ҚҰПИЯ МЕН ТЫЛСЫМҒА ТОЛЫ ҚОС ТОМДЫҚ

Тарих Әдебиет
1 669 Views

Өткен жылы менің есімде қалатын бір оқиға ХамзаКөктәндінің (Әмзе Қалмырзаұлы) «Алтын төркін» атты екі томдық кітабының жарыққа шығуы болды. Ә дегенде айтылар бір пікір – шығарма өте күрделі. Өз басым бұрын-соңды мұндай күрделі кітапты кездестірген емеспін.

Несімен күрделі? Біріншіден, көлемі орасан үлкен. Екіншіден, қамтитын географиялық аймақтары ондап саналады. Осы орайда айта кетер тағы бір пікір: таласты, проблемалық, шындығына көз жеткізу қиын мәселелерді қаузайды, арқау етеді. Ең бастысы – қашаннан қалыптасқан ой-пікір, тұжырым, қорытындыларды жоққа шығаратын, тыңнан сүрлеу салатын, оқырманның өзін «сілкілеп алатын», «шаңын қағатын» десе де болар, тұстары аз емес. Яғни, көзіқарақты жан кітапты қызық қуалап, уақыт өткізу үшін бей-жай қалыпта оқи алмайды. Туындының оқырманға қарата сөз айтпай-ақ оны қамшылап отыратыны бар. Басқаша айтқанда кітапты қолға алып, парақтай бастаған адам тарихқа қатысты көп жайларға өзінің үстірт қарап келгенін, әжептәуір жинап-тергенінің автор сандығындағы дүниемен салыстырғанда қораш көрінетінін сезінеді. Бәлкім, пендешілігіміз ғой, осы себепті кітапты ары қарай оқымай қоюымыз да мүмкін…

Кез келген кітаптың белгілі бір жанрда жазылатынын білеміз. «Алтын төркінді» «мына жанрда жазылған еңбек» деп, таңбалау қиын. Монография емес. Бірақ монография нышандары төбе көрсетіп отырады. Роман, яғни көркем дүние дей алмаймыз. Солай дегенмен көркемдік компоненттері жиі ұшырасады. Автор арасында өлеңдетіп, баяндауды жырлаумен алмастырады. Бір ерекшелігі – қиналмайды, «өлеңге ауысайыншы» деп, аса бір дайындық та жасамайтындай. Шумақтардың өзі тіл ұшына орала беретіндей ме, қалай?!

Кітаптың фантастика жанрында жазылмағаны анық. Тек фантастикаға бергісіз қиял-ғажайып тебіреністердің оқырманын да толқытатыны, ойға батыратыны рас.

Жалпы тарихты, төл тарихымызды деген әділетті болар, арқау еткен шығармада нақты деректер, оқиғалар молынан пайдаланылады. Алайда, бірыңғай деректі дүниеге жатқызуға да асықпаған жөн-ау дейміз. Дегенмен, дүниенің сан тарабынан жиналған қап-қап мәліметтер, ақпараттар кітаптың физикалық салмағына қоса рухани бағасын да арттырып тұрғанын айтпай өту түйені көрмеу сияқты ыңғайсыз шығар-дағы.

Жалпы Көктәндінің қаламы қуатты екенін мойындауымыз керек. Шеберлік десе де артықтығы жоқ, автор қазақ даласына қатысты аңыздарды жаңғырта отырып, оларды әлемдік тарих шежірелеріне ұластырып, жалғастырып, жымдастырып, қамшыдай етіп өріп жібереді. Айтпақшы, шежіре демекші, қазақы шежіренің сыр шертетін, қалың, нөпір ой орманында адаса бастаған оқырманға көмекке келіп, бағыт-бағдар беретін тұстары да жиі кездеседі.

Ақын болғандықтан ба, әлде арғы-бергі дүниені тереңдете зерттеп, табиғатқа етене жақындағандықтан ба, бәлкім, тарих атаның қыр-сырын тереңінен түсінгендіктен шығар, автордың қиялы қанатты, жүйрік, ұшқыр. Алайда қиял мен шабыт қанатында өзін-өзі қызықтап ұша бермейді. Ой-қиялы тарихи нысандарға, деректерге жиі ат шалдырып, аңыз бен анық-қанық оқиғаларды, естеліктер мен болжамдарды, бейнелеп айтқанда сан бояулы түрлі-түрлі жіптерді жүйелеп әкеліп, кілем тоқығандай етіп, бұрын көрмеген, кездестірмеген көріністерді көз алдыңа жайып салады. Және бір атап өтерлігі: кез келген баяндау, тұжырымдау, түйіндеулердің қазығы қазақ даласындағы бір тарихи нысанда қағылады.

Тұтастай алғанда қолымыздағы бұл кітапты тарих туралы еңбек дегенмен де, бұнда археология, философия, генетика, этнология, лингвистика мен ономастика да бар. Әбекең көне, сыры беймәлім, бірақ талай халықтың сөздік қорында кездесетін бір атау немесе бір ұғымды мысалға алып, соны жан-жақты талдап жөнеледі. Өзі шаршамайды, оқырманын діңкелетіп барып бір-ақ тоқтайды. Біз, оқырман, жарайды, мен дейінші, неге шаршаймыз? Себебі көп деректер, тың деректер, мағынасы анықталмаған сөздер миға салмақ түсіреді. Осы арада бір гәп бар…

«Алтын төркіннің» екі томына енген біраз дүниелер бұрын да жарияланған. Сонда авторға сеніңкіремегендер, дүдәмал танытқандар кездескен және олар аз емес-ті. Бірақ солардың дені автормен ашық пікірталасқа түспеген. Тіпті пікір айтудан, өз көзқарасын білдіруден қашқақтаған екен. Анығында көлемді, салмақты әрі күрделі еңбек әлі талайдың ой-өрісін, таным көкжиегін, білім деңгейін, қарым-қабілетін, дарын-талантын сынап көретін тесттер жинағы секілді болып та көрінген-ау, шамасы. Өмірде ашық тестілеуге бара бермейтініміз белгілі ғой. Бұндай сынақ қайсыбіріміздің, келістік, солай-ақ болсын, менің дейінші, өзім шамалап, болжамдап жүрген деңгейден төмен тұрғанымды көрсетіп қояды, ұқтырады. Кімнің өзін-өзі төмендеткісі келеді дейсіз.

«Әйелдің сұлулығы, еркектің ақылдылығы өзіне сор болады» демекші, «Алтын төркіннің» жаңашылдығы, құм астында жоғалған заманалар тарихына батыл шолу жасауы, тарих ғылымының ауған жүгін түзетуге деген қадамы өзіне біршама сор секілді жабысып тұрғандай көрінеді. Тұтас бір, білдей ғылыми-зерттеу институтының көп жылдар бойы атқаруы мүмкін жұмысын бір азаматтың еңсеріп, сан батпан ауыр жүкті арқалап бара жатқаны қызғаныш, іштарлық шоғын үрлейтін шығар. Бай кисе, «құтты болсын!», кедей иығына ілсе, «қайдан алдың?» дейтін ескі әдетімізбен академиктерден күтіп жүрген жаңашылдықты, нар тәуекел қадамды кешегі ауыл баласының, бүгінгі ақынның айта бастауы тосын құбылыс сияқты көріне ме?

Бұл кітап, әрине, қазақ тарихын түгендеп тастады деуден аулақпыз. Автордың ой-пікірлері, болжамдары, тұжырымдары кейде нысанадан қиыс кетіп жатуы да әбден мүмкін. Бірақ қазақ тарихы және оның әлемдік тарихпен байланысы туралы осындай бір сүбелі әңгіме қозғалуы керек еді. Қозғалды. «Көш жүре түзеледі», Әбекең бізге даңғыл жол салып бермеген де болар. Алайда, өз соқпағын түсірді. Кез келген даңғыл жол – сүрлеу соқпақтан басталады емес пе?!

Қазір қолымызда тұрғаны екі том. Кітаптың форматы үлкен, қаріптері майда. Баспагерлер парақ кеңістігін барынша үнемді пайдалануға тырысқанын ескерсек, бұл аталған екі томды стандартқа сай басып шығаратын болсақ, кемінде төрт том кітап болғалы тұр. Әбекең бұрын да талай-талай танымдық кітаптар жазды. Ізденумен болды. Сол кітаптар, ізденулер қызметін тиісінше атқарды-ау, шамасы. Тасада қалып келген әулиелі, киелі орындардың иелері қолдаған шығар. Мүмкін, бәрі де мүмкін ғой. Айталық шілденің ми қайнатар ыстығында қазақ сахарасын олай да былай кезіп, әр тасты, әр төбені оймен ақтарып жүргенде, кім білсін, ғайыптан тайып, көкірек көзінің терезелері жай ғана әйнек емес, алысты, биікті, тереңді көз алдына жақындататын обсерваториялық құралға айналып кетті ме екен?

Бұл кірпіштей-кірпіштей кітапты оқып шығу оңайға соқпайды. Зейін қойып оқыған адам өзіне қажетті біраз дүниелерді табатыны сөзсіз. Қысқасы, керектілерін алыңыз, дүдамал, сенімсіз тұстары болса, уақыт сынына қалдырыңыз.

Уақыт сыны демекші, қазір көптеген зерттеушілер осыдан көп жыл бұрын Әмзе айтқан пікірлерді қайталай бастады.

Жалпы біз де өмір бойы жазумен айналысып келе жатқандардың біріміз ғой. Жазудың қиындығын түсінемін. Бірақ мынадай ұшы-қиырсыз дүниені бір адам, мейлі ол қанша талантты болсын, мейлі ол қанша өлермен болсын, қысқа ғұмырының бір кезеңінде жазып тастауы қиын. Осы орайда, әр түрлі ой келеді.

Әмзе бауырымыз балаң жігіт шағынан бастап өлке тарихына ден қойды. Әулиелі, киелі жерлерді армансыз аралап, көптеген кітапшалар, кітаптар жазды. Екі томдықтағы алғы сөздер мен бастау-түсініктердің өзі бір кітапқа пара-пар. Жай ғана кітап мазмұнын қарап шығудың өзі санаға салмақ түсіреді.

Бұл кітап туралы бір адам емес, ғылымның әр саласына, тіпті тарихтың әр кезеңіне маманданған бірнеше жазушы, ғалым баяндама жасауы керек деп ойлаймын. Бірінші кітаптағы тек тіл, жерге байланысты дүниелерді шолып шығу үшін ғана білікті, тіл білімінен де, ономастикадан да хабары мол баяндамашы керек болар еді. Мысалы, мына тақырыптар:

1) Географиялық атаулардағы ұмытылған мәндер;

2) «Ку» сөзі қатысуымен қалыптасқан ел атаулары;

3) Қазақ сөзінің шығу тарихына шолу;

4) Ғұн тілі ережелері;

5) Авестадағы географиялық атаулар;

6) Сөз түбіріндегі тарих…

Автордың осы сөз сырлары, мәндері, құпиялары, тарихы, мән-мағынасы туралы жазбалары үшін ғылыми атақ алудың іргетасына жарап жатыр деп есептеймін.

Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

P.S. Айта кетейік, сіздерге мінбеден айтылған сөздің қырнап, жонып, өңдеусіз нұсқасын ұсындық. Шындығында мінбенің адамды желпіндіретін өз желі, буы бар. Тыңдаушылардың көзбен, қимыл-қозғалыспен, қалғып-мүлгумен, сазарумен немесе жылы шыраймен жететін қамшылауы кімге де болса әсер етеді. Бұл орайда ойыңды қағазға түсіру кезіндегідей ішкі редакторды іске жеге алмайсың. Сондықтан мінбеден айтылған сөзге қарағанда ақ қағазға асықпай, сыртқы әсерсіз түскен мақаланың сапалырақ шығатыны да рас. Алайда, бір жақсы жері, мінбеге бағытталған қаншама құлақтар мен жанарлар жүректен шыққанды ғана тыңдайтынын ұқтырады да, бұрылыс, бұлтақсыз шыныңды айтудан басқа амалың қалмайды. Бәрімізге керегі осы емес пе?!

Ұмытып барады екенмін, мінбеде айтылмаған бір сөз телеарнадағы хабарда аузыма түскен еді. Соны қағаз бетінде тағы бір рет жаңғыртсам деймін: Әбекең қазақ тарихын әбден зерттеді, осы бағытта талмай ізденді, көп кітап жазды… Ендігі жерде Әбекеңнің шығармашылық әлемін, кісілік, қаламгерлік келбетін зерттеуді бастайтын уақытымыз жеткен секілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *