ҮШ БАУЫР

Әдебиет
1 310 Views

Бір шал мен кемпірдің үш ұлы болыпты. Тұңғышы – Көкірекбек ұрдажық, мақтаншақ, ұрыншақ, кеппе екен.

Ортаншысы – Қызғанбек – іші тар, біреудің жылт еткен жақсылығын көре алмайтын қызғаншақ, қарау болып өсіпті.

Кенжесі – Момынбек ұя бұзбас момын, ағаларының жұмсағанына жанын салып істейтін көнбіс, малсақ, шаруажай болыпты. Бүкіл үйдің барлық мал-жай, тірлігін Момынбекке жүктеп қойып, Көкірекбек пен Қызғанбек сайран салып, қызық қуып жүріпті. Үш ұлын да үйлі-баранды еткен, шал-кемпір жасы жетіп, қайтыс болыпты.

Көкірекбек жиын-тойда кеуде қағып, қарсы келгенге шатақ шығарып, таяқ жеп жүреді. Ақыры біреудің сойылы шекесін ойып түсіп, тіл тартпай өліп кетіпті.

Қызғанбек көзге шыққан сүйелдей елге сыймапты. Көрінгенді көре алмай ел ішін ала тайдай бүлдіріпті. Досты досқа, ерлі-зайыптыларды бір-біріне жамандап ажыратып, жақсыларды тілдепті. Марқасқа аты озғандардың сыртынан ғайбаттап, күндеп, жоғары жаққа тілі жеткен жеріне дейін барып арызданыпты. Оны көргендер жылан көргендей жиырылып, қашатын болыпты. Жалғыз өзі дүйім жұртты тасқаяқтай дүрліктіргіш, бүлдіргішті көріп, ел ақсақалдары төбе биге барып жүгініпті.

– Тату елді тулақтай етті, бүтін үйді бүлдірді, тілі шоқ болды, тілегені – жамандық – оқ болды. Үкімін өзіңіз айтыңыз биеке, – депті ел атынан келген ақсақалдар.

Қызғанбекті шақырып алып, дүйім жұрттың көзінше абыз би өз шешімін, үкімін айтыпты:

— Елді бүлдірген еңіреп өтеді, жақсылық көре алмаған жылап өтеді. Жақсының тілінен – бал сорғалайды, жаманның тілінен – у сорғалайды. Сенің тіліңнен – ешуақта жақсылық естілмейді, көпті көре алмадың, жұртты құртар қу болдың, қу емес-ау у болдың. Құлағыңды тек жамандыққа тостың. Сондықтан да сендегі пәле – тіліңді кесіп құнтитып, құлағыңды кесіп шұнтитып, Барсакелмес еліне құл етіп апарып тасталсын, – депті.

Қызғанбек ел ішін ойрандаймын, бәле іздеп тайраңдаймын деп жүріп құлақ, тілден айрылып, екі қолы артына қайырылып, құлдыққа айдалып кетіпті. Сол жақта құлдықта жүріп біржола жоғалыпты.

Қарашаңырақта жалғыз қалған Момынбек үлкенді «көке», кішіні «әке» деп сыйлап, кішіпейіл болыпты. Қойын құрттап, айранын ұрттап, үйін көшіріп, малын өсіріп, дәулет жинапты. Ағаларының да жетім қалған балаларын бауырына тартып, ешкімнен кем етпей өсіріпті.

Кейін ақсақал тартқан шағында бір ауыл болған бүкіл үрім-бұтақтарын жылда Айт мейрамында жиып алып, былай деп өсиет айтады екен:

– Ел деген – ұлы толқын. Кердеңдеп алдына шықпа. Абайламасаң ағып кетесің. Елдің – ең соңы, сорлысы да болма. Көрінген жайпап, тайпап кетеді. Малды болсаң да – арлы бол. Ел-жұртыңның тілеуін тіле, жақсыны асырғың, жаманды жасырғың. Жақсылардың жанында жүріңдер, олардың көлеңкесі де ыстық. Жамандарға жоламаңдар – қарасы жұғады, бәлесі жұғады. Ешкімді жамандап күндеме, күйіп кетсең де үндеме. Тек жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің, – дейді екен Момынбек қария.

Момынбектен үш ұл, ағаларынан алты ұл, бәрі де «Момынбектің баласымыз» деп кетіпті. Кейін тоғыз ұлдан тараған ұрпақ өсіп-өніп «Момынбектің тоғыз ауылы» атаныпты.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *