білемін. Ол кісі сізді ылғи айтып отырады. Өткен жолы өзімді таныстырғым келді. Бірақ, бастықтың алдында бізге артық сөйлеуге болмайды. Ол жағын өзіңіз де жақсы білесіз.

– Атың кім, айналайын?

– Менің есімім Ержан болады, – деді кластасымның ұлы қолын ұсынып.

– Әкең аман-есен бе? Әлі жұмыс істеп жүрген болар? – дедім жерлес інімді жақын тартып.

– Шахта тоқтап қалған, қазір таксист болып нәпақасын тауып жүр, – деді Ержан көңілсіз.

– Інім, – дедім – Кәкіштің қырқы өтіп, абыр-сабыр басылған соң, мейрамхананың жанындағы кондитер өнімдерін сататын дүкеннің алдында жолығайықшы. Кәкіштің өлімі туралы толығырақ білейін деп едім.

– Түсіндім, аға, келемін, – деп Ержан келісімін берді.

Алматының шағындау, бірақ қымбат мейрамханасында өткен Кәкіштің қырқы аяқталып, жақындарымен қоштасқан соң, жерлесімнің оққағарымен кездесу үшін уәделескен жерге келдім. Ержан да дәл уақытында келіп, бір-бір шыны шайға тапсырыс беріп, екеуміз әңгімелесіп отырдық.

– Білемін, Дәркеш аға, босстың ойламаған жерден қайтыс болғанын толығырақ білгіңіз келеді, – деді Ержан – Алматыдағы спорт Академиясын бітіріп, каратэден топ жарып жүрсем де, тұрақты жұмысқа орналасудың реті келмеді. Амалдың жоқтығынан үлкен сауда маркетінде жүкші болып жүргенмін. Осыдан екі ай бұрын әкем науқастанып қалып, елге барған болатынмын. Осы сапарымда Кәкіш ағамен таныстым. Сонда білдім сіздер бір мектепте оқып, бір көшеде өсіпсіздер. Әкемнің көңілін сұрап келген Кәкеңе қоштасарда бір өтініш айтты.

– Құрдас, Алматыдағы белгілі азаматсың, маған қарағанда қолың да ұзын. Ержан жоғары оқу орнын бітірсе де, мықты спортшы болса да жұмыссыз жүргені менің қабырғама қатты батып жүр. Құдай айдап өзің келіп қалдың. Бөтен емес, өзіңнің бауырың. Екеуміздің екі атадан қосылатын жақын туыс екендігімізді ұмытпа.

Мен қанша дегенмен спортшымын, жасым бар болғаны 25-те. Тепсе темір үзетін, күш-қайраты тасып тұрған жас жігітпін. Кәкіш аға бас-аяғыма дейін сынай қарап: «Алматыны жақсы білесің бе?» – деп сұрақ қойды.

– Үлкен қалада бес жыл оқыдым, жұмыс істеп жүргеніме бір жарым жылдай болып қалды. Шаһардың түкпір-түкпіріне дейін жақсы білемін, – дедім нақты жауап беріп.

– Автокөлік жүргізу туралы куәлігің бар ма? Алматының кептелісін өзің де жақсы білесің. Көлікті дұрыс жүргізе білесің бе? – деп Кәкіш аға екінші сұрағын қойды.

– Бір адамдай айдаймын. Оның үстіне осы күнге дейін автогонкаға қатысып жүрмін.

– Бәрі дұрыс, – деді әкемнің құрдасы – Алматыға қашан қайтасың?

– Екі күннен соң сонда боламын.

– Олай болса, маған сәрсенбі күні таңертеңгі сағат 10.00-де кел. Мекен-жайым мынада жазылған, – деп визиткалық карточкасын ұсына берді.

Сөйтіп, ойламаған жерден көптен бері көкейімді мазалап жүрген жұмыс мәселесі шешілгендей болды. Айтқан күні «Қаратас» фирмасының төрағасы мені кідіріссіз қабылдады. Ұсынған дипломыма, басқа да құжаттарға көз қиығымен бір қарап: «Қазір кадрлар жөніндегі менеджерге бар. Атқаратын міндетіңді сол түсіндіреді.

Сенімен шаруам бітті дегендей, босс есікті иегімен меңзеді.

Кадрлар жөніндегі менеджер менің атқаратын міндетімді нақты әрі қысқа түсіндірді.

– Сені шартты түрде фирма президентінің көмекшісі деп жұмысқа қабылдаймыз. Басты міндетің – басекеңнің қауіпсіздігіне жауаптысың, сол үшін басыңмен жауап бересің. Оған сұрақ қоюға, сөйлесуге қатаң тыйым салынады. Айтқаны – бұлжымайтын заң. Бұл қызметте уақытпен есептесу деген болмайды. Күн болсын, түн болсын шақырғанда құстай ұшып тез жетуің керек.

Ол сөзін үзіп, қайтадан жалғады.

– Қаруды қалай қолдануды білетін шығарсың?

– Спорт Академиясында оқып жүргенде қару қолдану, ату жөнінде арнайы курстан өттім. Өзіммен қару ұстауға рұқсатым бар. Көлікті де жақсы жүргіземін, бұрынғы автогонщикпін, – дедім қысқа жауап беріп.

– Дұрыс, дұрыс. Айтпақшы, қай жерде тұрасың? – деді менің құжаттарымды тексеріп жатып.

– І-ші Алматы вокзалының маңында пәтер жалдап жүрмін.

– Тым алыс екен. Сенімен бірге жұмыс істейтін серіктесің біздің офистің маңайында біз жалға алған пәтерде тұрады. Мен оған ескертіп қоямын, бүгіннен қалмай көшіп келетін бол. Ертең сағат 8.00-де жұмысың басталады.

Ертесіне жұмысыма кірісіп кеттім. Бір бөлмелі пәтерде тұратын Серік көп ашылып сөйлей бермейтін біртоға жігіт. Босстың бірнеше қымбат көлігі бар. Әртүрлі маркадағы машиналарды екі күн сайын ауыстырып мініп отырамыз. Жұмыстан қайтарда бастықты Медеу жақтағы үйіне жеткізіп, шұғыл кері қайтамыз. Қалада әртүрлі кездесулер, конференциялар, банкеттер болады. Мұндайда бастығымызды көзден таса қылмай, көлеңкесіне айналамыз. Мен қызметте болған екі аптаның ішінде екі рет Астанаға жолсапарға барып қайттық.

Бұл мекемеде жұмыс істей бастағаныма бір ай толғанда бастық өзіне шақырды. Бірдеңені дұрыс істемей, көңілінен шықпай қалдым ба деп, кабинетке қорқа-қорқа кірдім. Кәкіш қысқа амандықтан соң, бірден шақырған шаруасына көшті.

– Бүгін бізге Астанадан мәртебелі қонақ келеді. Соны жақсылап күтіп жіберуіміз керек. Сенің серіктесің Алматыдағы ең мықты деген саунаны дайындап жатыр. Дастархан мәзірін де сол жасайды. Сенің міндетің – екі жас иіс тауып әкелу. Отыздан асқан кәрі қыз әкеліп жүрме, жастау, әрі бет-әлпеті, бас-аяғы дұрыстау болсын. Ақшаны аяма, 1000 бакс жетіп қалар, – деп алдында жатқан конвертті маған ысыра салды.

– Құп болады, басеке! – деп кабинеттен шыға бердім. Жылмыңдап қалған бір таныс жеңгетай арқылы әлі жиырма жасқа толмаған уыздай-уыздай екі сұлу қызды айтқан жерге дәл уақытында жеткіздім. Босс және қонақ отырған үлкен бөлменің есігін қақтым.

– Кір! – деген Кәкіштің көңілді дауысы естілді.

Мен ішке кіргенде бастық өзін ханнан кем санамайтын астаналық дөкеймен мол етіп жайылған дастархан үстінде мұз салған қымбат виски ішіп отыр еді.

– Басеке, айтқаныңызды орындадым, кірсін бе? – дедім рұқсат сұрап.

– Кірсін, кірсін…

– Бәке, бір тосын сый жасайын деп едім. Қазір сізге ай десе аузы бар, күн десе көзі бар екі сұлу массаж жасайды. Ха, ха…

Қысқа шолақ шортик киген жап-жас қыз ішке кіргенде түсі бұзылып, «Папа» деп шошына айқайлап, кері қарай тұра кеп қашты…

– София, сенсің бе?

Түрі кенеттен бозарып кеткен босстың қолындағы виски құйылған стакан жерге құлап, быт-шыты шығып, өзі жүрегін ұстаған күйі еденге құлап түсті… Бірдеңені бүлдіргенімді біліп, төбе шашым тік тұрып, зәрем қалмады. Ұялы телефонымды жалма-жан алып, «Жедел жәрдем» шақыра бастадым. Істің насырға шауып, басына бәле таянған әлгі месқарын дөкей «Астафралла! Астафралла!» деп тез-тез киініп, тайып отырды. Дәрігер келгенде тым кеш еді… Кәкіш жүрек талмасынан қайтыс болды. Мәйітханаға апара жатқанда бастықтың адырайған көздерін көргенде тұла бойым мұздап қоя берді. Оның шатынап кеткен көздерінде үлкен бір үрей бар еді, – деді Ержан ауыр күрсініп. – Осы өлімге менің де қатысым бар екендігін есіме алғанда түнде дөңбекшіп ұйықтай алмаймын. Дәл мұндай болады деп кім ойлаған! Кеше өз еркіммен жұмыстан босадым.

Екеуміз орнымыздан тұрып, көңілсіз қоштастық. Жаңа ғана ашық тұрған аспанды қара бұлт тұмшалап, жаңбыр жауа бастады.

Арада үш ай өткенде қалалық прокуратурада қызмет атқаратын бір танысым Кәкіш туралы қорқынышты деректер берді. Ол ұйымдастырған қылмыстық топ, мемлекетке миллиардтаған теңгенің экономикалық шығынын әкеліпті. Республика көлемі бойынша көлік жолдарын жөндеуде, салуда жүздеген адамның жалақысын бермей қан қақсатқаны өз алдына бір әңгіме. Небір жас қыз-келіншектерді алдап-арбағаны, зорлағаны туралы деректерді оқығанда, төбем шымырлап кеткендей болды. Ең сорақысы – өзі де, әйелі де, жап-жас қызы да жеңіл жүріске салынып, шаңырақтарын әзәзіл шайтан билепті.

Жақында Медеудің кіре берісіндегі көрікті жерге заңсыз салынған үйлерді қалай қиратып бұзғаны туралы қалалық теледидардан арнайы хабар берді. Сол қымбат үйлердің арасынан Кәкіштің үйінің де тас-талқан болып бұзылып жатқанын көріп қалдым.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *