ҚАЗАҚСТАНҒА АҒЫЛҒАН РЕСЕЙЛІКТЕР: ҰТАМЫЗ ӘЛДЕ ҰТЫЛАМЫЗ?

Саясат Қоғам
474 Views

Ақпанның соңы әлем үшін күтпеген өзгеріске, үлкен соғыстың ошағына айналған, екі ел арасындағы қақтығысқа, нақтырақ айтқанда, бір елдің бір елге басып кіруімен аяқталды. Көктемнің шуақты күндерін күтіп отырған Украинаның бәйшешегі солды, күні түнекке, өмірлері қара қою түтінге ұласты.

150 күннен асқан соғыстың оты Украина қалаларын тас-талқан етіп күйретіп, адам шығынын, періштедей сәбилердің өмірін қиып, миллиондаған халықтың босып кетуіне әкелсе, Ресей экономикалық жақтан санкцияның тырнағына ілініп, өз халқының айдың күні аманда өзге елге көшуіне, бас сауғалап сапарлауына жол ашты. Себебі әлемнен ажырап қалған ресейліктерді АҚШ бастаған, Еуропаға қостаған елдер аяған жоқ. Түрлі бренд маркалы өнімдер, көліктер, ішіп-жемнен бастап, киім-кешек, интернет желісіндегі алыптар да Ресейден кетті. Кетіп қана қойған жоқ, ел экономикасының шаңырағын сілкіп жіберді.

Дүниежүзінің назарын өзіне аудартып, күн сайын елең еткізіп отырған Украина мен Ресей арасындағы соғыстың әсерін өзге елдер, соның ішінде Қазақстан да енді сезіне бастады. Соғысты қолдайтын да, қолдамайтын да позицияны ұстанған Қазақстанның санкция құрығына ілінбесе де, әлемдік экономикадағы өзгерістер азық-түлік бағасының өсуіне, күнделікті тұрмыстағы заттардың қымбаттауына алып келді. Ең өзекті әрі күн тәртібінде тұрған мәселені бірі Ресейден ағылып жатқан халықтың санында. Олардың мақсаты қандай? Кімдер? Пайдасынан зияны көп пе, әлде басқа ма? Осы сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?

Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы сәуір айы бойынша жасаған статистикасына көз жүгіртсек, сырттан елге келушілердің 44 пайызын ресейліктер құраған және алдыңғы орында орналасқан. Одан кейін 23,7 % — Өзбекстан, 9,5 % — Қырғызстан — 9,4 %, Түркия — 2,4 %.

Аталғандардың ішінде 51,5%-ы туыстары мен таныстарында тұрып жатса, 24,5%-ы қонақүйде және 19,7%-ы жалдамалы пәтерге орналасқан. Бұдан бөлек жеке мақсаттары бойынша келген келушілердің үлесі – 68,6% құрайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 24 ақпан бастап сәуір айының ортасына дейін Қазақстанға Ресейден 166 мыңға жуық адам келген. Қазір шілде айы болғандықтан бұл өсімнің артқаны анық. 2022 жылдың наурызынан бастап маусым айына дейін қазақстандық ЖСН алған азаматтар саны 35 782 құраған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 2230 болған. Қазақстанға келген ресейліктердің ЖСН ашуына бірнеше себеп бар: егер ЖСН болмаса, банк жұмыстарын пайдалану, есепшот ашу, тұрғылықты жерлері бойынша ұялы байланыс нөмірін де тіркеу мүмкін емес. Қоса кететін тағы бір ақпарат: 1055 ресейлік азамат Қазақстанда қалуға ниет етіп, тұрғылықты жері бойынша тіркеуге өтініш білдірген.

ЕЛЕҢ-АЛАҢ: ҚАУІП ҚАЙДАН?

Көрші Ресеймен барлық сала жағынан дерлік достық және ынтымақтастық шеңберінде айналып өмір сүреміз. Оларға салынған санкцияның салқынын Қазақстан да сезінеді. Себебі Ресей – Қазақстанның сауда серіктестерінің бірі. Рубльге тәуелді болған теңгенің де жайы мәз емес. Ішкі нарықтағы қымбатшылық, жетіспеушілік пен жұмыссыздық мәселесі қызып тұрған шақта ағылып жатқан ресейліктердің ел экономикасына, жалпы қоғамына тигізер пайдасы көп пе, әлде зияны ма? Осы сұрақты саясаттанушы, әрі журналист Асхат Қасенғалиға қойдық.

