ҒАБИДОЛЛАНЫҢ ЕКІНШІ МӘРТЕ ҚАРҒУЫ

Қоғам
1 266 Views

Бала күнімде «Қабыланның үшінші мәрте қарғуы» деген фильм көргенім бар еді. Сол киноның аты есіме түссе, менің көз алдыма Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келе қалады.

Қабылан және Ғабидолла…

Қабылан мен Ғабидолланың аттарында ғана емес, табиғаттарында да ұқсастық бар секілді.

Жолбарыстың, қабыланның баласы жемтігіне алғаш атылғанда тәжірибесіздіктен ара қашықтықты дұрыс есептей алмай, көздеген межесінен асып түсетін көрінеді.

Жемтігіне екінші атылғанда екпінін сәл азайтады екен-дағы межеге жетпей қалады екен. Үшінші атылғанда дәл түседі дейді. Жемтігіне жыртқыш атылады. Сондықтан да ол жолбарыс, сондықтан да ол қабылан. Жүрегінің басына елдің мұңы ұйып қалған азамат атылса, алдына қойған мақсатына жету үшін ғана атылады!

Қабылан мен Ғабидолланың айырмашылығы да осында. Біріншісі тамағы үшін әбжілдік танытады.

Екіншісі елдің жоғын табу үшін әбжілдік танытады. Және біріншісі көздегеніне жету үшін үш рет әрекет жасаса, Ғабидолла сынды жігіттер әрі кетсе екі-ақ рет қарғиды. Демек, елге қызмет деген мәселеде Әбдірахымовтардың есебінде саңылаудай да қате болмайды.

Өткен аптада ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының таңдауымен Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымов бұл қызметке екінші рет келіп отыр. Және қандай келіс десеңізші! Баяғы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың қайта келістері секілді келіс!

Қонаев екінші келісі арқылы елге қызмет етудің нағыз үлгісін көрсетті. Назарбаев халықтың сенімін ақтап, қазақ елін әлемге мойындатты.

Бүгінде қырықтың қырқасына көтерілген, Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Неміс мемлекеттік басқару жоғары мектебін бітірген, ҚР Мемлекеттік басқару жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары, төрағасы, ҚР Премьер-министрі кеңсесінің жетекшісі, ҚР Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің төрағасы, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары секілді мектептерден өткен Ғабидолла Әбдірахымов Қонаев атасы секілді елге қызмет етудің нағыз үлгісін көрсете алады ма?!

Бәрі өзіне байланысты. Ұлына Әлихан деп қазақтың ұлтшыл қайраткері Бөкейханұлының есімін қойған Әбдірахымовтың өз халқын сүйетіндігіне бек сенеміз.

Қазаққа қазақты сүйген ұл ғана алғаусыз қызмет жасай алады.

«Оның қазақшасы су төгілген жорғадай емес, демек қазақты сүйетіндігіне күмәнім бар» дейсіз бе? Күмәндануға еріктісіз.

Бірақ қазаққа әр сөзін мақалдатып отырып-ақ зиян істейтін тіршілік иелерінің бар екенін ұмытпаңыз. Тағдырым шығар, «ат жақсысының кермеде, ер жақсысының түрмеде» екенін де көріп келген жағдайымыз бар…

Біздің үстімізден жала айдаған жан қазақ тілінде өлең жазатын. Бүгінде олар ілген жала Жоғарғы Сотта дәлелін таппай, өзінен өзі түсіп қалды. Ендігі қалғаны жалғыз бап туралы да шағым түсіріп қойғанбыз.

Алдағыны Алла біледі. Айтайын дегенім, ұлтқа адам тілімен емес, ділімен қызмет етеді. Ал, тіл…

Ғабидолла тағы бір қарғыса, ол биіктікті де бағындырады! Ең бастысы елге адал болсын!

Сәттілік серік болсын, «Шымкентім» деп жүрген ұл!

Қуанышбек БОТАБЕК,

журналист.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *