ҚАЗАҚСТАНДЫҚ «AMERICAN DREAM» БАР МА?

Қоғам
12 Views

«American Dream» дегенде американдық не армандайды? Меншікті үй, алдында гараж, екі көлік, балаларың жақсы мектепте оқиды. Бұл еңбекпен, жылдар бойы төлеп жеткен, бірақ өз меншігің болатын үй. Ал енді өзімізден сұрайық; қазақтың арманы қандай? Жауабын іздеп көп жерге бару керек емес, айналаңдағы әңгімеге құлақ түріңіз жеткілікті. «Екі-үш пәтерім болса, соны жалға беріп, зейнеткерлікте жұмыс істемей-ақ отырар едім» деген сөзді қаншама рет естідіңіз?

Мен бұл сөзді естіген сайын ойға қаламын. Бұл арманы ма, әлде қорқыныш па? Себебі мұның түбінде жатқаны – болашаққа деген сенімсіздік. Зейнетақы жүйесіне сену қиын. Мемлекеттің қартайған шағыңда қамқор болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан адам өзіне-өзі сақтандыру жүйесін құрады, кірпіш пен бетон түрінде. Пәтер біз үшін тек тұрғын үй емес, ол сенімсіз болашаққа қарсы қалқан.

Бірақ осы армандаудың өзінде бір қызық қайшылық жатыр. Американдық арман – жасау, өндіру, құру арманы. Ол кәсіп ашуды, компания құруды, жаңалық жасауды армандайды. Ал біздің «арман» – негізінен пассивті табыс, яғни жұмыс істемей ақша табу. Бір жағынан, бұл түсінікті: жалдамалы жұмыстың тұрақсыздығын, айлықтың аздығын көрген адам үшін «жалға беру» ең сенімді жол болып көрінеді. Екінші жағынан, осындай армандар басым болған қоғам не жасайды? Кәсіпкерлік пе, әлде жалдау ақысын күту ме?

Тағы бір қызығы, бұл арман шынымен нәтиже бере ме? Ертең-ақ, қазір Алматы мен Астанадағы пәтер бағасын ойлаңызшы. Бір пәтерге қол жеткізу үшін жылдар бойы жинау керек, ал екінші-үшінші пәтер аз адамға ғана қолжетімді. Сонда бұл арман кеңінен таралған идея ма, әлде тек біраз адамдардың қолы жететін елес пе? Мүмкін, «американ дрим» сияқты, бұл да көпшілікке емес, азшылыққа арналған арман.

Тағы бір сұрақ: неге бізде кәсіп құру, өндіріс ашу емес, дәл осы «жылжымайтын мүлік» арманы басым? Мүмкін, себебі жылжымайтын мүлік көзге көрінетін, қолмен ұстауға болатын байлық. Ал бизнес – тәуекел, сәтсіздік мүмкіндігі жоғары нәрсе. Тарихымызда да, тәуекелге бару емес, барды сақтап қалу мәдениеті терең тамыр жайған. Мүмкін, бұл жеке кемшілік емес, ұрпақтан-ұрпаққа берілген сақтық сезімінің заманауи көрінісі шығар.

Дегенмен, мен мұны толықтай сынауға да қарсымын. Себебі әр қоғамның арманы сол қоғамның тәжірибесінен туады. Американдықтардың арманы тұрақты экономика мен несие жүйесі бар елде қалыптасса, біздің арманымыз тұрақсыздық пен сенімсіздік жағдайында пайда болды. Екеуі де өз мағынасында қорғаныс тәсілі. Айырмашылығы – кімнен қорғанамыз: американдық болашақтан үміт күтсе, ал біз болашақтан сақтанып отырмыз.

Сонда қазақстандық арман бар ма деген сұраққа мен «иә» деп жауап беремін, бірақ ол арман емес, көбіне амал деп атаған дұрысырақ шығар. Біз армандамаймыз, біз сақтанамыз. Ал шынайы арман сақтанудан емес, құрудан басталады. Мүмкін, келесі ұрпақ «екі пәтер» емес, «өз ісім, өз атым» деп армандайтын шығар. Сол күнге дейін сақтық та кешірілер, бірақ жасау мен қорғанудың арасындағы шекараны есте ұстаған жөн.

Нұрдәулет АЛЕКУЛ,

ЕҰУ-нің Журналистика және әлеуметтік

ғылымдар жоғары мектебінің студенті