«ОТБАСЫЛЫҚ СОТ» МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қоғам Құқық
1 302 Views

Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Еңбекші аудандық сотының ұйымдастыруымен «Отбасылық сот» қанатқақты жобасын Шымкент қаласында іске асыру жолдарын талқылау мақсатында «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі өткізілді. Оған жергілікті соттардың судьялары, прокуратура, ішкі істер департаментінің, Шымкент қалалық адвокаттар алқасының, «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы», «Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемелерінің, «Шымкент қаласының білім бөлімі» мемлекеттік қамқоршы және қорғаншы органының, медиаторлар, психологтар, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мәжілісті ашқан Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының төрағасы Айдос Едігеұлы СҰЛТАНОВ пен Шымкент қалалық сотының судьясы Гульмира Дурысбековна КЫДЫРБАЕВА жүзеге асырылып отырған «Отбасылық сот» қанатқақты жобасының міндетін, мақсатын және ерекшелігін атап өтті. Басқосуда баланы асырап алу мен қорғаншылыққа алудан бастап, отбасылық құқықтарды қорғауға бағытталған барлық істерді қарайтын «Отбасылық сот» қанатқақты жобасын жүзеге асыру жұмыстары талқыланды. Жиынға қатысушылар «Отбасылық сот» қанатқақты жобасына байланысты ой-пікір бөлісіп, ұсыныс-тілек алмасуға шақырылды.

«Дөңгелек үстел» мәжілісіне модераторлық жасаған Шымкент қалалық сотының судьясы Г. Д. КЫДЫРБАЕВА:

– Халқымызда «Отан отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» деген секілді даналық сөздер өте көп. Тәлім-тәрбиенің бәрі де отбасынан басталатыны ақиқат. Осыдан он жыл бұрын егемен елімізде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылғаны белгілі. 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы қабылданды, Енді міне, отбасылық соттар құрылғалы отыр. Былтыр еліміздің төрт облысында жүргізілген жұмыстар бұл жүйенің тиімділігін көрсеткен.

2018 жылы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының бастауымен

– Шымкент қалалық сотының;

– Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының;

– Шымкент қаласы Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттары негізінде отбасылық құқықтарды қорғауға бағыталған «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда.

Жобаның міндеті:

– отбасылық жанжалдардың себебін анықтау;

– сот процесінің барлық сатысында тараптарға қатысты татуластыру шараларын қолдану;

– отбасы құқықтары мен мүдделерін, соның ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету.

Жобаның мақсаты:

– отбасы мүшелері арасында отбасылық қатынастың нығайтылуына және қалпына келтірілуіне ықпал ететін шешім табуға көмектесу;

– отбасында тәрбие беру мәселелерін талқылау, ата-ана мен бала қарым-қатынасы бұзылуының алдын алу;

– тараптардың белсенді мұқтаждықтарын анықтау және кәмелетке толмағандардың мүдделерін сақтай отырып, олар бойынша ортақ шешім табудың мүмкіндіктерін іздеу.

Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының судьясы Айнель Кәдірәліқызы ОРАҚБАЕВА:

– «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы жүзеге асырылғалы бері біздің аудандық сотқа 26 талап қою арызы түсіп, соның 16-сына сот шешімі шығып, сегізі татуласу жолымен бітімгершілікке келді. Біз Германия, Ұлыбритания, Франция, Америка Құрама Штаттары, Жапония, Сингапур секілді дамыған өркениетті елдердің тәжірибесін жалықпай үйрену үстіндеміз. Оларда сотқа дейінгі татуласу жүйесі жақсы жолға қойылған. Дағдарыс орталықтары, медиаторлар мен психологтар жәбір-жапа көргендерге алдын ала нақты көмек көрсетеді.

Қанатқақты жобаны жүзеге асырудың ерекшеліктері:

– тараптар талап қою арызының түскені жөнінде хабарланады, онда дауды татуластыру шараларын (бітімгершілік, медиациялық және партисипативтік келісім) қолдану арқылы аяқтау құқықтары және оның ерекшеліктері түсіндіріледі;

– сот тараптардың арасында пайда болған дауды өзара реттеуге мүмкіндік береді;

– тараптарға өзінің қызметін сот ғимаратында жүзеге асыратын отбасылық психологпен алдын ала әңгімелесу сатысынан өту мүмкіндігі ұсынылады;

– жоба «Шымкент қаласы әкімдігінің отбасы, балалар және жастар істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өзара әрекеттестігі негізінде жүзеге асырылады.

Ескерту: неке және отбасылық қатынастарға қатысты даулар туындаған жағдайда аталған дауды сотта немесе соттан тыс баламалы тәсілмен медиациялық бітімгершілік немесе партисипативтік келіміммен аяқтауыңызға болатыны түсіндірілетін болады

Бүгінге дейін «Отбасылық сотты» құруға байланысты талдау жасалып, соттың жүктемесі мен соттың соттылығына енетін істер санаттары анықталды. Отбасы істеріне қатысты істердің 14 санаты белгіленіп, соның алгоритмі анықталды. Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотында қанатқақты жоба аясында түсетін істер бойынша тараптарға арнайы психологпен алдын ала әңгімелесу сатысынан өту мүмкіндігі ұсынылып, ол жөнінде «шақыру» қағаздары (SMS арқылы жолданатын электронды нұсқасы) екі тілде әзірленді.

Төрағалық етуші А. Е. СҰЛТАНОВ:

– Көршілес Қызылорда облысында медиация саласында үлгі-өнеге аларлық жұмыстар көп. Қызылорда қаласында медиация орталығы ашылып, оған арнайы ғимарат берілген. Штаттық кесте бойынша заңгер, медиатор, психолог, барлығы он адамға айлық жалақы төленеді. Шымкентте де осындай Татуластыру орталығын ашуды жоспарлаудамыз. Үш-төрт мектепке бір инспектор бөлу аздық етеді. Ылажы барынша әрбір білім ордасының дербес жеке инспекторы болса екен дейміз. Осы және өзге де мәселелер жөнінде Шымкент қалалық соты мен Шымкент қаласының әкімдігі арасында Меморандум жасауды ойластырып отырмыз.

Өкінішке орай, соңғы кездері Шымкентте ажырасушылар саны мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің көрсеткіші көтеріліп келеді. Түрлі деңгейдегі соттарда қаралатын төрт-бес істің біреуі неке және отбасылық қарым-қатынастарға байланысты болып отырғаны жасырын емес. Кәмелетке толмаған балалардың құқығының бұзылуы, отбасылық жанжалдар, неке бұзу, алимент өндіру, әкелікті анықтау, мүлік бөлісу, тағы басқа мәселелер бойынша қаралатын азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істерді бұдан былай бір сотта, яғни отбасылық сотта қарау көзделуде. Бұл судьялардың жүктемесін азайтып, кадр саясатын жетілдіруге ықпал етпек.

«Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі аталмыш жоба бойынша жауапты мамандары – Үміт БЕКЕН:

– Шымкентте Медиацияны дамыту орталығы, «Сана-сезім» орталығы, мобильді топтар секілді ұжымдар жұмыс істейді. Өкінішке орай, неке бұзу, балалар мен әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету оқиғалары тыйылмай келеді. Сол себепті отбасылық соттардың құрылуын қазіргі дәуір талап етіп отырғаны түсінікті. Алдағы уақытта да Сіздермен бірге жүйелі жұмыс істей беретін боламыз.

Кәсіби медиатор Нұрбол Нұрланұлы НҰРХАНОВ:

– Шымкентте бірыңғай қызмет көрсету орталығын ашу керек. Өйткені, тұрғын халық ақпараттық көмекке зәру. Түрлі деңгейдегі соттар тарапынан «Ашық есік» күндерін жиі ұйымдастырған жөн. Жәбір-жапа көрушілер істі неден бастарын, қай сотқа барарын білмейді. Медиацияның мән-жайын жете түсіне бермейді. Жалпы, соттардың жұмысында жариялылық басым болғаны дұрыс.

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Айнур Еркиновна ОСПАНОВА:

– «Отбасылық сот» қанатқақты жобасының мақсаты: біріншіден, отбасылық істерге қатысты барлық азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істерді бір сотта қарау. Екіншіден, дау-жанжал туындаған отбасының мүшелері арасында жақсы қатынастың нығаюына және қалпына келуіне ықпал ететін шешім табуға көмектесу, яғни отбасы мүшелерінің татуласуына, отбасының бұзылмауына, балалардың жетім болып қалмауына көмек көрсету, – деп өз ұсыныстарын ортаға салды.

Сотқа түскен істерді қарау барысында шетелдік озық тәжірибені қолданудамыз. Әрине, халқымыздың ұлттық ерекшеліктері де барынша ескеріледі. Былтыр бізге түскен 336 істің 22-сі татуласу жолымен шешілді. 78 іске сот шешімі шығарылып, 35 іске қатысты әкімшілік жаза қолданылған болатын.

«Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің медиаторы Гулсин Тоганбайкызы ИМАШОВА:

– Соңғы кездері қоғамымызда ерлі-зайыптылардың ажырасуы белең алуда. Ата-ененің қолында тұру, баспананың болмауы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдікке, нашақорлыққа, құмар ойындарға берілу, көзге шөп салу, мінездің үйлеспеуі секілді сан түрлі себептердің соңы екі жастың екі жаққа қарай кетуіне себеп болуда. Екі ортада бейкүнә балалар зардап шегеді. Бұрын мұндай жағдаят күнә болып саналатын. Былайша айтқанда, бұл жайт бүгінде үлкен проблемаға айналып отыр. Халық мұны қалыпты жағдай деп қабылдауда. Сол себепті отбасы мүшелері, қоғамдық ұйымдар, судья, медиатор, психолог мамандар бірге үйлесімді түрде жүйелі жұмыс істегені жөн деп ойлаймыз. Сотқа талап қою арызын жазардан бұрын жәбір-жапа көргендер медиатордың алдынан өткені ләзім. Мемлекеттік баж алымының мөлшерін де көбейткен мақұл болмақ.

Біз аталмыш қанатқақты жоба аясында дауды реттеу үшін сотқа жүгініп барған азаматтарға медиаторлар мен психологтардың көмегін алуға ұсыныс жасаймыз. Тиісті көмекті алып, алайда ажырасуға бел буған отбасыларға, ортақ балалар мүдделерін қорғайтын жағдайларын қарастырып, келісімге келуге шақырылатын болады.

Басқосуды модератор Г. Д. КЫДЫРБАЕВА мен төрағалық етуші А. Е. СҰЛТАНОВ қорытып, айтылған ой-пікір, ұсыныс-тілектерді елеп-екшеп, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына жолдайтындарын айтты. Қанатқақты жобаны Шымкент қаласының соттарында жүзеге асырып, болашақта қалалық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты негізінде «Отбасылық сот» құру жоспарлануда. Бұл соттың басқа соттардан ерекшелігі – сот процесінің барлық сатысында тараптарға өзара татуласуға көмектесу үшін медиатор мен психолог қатысатын болады.

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Шымкент қаласы.

РЕДАКЦИЯДАН:

Қымбатты газет оқырмандары, Сіз-дер «Отбасылық сот» қанатқақты жоба-сы жайлы қосымша ақпаратты мына соттар арқылы алуларыңызға болады:

Шымкент қалалық соты

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Түркістан көшесі, 87

Электрондық мекенжай: 1701@sud.kz

Байланыс телефоны: 8 (7252) 99-75-20

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЕҢБЕКШІ АУДАНДЫҚ СОТЫ

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесі, 1

Электрондық мекенжайы: 130205@sud.kz

Байланыс телефоны: 8 (7252) 30-14-10

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫ

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Тыныбаев көшесі, 42

Электрондық мекенжайы: 130204@sud.kz

Байланыс телефоны: 8 (7252) 99-74-59

«ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ОТБАСЫ, БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫ» МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Нұрсәт шағынауданы, Астана даңғылы, 10

Байланыс телефоны: 8 (7252) 24-74-37 «сенім телефоны»

Талғат СӘЛІН

«МЕДИАЦИЯНЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесі, 1

Электрондық мекенжайы: mediator.igt@mail.ru, mediator-kz.com

Байланыс телефондары: 8 7021015213, 8 702 959 14 45, 8 705 437 79 84

Гулсин Тоганбайкызы ИМАШОВА, психолог

Алпамыс Мұхамеджанұлы ИМАНБЕКОВ, медиатор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *