Шымкент қалалық сотында «Азаматтарды қабылдау орталығының» ашылу салтанаты өтті. Оған Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, ардагер судьялар, қалалық соттың алқа төрағалары мен судьялары, жергілікті соттардың судьялары, сот қызметкерлері, кәсіби медиаторлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен «Азаматтарды қабылдау орталығының» және қалалық соттардағы жаңа технологиялардың таныстырылымы өтті. Оны жүргізген Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісі Нұрсұлтан Байтілесов қалалық сот шаһар тұрғындарымен өзара əрекеттестікті арттыру мақсатында азаматтарды қабылдаудың жаңа форматына көшкенін хабарлап: «Егер бұрын азаматтарды қабылдау аптасына бір рет жүзеге асырылса, енді ол демалыс жəне мереке күндерін қоспағанда, күн сайын жүргізілетін болады. Бұл жаңашылдық әрбір азаматтың қабылдауға кедергісіз кіруіне мүмкіндік береді. Қабылдауды жүргізетін тұлғалардың құрамы кеңейтілді. Бұдан былай қабылдауды сот төрағасынан бөлек азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі сот алқаларының төрағалары, соттар әкімшісінің басшысы, Шымкент қалалық сотының әдеп жөніндегі комиссияның төрағасы жүргізеді» деді.
Бұл орталық азаматтарды қабылдау барысын ашық жағдайда әңгімелесуге ыңғайластырылған. Келген азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа орталық сот ғимаратының бірінші қабатында кірген жердегі фойеде орналасқан. Мұнда күту залы және жеке қабылдауға арналған кабинет бар. Орталықтың дизайны психологиялық жайлы атмосфера жағдайында әңгіме жүргізу үшін сарапшылардың ұсыныстары ескеріле отырып, ашық түсте әзірленген.
Сонымен қатар кездесу барысында қалалық сот төрағасы Е.Рахымбеков пен қала әкімі Ғ.Əбдірахымов қалалық сот пен қала əкімдігінің өзара ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойды. Оның мақсаты – бүгінде үлкен қоғамдық-саяси маңызға ие дауларды шешудің баламалы тəсілдерін дамыту үшін күш біріктіру болды.
«Кездесуде Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында еліміздің сот жүйесін одан әрі жаңғырту бағытында қойған тапсырмалары мен медиацияны дамытуға қатысты ойларымызды ортаға салып, осыған байланысты алдағы уақытта атқарылатын іс-шараларды қалалық сот пен қала әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы бекітілетін Меморандум шеңберінде бірлесіп жүзеге асыратын боламыз», – деп Е.Рахымбеков өзінің кіріспе сөзінде Меморандумның маңыздылығын атап өтті.
Екіжақты Меморандумға қол қойған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов өз кезегінде: «Бүгін тарихи құжатқа қол қойдық», – деп Меморандум шеңберінде қалалық әкімдіктің қалалық сотпен бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екенін мәлімдеді.
Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.