« Біріншіден, келіп жатқан ресейліктердің Қазақстанға кері әсері мемлекеттік тілге тікелей тиеді. Өйткені 2022 жылы бейресми деректер бойынша, 400 мыңға жуық адам ресейлік шекарадан өткен болса, оның 40 мыңға жуығы ЖСН алып үлгерген. Ресейден келетіндердің бәрі дерлік орыс тілінде сөйлейді және оларға орыс тілін қолдану қиындық тудырмайтын мемлекет оң жамбастарына келіп отыр. Келіп жатқандардың дені бізді «орысша сөйлейтін қоғам» деп таниды. Олардың тіпті мемлекеттік тілді білуге, игеруге деген ниеттері де жоқ.

Екіншіден, баспана мәселесі. Яғни пәтерді жалдау, сатып алу құнының өсуі. Бұл үрдіс қазір миллион халқы бар Елорда, Шымкент және Алматы секілді мегаполистерде сезіле бастады. Ағылып жатқандардың дені қалалы жерге барады. Сондықтан ол жақтағы баға тікелей жергілікті тұрғындардың қалтасына ауырлық салады.

Үшіншіден, жұмыс мәселесіне келейік. Еңбек нарығында жұмыссыз жүрген қазақстандықтар мен ресейліктердің арасында жұмысқа тұру деген талас туады.

Идеологиялық тұрғыдан декоммунизация процесінің жұмысын тежейтіні айдан анық. Соңғы 20-30 жыл ішінде Ресей коммунизмді қолдайтынын ашық білдіріп келеді. Оған куә ретінде 23 — ақпан мен 9 — мамырды атап өтуге болады. Ресейде бұл күндерді мерекелік шара ретінде үлкен деңгейде тойлайды. Ал Қазақстанда қос мерекеге деген түсінік жыл өткен сайын өзгеріп барады. Яғни қоғам баға бере бастады. Тіпті ұлттық деңгейде сипат алды. Бұл жақсы еді. Ал шекарадан өтіп жатқан ағын бұл процесті тағы тежейді деп ойлаймын».

Расында, Алматы қаласында соңғы бірнеше ай ішінде пәтерді жалға беру құнының күрт өсіп кеткенін байқадық. Тіпті бағаны келісуге келген кезде де қиындықтар туындаған. Бұл туралы Арман Аңсаған есімді (аты-жөні өзгертіліп берілді) азаматпен сөйлесіп, біле алдық:

«Жігіттермен пәтер жалдап тұрамыз. Үйдің иесі пәтерақыны көтеремін деді. Біз қарсы болдық. Сонда үйдің иесі «сендер тұрмасаңдар да, Беларусь пен Ресейден келіп жатқан келімсектер тұрады, үйді соларға бере саламын» деп қорқытты. Соған қарағанда Алматыға орыстар мен беларусьтер көптеп келіп жатқанға ұқсайды», — дейді пәтер жалдаушы.

Күйбең тірлікпен күн кешіп жатқан қазақстандықтар үшін бастапқыда сезілмеген өзгерістер енді қылаң бере бастады. Олай деуімізге әлеуметтік желіде жекелеген азаматтардың Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалаларда ресейліктердің көп кездесіп жатқанын, сауда орталықтарында, тамақтанатын жерлерде жиі жүретіндерін жазуда.

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, қауіптенетін тағы бір маңызды фактор бар. Ол – арандату мәселесі.

«Ресейден келушілердің ішінде әдейі арандату үшін, қастық ойлау мақсатында шекара сызығын аттап өтетіндер де табылуы ғажап емес. Олар Қазақстанның әр облысына, қалаларына барып, ондағы сауда орталықтарында тіл мәселесі бойынша арандату сценарийін дайындап, оны видеоға түсіріп, «русофобия бар» деген желеумен әлеуметтік желіде ұпай жинауы мүмкін. Ал аталған жағдай асқынса, екі елдің арасындағы жағдай суып кетуі де бар», – дейді саясаттанушы.

Украинаға жасалған шабуылдан кейін санкцияның астында қалған Ресей экономикасы шайқалып, халқының жаппай жан-жаққа тарыдай тарап жатқанын көріп отырмыз. Украинаның өзінде қаншама миллиондаған халық босып кетті. Олардың мақсаты – аман қалу болса, ресейліктердің мақсаты басқа. Себебі соғыс Ресей жерінде емес, Украинада болып жатыр. Санкцияға ілінгеннен кейін сыртпен байланысы үзіліп, өзімен-өзі қалған елдің халқы комфорт өмірді, әлеуметтік желідегі дәурендерін аңсай бастады. Анықтап қарасақ, ресейліктердің ішінде қазақ даласына келгендердің дені инфо әлемдегі кәсіпкерлер, блогерлер, IT мамандар, жоғары санаттағы топ-менеджерлер және т.б. Бұлардың бүкіл жұмысы әлеммен тікелей байланысты болғаннан кейін, ең оңай жолы Қазақстан арқылы бұрынғы табысты, кіріс көзін сақтап қалу.

БІЗГЕ КЕЛЕР ПАЙДАСЫ ШЕ?

Көрші елден келіп жатқандардың ішінде IT мамандар мен топ-менеджерлерге сұраныс артқаны үлкен қалаларда, әсіресе, Алматы мен Нұр-Сұлтанда байқалады. Тәжірибе алмасу үшін бұл таптырмас мүмкіндік болуы да мүмкін. Ресми дерек бойынша Қазақстанға Ресейден 13 мыңға жуық компания көшіп келген. Әр компания бір-бір жұмыс беруші орын, табыс көзі деп қарайтын болсақ, бұл үлкен мүмкіндік екенін де ұмытпау керек.

Ресейден ағылып жатқандардың бір бөлігі демалуға, өздерін турист ретінде сезініп, қазақ даласының тыныс-тіршілігімен танысуға асық. Осы ретте «Limon Travel» туристік компаниясының негізін қалаушы әрі кәсіпкер Алмас Маратұлы аталған жағдайға қатысты мынандай ой айтады:

« Елімізге келіп жатқан туристер саны 3 есеге көбейген. Бұл нақты есеп әрі дені Ресейден ағылып жатқандар. Саяхаттау үшін олар арнайы агенттіктерді жалдаса, басқа бір тобы Солтүстік Қазақстандағы шұрайлы жерлерге, демалыс орындарына өздерінің көліктерімен келіп-кетіп жатыр. Тіпті Ақтауға арнайы ұшақ та ұшатын болды. Ал дәл қазір Ақтауда VIP қонақүйлер, қымбат-қымбат демалыс орындарының салынып жатқанын ескерсек, бұл қалыпты жағдай. Бұл жаққа да ат басын бұрып жатқандардың көбі – ресейліктер. Одан бөлек Ақтауда Ресейдің Елшілігі ашылуы мүмкін деген жаңалық шықты. Егер бұл қысқа мерзімде жүзеге асса, онда саяхаттап келушілердің саны одан сайын артады.

Биылдың өзінде Алматы мен Қазан арасында рейс ашылды. Бұрын тек ірі-ірі қалаларға ғана қатынап жүрсек, енді шағын қалаларға да ұшақ рейстері ашыла бастады. Бұл туристердің көп келуіне бірден-бір жол.

Ресей валютасы әлемдік деңгейдегі күшті әрі құнды болмаса да, біз үшін олардың сыртқы валюта екенін ескерсек әрі ЕАЭО-дағы негізгі сауда-саттық та осы рубльмен көп айналатынын айтсақ, онда бұл тағы да ел экономикасы үшін оң нәтиже береді дегені.

Тағы бір мәселе, біздің елде Еуропадан келетін демалушыларды қабылдап, оларға қызмет көрсететін сервис саласы нашар. Шамамыз жетпейді. Ал Ресейден келушілер осы олқылықты түзеуге, сервис сапасын көтеруге көмектесер еді.

Демалатын жаз айларының айы оңынан туған кезде баға шарықтайды. Қымбат сервис, қымбат өнімдер көбейеді. Бұл қазақстандықтардың қалтасы үшін ауыр болатын анық. Дегенмен мәселе жақында шешімін тауып қалатын да шығар. Оның үстіне біздің елде сырттан келетіндерді айтпағанда, өзіміздің халық үшін жазда демалатын орындар жетпейді. Бұл мәселенің де шеті көрінсе, шешімін табуға болады.

Ресейде қазір бренд маркалы дүкендер жабылып, шетелдік компаниялар кетіп жатыр. Бұл Қазақстан үшін таптырмас мүмкіндік негізі. Біз осы бір сәтті пайдаланып үлкен сауда хабына айнала алатын едік. Мәселен, Ресейден Қазақстанға BMW маркалы көліктің саймандарын, бренд маркалы киімдерді сатып алу үшін халық жаппай ағылып жатыр. Бұл сырттан келіп жатқан ақша ғой. Ендеше мүмкіндікті пайдаға жаратқан абзал».

Елдегі тарап жатқан IT мамандар туралы мәселенің де басын ашуға тырыстық. Саясаттанушы Асхат Қасенғали қазақстандық IT мамандардың Ресей нарығындағы мамандардан әлсіз деген пікірмен келіспейтінін айтты.

«Өз басым Қазақстанның IT саласын яғни цифрландыру жағын төмен деп айта алмаймын. Тіпті біз жоғары тұрмыз. Бәлкім, бұл ойым жаңсақ та шығар. Дегенмен біздегі IT саласына қызығып, тәжірибе алмасып жатқан ресейлік мамандарды білеміз, көріп жүрміз. Құжат алу, онлайн тіркелу, жалпы онлайн сервистегі қызметтің біздің нарық биік тұр. Керісінше, ол жақтан келетін IT мамандар біздегі мықтыларға кедергі жасап, оларға тікелей бәсекелес болуы мүмкін. Сондықтан мен Ресейден келетін IT мамандар ел экономикасына үлкен әсер етеді дегенге сене қоймаймын», — дейді.

НЕ ТҮЙДІК?

Украинаға соғыс ашып, артынан өз экономикасының шаңырағын шайқалтып, бір емес, бірнеше санкцияға астында қалған Ресейдің жақын арада ес жия қоюы қиын. Ішкі нарықтарындағы үлкен компаниялар, тіпті жергілікті байлар, кәсіпкерлер кәсіптерін сақтап қалу үшін шетелге көшіп жатыр. Оған бізге көшіп келіп, жұмысын жалғастырып жатқан компаниялар дәлел.

IT мамандар, топ-менеджерлер, білікті әрі мықты кәсіпкерлер ағылып жатыр, бұл тәжірибе алмасуға жақсы деп топшылаған күннің өзінде, Асхат Қасенғали секілді саясаттанушылардың айтып отырған алаңы да ойландыру керек. Әрине, біржақты көзқарас та адастырады. Ішкі туризм мәселесінде көп жыл еңбек еткен Алмас Маратұлының сөзіне ерсек, пайданың да шеті көрініп тұр. Қандай жағдай болмасын, елдің тұтастығы мен тыныштығы басты назарда болғаны дұрыс. Себебі тіл, идеология мәселесі, арандату секілді факторлар мемлекеттің іргесінен саңлау іздеуге тырысатыны тағы бар.

Ресейден ағылып жатқан көштің, келіп-кетушілердің мақсаты – мемлекеттік тілде емес, өзінің орыс тілінде еркін сөйлеуге ыңғайлы орта іздеу. Ол жағынан ТМД елдерінің ішінде Қазақстан, Қырғызстан секілді елдер іздегенге, табылған болып тұр. Экономикалық жақтан да Қазақстанның ішкі нарығы, сыртқы саясаттағы имиджі менсінбей қарайтындай деңгейде емес.

Түптеп келген кезде, «тамаша» деп мақтағанның тілінде, «жаман екен» деп сөккеннің сөзінде кетпеу керек. Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, мемлекет, халық, ұлт болып бұл мәселеге жіті әрі қырағы болу керек екенін түсініп отырмыз.

Алдағы болатын өзгерістердің жауабын тек Украинадағы соғыстың соңғы күні шешпек. Ол күннің қай кезде келетінін ешкім әлі дөп басып айта алмайды. Сондықтан бойымыз сергек, ұйқымыз сақ болса, ұтылмаймыз.

Марғұлан АҚАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *