Келесі 2020 жылы елімізде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, сазгері, қоғам қайраткері, жазба әдебиетіміздің негізін салушы әрі алғашқы классигі Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өткелі отыр. Бүгінде оны төрткүл әлем танып-біліп отыр десек, артық айтқандық болмас. Араб, парсы, түрік, татар, орыс тілдерін жетік білген ақыннан мұра болып қалған 170-ке жуық өлең, жиырмаға жуық ән, 45 қара сөз, 56 аударма еңбегі бүгінде адамзаттың асыл қазынасына айналған. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы ЮНЕСКО деңгейінде дүние жүзі бойынша атап өтілгенін бәріңіз жақсы білесіздер. Ұлыбританияның астанасы – Лондонда ақын атындағы музей жұмыс істейді. Мәскеу мен Ташкентте еңселі ескерткіші орнатылған. Дели, Берлин, Каир, Киев, Ташкенттегі көшелерге оның аяулы есімі берілген. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған төрткүл әлемге танымал тұлғаның атақ-даңқы осылайша мәңгі жасай берері хақ.
Түркістан облысы тарихи-өлкетану музейінің филиалы – Хакім Абай музейі мен Шымкент қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесі Қазақстан халықтары этностар күні аясында Ұйғыр этномәдени бірлестігінің тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі күніне арналған «Абай мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы» атты бірлескен әдеби-сазды кеш өткізді. Оған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-оқу орталығының педагог қызметкерлері, қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Мақсат – ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай еліміздегі сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін хакімнің өнегелі өмірімен таныстыру, оның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдері мен әндерін айтқызу, сол арқылы қалың жұртшылықты көркем сөйлеуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге көмектесу болатын.
«Қазағым» атты әсем әуезді әнмен басталған басқосу барысында Шымкент қаласы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бөлім басшысы Талғат Жанәділов, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-оқу орталығының педагог қызметкері, ғалым, филология ғылымының докторы Мақсат Әліпхан, Шымкент қалалық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Гузаль Темирова құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды Абайдың шығармаларын оқуға шақырды. Ардақ Садуақас, Данияр Асан ақынның өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп жатқа оқуымен оқуымен көзге түсті. Сүндет Алайдаров «Мәңгілік Ел» әнін шырқаса, Гүлнар Аманбай көрермендер назарына өзінің «Бүлдірген» биін ұсынды. «Гунча» ән-би тобының өнері де көпшілікті ерекше тәнті етті.
Гүлжан БЕРКІНБАЕВА,
Хакім Абай музейінің аға ғылыми қызметкері.
Шымкент қаласы.