ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНИ ТҰРҒЫДАН АЛА-ҚҰЛАЛЫҚҚА ҰШЫРАУЫНА НЕ СЕБЕП?

Дін Қоғам
1 307 Views

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары азаматтық қоғамның және нарықтық экономиканың құрылуымен ғана емес, сондай-ақ діни серпілістің жүруімен дәстүрлі діни бірлестіктердің ұстанымдары мен бірге қазіргі Қазақстан үшін беймәлім, жаңа «дәстүрлі емес» діни ұйымдар пайда болды. Ғылым дамыған заманда адамзат ғарышты игеріп, жаңа технология жасауда дамудың шырқау шегіне жеткенімен, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда.

Дін мәселелеріне қатысты қысқаша әлеуметтік шолу жасасақ, кез келген ғылымды зерделеу алдымен оның объектісін, пәнін, басқа ғылымдар жүйесіндегі және қоғам өміріндегі орны мен рөлін айқындаудан басталады. Социология ғылымының осынау белгілерін, ол жайындағы түсініктің қазіргі кездегі пікірталасына және социологиялық мектепке тәуелділігіне назар аудара отырып қарастырсақ: “Социология” термині — екі сөзден құралған: латынның socіetas – қоғам, гректің logos — сөз, түсінік, ілім деген сөздерінен тұрады. Демек, этимологиялық тұрғыдан алғанда социология “қоғам туралы ғылым” немесе “қоғам туралы ілім” дегенді білдіреді. Бірақ бұл біршама абстрактілі ой, өйткені адамзат қоғамы өзінің заңды көріністерімен көптеген қоғамдық ғылымдардың пәні болып табылады. Сондықтан да социология пәнін қандай да бір басқа қоғамдық ғылым пәнінен бөлек қарауға болмайды. Дін социологиясының ғылыми пән ретінде қалыптасуы көбінесе еуропалық қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық және мәдени процестердің арқасында бұл сұрақтарды шешуге елеулі талпыныстардың негізін қалаушылар О.Конт, К.Маркс, Э.Дюркгейм, Б.Малиновский. Бұл ғалымдары діни мәселелерді зерттеудің әдіс-тәсілдерін қалыптастырған.

Алпауыт мемлекеттер әлеуметтік-экономикалық пайда табу т.б. мақсатында басқа бір мемлекетте дін арқылы халықты топ-топқа, жік-жікке бөліп, дінді саяси және қаржы көзі ретінде пайдалануда. Мысалы түрлі діни кереғар ағымдардың пайда болуы, қоғамда бөлінушілік пен алауыздықтың шығуы, талас-тартыстардың көбеюі осының барлығы бұл өз кезегінде кейбір мүдделі елдер әлеуметтік-экономикалық табыс табуда. Қазба байлыққа бай, бейбіт жатқан елдердің ішкі саясатына сырттай араласып, бүлік шығарып, жалған діни наным-сенім арқылы діни экстремистік, миссионерлік топтар құрып, халықты жік-жікке бөліп, ақыр соңы соғыс ошағына айналдыруда. Ал, Қазақстанға келсек, діни ахуал тұрақты, дегенмен көп дінді, көп конфессиялы, зайырлы мемлекет болғандықтан бізде де түрлі этностармен, діни ағымдар жетерлік. Алайда елдің қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұтастығы үшін мемлекеттің дін мен этносаралық мәселелерді қадағалап, бақылап отыруы заңдылық. Жалпы алғанда діни ахуалды тұрақты ұстап отыру үшін тікелей жұмыс жасайтын тиісті органдар мен мемлекеттік мекемелер соның ішінде теолог, дінтанушы, имамдардың қызметі орасан зор.

Кейінгі кездері Қазақстанда дін саласы өзекті мәселеге айналды. Жалпы, тарихты − халық рухы десек, дін − оның алтын бесігі десе болады. Ғасырлар бойы өзінің діни жоралғыларын, өз ұлтының әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен ұштастырып, бір Аллаға деген сеніміне селкеу түсірмей келген қазақ жұрты бүгінде діни тұрғыдан ала-құлалыққа ұшырауы не себеп? Кеңес дәуірінің құрамында жетпіс жыл бойы дінге шектеу қойылып, атеистік ұстанымды қазақ халқына сіңдірді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары өзінің діні мен діліне қол жеткізді. Сонымен қатар түрлі діни ағымдардың қазақ жеріне кіріп жұмыс жасауы, өз дінінен ұлттық ұстанымынан айырыла бастаған қазақ қоғамы үшін түрлі діни ағымдардың үгіт насихат, уағыздары әсер етпей қоймады.

Осының салдарынан исламдық, христиандық бағыттағы түрлі дәстүрлі емес діни ағымдардың еркін түрде жұмыс жасауы, уақыт өте келе діни алауыздық пен түсініспеушілікке алып келді.

Діни мәселелерді реттеу үшін Қазақстан Республикасы 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң» қайта қаралып заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Осы заң бойынша көптеген діни бірлестіктер біршама реттеліп, заң шеңберінде жұмыс жасауда.

Қазіргі таңда қоғамның барлық әлеуметтік топтарында, қала тұрғындары арасында, орта мектептерде, мемлекеттік мекемелерде, сауда орындарында, саябақтарда, түрлі деңгейде социологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп отырады.Социологиялық зерттеулерге қарасақ кереғар діни ағымға өтушілердің негізгі себептері діни білімсіздік, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, отбасындағы тәрбие, басқа мемлекетпен шектесетін шекаралық аумақтар т.б. мәселелер. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған дін мәселелері бойынша кереғар діни ағымдардан сақтандыру үшін, ақпарттық-түсіндіру топтары құрылып, тұрғын алабтары, мәдениет үйлері, орта мектептер, оқу орындары, мешіт жамағаты т.б. орындарда түрлі деңгейде кездесулер өткізілуде.

Қорытындылай келе, қоғамдағы түрлі кереғар діни ағымдардан тұрғындарды сақтандыру, алдын алу, мемлекеттің тұтастығын сақтау маңызды мәселе, діннің тұтастығы — елдің тұтастығы, баршамызға бірлік пен татулықты ту еткен абзал.

Нұржан АБДУКАРИМОВ,

Шымкент қаласы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ әлеуметтанушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *