ҒИБРАТЫ МОЛ ДАСТАН

Әдебиет
1 082 Views

«Тәспінің Асыл тасындай,

Жүректен шыққан жырларым.

Бесінші үлкен парыздың,

Ұғарсың оқып сырларын» , –

деген өлең жолдарымен ашылған Оспан қажы Сүлейменұлының «Ұлық сапар әсерлері немесе риясыз құлшылық» атты кітабында мұсылманның бес парызының бірі – қажылыққа арнаған. Онда қажылыққа баруға ниет еткеннен бастап, үлкен және кіші қажылықтың орындалуы, ихрам кию және ихрам кезіндегі рұқсат етілген, сондай-ақ тыйым салынған амалдар, тәуеп, сағи, уқуф, жамарат сияқты ғибадаттардың орындалуы мен тағы басқа көптеген маңызды мәселелер жөнінде баяндалады.

Оспан қажының ақындық дастаны қажылық сапардың хикметі жайлы баяндаудан басталып, әрбір рәсімге жеке-жеке тоқталатынын айтып, бұл кітап мұсылманның діни сауаттылығын арттырудағы маңызы ерекше зор екенін де атап өткен жөн. Қасиетті Мекке-Мәдинаның барша киесін жырлап, ұлттық дәстүрге жанашырлығын танытып, нәзік лирика арқылы адамгершіліктің ең асыл қасиеттерін уағыздайды. Әр шумағының мағынасын ашатын көркем суреттермен өзінің ойын оқырмандарына жеткізуге әрекет жасаған.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір сөзінде адам баласы дүниеден озған соң да мына үш әрекет арқасында да үздіксіз сауапқа ие болатынын айтады. Соның бірі – адам баласының артына қалған ілімі. Оқырманын бірден баурап алып, соңына дейін оқымайынша босата қоймайтын Оспан қажы Сүлейменұлының «Ұлық сапар әсерлері немесе риясыз құлшылық» атты кітабын да бұл қатарға қосуға болады.

Алғашқы беттерінде ақын-жазу-шылардың, сондай-ақ бас мүфтидің бұл кітап туралы пікірін көре аламыз. Мәселен, «Өнермен өрілген өнеге» атты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ораз Серікбай қажының пікірінде жалпы алғандағы қажылыққа барудың маңыздылығын әрі оның әр мұсылманның парызы екеніне тоқталып, бұл кітаптың да дәл сол тақырыпта аса шеберлікпен жазылғанына аса үлкен мән бөледі.

Ал Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов «Ұлық сапар әсерлері немесе риясыз құлшылық» атты кітапты әр мұсылман оқуға міндетті деген пікір білдіреді. «Кім шындығын жоғалтып алса, кім «ақты ақ, қараны қара» деп айырудан қалса, яғни сөзі басқа, ісі басқа болса және елдік, ұлттық мүдделерден бойын аулақ ұстауға дағдыланса, ол – жеке басының мазмұнсыз мақсатын ғана көздеген рухсыз адам» – деп айта келе оқырмандарына бұл шығарманың назар аударарлық екенін жеткізеді.

«Айрықша парыз» деп аталатын пікірдің авторы – филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Дихан Қамзабекұлы бұл кітаптан оқырманның нені аңғаратынына баса назар аударады. Мәселен, оның айтуынша, біріншіден, біз ағартушы Оспан Сүлейменұлының ата дәстүріне адал екенін байқай аламыз. Екіншіден, бұл шығарма ұрпақтың иманын бекітуге арнап жазылғанын аңғартады. Өйткені бүгінгі жас ұрпаққа ел дәстүріне суарылған имандылықты меңгерту аса қажеттілікті талап етеді, – дейді.

Осылайша екі бөлімнен тұратын кітаптың оқырманға берері мол. Сондықтан да академик ағамыз атап көрсеткендей, «сипаты – сырбаз, сапасы – мығым, жаны – таза, арманы – биік, көргені – көп, тапқаны – мол, зердесі – анық, мінезге бай» Оспан қажы Сүлейменұлының «Ұлық сапар әсерлері мен риясыз құлшылық» атты кітабын әрбір мұсылман оқып шығуы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені бұл кітаптан қажылық туралы ақпарат алуға болатыны өз алдына, оның өнегелік сипаты да мол.

Автор өз кітабын былайша түйіндепті:

«Әрбір істің сәттілігі ниеттен,

Арманыңыз шықса болды жүректен.

Қажыларым иманы мол, көп болсын,

Аяқтайын осындай ақ тілекпен!»

Тағы бір атап көрсетерлік жайт – өнегелі әрі тәжірибелі ұстаз осы кітаптың жарыққа шығуына ақ батасын беріп, рухани қолдау жасаған азаматтардың аты-жөнін көрсетуді де ұмытпапты. Бұл да бір білгендіктің, іріліктің бір көрінісі дегіміз келеді.

Нұрай ҚҰРАҚПАЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *