«ЭКОНОМИКАНЫ ДИВЕРСИФИКАЦИЯЛАП, КІРІС КӨЗДЕРІН ҰЛҒАЙТУҒА КҮШ САЛАМЫЗ»

Экономика Қоғам
78 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті кәсіпкерлермен еркін форматта кездесті. Өңірдің кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына өз әсерін тигізетін жаңа жобалармен таныстыру мақсатында өткен басқосуда жас кәсіпкерлер облыс аумағында атқарып жатқан жұмыстарының барысымен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жас кәсіпкерлер құрылыс, логистика, фармацевтика салаларына инвестиция салуға ниетті. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы өндірістік паркте орналасқан жиһаз шығаратын кәсіпорын бағытын кеңейтуді жоспарлауда. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларын толық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша және мемлекет тарапынан қажетті қолдау жұмыстары атқарылатынын жеткізді.

Қазіргі уақытта кәсіппен айналысуға мүмкіндіктер өте көп. Біз кәсіпкерлердің бизнес идеялары мен старт-ап жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Өңірдің өзіндік кірістерін көтеруге жұмыла еңбек етуіміз керек. Жаңа жұмыс орындарын ашу өте маңызды. Соңғы жылдары елімізден шетелге жұмыс істеу үшін барғандар саны артуда. Сондықтан бізге экономиканы дамыту бағыттарын өзгертіп, жұмысты күшейту маңызды. Жастарымыз өте еңбекқор. Оларға өз өңірімізде ашылған зауыт-фабрикаларда еңбек етуіне жағдай жасағанымыз дұрыс. Мақсатымыз – Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыру. Экономиканы диверсификациялап, жұмыс орындарын ашу, өзіндік кіріс көздерін ұлғайтуға күш саламыз, – деді Дархан Сатыбалды.
2023 жылы облыс әкімінің бастамасымен Түркістан облысындағы кәсіпкерлерді Қытай Халық республикасына тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды облысқа тарту мақсатында бірнеше рет іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде облыс аумағында жаңадан фабрикалар салынып, шағын зауыттар саны артуда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жас кәсіпкерлермен осындай кездесулердің алдағы уақытта жиі ұйымдастырылатынын және мемлекет тарапынан қолдау жұмыстарының көрсетілетін жеткізді.
Инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат жасалған. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында.
Екіншіден, шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында 42 өндірістік ғимараттар салынуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Жалпы 30,7 млрд. теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланып, 24,2 млрд. теңгеге 7 жоба іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC Group», әскери шатыр және жиһаз өндіретін «Aqniet Holding», жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» компаниялары бар. Өндірістік парктің 2 және 3 кезеңдері (28 ғимарат) бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде, биыл тапсырылмақ. Бұл аймақтарда 70 млрд. теңгеден астам инвестиция сомасына өндіріс орындарын ашу жоспарланған.

ЖАСТАР ӨНДІРІС ОШАҒЫН ПРАКТИКА ЖҮЗІНДЕ КӨРДІ
Төлеби ауданында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен «Jalyn» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Кәсіптік бағдар беру» жобасы аясында «Кәсібім менің жемісім» тақырыбында жастарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағыттау мақсатында экскурсиялық бағыттағы семинар-тренинг өтті.
Мақсаты – жастарды ірі кәсіпорындармен таныстыру арқылы несие, грант алу және бизнес ашуға бағыттау. Түрлі кәсіптің қыр-сырын үйретіп, нарықтық қатынастардың тиімділігін түсіндіру. Жастарға беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау.
Шараға қатысушылар алдымен жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат алып, семинар-тренингтен өтті. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, түрлі жеңілдетілген несиелер шарттарымен танысты. Бұған қоса, Ленгір қаласынан «KAZPLAST» ЖШС киім тігу цехына арнайы барып, өндіріс ошағындағы жұмыс барысын практика жүзінде көрді.
Бүгінде жастарға беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар қатары артқан. Өз кәсібін ашып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Оған дәлел, мұнда «Жастарға арналған 2,5 % несие», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Бастау бизнес» жобасы жөнінде мәліметтер беріліп, жастарды толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап берілді. Сондай-ақ кәсіп иелері, жастарға өзі қызығатын кәсіп ашуға, жастарды жұмыспен қамтуға дайын екендігін жеткізді.
Айта кетейік, жастарды кәсіпкерлікке баулитын экскурсиялық бағыттағы семинар, 20 мамыр мен 14 маусым аралығында облысқа қарасты 17 аудан, қалада жалғасады деп жоспарлануда.

ЖАСТАРҒА КӘСІБІН БАСТАУ ҮШІН 1 МИЛЛИОН БЕРІЛЕДІ
Түркістан облысында «ZHAS PROJECT» жобасының жеңімпаздары анықталды. Әлеуметтік жобаға өңірдің барлық аудан-қалаларынан 500-ден астам жас қатысып, өз жобаларын ұсынған. Оның ішіне 225 жоба талапқа сай деп танылған. Бұл жайында Түркістан облысы бойынша «ZHAS PROJECT» жобасының менторы Сая Сағынғалиева брифингте мәлімдеді.
«Іріктеу кезеңінен өткен жастар 3 күндік онлайн семинар-тренинг оқуынан өтті. Соңғы комиссия отырысында 129 қатысушы өз жобасын қорғап, 20 жоба грант иегері атанды. Үздік деп танылған жастарға кәсібін бастау үшін 1 миллион теңге көлемінде қаржы беріледі. «Zhas project» жобасының негізгі мақсаты – жастардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Жобаға қатысушылар өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тиімді бастамаларды жүзеге асырып, сонымен қатар көшбасшылық қабілетін де дамыта алады», – деді спикер.
Сондай-ақ, бұл 18 жастан 35 жасқа дейінгі және NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жобаларды іске асыруына бағытталған.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қосағаш елді мекеніндегі 300 орындық жайлы мектебінің құрылысымен танысты. Облыс басшысы мердігермен кездесіп, жұмыс барысын пысықтады. Ұлттық жобаны іске асырудағы проблемаларды талқылады. Құрылыс материалдарымен қамтуға қатысты мәселені талқылады.
Құрылысқа жергілікті тұрғындар тартылған. Құрылыс алаңдарына бейнекамералар орнатылып, жұмыс процессі тиісті бақылауға алынған. Бірыңғай стандарт бойынша салынып жатқан жайлы мектептер заманауи технологиялық және инженерлік жабдықтармен, ыңғайлы оқу және корпустық жиһазбен қамтамасыз ету де тапсырылған. Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
Жалпы, Төлеби ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жаңадан 3 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Достық елді мекеніндегі 900 орындықты, Көксәйекте – 600 орындық, Қосағашта – 300 орындық білім ошағының құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.
Төлеби ауданында тағы бір балалар лагері іске қосылды. Қасқасу елді мекеніндегі «Көктөбе» балалар лагерінде бір мезгілде 250 бала демалады. Жаңа демалыс аймағында ыңғайлы жатын орындары, арнайы жабдықталған алаңдар бар. Лагерьде балалар үшін танымдық сабақтар, спорттық жарыстар, командалық ойындар, тауға серуендеу ұйымдастырылады.
Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері (7 мемлекеттік, 15 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35482 оқушы бюджет есебінен тегін демалса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.
Аудан экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі – балық шаруашылығы.
Сондықтан балық өсіруді қолға алып, шаруашылықтың бұл түрін кәсіп көзіне айналдыруды көздеген кәсіпкерлер саны Төлеби ауданында артып келеді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жаңажол елді мекеніндегі балық шаруашылығымен танысты. Жеке кәсіпкер 3 гектар аумақта 7 арнайы бассейн жасап, форель өсіруде. Жылына 300 тонна балық өндіруді жоспарлауда. Жоба құны – 800 млн. теңге.
Жалпы, аудан аумағында балық шаруашылығымен 14 кәсіпкер айналысады, оның ішінде (2 бірлік су қоймада) 5 шаруашылық 2023 жылы ашылды. Шаруашылықтар негізінен бекіре, форель, сазан, карп, дөңмаңдай, ақ амур балығын өсіруде.

КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰРЫЛЫСЫ ДАЙЫН ӨНДІРІС ОРЫНДАРДА КӘСІП БАСТАУҒА ДАЙЫН
Түркістан индустриалдық аймағында орналасқан өндірістік ғимараттар (браунфилд) құрылысы аяқталып, толықтай іске қосылды. Аталған өндірістік ғимараттарда жиһаз және шұлық цехтары жобалары іске асырылған. Инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде. 30 гектар жерде орналасқан жалпы көлемі 66 мың ш.м. құрайтын аймақта 42 ғимарат орналасады. Өндірістік парктің құны 13 млрд. теңгені құрайды. Қосымша 70 га жер телімі анықталып, ұлғайту жоспарлануда.
Маңызды мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрғалығымен өткен жиналыста талқыланды. Облыс әкімі кәсіпкерлердің қолжетімді алаңдардың арқасында бизнесін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алатын өндірістік парктерді құру жобасының маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейді тапсырды.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаевтың баяндауынша, жұмсалған бюджеттік 1 теңгеге 7 теңге инвестиция тартылу күтілуде. Құрылыс 3 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңге тартылатын инвестиция көлемі – 31 млрд. теңге. 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар өндірістік парктер аумағында әкімшілік ғимаратын салу да жоспарда бар. Ғимаратта парк қатысушылары өндірген өнімдерінің көрме залы ұйымдастырылатын болады.
Өндірістік паркті құру мақсаты – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алда тағы 32 ғимарат салынады. Өндіріс аймағына тартылатын жеке инвестиция көлемі 98 млрд. теңгені құрайтын болады. Өндірістік парк толығымен іске қосылған соң 2000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Өндірістік парктің аумағында «BNK Group» ЖШС су үнемдеу технологияларын енгізіп жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорны жұмысын бастады. Сондай-ақ «Aqniet Holding» ЖШС мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаздарын шығарып жатыр. Мұнда, украиналық «UBC Group» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіреді. Бұдан бөлек, медициналық өнімдер, бөлме аралық есіктер, және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастауда. Кәсіпкерлер инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындарда кәсіп бастауға дайын.
Өндірістік парктерді аудандарда салу жоспарланған. Атап айтқанда, Ордабасы ауданындағы Бадам индустриалды аймағында инфрақұрылым тартылған 12 ғимарат салынбақ. Сондай-ақ Шұбар ауылы маңында да салу жоспарда бар.
Сайрам ауданында өндірістік парк көлемі 90 гектардан аспақ.

МАҚСАТ – КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҒАНА ЕМЕС, МҰРАНЫ САҚТАП ҚАЛУ
Тарихы тереңнен бастау алатын Түркістан қаласына келетін саяхатшылар саны артып келеді. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салынуда. Негізгі мақсат – туристерді тарту және өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс жұмыстарын қадағалау мақсатына құрылыс нысанына барды. Киелі шаһарда қолөнершілердің әлеуеті зор екенін тілге тиек еткен өңір басшысы мердігерге жұмысты ширатуды, сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды.
Биыл Түркістан – түркі мемлекеттерінің туризм астанасы мәртебесін иеленді. Жыл ішінде облыс орталығында түркі мемлекеттерінің қатысуымен өтетін ауқымды жобалар жоспарланып, жүзеге асуда.
Теңдессіз туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 га. Қолөнершілер қалашығы – 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Іргетастарды нығайту және бетондау жұмыстары, сондай-ақ монолитті жұмыстар жүргізілуде. Құрылыстың 1 және 2 кезектері үшін ішкі әрлеу жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс аумағында 50 жұмысшы, 5 арнайы техника жұмыс жасауда. Қолөнершілер қалашығының құрылыс жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберхана салудағы мақсат – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, мәдениет пен мұраны сақтап қалу.
Мұнда қонақүйлер мен ас үйлер салынады. Көрме немесе Showroom орналасады. Ұлы Жібек жолының бойындағы киелі шаһардың орталығында орналасатын жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр.

ҚҰБЫР ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТТЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАЙНАП ТҰР
Түркістан облысы Сайрам ауданында полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыттың жұмысы қайнап жатыр. Кәсіпорын өнімдеріне соңғы кездері сұраныс та артқан. Себебі, су, газ жүйелері мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде қарқын алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру белсенді жүріп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы хабарлады.
Мемлекеттік бағдарлама негізінде іске қосылған “Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары” зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар шығарса, кейіннен су құбыры өндірісін қолға алған. Қазіргі таңда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрі шығарылады.
Дайын өнім негізінен газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа пайдаланылады. Мұнда жылына қалыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына жөнелтіледі. Ал диаметрі 400 миллиметрді құрайтын поливинилхлорид құбырларын еліміз бойынша жалғыз осы зауыт өндіреді екен.
Жалпы зауытта жұмыстың басым бөлігі авто­маттандырылған. Өндіріске қа­жет­ті барлық техника Германиядан әкелінген. Немістің «Крас Маффай» фирмасының қон­дыр­ғылары.
Айта кетейік, мұнай қал­ды­ғынан жасалатын полиэтилен грануласы елімізде Павлодар қала­сында ғана шығарылады. Алайда ол тапсырыс беруші көптеген кә­сіп­орындардың технологиясы­на сәйкес келмейді екен. Сол себепті, өндіріске қажет шикізат қазір тек көршілес Өзбекстаннан жеткізіледі.
“Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары” зауыты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған. Қазір кәсіпорынның жылдық тауар айналымы 4 млрд. теңге.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *