«ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ және ҰЛЫ ДАЛА РУХАНИЯТЫ»

Тұлға Әдебиет
1 133 Views

2019 жылы 5 желтоқсан күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әбіш Кекілбаев және Ұлы дала руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Халықаралық конференцияның мақсаты – Әбіш Кекілбаевтың артында қалған бай тарихи-әдеби мұрасын зерделеу қажеттілігі, қаламгердің әлемдік тарихтағы рөлі мен орнын анықтау, оның ішінде шығармашылығынан бөлек Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін орнықтырудағы қосқан үлесі мен ұлтқа сіңірген еңбегі арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстанға еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдік және елімізге белгілі тұлғалар, мемлекеттік қызметкерлер, ақын-жазушылар және ұстаз-ғалымдар қатысты.

Халықаралық конференцияның салтанатты ашылуында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов жиынға келген мәртебелі меймандарға ризашылығын білдіре отырып, Әбіш Кекілбаевтай заңғар жазушының 80 жылдық мерейтойын атап өтудің бүкіл Қазақ елі үшін халқымыздың өткені мен бүгінін саралап, жарқын келешегіне бастайтын маңызы зор, ауқымды, іргелі іс болып табылатынына тоқталды. Халық жазушысының мол әдеби мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың рухани байлығын арттыру қажеттілігін тілге тиек етті.

Шарада сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев («Ә.Кекілбаев кеңістігі») қаламгер-қайраткердің шығармашылығынан бөлек, кемеңгер Кекілбаевтың еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі сіңірген еңбектеріне ерекше тоқталды.

— Әбіш Кекілбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Елбасы қасынан табылып, бағытын қолдап, халықты сабырлы да, саналы болуға шақырған тұлға. Жоғары кеңестің төрағасы, Мемлекеттік хатшы сияқты биік лауазымды қызметтерді атқарған кездері өзіне артылған зор сенімді абыроймен ақтай білді. Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты болған тұста да қоғам тынысын тап басып, тұтас елдің ойындағы сөзін сөйледі.

Асыл азаматтың мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілуде. Алматы қаласындағы бір көшеге қайраткердің аты берілсе, Маңғыстауда үлкен орталық ашылып, еңселі ескерткіш бой көтерді. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Ел жұртына сіңірген елеулі еңбегі мен тарих төрінен орын алған, ұлты үшін туған кемеңгер Кекілбаевтың ғибратты ғұмыры халқымыздың жадында әрдайым сақталады, — деді Мемлекеттік хатшы.

Жиында ҚР ҰҒА академигі Жабайхан Әбділдин («Әбіш Кекілбаев және Тәуелсіз Қазақстан») Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында үлкен жұмыстар атқарғанын айтса, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбеков («Ұлы дала және Әбіш Кекілбаев тұлғасы») алғашқы таныстығынан бастап, бірге қызмет еткен жылдарды есіне алды. Сөзінің соңын «Маңғыстауда 362 әулие болса, 363-әулие Әбіш Кекілбаев» деген пікірімен аяқтады.

Ал, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов («Әдебиет пен Әбіш — егіз ұғым») «Қан мен тер» романының алғашқы нұсқасы «Жұлдыз» журналына шығып, көп ұзамай академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен ҚазМУ-дің (қазіргі ҚазМҰУ) бір топ студенттері кездесуге шақырғанын, сол жерде Әбіш Кекілбаев «Қан мен тер» туралы мазмұнды да мәнді баяндама жасағанын, кейін сол баяндамасын алдырып, айтқан пікірлерімен санасып, ішінара өзгерістер енгізілгенін айтып берді. «Үстіндегі қызыл көйлегі әлі есімде… Оқып жүрген бала көрсек, сол кезде жазған пікірлері біз сияқтыларды оқытатындай» — деді Еңбек Ері.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов («Әбіш Кекілбаев – мемлекет қайраткері») кемеңгер Әбіш Кекілбаев 70 жасқа толғанда Елбасы: «Шіркін, қазақ жігіттерінің бәрі өзіңдей болса» деп айтқан сөзін келтіріп, бүгінгі конференцияға жастардың көптеп қатысқанын және олардың баяндаманы тапжылмай, мұқият тыңдап отырғанына ризашылығын білдірді. Сосын Айсәуле анамызды бір сәт еске алып, оның бойындағы тамаша қасиеттер Әбіштің бойына ана сүтімен дарығанын жеткізді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы Сұлтан Оразалы «Асыл сөз сардары», ақын Ақұштап Бақтыгереева «Біртуар тұлға», жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай «Жазушы Әбіш Кекілбайұлының жаңашылдығы», «Манас» қырғыз-түрік университетінің профессоры Қадырәлі Қоңқабаев «Шыңғыс Айтматов және Әбіш Кекілбаев: «мәңгүрт» сөзінің лексика-семантикалық аясы», жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұхамбетқалиұлы «Көркем шығарма және әдеби сын» тақырыбында баяндама жасады.

Пленарлық мәжіліс соңында «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Мерейтой иесіне арналған конференцияға жиналған ғалымдар түс қайта екі секцияға бөлініп, «Ә. Кекілбаевтың көркемдік-эстетикалық әлемі және қазіргі қазақ әдебиеті», «Ә. Кекілбаев және қазақ руханиятының мәселелері» тақырыптары бойынша келелі сөз қозғады.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *