ҚАЗЫҒҰРТ ҚЫРАНЫНА ҚҰРМЕТ

Таным
1 826 Views

Қарақола қалай Қарақозы атанған?    

Жаужүрек жауынгер, Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиев – қасиетті Нұх Пайғамбардың кемесі қайырлаған Қазығұрт өңірінің тумасы. Сіргелі тайпасының ішіндегі Тутаңбалы руынан тарайды. Әкесі Әбдәлі Мұсабековтің әлеуметтік тегі – кедей-шаруа. Анасы Шыныкүл Суан Бағыстағы Тасқұл Жусанбаевтың әпкесі болатын. Ендеше, Қарақозы мен оның інісі Қарабек өздерінің даңқты жерлесі, қазақтан шыққан тұңғыш генерал, дивизия командирі, қаһарман қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Омарұлы Рақымовтың жиені болып келеді. Қарақозының: «Түп нағашым Сабыр Рақымовты Кеңес Одағын былай қойғанда, бүкіл Еуропа біледі!» – деп мақтанып, марқаятыны сондықтан шығар.

Қарақозы Әбдәлиев осыдан 110 жыл бұрын, яғни 1908 жылы Ресей империясының Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Шымкент уезіндегі Сырдария облысының Талдыбұлақ ауылында (қазіргі Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылы) жарық дүниеге келген. Азан шақырып, бесікте жатқанда қойылған аты – Қарақола екен. Осы ауылдың бір ақсақалы:

– Бабалары шетінен сом білекті, батыл жүректі балуан, баһадүр һәм сырқат жандарды емдейтін шипагер болатын. Сондай асылдың сынығы ғой бұл! Әй, Әбдәлі, бұл сәбидің әкесі сен болғанмен, мынау бала ертең елдің, халықтың ұлы болғалы тұр! — деген.

– Олай болса, Алтынбек деп қояйық! – дейді әкесі.

– Алтынбек деген жақсы ат қой. Алайда «Алтын көрсе, періште де жолдан таяды» деген сөз бекер айтылмаған сыңайлы. Қаншалықты жалтырап көрінгенімен, сол алтыныңның алдамшылық қасиеті де бар екенін ұмытпаған жөн. Оның орнына салмағы да, түр-түсі де өзіміздің қарадомалақ қазағымызға ұқсас қара қоланы алайық. Қара деген сөзден қашпайық. Қазақтар ұл-қыздарын —қарадомалақ, қаракөз, үлкен қазанды – қара қазан, шөл басатын сусынды – қара су, балуан жігітті – қара нар, ата-бабалар қоныстанған үйді – қара шаңырақ, қара босаға, өсіп-өнген отбасын – қара Отан, ең көне тауды – Қаратау дейді. Сол себепті сәбиіміздің есімі бүкіл елге ортақ болсын деп Қарақола деп атағанымыз жөн шығар, – дейді қазыналы қария. Осылайша әлгі сәбиге ел-жұртта онша көп кезіге бермейтін ерекше есім қойылған екен.

Қарақоланың Қарақозы атануының да өзіндік себеп-салдарлары бар көрінеді. Қасиетті Нұх Пайғамбардың кемесі қайырлаған Қазығұрт тауының баурайында асыл тұқымды меринос қойымен бірге қаракөл қойы да бағылатын кез. Сол қаракөл қойлар аяғын тәй-тәй басқан, аузы ақуызға тиген титімдей қап-қара қозы кезінен елене бастайды. Оның елтірісі өте қымбатқа бағаланады. Сөйтіп, қап-қара қозының атақ-даңқы елтірісімен шығады. Міне, осындай аңызға татырлық әңгімелерді әкесінің аузынан естіген бала өзіне тегін ат қойылмағанын сезініп, соған лайық болуға талпынып өскен көрінеді.

 

«Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан…»

Әбдәлінің жан жары Шыныгүл бәкене бойлы, шымыр денелі қайратты жан болған. Күндердің күнінде ол бір қора қойды қасқырдан аман алып қалу жолында мертіккен екен. Ала құйын жаңбырда түз тағысымен алысамын деп жүріп құзға құлап кетіп, ажал құшқан. Ертеңіне жоқ іздеп жолға шыққан Арын Қосуақов, Бөбей және Әлтай Тоқбаевтар оны түпсіз терең құздан әрең алып шыққан. Қасқыр қырып кеткен өлексе оншақты қойдың теңкиіп жатқанын көреді. Қандай аянышты жағдаят десеңізші!

Қарақозы орта мектепті бітіргеннен кейін Ташкенттегі жұмысшылар факультетін, сондай-ақ сол заманға лайық тағы бір кеңес оқуын бітіріп келген. Леңгір (қазіргі Төлеби) аудандық қаржы бөлімінде қызмет істеген. Жастайынан серілікке жаны құмар, жырға жүрегі ғашық жігіт жиырма жасында ұжымдық шаруашылықтың белсендісі атанған. Комсомол қатарына қабылданған. Қандай жұмыс болмасын жапырып істеп тастайтын.

1937-1938 жылдардағы зобалаң ірі қалалармен қоса-қабат ауыл-аймақты да шарпып өтті. Не себептен екені белгісіз, мұнда да «халық жаулары» шыға бастаған. Солардың бірі – Қамбар Бәйімбетов қамауға алынды. Ол Азамат соғысының ардагері, елге белгілі революционер, 1918-1920 жылдары Түркістан ревкомының мүшесі, кеңес өкіметіне жан-тәнімен берілген коммунист болатын. Сол кісі Қарақозы Әбдәлиев пен Арын Қосуақов секілді көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты жастардың шынайы қамқоршысы еді. Сөйтіп, Қамбар Бәйімбетовтің туысы, құйыршығы ретінде Арын Қосуақовтың атына да жайсыз әңгімелер айтыла бастайды. Содан Жамбыл облысындағы Ойық ауылына амалсыз қоныс аударған мұғалім сондағы Көбес есімді жігітпен бірге Қамбар Бәйімбетовтің тағдыры жөнінде Мәскеудегі Михаил Ильич Калининге хат жазады. Оны Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының астанасына пойызбен жолаушылап бара жатқан біреуден беріп жібереді. Әлгі иманжүзді жігіт хатты Кремльдің арнайы поштасына тастап, ол тиісті мекен-жайға жеткен. Осылайша Қамбар қамаудан босатылған екен. Өкінішке орай, ол әлі күнге дейін өзінің саяси әрі тұлғалық бағасын алмаған азамат. Өз кезегінде ұзақ уақыт бедерінде ұстаздық қызмет атқарған Арын Қосуақов талай талантты да дарынды шәкірттер тәрбиелегенін тілге тиек еткеніміз жөн. Олардың арасында ғалымдар да, қаламгерлер де, дәрігерлер де, инженерлер де, кәсіпкерлер де кезігеді. Өзгені айтпағанда, ұлы Әбілқайырдың бойына білім-іліммен қатар иман нұрын да себелей білді. Ұлағатты ұстазының ел мен жер тарихы жайында айтқан әңгімелерін қаршадайынан құлағына құйып өскен Момбек Әбдіәкімұлы бүгінде бүкіл елімізге танымал жазушы, тарихшы, шежірешіге айналып отыр.

1940 жылы Қарақозы Әбдәлиев Коммунистік партия қатарына қабылданған. Ұжымшар коммунистері оны партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Кейіннен «Талдыбұлақ» ұжымшарындағы Ақтас ауылдық кеңесінің хатшысы болып қызмет істеген. Әсілді ауылға келін етіп түсіргенде Қарақозы Әбдәлиевтің жанында Шалқар Қосуақов, Әбу Болсынов, Бөбей Тоқбаев секілді құрдастары болған. Олардың орда бұзар отыздан асқан кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Ел басына ауыр күн туған сол бір сұрапыл соғыс жылдары қолына қару ұстауға қауқарлы ер азаматтардың бәрі қасиетті Отан қорғауға бекінген.

1941 жылы ол Леңгір (қазіргі Төлеби) аудандық әскери комиссариаты арқылы алғашқылардың қатарында майданға аттанған болатын. Бұл кезде ол аудандық партия комитетінің есепшісі еді. Әсіл тігінші-тұғын. Жас коммунист өз еркімен Отан қорғауға қамданады. Ауыл-аймақтағы 41 жігіт-желеңмен бірге Қарақозы да Батысқа қарай жол тартады. Біраз уақыт оқуда соғыс тактикасын үйренеді. Содан 1942 жылы Оңтүстік майданындағы ұрыстарға белсене араласады. Қатардағы жауынгерден Гвардия лейтенанты шеніне дейін көтеріледі. Атқыштар взводының командирі болады. Қашанда қоластындағы жауынгерлердің қатігез жауды жеңуге деген ерік-жігерін жани түсетін. Ресейдің Калуга облысында соғысып жүргенде жеңіл жарақат алғанымен, жедел айығып кеткен.

Қарақозы Әбдәлиев соғыстың бастапқы кезеңіндегі жеңілістер, қарулас достарынан айырылу оның ерік-жігерін оятып, қалайда қаһарды жаудан кек алуға талпынады. Офицер-коммунист қайткен күнде де кеңес әскерлерінің жеңіске жететініне бек сенімді болған. Әсіресе оның Днепрден өтудегі ерлігі ересен еді. Сол өзені үшін болған тарихи шайқастан кейін қызыләскерлік газет оны «Батылдардың батылы» деп дәріптегені бар. Жас коммунист Қарақозы Әбдәлиев өзінің еліне төнген қауіп-қатердің бетін қайтара білді. Біз қашанда оның ерен ерлігі мен қайсарлығына басымызды иеміз.

1943 жылдың 21 қазан күні Гвардия лейтенанты Қарақозы Әбдәлиев басшылық жасайтын атқыштар взводына жедел бұйрық, тосын тапсырма беріледі. Мелитополь қаласының қақпасына тұтқиылдан шабуыл жасап, осында бағытталған қосымша қарулы күшке жол ашу болатын. Жауынгерлер жылдам қимылдап, әбжіл іс-әрекетке көшеді.

Ертеңіне, яғни 22 қазан күні (ал соның бәрін өздерінің көздерімен көрген мелитопольдықтардың айтуы бойынша, 23 қазанда) олар екі топқа бөлініп, дұшпан бекінісін бұзып, қаланы жаудан босатуға кіріседі. Әр топтың арақашықтығы уақыт өткен сайын алшақтай түседі. Осылайша жылдам әрекетке көшкен кеңес әскерлері қаһарлы жауды қырып салады. Мелитополь қаласы үшін болған ұрыста Қарақозы Әбдәлиев өзінің взводымен дұшпан бекінісіне шабуыл жасап, 17 үйді жаудан тазартып, немістерінің оқ жаудырып тұрған 23 ұясын, алпыстан астам гитлершілдерді жойып жібереді. Көше бойындағы жекпе-жек шайқаста өзінің жараланғанына қарамастан, Қарақозы Әбдәлиев қаптап келе жатқан жау танкілеріне пулеметтен оқ жаудырады. Тұтанғыш гранаталар лақтырып, жау танкісін істен шығарады. Алға қарай ұмтылған олардың алдынан кенеттен неміс танкілерінің тізбегі пайда болады. Қарақозы қолындағы гранатасын солай қарай лақтырып, кезекті танкінің үнін өшіреді.

Салмағы 30 тонналық жай екі-үш танкінің соңынан 100 тонналық алып «Тигр» алып танкісі келеді. Қарақозы оған қарай да гранат лақтырады. Сол шынтағы жараланып қалғанына қарамай дұшпанға оқ атып, граната лақтыруын тоқтатпайды. «Тигрмен» жекпе-жекке шыққанда ауыр жараланып, қансыраған Қарақозы жау танкісінің алдында айбарланып, айбаттанып тұрады. Алға қарай ұмтылған күйі етпетінен танкінің шынжыр табанының астына құлап түседі. Алайда, ол алды көтеріліп барып отқа оранған жау танкісінің астында қалғанын да, кейіннен орын алған жойқын жарылысты да сезген жоқ. Батырдың соңғы ерлігі Мелитопольдің күзгі тұнық аспанында қалықтап тұрып қалғандай болды.

Қаланы жаудан тазартуға бағытталған негізгі қарулы күш кешігіп жетеді. Олар өртенген жау танкілері мен қаза тапқан кеңес жауынгерлерін көреді. Взвод командирі мен жауынгерлердің аты-жөнін түстеу, кімнің кім екенін анықтау мүмкін болмай қалады. Жалпы, сұрапыл соғыс әкелген қайғы-қасірет жайында айтудың да, жазудың да оңай еместігі баршаға мәлім.

 Оңтүстік майданының 51-Армиясы 126-Горловтық атқыштар дивизиясына қарасты 690-атқыштар полкының екінші батальоны атқыштар взводының командирі, Гвардия лейтенанты Қарақозы Әбдәлиев осылай қаһармандарша қаза табады. 24 қазан күні ерен ерлігін ескерген 690-атқыштар полкының командирі, майор Бродский оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылы 1 қарашадағы Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен майдандағы күресте командованиенің жауынгерлік тапсырмасын өнегелі орындап, ерлік пен батылдық көрсеткені үшін Қарақозы Әбдәлиевке Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Ол «Алтын жұлдыз» және Ленин орденімен марапатталады. Жалпы, Украинаның осы бір қаласын жаудан тазартқан 72 кеңес жауынгеріне осындай аса жоғары мәртебелі атақ берілген екен. Солардың 14-і біздің даңқты жерлесіміз басшылық жасайтын атқыштар взводының жауынгерлері екенін мақтаныш-мерей тұтамыз.

 

Арын Қосуақовтың арнайы сапары немесе мелитопольдықтар біздің жаужүрек жерлесімізді өздерінің төл перзенттеріндей мақтан тұтады екен

Өткен ғасырдың елуінші жылдары Мырзашөлге қоныс аударған қаратастықтармен бірге Батырдың жан жары Әсіл де ілесе көшеді. Ол балабақшада меңгеруші болып қызмет істейді. 1953 жылы мұнда Қарақозы Әбдәлиев атындағы ұжымдық шаруашылық құрылады. Кейіннен ол Абай атындағы ұжымшарға қосылып кеткен. Сондағы орта мектепке Батырдың есімі берілген. Сонымен қатар туған жері – Қазығұрт ауданының Рабат ауылындағы орта мектеп те оның есімімен аталады. Батырдың кіндік қаны тамған Рабат ауылында оған қоладан қос бірдей кеудемүсін (бюст) орнатылады.

 «Ер есімі – ел есінде!» қалатыны даусыз. Ауылдағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін туысқаны, Батырдың жоқтаушысы атанған ізбасар інісі Арын Қосуақов жан-жаққа хат-хабар жазып, сұрау салып жүріп оның қайда жерленгенін анықтайды. 1969 жылдың шілде айы. Сөйтіп, ұлағатты ұстаз Батырдың сүйіктісі – Әсіл жеңгей мен өзінің ұлы Шоқанды ертіп алып, жолға шығады. Шымкентте пойызға отырған олар Мәскеу арқылы Украинаның Запорожье облысына қарасты Мелитопольге жетеді. Оларды қалалық әскери комиссар Писаренко мен қалың жұртшылық жарқын жүзбен қарсы алады. Қонақүйге жайғастырады. Ертеңіне қаланың оңтүстік бөлігіндегі Бауырластар зиратына барып, Батырдың асқақ рухына бас иіп, Құран бағыштайды. Қаладағы Қарақозы Әбдәлиев көшесінің тұрғындары қазақстандықтарды қонаққа шақырады. Осы көшедегі №20 үйге мемориалдық ескерткіш тақта қойылған екен. Сол үйдің иесі Полина Алексеевна Розниченко қазақстандық қадірменді қонақтарды қасиетті нан-тұзбен қарсы алады. «Қарақозы Әбдәлиев Сіздердің жерлестеріңіз болса, біздің қаламызды неміс-фашист басқыншыларынан азат еткен қаһарманымыз! Мелитополь өзінің Батырын ұмытпайды!» – деп дәріптеп, әлгі үшеуін кәдімгі құда күткендей төбелеріне көтеріп күтеді.

Ұрыс болған орынды, шайқастың эпизодтарын тәптіштеп айтып, Батырдың көз жұмған жерін көрсетіп, әлекке түседі. Сонда елушақты кеңес жауынгеріне қаланы қорғау міндеті жүктелген екен. Екіге бөлінген олар блок-постарға жайғасқан. Кескілескен ұрыс барысында жаудың алпыс жауынгері қаза тапқан. Қара түнді жамылып жау танкілері келген. Қарақозы солардың екі-үшеуін өртеп, жарып үлгереді. Артынша ірі ұңғылы пулемет орнатылған «Тигр» танкісі тап болады. Егер жау танкілері шығыс жаққа қарай шығатын болса, қала жермен-жексен болып қирамақ. Шегінерге жол жоқ. Шалт қимылдаған Қарақозы қас-қағым сәтте еңкейген күйі гранат лақтырып, жау танкісінің гүрілдеген дауысын өшіреді. Осылайша жау танкісін жарып үлгереді. Өкінішке орай, жау танкісінің астында қалған ол қаһармандарша қаза табады.

Жан жарының мәңгілікке көз жұмған жеріне табан тіреген Әсіл жеңгей көз жасына ерік беріп, ұзақ жылаумен болады. Оны көрген Юлия Коваль есімді жергілікті кейуана: «Жыласа, жылай берсін! Ішіндегі бар шерін әбден тарқатып бітсін! Әбден мауқын басып алсын! Ұзақ жылдық қайғыны көтеру оңай деймісің!» – дейді.

Ертеңіне қаралы митинг өтеді. Қала басшылығы мен ардагерлер кеңесі ұйымдастырған бұл ізгілікті де игілікті шара барысында талай-талай шерлі естеліктер айтылады. Сұм соғыс басталған кезде 13-15 жасар ұл-қыздар бүгінде қырықтан асып қалған. Олар өліктердің арасынан атқыштар взводының командирі, Гвардия лейтенант Қарақозы Әбдәлиевті қалай іздегендерін байыптап айтып береді. Шұрқ тесік гимнастеркасының қалтасынан қанға боялған алқызыл партбилетін тапқан. Марқұмдардың сүйегін жинастырып, Бауырластар зиратына жерлеген. Кейіннен жыл сайын Жеңіс күні, Қала күні, тағы басқа да атаулы даталарда Батырлардың басына гүлшоқтарын қойып, тағзым етуді игі дәстүрге айналдырған.

Жылап-сықтауға толы жиын соңы ақ дастарқан басындағы көңілді отырысқа ұласқан. Әңгіме-дүкен құрысқан. Берекелі заман ғой. Қала басшылығы Әсіл жеңгейге екі бөлмелі пәтердің кілтін ұсынған. «Осында тұрып, әр жексенбі сайын жұбайыңыздың басына барып, дұға оқып тұрасыз», – деп кеңес берген. «Оны не істеймін?!» – деп сұрағанда Арын Қосуақов ағай: «Үй-жайға зәру жергілікті соғыс ардагері немесе олардың жесірі болса, соларға беріңіздер!» – дейді. Сөйтіп, өздеріне сыйға тартылған үйден бас тартады. Арынның баласы Шоқанды осындағы жоғары оқу орнына түсірейік деген ұсынысын қабыл алады. Сөйтіп, кейіннен Шоқан Мелитополь ауыл шаруашылығын механикаландыру институтында оқып, туған елге білімді де білікті маман болып оралады..

Уақыт шіркінде дамыл бар ма?! Ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып өтіп жатады. Күндердің күнінде Қазығұрт ауданындағы «Күйік» ұжымдық шаруашылығының Атбұлақ ауылындағы №5 фермасына ұжымшар парторгы келе қалады. Оған жергілікті мұғалім Арын Қосуақов: «Шалғайдағы Украинаның Мелитополь қаласының басшылығы Қарақозының жесіріне пәтер сыйлағанда алмай келдік. Әсіл жеңгеміз 27 жыл бойы Жетісай ауданында тұрды. Абай атындағы ұжымшардағы балабақшада меңгеруші болып қызмет істеді. Ұрпақ тәрбиесімен айналысты. Соған Батырдың кіндік қаны тамған жерден үй салып берсеңдер, қайтеді?!» – дейді. Осылайша Батырдың жесірін туған жерге шақыртып алған екен. Жеңгей 85 жасында қайтыс болады.

 

 Былғары қолғап шеберлерінің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған байрақты бәсеке

Шымкентте Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған бокстан ересектер арасындағы дүбірлі жарыс өткізіліп келеді. Кең-байтақ Отанымыздағы 15 одақтас республиканың өкілдері жыл сайын қоңыр күзде Шымкентке ат басын бұратын. Бұл Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы боксшылар арасында ұйымдастырылатын тоғызыншы Бүкілодақтық жарыс болатын. Алғаш рет Мәскеу Олимпиадасы өткен 1980 жылы 23 қазанда Шымкентте жалауын көтерген. Онда шешуші ақтық финалдық сайысқа дейін жетіп келген қос боксшыға да спорт шебері атағы берілетін. Батыр атындағы алғашқы турнирде Нұрғали Сафиуллин мен Всеволод Витальевич Визирякин чемпион атанып, сондай жоғары құрметке бөленген. Талай тарланның осында келіп, көріп, жеңіп, шаршы алаңда шеберлігін шыңдай түскені шымкенттік жанкүйерлердің жадында. Бұл 1994 жылға дейін Орталық Азия мен Қазақстан бойынша өтетін жеке-дара турнир-тұғын. Кейіннен Халықаралық жарыс мәртебесін иеленді. Шымкентте бұдан бөлек Әбдісалан Нұрмаханов, Марат Жақсыбаев, ал Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған боксшылар бәсекесі өткізілетінін бәріңіз жақсы білсеңіздер керек.

Сөз орайы келгенде, біздің еліміздегі Олимпиада чемпиондары – Василий Жиров, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, күміс жүлдегер Мұхтархан Ділдәбеков, Әлем чемпиондары – Болат Жұмаділов, Григорий Гафаров, Олимпиада ойындарына қатысқан Нұржан Сманов, Бейбіт Шүменов (бүгінде кәсіпқой боксшы), Әділбек Ниязымбетов, Михаил Юрченко тәрізді тарландар осы турнирден қанаттанып шыққанын тілге тиек ете кетейік. Сайып келгенде, былғары қолғап шеберлерінің бірнеше буынын тәрбиелеген бұл байрақты бәсекенің Қазақстан спортының дамуына, боксшылар шеберлігінің шыңдалуына қосқан үлесі сүбелі екені даусыз.

Аталмыш жарысты ұйымдастырып, өткізуде Қазақстан Бокс бірлестігінің бас хатшысы Борис Семенович Цхвирашвили мен облыстық Бокс федерациясының басшысы Тұрсынбек Рысбеков көп еңбек сіңірген. Кейіннен облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, облыстық Бокс бірлестігінің жетекшісі Райымхан Өзбекқалиев те осы бір аса беделді боксшылар бәсекесінің жоғары деңгейде өткізілуіне өзіндік сүбелі үлесін қоса білген. Сөз орайы келгенде, белгілі былғары қолғап шебері Әбдісалан Нұрмаханов алғашқы үш турнирге бас төрешілік еткенін тілге тиек ете кетейік. Бұл жарысқа есімдері Еуропа мен Әлемге әйгілі Халықаралық әуесқой боксшылар федерациясының (АИБА) төрешілері – В. Енгибарян, В. Дадаев, мәскеулік ағайынды Фроловтар, қазақстандықтар – Б. С. Цхвирашвили, В. Батурин, С. Әбдінәлиев, қырғызстандық Әкеров қазылық еткенін де біле жүріңіздер.

Қазіргі таңда Қазақстанда оншақты Халықаралық турнир өтеді. Соның төртеуі Алматыда, үшеуі Шымкенте, қалғаны Астана, Қарағанды, Түркістанда ұйымдастырылып жүр. Биыл Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиевтің дүниеге келгеніне 110 жыл толып отыр. Осыған орай оның атындағы жүлде үшін өтетін Халықаралық боксшылар бәсекесі 39-рет өзінің жалауын көтермек.

Дүбірлі жарыстың басы-қасында әдеттегідей оны ұйымдастырушы – Шымкенттегі бокстан Олимпиада ізбасарларын дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің №5 арнайы спорт мектебінің директоры Заңғар Қасқаев, Үмбетәлі қажы Сейітқұлов, Мақсат Мырзабаев, Маханбетәлі мен Мәдібек Алтаевтар жүретіні белгілі. Байрақты бәсекеге алыс-жақын шетелдерден таңдаулы деген былғары қолғап шеберлері қатысады деп күтілуде. Олардың арасында Әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен Олимпиада ойындарында бағын сынап көргендер бар. Дүбірлі жарыс 10-15 қазан күндері Шымкенттейін шырайлы қалада өтеді. Туған ауылында оның асқақ рухына арнап ас беріледі. Батырдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. Отан қорғау жолындағы ерен ерлік шерлі шежіресіне айналған отты оғыланға жерлестері осылайша құрмет көрсетіп, тағзым етпек. Қысқа қайырып айтқанда, Қазығұрттың Қарақозыдай қыранына қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Ендеше, дүбірлі жарысқа қатысушылардың бәріне жеңіс тілейміз! Біздің бәрімізді Батырдың асқақ рухы қашанда қолдап, демеп, желеп-жебеп жүре берсін дейміз.

 Әбдісаттар ӘЛІП,

 Спорт журналистері арасындағы республикалық конкурстың лауреаты.

 Шымкент қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *