Абайдың 180 жылдық мерейтойы ұлы ақын атындағы облыста тұңғыш рет 10 күн бойы аталып өтілді. Бұл мақалада осы уақыт ішінде нендей шаралар өткізіліп, қандай игі бастамалар іске асқанын сөз етпекпіз.
БІРІНШІ КҮН
Ең әуелі онкүндіктің жоспары жасалып, ол қамысқа тиген өрттей жан-жаққа жылдам таратылып, «сауын айтылып» қонақтар шақырылды. Дүбірдің күбірі жеткенде Абай тойынан қалыс қалуды ар санаған талай адам барлық шаруасын ысырып, хакімнің өлкесіне құстай ұшты. Облыс әкімдігі 180 жылдықты той-томалақ сияқты емес, есте қаларлықтай, елге берері бар болатындай қылып өткізуге ден қойыпты.
1 тамызда Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесері өтті. «Abai akademiasy» жобасының жетекшісі Айжан Тәбаракқызы жиналғандарға порталды таныстырды.
Бұл портал — Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған. Бұл хакімнің тағылымы терең туындыларын үйден шықпай-ақ оқуға мүмкіндік береді.
Содан соң қаладағы Бейбітшілік аралында этноауыл ашылды. Мұнда 10-нан астам киіз үй тігіліп, 10 тамызға дейін қазақ күресі, каратэ-до кекушинкай, таэквондо, садақ ату, қол күресі, дойбы, тоғызқұмалақ, турникке тартылу, гір көтеру, асық ату сынды ұлттық және заманауи спорт түрлерінен ашық қалалық чемпионаттар өтті.
2 ТАМЫЗ
Келесі күні Семейде Түркістан облысының мәдени күндері басталды. Екі күнге созылған бұл іс-шарада қолөнер шеберлерінің көрмесі өтіп, күміс көмей әншілер халықтың құлақ құрышын қандырды.
Мәдени күндер аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге Түркістан облысынан 540 тоннадан асатын, 40-қа жуық өнім түрлері жеткізілді.
Ал кешке «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтті. Осындай ауқымды ойын ел көлемінде бұрын-соңды болмаған. Олай дейтініміз, оған 10 өңірден келген 180 команда, 1080 адам қатысты. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейде ұлттық рекорд ретінде Қазақстан рекордтар кітабына да ұсынылмақ.
Сайыстың жалпы жүлде қоры 4,7 миллион теңгені құрады. Астанадан келген «Brainstorm» командасы қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, 1 млн теңгені қанжығаға байлады. Ал екінші орынды алматылық «Алматы Микс» командасы алса, 3 орынды Семейдің «Тұрақсыз тіркестер» командасы иеленді.
3 ТАМЫЗ
Үшінші күні «Абай мұрасы — халық даналығы» әдеби кеш болып, жыр нөсері төгілді. Онда Абайдың әндері шырқалып, өлеңдері мәнерлеп оқылды. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болғандықтан бұл салада тер төгіп жүрген жандар да өз өнерлерін көрсетіп, Абайдың шығармашылығын қаншалықты білетіндіктерін паш етті.
Кешке дүйім жұрт Абай атындағы театрдағы «Абай әлемі» атты ұлттық рухани кешке бет түзеді.
4 ТАМЫЗ
Бұл күн күштік экстримнен «Семей батыры» ашық турнирімен бастау алды. Жауырыны соқпақтай, жұдырығы тоқпақтай жігіттер Ертіс өзенінің жағалауында күш сынасты.
Олар 70 келілік ауыр қапты алып жүру, 32 келілік гір тасты жұлқа көтеру, 50 келілік бөренемен отырып-тұру, алып дөңгелекті аудару сынды сайыс түрлерінен бақ сынасты. Үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Одан соң Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбековтің және «Ақ жауын» оркестрінің «Абай жолы» атты концерті өтті. Хакім айтқандай, әсем ән мен тәтті күй «құлақтан кіріп, бойды алды».
5 ТАМЫЗ
Бесінші күнді спортсүйер қауымның асыға күткені сөзсіз. Себебі сол күні қазақ күресінен республикалық чемпионат басталды. Ал өнерсүйер жұрт Шахмардан Әбіловтың «Ой толғау — хакім Абай» монооперасын тамашалады. Бұл күнде халықаралық сән көрсетілімі де ұйымдастырылды. Онда қазақтың дәстүрлі киім үлгілері қазіргі заман талабына сай жаңғыртылып, сан алуан киім-кешек ұлттық оюмен өрнектелді. Көрсетілім үш бөлімнен тұрды. Атап айтқанда, «Абай — шабыт көзі», «Қазақи стиль заманауи үлгіде», «Мұра — болашаққа жол». Бұл Абай мұрасын насихаттауда сән саласын да кәдеге жаратуға болатының бірден-бір дәлелі.
6 ТАМЫЗ
Алтыншы күн ерекше есте қалары анық. Себебі сол күні Семейде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ашылды. Жылына 15 мыңнан астам келушіні қабылдайтын жаңа инклюзивті кітапхананы «Самұрық-Қазына» қорының Абайдың 180 жылдығына Абай облысының тұрғындарына жасаған ерекше сыйлығы деуге болады.
Жоба Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қайырымдылық қорының қолдауымен 410 млн теңгеге қаржыландырылды. Бұл — мәдени-әлеуметтік мекеме еліміздегі өңірлік деңгейдегі ең ірі және заманауи инклюзивті кеңістік.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. „Ғылым таппай мақтанба“ деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол „Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз“, — деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың „Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге“ деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деп атап өткен болатын. Бұл жаңа кітапхана — ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың білімге құлшынысы мен ізденістеріне тиісті жағдай жасауда айрықша маңызға ие. Олардың білім алу, шығармашылықпен айналысу, мәдени және рухани даму мүмкіндіктерін кеңейтуде ерекше рөл атқарары сөзсіз, — деді облыс әкімі Берік Уәли.

Екіқабатты ғимараттың жалпы ауданы — 852 шаршы метр. Нысан зағип және нашар көретін жандардың қажеттіліктеріне бейімделген.
7 ТАМЫЗ
Бұл күнде екі бірдей маңызды кітаптың тұсауы кесілді. Олар — халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясы және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қаламгер Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабы.
Қос туынды ұлы ақынның рухани әлемін тереңнен тануға, оның мұрасына жаңаша көзқараспен үңілуге мүмкіндік беретін құнды еңбектер. Энциклопедиялық және танымдық сипаттағы бұл кітаптар әдебиетсүйер қауымға арналған маңызды рухани олжа.
8 ТАМЫЗ
Абай өлкесі жұртшылығының айтысты көрмегеніне қанша жыл?! Әбден сусап қалған бұқара 8 тамызды асыға күтті. Өйткені «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысына кілең сайдың тасындай ақындар келетіндігі жария етілген. Көрерменнің қаптағаны сонша, Абай театрының іші сарала қанат араның гуілдеген ұясы тәрізді болып кетті. Отыратын орның не, тұратын жер таппайсың.
Барлығы 12 айтыскер ақын қатысты. Атап айтқанда, Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды 6 «Алтын домбыра» иегері мен Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өміржан Көпбосынов. Айтысты белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді.
Айтыс басталар алдында аймақ басшысы Берік Уәлидің қазылар алқасының төрағасы — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман отырған қоларбаны демеп келе жатқан фотосуреті әлеуметтік желіде тарап кетіп, көптің көңілін сүйсінтті.
— Ақын ағасының арбасын сүйреп келе жатқан әкім інісін көргенде жүрек шым ете қалды… Бауыржан Момышұлының актер Кененбай Қожабековтың қоларбасын итеріп келе жатқан әйгілі суреті көзіме елестеп кетті… Қарапайым кішіпейілділік қашан да әдемі көрінеді. Ұлық болсаң, кішік бол деген осы! Әкімі ақынын құрметтеген ел озады, — деп жазды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса желідегі парақшасында.
Қала тұрғындары мен қонақтары айтысты емін-еркін тамашалауы үшін Абай театрының алдына лед-экран да қойылды. Сөз бұйдасын ұстаған ақындар жұрттың үмітін сөзсіз ақтады. Жүрекке жетер сөздерімен бір жылатып, бір күлдіріп отырды. Қоғамдағы мәселелерді өткір көтеріп, шыңырауда шымырлап жатқан шындықты айтты. Ел шапалақты қолдары ауырғанша соғып, «әп-бәрекелді!», «пай, шіркін!», «беу! деп айқайлап, қиқулап отырды. Қазылардың шешімімен бас жүлде мен „Chery Tigo 2 pro“ маркалы автокөлікті қарағандылық Мақсат Ақанов жеңіп алды.
Сондай-ақ бұл күні Абай ауданы Қарауыл ауылында ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Жеті қазына» республикалық фестивалі басталды. Фестиваль аясында Ер жігіт, Сұлу әйел, Ілім-білім, Қыран бүркіт, Жүйрік ат, Құмай тазы, Берен мылтық сайыстары ұйымдастырылды.
9 ТАМЫЗ
Семейде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, онда Түркия, Нидерланды, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр өңірінен абайтанушылар мен әдебиеттанушылар, философтар мен тарихшылар қатысты.
Ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай Абай өз шығармашылығында «жүрек» сөзін 167 түрлі мағынада қолданғанын айтса, Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бираз 1942 жылдан бері түрік журналдарында Абай туралы 191 мақала жазылғанын тілге тиек етті. Ал филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов «Абай және Алаш» тақырыбында баяндама жасады.
Бұдан бөлек, бұл күні Семей халқы үшін аса маңызды «Абайға құрмет» акциясы аясында бірінші нысанның құрылысы бастау алды. Маңғыстау облысы Семей қаласына Достық үйін салып береді. Ал Шымкент қаласы шығармашылық орталығын, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы мектеп, Ақтөбе облысы Жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр. Басқа өңірлер де бұл игі акциядан қалыс қалмақ емес. Демек, Алаштың рухани астанасы түрлене, гүлдене түседі.
10 ТАМЫЗ
Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар ақынның туған жері — Абай ауданында түйінделді. Қарауылға тек өңір халқы емес, Қазақстанның түгел дерлік облысы мен шетелден де қонақтар келген. Жиын саны 50 мыңға жуық адам болды мұнда. Бұл тіпті жалпы аудан халқы санынан 3-4 есе көп.
Ақшаңқан киіз үйлердің саны да тұп-тура 180-ге жетеді. Тазалыққа ерекше мән беріліп, әжетханалар да салынған.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, облыс әкімі Берік Уәли, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Парламент Сенатының депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Абай туралы театрландырылған қойылым қойылып, бәйге өткізілді. Жер құйқасын топылта басып, желдей есіп, жебедей зулайтын жылқылар жарысын да жергілікті жұрт сағынып қалыпты.
Кешке дейін мерейтойға арналған спорттық сайыстардың жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі болды. Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға облыстың демеушілері атынан жалпы саны 90 жылқы мен 10 автокөлік сыйлық ретінде берілді. Ерекше атап өтерлігі, ұлы Абайдың жақсы көрген ойыны тоғызқұмалақ сайысы мен 180 шақырымдық ултьрамарафонға еліміз бойынша тұңғыш рет автокөлік сыйға тартылды.
Ал марапаттаудан соң «Желсіз түнде жарық ай» гала-концерті болып, көмейіне бұлбұл ұялаған танымал әншілер өнер көрсетті. Құлақтан құйылған ән тұла бойды аралағанда көңіл құсы түлеген ел биді де қыздырды.
P.S: Қорыта айтқанда, Абайдың 180 жылдық мерейтойы ел есінен еш ұмытылмасы сөзсіз. Себебі игі бастамалар іске асып, елге берері мол шаралар өткізілді. Тұңғыш рет туған жерінде 10 күн бойы әспеттелген Абай атамыздың рухы риза болған шығар…