ҚАРА ЖЕРДІҢ ҚҰШЫРЫ (Әңгіме)

Әдебиет
1 131 Views

Тау бөктері құйқалы, қалың жаңбырдан кейін дүр көтерілген шалғын ат бауырынан келіп, жайқалып тұр.

Мүсірәлі қия беткейлердің шөбін тықырлай шауып, сайға түсті.

Жағасы жалбыздан көрінбейтін өзен жағасына тоқтап, терлеген бет-аузын жуып алмақ болды.

Арғы қия беткейден ауыл әкімінің «Нивасы» шаңды бұрқырата шаңдатып, тура жанына келіп тоқтады.

– Мүсірәлі, досың аудан әкімі болды!

– Кім? Кімді айтып тұрсыз?

– Ахмет ше? Нұрымның баласы. Сенімен бір сыныпта оқыған досың!

– О, тамаша болған екен! – деп Мүсірәлі май-май қалпы ауыл әкімін құшақтай алды. – Сүйіншіңізге бір семіз қой атадым. Қалаған уақтысында алыңыз, аға, – деп мәз болып ыржалақтай берді.

Ауыл әкімі жасы келіп қалған толықша келген тапал Сқақбай ұзақ жылдар мектеп директоры, соңғы төрт-бес жыл маңайында ауыл әкімі болып, өзінен оқығандардың бәрін шәкірт санайтын мінезімен:

– Біздің шәкірттер шетінен мықты ғой, мықты. Ахмет Нұрымов мектепте қалай үздік оқыды, міне, жарып шықты. Біздің ауылдан шыққан тұңғыш аудан әкімі! – деп Мүсірәлінің арқасынан қағып қойды. – Ең жақын досы да, туысы да сенсің, құтты болсын деп айтайын деп естіген бойда сені іздеп шықтым.

Сқақбай әкім де еңкейіп тау суына бетін жуды.

– Біздің таулар да қасиетті ғой. Қарашы содан аққан суы да тастай суық, тұп-тұнық мөлдір. Біз қандай жер жәннатында тұрып жатырмыз. Асанқайғы атамыз: «Балдырғаны білектей, бүлдіргені жүректей, шөбі нулы, күміс сулы ғажап жер екен», – деп таңданыпты деседі.

Ауыл әкімі «Нива» мәшинесімен қырқа асып, кетуі де тез болды.

Өзенге рахаттана шомылғанда да, қырқаларға шалғы салып, шөп шауып жүріп те Ахмет есінен бір шықпады.

Екеуі бір жылы туған төл, құрдас, сәби кезінде ұжымшар жұмысына шыққанда бұл екеуін екі шеше кезек-кезек келіп емізеді екен. Ахметпен арада үй жоқ көрші тұрды. Нұрым баласын орысша оқуға берді, ал бұл қазақша оқыды.

Ахметтің үшінші сыныпта әкесі қайтыс болды. Шешесі көп ұзамай төркініне кетіп, сол жақта басқа күйеуге тиіп кетіпті. Ахмет Мүсірәлінің үйіне жатып, оқуға бірге барып жүрді.

Дәті қатты ма, Ахмет шешесін сол бойда көрмей кетті. Бір жылдан кейін күйеуімен келіп, киімдер әкеліп бергенде бедірейіп, сүйгізбей де, жолатпай да қойды.

–Енді маған келме! Сені көргім келмейді, – деп әкелген киімдерін өзіне қайта лақтырып, екі көзі от шашып, қанын ішіне тартып, сұрланып, ышқына айқай салды.

Шешесі бетін басып жылаған күйі қайтып кетті. Ауылда орысша небәрі төрт-ақ сыныптық бастауыш мектеп болғандықтан Ахмет қалада интернатта оқып, тек жазда каникулға келеді, орысқолдылау, өскен сайын суық тартып, оныншыға барғанда көзі нашарлап, көзілдірік киетін болды. Одан университетке түсті.

Мүсірәлінің әке-шешесі де заты жуас, ағайын-туғанға бауырмал, Нұрымның шаңырағының оты өшпесін деп ол үйге де қарап жүрді. Демалысқа келгенде Мүсірәлі екеуі үйді ақтап, төңірегінің шөбін шауып, ағаштарды кесіп, жөндеп қойғанмен жыл өткен сайын саманнан салынғандықтан қабырғасы шөгіп тозуға айналды.

Ахмет оқу бітірісімен солтүстіктегі Ресеймен шекаралас облысқа қызметке тұрып кетті.

Мүсірәлі әке-шешесінің жанында, тракторын тырылдатып, ауылдың қызына үйленіп, бүгінде бес баланың әкесі атанды.

Ахмет сол жақта бір дөкейдің қызын алыпты, қызметі өсіпті деп есітіп жатады. Бірде ғана Алматыдағы «Алатау» санато-рийінде демалып жатырмыз», – деп телефон шалғаны бар.

Шешесі көмбе нан, құрт, банкі сары май салып беріп, бұл арнайы жолығып қайтқан.

Ахмет спорт киімімен есік алдында қарсы алды. Түрі қатқыл, шашын шалқайта тараған, үлкен жарасымды көзілдірігі алтын ба жалт-жұлт етеді. Арсалаңдап барған мұны құшақтатпады да, қолын салқын алып:

– Процедураға кетіп барамын. Асығыспын, – деді қол сағатына қайта-қайта қарап.

– Келіншегің, балаң қайда? – деді Мүсірәлі.

– Екеуі қазір бассейнде, одан кейін моншаға барады.

– Апам мыналарды беріп жіберді, — деп сөмкесін ұсынды. Ахмет сәкіде отырған күйі әкелген тағамдарды көріп шығып:

– Біз диетадамыз ғой. Апам да қызық аш жүргендей. Жаннета да, Спартак та жемейді ғой мұны.

– Келіншегіңді, балаңды, өзіңді әке-шешем ауылға шақырды, келіп қонақ болсын дейді.

– Оған қол тимейді. Жаннетаның осында әпкесі бар, соған кіріп шығамыз да шетелге ұшамыз.

– Қазір не істейсің сен?

– Мен бе? Аудандық әкімшілікте істегенмін, қазір облыс әкімшілігіндемін. Астанаға ауыссам ба деп жүрмін.

– Анамның беріп жібергенін ал енді. Ауылдың дәмі ғой.

– Ауылбайский ескі закон. Білесің бе «Болашақпен» Еуропада, Америкада оқып келдім. Вот там жизнь! Ал, ауылбайский әңгіме айтасың – Ладно, ана уборщицаларға бере салармын бұл дорбаны, – деп тыжырана сөмкені алып орнынан тұрып, кетуге ыңғайланды.

Мүсірәлі алып-ұшып келгенде арсалаңдап екеуі баяғы бала күніндей құшақтасар, өткен-кеткенді мәз болып еске алар, әйелі мен баласына «Мынау менің жан досым, жақын туысым», – деп таныстырар, әке-шешем, ел-жұрт жайын тәптіштеп сұрар деп аңқылдап жеткен беті еді.

– До свидания, – деп бұрылып кете бергенде жүрегі қан жылап, қатты қапаланды.

Ау, бұл кешегі көрші Нұрым көкемнің жалғыз тал ұлы емес пе?

Көкем қайтыс болғаннан кейін шешесі кетіп қалып, тентіреп қалған мұны Мүсірәлінің әке-шешесі бауырына басып, өз ұл-қыздарынан артық әлпештеп бақты емес пе?! Екеуінің құлын дәурені бірге өтті, бұған бар тапқандарымен жаңа киімдер әперді, одан қалған, тозғандарын бұл киді. Алматыдан оқудан келгенде өздері қалт-құлт етіп бір қора жан бағып отырса да оның қалтасына жырымдап пұл салып беріп тұрды. Маңдайы жарқырап, шашын шалқайта қайырып, қайраққа жаныған ұстарадай Ахмет те тым ерте есейіп, оқуда алдына қара салмай, қатарының алды болып өсті.

Мүсірәлі көңілі қатты қалып, Ахметті көрместей болып торығып қайтты. Аңқылдап қарсы алған шешесіне:

– Мама, келіскен көрікті келіншегі бар екен. Аты Жаннета, өзінен аумайтын Спартак деген ұлын сүйіп мәре-сәре болып қалдым. Сізге, бәріңізге сәлем айтып жатыр. Бұл жолы үйге келе алмайды, шетелге кетіп барады, – деп өтірік айта салды.

Ахметті содан қайтып көрмеді, ұзынқұлақтан Астанаға ауысқанын ғана естіген шешесі жеті шелпек таратып, үйге палау пісіріп, көршілерін шақырып, Нұрымды еске алып, Құран оқытқан болатын.

– Мама, Ахмет ауданымызға әкім болып келіпті! – деп Мүсірәлі айтқанда шешесі қуанғаннан есі шықты.

– Қайран Нұрым-ай, жігіттің бозымы едің. Отынға барып, суық тигізіп, содан оңалмай кетті ғой, – деп көзіне жас алды. – Қой, несіне отырмын, Ахмет баламның кеңсесіне барып шашу шашайын! Әкесін көрген, атасына сәлем салған ендігі үлкен біз ғой, әкең екеуміз барып құтты болсын айтып келейік, – деп өрекпіп еді, Мүсірәлі әзер тоқтатты.

– Мама, ұят болады. Мен ертең ерте шығып құттықтап келейін, содан кейін барарсыз, – деп көндірді-ау.

Шешесі мен әйелі мәре-сәре болып жүріп жейдесін жуып, үтіктеп, тойға киіп баратын костюм-шалбарын тазалап әуреге түсті.

– Әкімге барасың, мойныңа тақ, – деп келіншегі бір галстукті әзер тауып берді. Баяғыда үйлену тойларында ғана таққаны әлі сақталыпты.

Ескі қызыл «Жигулиін» жуып-шайып, қылғына галстук тағынып, таң атпай жолға шықты. Аудан орталығы бұл ауылдан он бестей ғана шақырым жерде.

Таңғы тоғыз болмай аудан әкімінің кеңсесіне жетіп барды. Айбынданып алыстан көрінетін әкімдік үйін сыртынан ары-бері өткенде талай көргенімен, өмірі бас сұғып, кірмеген екен.

Жол-жөнекей Ахмет құрдасы мұны қалай қарсы алады, қалай сөйлеседі, құшақтаймын ба, жоқ па? – деп жақындаған сайын қобалжи бастады.

Өрекпіп жеткенмен, кіре алмай қор болды. Әкімшіліктің атшаптырым айналасын биік темір қоршауымен тас қамал қоршап тастапты. Темір қоршаудың қақпасында тұрған божбандай күзетші жігіт сан сұрақтың астына алды. Ақыры әзер дегенде ол телефонмен біреулерге хабарласты.

Қылдырықтай жіңішке, шашын желкесінен қиған қыз келіп, шаңырақтай көзілдірігімен шалқая қарап:

– Жүріңіз, – деп сәлем берместен кабинетіне ертіп әкелді.

Бұрышта отырған егде толық әйел сыпылдатып қағаз толтыра бастады.

– Ахмет Нұрымовичке не жөнінде кірмекшісіз?

– Оны қайдан танисыз?

– Қандай мәселе айтпақшысыз?

– Қанша уақыт онда болмақшысыз?

Бұл терлеп ала жөнелді, бет-аузын қайта-қайта сүртеді. Әбден терлетіп, тергеп алғаннан кейін бұған сұстана қарап:

– Енді қабылдауға өтініш жазыңыз, – деп екінші бөлмеге апарып отырғызып қойды.

Жарты бет өтінішті жарты сағат бойы жаза алмай басы қатты. Шынында не мәселе айтады, бірге өскен досы ғой, тек құттықтайды.

Мұның жазғанын жақтырмай қылдырықтай қыз тақылдап өзі айтып отырып, «Не деген сауатсыз едіңіз», – деп ұрсып, екі мәрте қайта көшіріп, әрең жазып берді.

Бұрышта отырған егде әйел:

– Өтінішіңізді қалдырыңыз. Телефон, мекен-жайыңызды айтыңыз. Әр айдың

бірінші жұмыс күні – аудан әкімінің қабылдау күні. Кезекке қоямыз, өзіміз хабарласамыз, – деді қатқыл үнмен.

Түске салым ғана босап, сыртқа моншаға түскендей терлеп, әптер-тәптері шыққан Мүсірәлінің ұнжырғасы түсіп кетті.

Қашан шақырып қалар екен? – деп апта күтті, ай күтті. Сқақбай ағасына барып айтып еді, ол аудан әкімшілігіндегі анадағы жолыққандарымен сөйлесіп, кезекте тұрғанына айтып, біліп берді.

Ақыры күте-күте, күдерін үзді. Оның хабарын, не істеп жатқанын ауыл әкімінен анда-мұнда сұрап, біліп қояды.

Ауыл әкімі Сқақбай ағасы кеңсесіне шақырыпты. Ахмет досы келіп қалды ма, әлде содан бір жақсылық хабар болды ма деп алып-ұшып жетті.

– Ауылымызға аудан әкімі келе жатыр, – деді әшейінде асықпайтын сабырлы Сқақбай дегбірі қашып.

– Біздің үйге ме? – деп Мүсірәлі қуанып кетті.

– Жо-жоқ. Аудан әкімінің есебі болады, барлық жақта өтіп жатыр.

Келер сәрсенбіде біздің клубта өтетін болды. Сонда сен сөйлейсің. Мә, мынаны оқып бересің, – деп бұған қағаз ұсынды. – Жүріңдер, клубты көрейік, – деп қасында отырғандарды ертіп, сыртқа шықты.

Ақпан буып тұр, сықырлаған сары аяздан үй жылымайды. Ал, клубта от жағылмапты. Клубқа электр пештерін әкеп, күн-түн жылыта бастады.

Төралқаның алды-артынан қосымша электр жылытқыштар орнатты.

Сәрсенбі күні сағат төртте суық сорған клубта халық лық толды. Сөйлейтіндерді бірінші қатарға тізіп отырғызып қойған. Төрт жарымда Ахмет Нұрымов бір қора нөкерлерімен кіріп келді де бірден төрдегі төралқаға өтті. Қасына дірілдеп сасып-салбыраған Сқақбай Дәуренов отырды.

Аудан әкімі есепті баяндамасын қазақша бастап, ары қарай орысша төгіліп кетті. Мүсірәлі оның айбынды түр-тұлғасына, нық, мығым жүріс-тұрысына, қағазына көп қарамай қолын сілтеп, небір ғұламалардың айтқандарын мысалға келтіріп, ұйыта сөйлеген шешендігіне, әбден ысылып-төселген қаһарлы басшы болғанына тәнті болды.

Алғашқы сөйлеген бұл қағазын асығып-аптығып оқып берді. Қарапайым тракторшы ретінде аудан әкімінің жатпай-тұрмай істеп жатқан ғажап көп жұмыстары үшін ел атынан алғыс айтты. Тек «Ахмет» деп азан шақырып атаған есімін емес, қайта-қайта «Ахмет Нурумович» — дегенде тілі күрмелене берді. Сөзін бітіріп қараса аудан әкімі бұған разы кейіппен қарап, қолын шапалақтап отырғанын байқап, көңілі көтеріліп кетті.

Кезек-кезек сөйлегендер де жазып берген қағаздарын оқып берді. Соңында Сқақбай аудан әкімін әбден мақтауын келістіріп, аспанға шығарды. «Ахмет Нурымовичтің тағы бір ауылда жиналысы бар, қазір соған барады. Мен шығарып салайын, Сіздер отыра тұрыңыздар», – деп Сқақбай Ахметтің іліп қойған тонын, тұмағын кигізіп, сыртқа бастады. Бүкіл аудан басшылары бірге келген нөкерлері де лап көтерілді. Әкімнің екі қапталын жауып, ешкімді жолатпаған күйі олар түгелімен далаға шығып кетті.

Мүсірәлі жаутаңдап, менімен сәлемдессе үйге шақырайын деп күтіп отырған. Бұл жаққа қарамады да, тіпті басын да изеген жоқ. Өзі туып-өскен ауылының бір адамына амандаспаған күйі сіресіп келіп, қасқайып шығып кетті.

Мүсірәлі қатты кейіді, шешесі мен әкесі үйде тамақ асып, үстел жасап, «Ахмет баламыз келіп қалар. Келеді ғой. Әкесінің қара шаңырағын көрер, үйден дәм татар, сәлем берер», – деп екі көздері төрт болып күтіп отыр.

Өлердей қор болып, Ахметті енді қайтып көрместей ызаланды.

«Ойпырм-ау, бұл баяғы Нұрым көкемнің жалғыз тал жетім қалған қалқанқұлақ ұлы емес пе еді? Бұл Ахмет Мүсірәлі үйінің бір баласы боп, өсіп-өнбеді ме? Ауданға келгелі жарты жылдан асты, он бес шақырым жерде отырған мұның ата-анасына келіп амандасып кетсе қайтеді? Шешесі төркін жақтағы біреуге күйеуге тиіп, қашып кеткенде шаңырағында зар илеп жылап жалғыз қалған бұл баланы әке-шешесі жетектеп үйге әкеліп «Сен, Нұрым бауырымыздың қара тұяғысың, енді осы үй өз үйің болады. Қайғырма, алаңдама, балам. Тағдыр осылай болды. Әлі тойға да барасың, торқа да киесің, балам», – деген еді әкесі басынан сипап.

Кешке үйдегі бар баласын және ағайындарын шақырып, бір тоқтыны сойып, соның етін асып, таратып отырып:

–Мына Нұрым бауырымнан қалған Ахмет енді менің балам. Ахмет, қане кел, сенің орның мына менің оң жақ тізем тұрған жер, төрде отырасың. Естеріңде сақтаңдар, Нұрым біздің әулеттің қарашаңырағы еді, мұның жолы үлкен, біреуің ренжітпеңдер. Қолдарыңнан келсе көмектесіңдер, – деген еді әкесі даусы дірілдеп, жылап жіберуге шақ қалып.

Ахмет содан бастап төрге отыруға әдеттенді. Әке-шешесі оны қатты еркелетті, ол жұлындай боп оқу озаты, грамоталарды алған сайын қуанып, ағайындарына көрсетіп, мәз болатын. Мүсірәлі болса үй шаруасынан босамайды, есік алдындағы малдарға қарады, шөп шапты, бау-бақшасын күтті. Одан қалса әкесіне көмекші болып трактор жүргізді, комбайнмен астық орып, техникаға ықыласы ауды да тұрды. Май-май, шаң-шаң болып жұмыстан қолы босамай жүргенде Ахмет үйде қаққан қазықтай шаншылып, тап-таза күйінде сабаққа дайындалып отырады. Бала болып, көшеге шығып, у-шу ойынға да қатыспай өсті.

Тозып кететін болған соң Нұрым көкесінің үйіне бір түрік отбасын кіргізіп қойған. Олар бала-шағасымен бау-бақшасына неше түрлі жеміс-жидек, бақша егіп жайқалтып-ақ тастады.

«Ауданға жаңа келген әкім тік мінез, орысқолды, қарсы келгенді қазықша қағып жіберетін кекшіл екен. Өзімен ерегіскендерді соттатып, қаңғытып, түбіне жетпей, біржола құртпай қоймайтын өте қиын жан» дескен гу-гу әңгіме ұзынқұлақтан құлағына еміс-еміс келіп жатады.

Арпалысқанды алып ұрады, қарсы келгенді қалпақтай ұшырады. Қайынатасы үлкен жерде дөкей, тамыры тереңде, ештеңе жасай алмасын білген талай-талай арызқойлар мысықтабандап, жәрәукеленіп кіріп, ісін мақтап, аспанға көтеріп, ауылдағы атқамінерлерді жамандап, қоғадай ығына жығылды.

Әке-шешесі де Ахметтен түңіліп «Е-е, әйтеуір аман болсын. Жетім бала не көрді дейсің, әбден тасбауыр болып кеткен де. Бір күні түсінер, түсінер де алдымызға келер, сәлемін берер», – деп іштен тынды.

– Ойпырым-ау, Ахмет Нұрымовичті Астанаға шақырып жатыр дейді, министр болады екен.

– Жо-жоқ, министрдің орынбасары болады екен.

Осындай алыпқашпа әңгімелер гу ете қалған тұста әке-шешесі «Нұрымның қайтыс болғанына 20 жыл болды, әруағына арнап ас беріп, Құран оқытайық. Ана қызыл өгізшені сояйын. Баласы келсін, ағайынның ортасында болсын», – десіп Сқақабайға сәлем айтқызған.

Ахмет ат-тонын ала қашыпты. «Мені құртайын деп жүрсіңдер ме. Прекратите все это. Тоқтатсын бәрін», – деп ауыл әкіміне орысшалап әбден ұрсыпты.

***

Көңілі қарадай қалып, өкпесі қара қазандай болып жүргенде мына суық, сұмдық хабар есінен тандырды.

–Ахмет жол апатынан қайтыс болыпты! – дегенді естігенде шешесі байғұс дауыс сап талып қалды.

Әкесі:

–Балам, мәшинеңді оталдыр. Жүр барайық, ағайыннан бізден жақын ешкімі жоқ қой, – деп кемсеңдеп жүріп жинала бастады. – Уһ, қайран балам-ай! – деп қапалана уһіледі.

Мүсірәлінің де бәленбай жылдан бері шер-шемен болып кеткен өкпесі бір сәтте жоғалып, іші-бауыры өртеніп, уылып кетті. Әкесі екеуі аудан орталығындағы ауруханаға келсе, ел қарақұрым жиналып қалыпты.

Күн ұясына батып бара жатқан ымырт шақ. Күздің қара суығы жерді бүрістіріп тұр.

–Ахмет Нұрымовичтің әкесі мен бауыры келді, – деп бір топ адамнан бөлініп шыққан Сқақбай бұл екеуімен көрісіп еді, бүкіл жиналғандар құшақтасып, көңіл айтып шықты.

–Мына кісі аудан әкімінің бірінші орынбасары Қанат Біржанович, – деп шашын тікірейтіп қысқа етіп алдырған, қара куртка киген толық жігітті таныстырды.

–Көке, қазір Алматыдан сарапшылар келе жатыр, солар тексереді. Қайынатасына хабар беріп едік, өздерің жөндей беріңдер, біз әйелі, баласы бәріміз ертең ұшып барамыз, – деді ол тақылдап.

Түні бойы әкесі екеуі ескі екі қабат ауруханада теңселіп жүрді де қойды. Алматыдан келгендер апаттан жантәсілім кеткен Ахметті қайта ота жасап, сойып тексеріп, қорытындысын шығарғанша, таң бозарып атты.

Әкесі қан-қан болып, ақ жайма ішінде жатқан Ахметті көргенде өгіздей өкіріп жылағаны-ай.

–Құлыным-ай, қуанышым-ай, Ахметім-ай, – деп айқайлаған даусы аурухананы күңірентті.

Мүсірәлі де мырсыңдап, көзінен бұлақтай аққан жасты тыя алмай Ахметтің шалқайта тараған шашынан сипайды да, иіскейді де, қан-қан денесін дәкемен сүрткіштеп тазалай бастады.

– Осында мұздатқышқа салып қояйық, – деп бас дәрігер күмілжіп еді.

– Жоқ, баламды үйімнен, қарашаңырағымнан шығарамын, – деп әкеcі

шарт ете қалды.

Алып келген көрпе, текеметіне орап, жедел жәрдем мәшинесіне салып, туған ауылына күн шығаршықпастан бет алды.

Ауылға кіре бергенде жедел жәрдем дабылын қосып, боздатып еді, әкесі қарлығыңқы даусымен үйіне боздап кірді. Ағайын-туыстар түні бойы ұйықтамай күтіп отыр екен, Ахметтің денесін алып түскенде шешесінің белін таянып аңыраған, зарлаған даусынан көзіне жас алмаған жан қалмады.

Бір шетте кеше Нұрым көкемнің әруағына деген қызыл өгіз сойылып жатты.

Мүсірәлі ақ таяғын алып, бүкіл балалары, бауырларымен қосылып, есік алдында көңіл айтуға келгендермен жылап көрісіп тұрды. Өң мен түстей, бүкіл аудан көшіп келгендей қарақұрым ел ағылып тоқтамады.

Кешке қарай Ахметтің қайынатасы төрт-бес мәшинемен сау ете түсті. Жалтырбас, дөңгелек жүзді облыс басшысы екеуі бөлек келіп, көңіл айтты.

Қайынатасы бурыл шашын өсіріңкіреп жіберген, қоңқақ мұрын, әдемі мұртты ірі денелі кісінің бет-пішіні таза қазаққа келмейді.

–Жаннетта келе алмады, жүрек ауруы бар, көтере алмайды, – деп бір қойды да, үйге де кірмей, былайырақ шығып, облыс әкімімен сыбыр-күбір сөйлесіп тұрды да:

–Біз қайтамыз, жұмыс бар, – деді де асығыс кетіп қалды.

Ертесіне ауылдағы клуб алдында Ахметтің денесін алып шығып, қызыл кілем жапқан ұзын үстел үстіне қойып, қоштасу рәсімін өткізді.

Қалың ел-жұрты бірі қалмай сол ораулы күйінде көтеріп, әкесі, ата-бабалары жатқан ауыл шетіндегі дөңнің үстіне апарып жерледі.

* * *

Қырқын өткізіп жатқан шақта сұңқылдаған ащы дауыстан ел үрпиісіп қалды.

Қақпадан бері кіре алмай, жүре алмай сексен ширатылып, тоқсан тарқатылып алқам-салқам ойбайлап келе жатқан Ахметтің баяғыда кетіп қалған шешесін таныған жұрт келіп, көрісіп жатты.

Әншейінде Мүсірәлінің шешесі «Ол қағынған қарды көрсем өлтіремін», – деп отырушы еді ботасы өлген інгендей абысынын құшақтап, екеуі жиналғандардың сай-сүйегін сырқыратып Ахметтің жетімдігін, алғырлығын, опатта бейуақта кеткенін тізбелеп, дауыстап айтып жоқтағанда Мүсірәлі де ықылық ата өксіп, екі шешесін қалай барып құшақтағанын білмей де қалды. Иә, бұл аңыраған әйелге бәрінің де өкпесі қара қазандай қайта көрместей боп түңіліп кетіп еді.

Енді міне, бәрі көрісіп, ұлына көңіл айтысып бірге жылап сықтауда.

Ахметтің бейітіне барып, Құран оқытып, аңырап келіп, еңіреп кетті. Ешкімге бір ауыз сөз айта алмады, ешкіммен сөйлесе де алмады, қайран шеше.

* * *

Уақыт – алдамшы сағым, бұлың-бұлың елестей өте береді, өте береді.

Мүсірәлі сол қалың бейіті ұлғайған жотаның қос қапталын шауып жатып, Ахмет есіне түсті. Тракторын сайда қалдырып, жотаға шығып, Нұрым көкесінің жанындағы төмпек шөп басқан Ахмет бейітінің жанындағы қалың шөпке отыра кетті.

– Ахмет, саған арнайы бұрылып келе алмай жүрмін. Асыңды бердік.

Міне, сен қайтыс болғалы екі жылдай болып қалыпты. Осы күзде басыңа күмбез орнатамыз ба деп жүрміз. Жиын-терін біткесін, қолға қаржы түскесін еңселі кесене соғамын. Менің ең жақын бауырым, ақыреттік дос, тай-құлындай тебісіп өскен құрдасым-ай! Айкезбедей есімізді алып, есеңгіретіп кеттің ғой! Ылғи сен келіп қалардай күтіп жүреміз. Әкем мен шешем сенің суретіңді үлкейтіп, төрге іліп қойды. Шешем сен өлгелі сәл нәрсеге булығып, көз жасын көлдетіп, жылағыш болып алды. Сонша аласұрып, асыққаның не? От боп жанып, өрт болып өртеніп кеткен қайран Ахметім-ай…

Қураған шөпті сықырлатып біреу келе жатқанын көріп қысылып, үсті-басын қаққыштап тұра берді.

Басында ши шләпісі, шолақ жең жейде киінген Сқақбай көкесі көзіндегі қара көзілдірігін шешіп:

– Қарағым, кел тізе бүк. Құран оқып жіберейін. Өлілер тірілерден тек құран ғана дәметеді, – деп шөкелеп отырып Құран оқыды.

– Қарағым Мүсірәлі, айтқандарыңды естіп тұра беруге дәтім шыдамады. Жігіт болса сендей-ақ болсын. Ахметті ақ арулап, әкесі мен ата-бабаларының жанына қойдыңдар. Қамыға берме, қайғыра берсең орға жығыласың. Бауырыңның қылығы – көпке аян. Өзіңді – зор, басқаларды қор санамау керек. Ақылды жетім – кеңесуге құмар, ақымақ жетім – кеуде керіп, егесуге құмар. Ахмет не көрді, әкесі ауру болып, ерте кетті, шешесін өзің білесің. Баланы орысша оқыту да – қасірет пе деймін. Өйткені, орысша оқығандар – тікбақай, ар-ұяттан, салт-дәстүрден ажырап, безбүйректеніп, суық тартып, ағайын-туыстан алыстап кететінін байқадым. Баланы кіл мақтай берсең кеудесіне шайтан кіріп, тек өзімдікі дұрыс деп басқаларды менсінбейтін бұзық мінез қалыптасады. Елімен араласпаған жан – тамырсыз ағаш секілді, тез семеді, қураған діңі ғана сорайып тұрады. Мен мұғаліммін, бұл өмір сабағы, өмірден түйгендерім ғой…

– Сқақбай ағай, Ахметтің тасыраңдаған әйелінің істегендерін есітіп, жағаңызды ұстаған боларсыз. Ел бетіне қарай алмай қалдық қой сол сұрқияның сұмпайылығынан.

– Өмір жолы біркелкі түп-түзу емес, қарағым. Ахмет өлісімен келіншегі жалғыз ұлының ата тегін өз атына ауыстырып, өзі басқа күйеуге тиіп алғанын естігенде төбе шашымыз тік тұрды. Сол келінді Ахмет мұнда ауысқалы көшіріп те әкелмеді. Ол әкесінің жанында Астанада тұрып, күйеуінің табысына шалқып жүрді. Ахметтің барында-ақ мына тиген евреймен жақындасып, бірге тұрып алыпты деседі. Ұзынқұлақ жата ма, Ахмет те тыныш жүрмей хатшысымен байланысып, үй сатып әперіпті. Сорлы бала сонша сұғынып, көзі шелденіп, түк көрмей қалды. Істегендерін ойласам, неге сонша жанықты екен. Әнебір кәрісті Астанадан алдыртып, көмекші етіп алды да ол сұмырай тек ақша жасауды білді. Бізді шақырып алады да «Бәлен жерді сат та, ақшасын түгел әкеп бер», – дейді. Құжаттарды жасап, біз жер сатқыш болып алдық. Алдымен бос жерді тауып сатқызды, одан жайылым, тау-жота біткенді сата бастады. Аннан қашқан, мұннан қашқан кавказдық, орыс-еврей демей, әйтеуір қалтасы қалың сырттың адамдарына қайран жерімізді тіліп-тіліп сатып жібердік қой. Ол бітіп еді, болашақ ұрпаққа, бала-шағалар үй салады-ау деп сары майдай сақтаған ауыл іші-сыртындағы бәрін тексеріп, түгел сатқызды.

– Анау ауылдың басына көшіп келген өзбек ауылын айтсаңызшы.

– Оның жыры тіпті бөлек. Үш жүз түтінге бірден жер кестіріп беріп, өзбек ағайындардан шытырлатып пұлын алған. Олар көшіп келіп, таудан сарқырап аққан суды бұрып, аулаларына арық-арықпен қуалай кіргізіп, сыртқа тамшы шығармай қойды. Биік-биік дуалдармен аула, үйлерін қоршап, енді мектепте өзбек сыныбын ашыңдар деп шулап жатыр.

– Соның бәрін Ахмет істетті ме екен?

– Сен білмейсің ғой, Мүсірәлі қарағым. Біз күнделікті ішінде жүрдік, бәрін көрдік, білдік, бірақ үндей алмадық. Біреулер қарсыласқан болып еді, пара бергізіп, қаматып, соттатып жіберді. Аудандағы он екі ауыл әкімінің жетеуі ұсталып, түрмеге түсті. Орнына жалаңдаған, қаптесер сырттан біреулерді әкеп отырғызды. Ахметті жерлегеннен кейін жаңа әкім комиссия құрып, кабинетіндегі және демалыс бөлмесіндегі сейфтерді аштырса – іші толған қат-қат доллар, евро, қымбат сағаттар дейді. Өзі әскери бөлімнің жатақханасында жаңағы көмекші кәріс екеуі төрт бөлме алып тұрып жатқан ғой. Кәріс бірден шетелге қашып кетіпті. Онда да үш сейф бар екен, екеуі бос, біреуін аша алмаса керек, одан да аузы-мұрны толы доллар шығыпты. Бәрін қаттап, шоттап әйелі мен қайынатасы келіп әкетіпті.

– Келіншегі баяғы Нұрым көкенің үйін де сатып, ақшасын салып жіберіңдер деген екен. Ол үйді өзіміз сатып алып, інімізді үйлендіріп, сонда бөлек шығарып отырғызып қойдық.

– Әй, әйелі де өте қиын, безбүйрек, қазақша бір түйір сөз білмейтін тасыраңдаған бәле екен. «Ахметтің бейітіне Құран оқытсаңыз қайтеді», – деп көріп едім, шаңқылдап орысшалап жер-жебіріме жетті. Қасындағы бурыл шаш еврей күйеуі мені бөлек шығарып алып:

– «Ауданда бөтен біреулердің атынан бәленбай жерді сатып алып, жекеменшікке шығарып қойдым», – деп Ахмет Жаннеттаға талай айтқанын естігенмін. Сіз соларды тауып, маған хабарлап айтыңыз, – деп телефоны бар тілдей визиткасын берді. Адамда тойым болмайды, Ахметтің көзі кеткесін, кім берсін. Мен де білсем де білмеген болам. Бүкіл құмды түркімендерге, жол бойын кавказдықтар мен түріктерге, жайлау біткенді Алматы, Астанадағыларға сатқызды ғой бізге. Сенесің бе, ауыл-ауылда жеке мал жайылатын өріс қалмады, бәрі қорқаулардың құлқынына кетті.

– Тендері бар, құрылысы бар, содан сыдырып-сыпырып жегені жетпей ме екен әкімдерге.

– Ойбай, бұлар бас салып, соруға құмар. Мына жастарды шетелге көп оқытқан да қып-қызыл зиян ба деймін. Шетелдің ділі, діні, тілі бойына сіңіп, солар секілді болсам деген құныққан ой пайда болады. Шетелде бәленбай жыл оқып келе салып, тез байып, қайта сонда біржола кетуді аңсайды да тұрады. Олар бас-көзге қарамай еліміздің жері, байлығы, мүлкі, малы – бәрі-бәрін талғамай сатып, ақшасын офшорға салып, қашып кетуді көздейді. Мен көп көрдім ғой, бір айдан кейін зейнетке шығамын, аман-сау жетсем екен. Сұмырайлардың сұмдық сұмпайы қиянаттарын көріп қатты шошимын. Анау асқақтаған тауларымыз, мына жазира даламыз, өзен, көлдеріміз, жолдар мен ауылдар біздікі емес, бөтенге кетіп жатыр. Бөтен ел, бөгде ұлт қызығын көре ме сонда қасиетті ата-бабамыздың киелі жерінің жемісін?

Сқақабай сұрланып отырып қалды. Мүсірәлі күнде ертеңгісін тұра сап көз қуанышы ететін баяғы ата-бабасынан мұра болып келе жатқан иығына бұлт қондырған қасиетті ақ мұздан тәж киген абыз ақсақал – алып тауларға тесіле қарады.

Төменнен екі жігіт, бір әйел көрінді. Ақ орамал тартқан әйел әрірек тұрып, сәлем салды.

– Бақытты бол, қарағым! Нұрымның үйіндегі келінсің-ау шамасы.

Әйел мырсыңдап жылап отырып таныстырды.

– Мына екі ұл – Ахметтің інілері, екінші күйеуімнен тапқан балаларым. Ағаларының бейітіне Құран оқытып, үстіне күмбез орнатсақ деген тілекпен келіп отыр.Ахмет балам, Ахметжаным түнде түсімнен, күндіз есімнен шықпайды. Кеудемді шерге, етегімді көз жасыма толтырып кеттің ғой. Неге сонша қара жерге асықтың жаным!?

Сқақбай жұмсақ үнмен баптап қайта Құран оқыды.

– Мынау Ахметтің жан досы, тумасы да, туғаннан артық болған бауыры Мүсірәлі деген ағаларың болады, –деп Сқақбай көкесі таныстырып еді, зіңгіттей екі жігіт кезек-кезек көріскенде Мүсірәлі шыдай алмады, талайдан бері ішіне шер-шемен болып қатып қалған өкпесін айта алмай бейітті құшақтай өкіре жылай құлады. Қос құлаштай құшағында құшырлы қара жерде Ахмет бауырының бейіті томпайып қана жатты.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы.

2019 жылғы қыркүйек айы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *