ШОҚ ТІЛДІ ШОНА

Тұлға
837 Views

Әріп танып, әліппені үйренгеннен бері фамилиямызды сұрағандарға «Пәленшеев, Төленшеев» деп, әкеміздің атына «…ев» пен «…овты» қосақтап айту дағдыға айналған-ды. Мұның өзі бір мезгіл ұйықтап, үш мезгіл тамақ ішкендей бойымыз үйренген үрдіс болатын. Өйткені Кеңес өкіметі бізді солай оқытып, солай тәрбиелегені кім-кімге де жасырын емес. Көзімді тырнап ашып, көркем шығармаларға ден қоя бастаған кезде фамилиясының артында не «…ев» жоқ, не «..ов» жоқ үш адамның аты-жөніне қайран қалғанмын.

Бауыржан Момышұлы.

Балғабек Қыдырбекұлы.

Шона Смаханұлы.

Үш тұлғаның үшеуі де – ұлы! Неге? Сұлтан болуға ұмтылған жоқ, ұлты үшін ұлтан болды. Ұлы болуға ұмтылған жоқ, ұлтының құлы болуға тырысып бақты.

Тәуелсіздік тұсында тәрбие алған кейінгі жастар Шона ағамыздың сын-сықақтарын оқығанмен, ана тіліміздің мәртебесі үшін «мыңмен жалғыз алысып», жауға жалғыз шапқан батырлығын біле ме?

АЛМАТЫДА ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІН АШҚЫЗДЫ!

Шона Смаханұлы тіл үшін тіресіп жүріп Алматыда қаншама қазақ мектептерін ашқызды! Бұл жөнінде сәл шегініс жасап балалар ақыны Абдрахман Асылбектің естелігіне құлақ түрейікші. «Ол кезде Алматыда небәрі бір ғана қазақ мектебі болатын. Шона ағамызды қазақ мектебі мен қазақ тілінің мүшкіл хәлі толғандырып, Үкімет алдына мәселе қоя бастады.

Қазақ мектебін ашу оңай еместігін жақсы түсінген Шөкең амал-айлаға көшіп, ең алдымен орыс мектептерінің ішінен қазақ сыныптарын ашуды қолға алды. Үй-үйді аралап, қаракөздердің тізімін және ата-аналарының ұлт мектебіне бергіміз келеді деген келісімін ала жүріп, қазақ мектептерін қалайда көбейту жолдарын қарастыра бастады.

Бұл оңай шаруа ма? Жан-жақтан жанашырларды шақырып жасақ жинады. Әуелгіде Қадыр Мырза-Әлі, Қабдеш Жұмаділов секілді атақты ақын-жазушылар, кейінірек Марат Тоқашбаев, Нұрдаулет Ақышев қостаған жорналшы жігіттер ілкінді істі ілгері жылжытты. Оларға мен де қосылдым. Сөйтіп жүріп, он шақты жыл ішінде Алматы қаласында біраз қазақ мектебі ашылды».

Ал, қазақ мектебі мен балалар бақшасын ашу үшін жоғары-төменді шенеуніктерге дүркін-дүркін хат жолдап, қара терге түскенін білеміз бе? Үмбетбай Уайдиннің 2006 жылы 10 қазан күні Қазақ радиосына берген сұқбатынан үзінді келтірейік. «Қонаевтың қабылдауында болыпты деген әңгіме құлағыма тиіп, Шөкеңнен «Сол рас па?» деп бір-екі рет сұрағанымда, күліп жауап берді. «Есіктен кіріп келгенімде күректей қол алдымнан шықты. Қолым қолының ішінде жоғалып кетті» деді. Бұйымтайын сұрапты. Сонда Шөкең: «Мен соғыстан аман-есен келдім. Бала оқыттым. Еліме күлкі сыйлап жүрмін. Ендігі арманым – қазақ мектептерін көбейтсем екен!» депті. Сол сәтте Қонаев « Менің алдыма келгендер үй сұрап, машина сұрап бүгежектейтін еді» деп ризашылықпен елжірей қарапты.

Шона ағадай қазақ тілінің мәртебесі үшін ашық күрестік пе? Көбіміз үндемедік. Бұғып қалдық. Партиядан қорықтық. Саясаттың салқыны тисе, тұмауратып қаламыз ба деп үріктік. Шона ағамыз бұққан да жоқ, үріккен де жоқ. Әй, батыр екен-ау!

Ғаббас Қабышұлы көзкөрген көкесінің батыр мінезін былайша баяндайды: «1985 жылдың ақпаны-ау деймін, түс әлетінде кабинетімнің есігі тық-тық ашылып, домалана кіріп келген Шөкең:

— Мырза, хал жаман! – деді де, диванға отыра кетті. Орнымнан аңтарыла тұрдым да, жанына барып:

— Ассалаумағалейкүм, батыр, не хал? Аспан аласара бастады ма? – дедім. Жас айырмашылығымыз біраз болғанмен, екеуіміз әзілдесе беретінбіз. Шөкеңді мен «батыр» дейтінмін де, ол мені «мырза» дейтін.

— «Үш әріп» тағы шақырып жатыр, пәле болды! Мен өзім үшін жанталасып жүрген жоқпын ғой, соны ұқтыра алар емеспін! – деді қынатонының түймелерін ағыта бастап. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін жұрт «үш әріп» деп атайтын-ды, орысшасын – КГБ-ны сыртынан «комитет глубокого бурения» дейтін.

— Әй, өздері қызық, – деп Шөкең сөзін сабақтады. – Біз Алматыда қазақ мектебі аз екенін дәлелдеп, жаңадан ашу керек деп жүгіріп жүрміз. Мәселе Қонаев жолдасқа дейін барды, екеуі ашылды, үшіншісі ашылғалы жатыр, дұрыс қой? Дұрыс! Ал мына «үш әріптегілер» болса, «сізде ұлтшылдық бірдеңе бар» деп ғайбаттайды. Бүгін де соны айтатын шығар, сағат төртке шақырыпты…»

— Шона – қысқарған сөз, – дейді кейінгі шәкірттерінің бірі Балапан Базар. – Шымшымалары мен шаншымалары – Шоқ; сықақ өлеңдері мен мысалдары – От; фельетондары – Найзағай; памфлеттері – Атом! Қараңыз, Шоқ, От, Найзағай, Атом. Бас әріптерінен Шона деген есім шығады. Сондай-ақ «Шона кім?» десеңіз, Шыншыл, Ойшыл, Намысшыл, Азамат деген жауабы дайын. Тағы да Шона. Сондықтан сықақшы Шона Смаханұлы туралы айтып, шығармаларын зерттегенде осы адами қасиеттерін ұмытпай, есімімен байланыстыра кең мағынада қарастырған ләзім.

АҚЖОЛТАЙ СӨЗДЕРДІ АҒАМНЫҢ АУЗЫНАН ЕСТІДІМ

…Қазақстан Жазушылар одағының қақ алдында Шона Смаханұлы ағамыз пора-пора боп сөйлеп тұр екен. Бұл 1975 жылдың қыркүйек айы-тын. Айналасында алты-жеті шәкірті аузын ашып, көзін жұмып ұйып қалған. Бақсам, қағажу көрген қазіргі қазақ тілінің мәселесі туралы тереңнен сөз қозғап тебіренуде, құдды аудиториядағы профессордан аумайды-ақ. Ағамның аузынан естіген бұрынғы-соңғы ғұламалардың тіл туралы ақжолтай ғақлиясын қағазға түсіріп көшіріп алған едім. Соның бірсыпырасы мінеки…

– Бала тілін білмегеннің,

Бір «шаригі» жетпейді.

Ана тілін білмегеннің

Мың «шаригі» жетпейді!– деді Шөкең әр сөзін шегедей қағып.   – Бұл бірақ, менің шығарған шымшымам.

Паустовский «Хайуан ғана ана тілін білмейді, ана тілін білмейтін адам хайуанмен бірдей» деген еді ғой. Соған арқа сүйей отырып, шымшымаңыздың шоғына қақтап алмадыңыз ба, Шөке? – дедім маздаған ойын қоздатып. Сол сол-ақ екен, тоғаны ағытылған көлдей лақ етіп құйылып, ана тілі туралы данышпандардың ой-пікірін нөсердей төкті.

— Айналайын-ау, Владимир Ильич Лениннің өзі толық шығармалар жинағының 45-томында «Бір елдің, ұлттың, халықтың тілін, мәдени ғұрпын, жақсы дәстүрін қорлаған адамды жазалау керек» деп жазыпты. Көсенің сөзіне көз жұмып қарағандарды кім жазалайды? Қазір бәрін керісінше істеп жатыр. Күрмеулі тіліміз күн өткен сайын не боп барады? Әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз бозінгендей боздай бастады.

Ал, Вяземский «Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек» деген. Кім қорғап жүр? Шекараны қорғауға қолғабыс жасап жүрген шекарашылардың иті құрлы жоқпыз ба?

«Ана тілін білмейтін адам – мәдениетті адам санатына қосылмайды». Мұны айтқан Мұхтар Әуезов. Азын-аулақ қазақтың қаншасы мәдениетті? Күннен күнге кеміп, тарылып барады.

«Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құр алақан қалады» деген Ғабит Мүсірепов. Ертеңгі күні құр алақан қалмайық, жігіттер!

«Ана тілін білмейтін адам қолы жоқ, шолақ адам тәрізді» деген Ғабиден Мұстафин. Жасырып-жабатын не бар,қаладағы қазіргі қазақтардың қақ жартысы мүгедек. Шолақ.

« Халық өзінің тілімен ғана мәңгілік» деген Шыңғыс Айтыматов. Көбіміз сақаумыз, ана тіліндегі 42 әріптің отыз үшін ғана айта аламыз. Мына түрімізбен мәңгілік елге қалай айналамыз, айналайындар-ау?

«Балаға басқа тілді өз ана тілін толық меңгергеннен кейін ғана үйретуге болады» деген Надежда Крупская. Біз балаларымыздың миына басқа тілді сіңдіріп барып, сосын қазақшаға қарай сүйрейміз. Ондай бала оңа ма?

«Ана тілін білмеген Ақылы жоқ желік бас. Ана тілін сүймеген

Елін сүйіп жарытпас» деген қырғыз ақыны Сарноғаев. Ертеңгі күні елін сүйетін азаматтарды бүгін тәрбиелемесек кеш қаламыз.

«Ана тілін білмейтін адамнан әділдік күтпе» дейді Махатма Ганди.

Ақиқаттың түп тамыры ана тілімізде, ағайындар. Осыны ұмытпайық!

ЖҮРЕГІНЕ МУЗЫКА ҰЯЛАҒАН

Сынағанын сынадай қағатын Шона Смаханұлы сықақшы ғана емес, 120 әнге төгілтіп өлең жазған өрісі кең, өрелі ақын. Әсіресе композитор Әбиүрбек Тінәлиев шығарған «Анамның тілі – аяулы үні» атты әннің шоқтығы биік. Неге? Қуатты. Шуақты. Ана тіліне деген іңкәрлік сезім бар жаныңды баурап алатыны анық. Әуені әлі күнге дейін құлағымыздың түбінде ыңылдап тұрғандай. Әуезділігі өз алдына, Шөкеңнің шөл даладай жүрегінен ақбұлақтай ағып шыққан ән мәтіні қандай, шіркін!

Анамның тілі – айбыным менің,

Анамның тілі – ай-күнім менің!

Ойланасың. Ойпырай, қазақ даласын әуенмен тербеткен Садық Кәрімбаев, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Мыңжасар Маңғытаев, Әсет Бейсеуов, Дүңгенбай Ботбаев, Әшірхан Телғозиев, Сейдолла Бәйтереков, Алтынбек Қоразбаев секілді әйгілі композиторлардың әндеріне әспеттеп мәтін жазу идеясы қалай туындаған? Әу баста әзілкеш боп туған ағамыздың жүрек қылын музыка қалай шертті екен? Мұның сырын да жарықтық Шөкең жазып кетіпті.

Талас ауданының Ақкөл орта мектебінде мұғалім болатынмын. Ән-хор үйірмелеріне жетекшілік етемін. Сабақтан бос уақытымда балаларға ән-күй үйретемін. Бірде ауыл өнерпаздарының байқауы басталды. Алдымен ауданда, сосын облыс орталығы Жамбыл қаласында өтті. Облыстық байқаудан үздік шыққандар Алматыда өткен республикалық олимпиадаға қатыстық. Біздің аудан өнерпаздары бірінші жүлдені жеңіп алды. Мен халық әндері мен тақпақ айтудан көзге түскен сияқтымын. Бұл 1953 жыл еді.

Содан екі-үш жыл өткен соң, ауданымызға композитор Садық Кәрімбаев келіп концерт берді. Қасында бір топ әнші-күйшілері бар. Ақкөл селосында қойған концертінде вальс ырғақты бір әдемі әуенді Сәкең өзі баянмен құйқылжыта орындады да: «Мен бұл әнімді атақты Жамбыл қаласына арнаймын. Тек әннің сөзі – тексі болмай тұр, жазатын талапкер болса…» дегенді айтты. Келген жұрт композиторға құрмет көрсетіп, қол соғып, әнді қайта орындауды өтінді. Әннің маған әсер еткені соншалықты үйге жеткенше ыңылдап айтып бардым. Таңертең қонақтар біздің үйге сау ете қалды. Біреулер сілтеп жіберген көрінеді. «Әніңізге сөз жазуға рұқсат етесіз бе?» – деп сұрадым. Сосын әнді домбыраға салып бұлжытпай орындап бердім. Соған риза болды ма, композитор келісе кетті. «Жамбылым қандай тамаша» өлеңіміз осылай туған еді.

Жерімізде тың игеруге байланысты Қазақ ССР Мәдениет министірлігі мен Композиторлар одағы жабық конкурс жариялады. Енді-енді танысып жүрген Нұрғиса Тілендиев: «Бала, – деді менімен түйдей құрдас бола тұрып, мен әнін жазсам, сен сөзін жаза аласың ба?» Тәуекел дедім. Бұл конкурста Нұрекең екеуміз де екінші сыйлыққа ие болдық. «Егіншілер маршы» ағайынды Абдуллиндердің орындалуында аспан аясында самғай жөнелді. Әдебиеттің басқа жанрында – сатира саласында жүріп, жылына орта есеппен төрт-бес әнге ғана текст жазған екенмін. Демек, ән жазу қиынның қиыны дер едім. Әнін Мыңжасар Маңғытаев шығарған «Фараби сағынышын» жазу үшін алдымен ұлы ғалымның өмір жолын, трактаттарын оқып шықтым. Ән өлеңдерінің сөзі түгелге жуық ашық дауысты болғаны жөн.

Айтылып жүрген ән текстерінің басым көпшілігі қысаң дыбысты сөздерге толы. Бұл әншінің кеуде кере шырқауына кедергі жасайды.

Ән өлеңдері тыңдаушыға әрі эстетикалық, әрі рухани ләззат беретіндей көркем болуға тиіс. Әйтпесе тыңдаушыны сүйсіндірмейді, тамсандырмайды, сосын жатталмай, жатталса да бірте-бірте ұмытылып қалуы мүмкін. Біздің ән-өнерімізде лирикалық-философиялық өлеңдер тым аз. Ал әзіл әндер жоққа тән десе болғандай. «Бұтасына дейін ән салып» тұратын өнерпаз халқымыз үшін мұндай өлеңдер керек-ақ!»

ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Ұмытпасам, 1984 жылдың шіліңгір шілдесі. Жаңадан ашылған «Қымызханаға» бас сұғып бара қалып ем, Шөкең жолықты. Реңі жақсы, моншадан шыққандай балбұл жанып, балқып отыр екен. Жанында жап-жас бойжеткен. Сәлемдестім.

— Кел, қымыз іш, – деді. Қоңыр орындыққа қонжидым. «Мына сұлу қыз кім, немересі ме?» деп әуелгіде әдеп сақтадым да, жұмбақ ойымды жұтып тіс жармадым. Шона ағам алпысты алқымдаған, мен отыз төрттемін, қыз сірә, жиырмаға жетер-жетпес жаста. Тамақ ішпей тамсанып қылықты қызға көз қиығымды көбірек салғанымды аңғарды ма қайдам:

— Танысып қой, аты – Данагүл. Жеңгең болады! – деді Шөкең. Оппо-о-о! Кілт тыйылдым. «Белгілі Бернард Шоу 72 жасында 19 жасар қызға үйленген ғой, аға. Шона көкем де Шоудың махаббатын қайталаса несі айып? Ұлы адамдар ұқсас болады!» деп көпшік қойып көтермелеп сөйлейін деп ем, үйлеспейтін сияқты. «Абылайхан атамыз 11 әйелмен некелесіп, одан 30 ұл, 40 қыз сүйген. Сіз Абылайхан атамыздың ақ жолына түскенсіз-ау? Ұзағынан сүйіндірсін, Шоке!» десем ше? Қиқы-жиқы сөзімді қиыстырып айта алмағасын төтесінен кеттім.

Бірінші жеңгемнен – Тұран, екінші жеңгемнен – Ұлан деген ұлыңыз бар. Құдай қаласа, мына жас иіс жеңгем қошқардай ұл туса атын ағаларына ұйқастырып Жұбан қоятын шығарсыз?! – деп өзімше әзіл аңғартқандай болдым.

Періште әумин деді ме, Данагүл жеңгем келесі жылы ұл туды. Алпыстан асқанда жаныма серік болсын деп ырымдады-ау, сірә, қызылшақа сәбиінің атын азан шақырып Жансерік қойды.

Қайран дүние-ай! Сол Жансерігі үш жасқа толар-толмаста жарықтық Шөкең 1988 жылдың қазан айында о дүниеге озды. Марқұмды жерлеу туралы арнайы комиссия құрылды. Соғыс ардагерлері атынан партизан-жазушы Қасым Қайсенов, жерлестері жағынан ғалым Балтабай Адамбаев, Жазушылар одағының жасағы ретінде жас ақын Ұлықбек Есдәулет және сықақшылар қауымынан мен қосылып, марқұмның мәйітін өз аманаты бойынша туған жеріне апарып жерледік. Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты «Ойық» ауылындағы қара шаңырағына барғанымызда, жарықтық Шөкең көзі тірісінде «Өлсем басыма орнатасыңдар» деп өзіне-өзі ескерткіш дайындап қойыпты.

Ұлт үшін туған ұлдарын ұлағаттай алатын, төрге шығарып төбесіне көтере білетін халықпыз. «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл» болуы үшін тізесін бүкпей тік тұрып өткен, соның мәнісін ұрпақтарына ұқтырып өткен Шона ағамыздың биыл күзде белгіленген тоқсан жылдық тойына орай Жанғара Дәдебай, Ерғали Сағат, Рахымжан Тұрысбеков, Ерман Әбдиев секілді қаламгер, ғалым інілері естелік кітабын дайындауда. «Қазақфильмде» продюссер боп істейтін ұлы Жансерік әкесі туралы деректі фильм түсіру қамында. Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесі мен Жамбыл облыстық әкімдігі бірлесіп, Шона Смаханұлына арналған

«Көзкөрген» атты республикалық сықақшылар сайысын яғни, әзілкештер мүшәйрәсін Тараз қаласында өткізуді жоспарлап отыр.

Абай хакім «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» депті. Рас-ау, ұлы тұлғалар ұмытылмайды. Алаштың абызына айналған Әбіш Кекілбай ағамыздың парасат-пайымына арқа сүйесек «Алтын азбайды, асыл тозбайды: жайсаңның да жадтан шығып, ұмытылмағы тіпті де мүмкін емес».

Көпен ӘМІРБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *