АЛҒА ЖЫЛЖУ ШАБАНДАУ, ДЕСЕК ТЕ ҮМІТ АЛДА!

Саясат Қоғам
1 123 Views

Бүгінгі күндердегі өмір кешіп жатқан, жады мен ойлау қабілеті күдік келтірмейтін, қоғамымыздың проблемаларына бейжай қарамайтын барша жандардың ең басты үміті – алдағы тіршілігінің кешегіден мазмұнды, сенімді және әділетті болуы. Әзірге не надандықпен, не арамдықпен айғайлайтын, өкінішке орай, ортасы әлде де қомақты, «ескілікті» ту қылуға аузы бармаса да, туғанына жеті ай ғана болған «жаңаны» сендіре жамандауға аргументі жоқ болса да, әрекеттенетіндерден басқалардың сана-сезімінде алдағы жақсылықтарға сену де бар, оны күту де бар. Күту де бар, оған сену де бар!

Әр пейілі ақ азаматтың көкейінде алдағы даму үрдістері мен үдерісінің, өз түсінігі мен ойлау қабілетіне байланысты, өз «жобасы» болады. Сол сияқты Оңтүстіктегілердің «әр кәлләда бір қиял» дегеніндей, бізді де кейде кейбір ой-тұжырымдар легі тұмшалайды. Ең алдымен көрінетіні, әрине, бүгінгі күнгі жанжақты жағдай. Президентіміздің сөздері мен іс-әрекеті де, ақпарат құралдары да, бұрынғыдай «жаманын жасырып, жақсысын асырғанға» ұқсай қоймайды. Бір жағынан, күрделіленгеннің үстіне күрделілене түскен әлеммен және айналадағылармызбен қарым-қатынас, екінші жағынан, «бірінші республикадан» мұраға алғаннан, тіршілігіміздің даму логикасына сәйкес, ауыр жүк сүйреу арқылы қинала алға жылжығандай қозғалыс. Қуанатыны – еліміз тыныштанды, дүкендеріміз бен базарларымыз қарапайымға қажетті ең керекті заттарға толы, жұмыссыздық бұрынғыдан есірген жоқ, әртүрлі бюджеттік төлемдер уақтылы, кезінде есірген «ұры-қарылар» бұқты, т.с.с. Демек, ішкі және сыртқы саясатымыз әзірге қазіргі «ескіден» жаңаға өтпелі сәттерде көпшілік қолдайтындай дұрыс бағытта деген сөз.

Қандай да болмасын қоғамдағы өмір сүру жолдары мен оның мазмұндық түрлері түбегейлі өзгерген тұстарда, соның ішінде біздегідей диктаторлық тәртіптен демократиялық үрдістерге жылдамдата бет бұрғанда, азаматтардың саяси және әлеуметтік белсенділігінің дүмпу қалдығымен елде заңдылық талаптары да сыр бере бастайды. Бұл – кәрі тарихтың мызғымас заңдылығы. Басынан әлеуметтік революцияларды(Англия, Франция, Австрия), немесе, әлеуметтік эволюцияларды (Швеция, Дания, Жапония) өткізген, бүгінгі таңда үлгілі болып отырған басқа да елдер де мұндай жағдайдан кете алмаған. Сол себепті де «ұзынқұлаққа» құлақ салсаңыз да, әлеуметтік желілерге көз тастасаңыз да, бүгінгі күндері ертеден жеткен, кешегіден жармасқан, кеткісі келмей қасарысқан, қоғамды да, ұлтты да әбіржітіп, шаршататын қылмыс атты мерез аз болмай тұр. Емі белгілі…

Бұл емдер жиынтығының ең бастысы, қаласақ та, қаламасақ та, заңдарды қатайту, олардың орындалуын «сөзсіз» дейтін дәрежеге қол жеткізу. Олай болмаған жағдайда халық нақылындағы «мүйіз тілеймін деп құлағынан да айырылған» тоқал ешкінің күйін кешу таң қалдырмайды. Айтылған ұрандардың, берілген уәделердің, күтілген үміттің жұрт сенімінен шықпауы – оларды өмірге, саясатқа әкелген «революциялық ахуалдың» екпіні қарама-қарсы бағытта кернетеді.

Тағы да сол өткен тарихтың бір ащы мысалы есте тұруы керек. Айтылмыш заң талаптарын амалсыз болса да қатайту барысында күні өткен «ескі тәртіп» есесін қайтаруға барынша, шама-шарқы жеткенше әрекеттенеді. Өз мақсатына жету үшін еш нәрседен жиренбейді. Өзін тарих көшінен ысырған «жаңаның» ұрандарын қысылмай әдейі көтереді. Өтпелі де қысылтаяң кездің қиыншылықтарын қарсы пайдаланып, көптеген жағдайда түрі бір болғанымен(демократия), мазмұны басқа(лжедемократия) мақсатына қол жеткізіп те жатады. Сол себепті де Батыс футурологтарында: «Революция дегеніңді қалың көпшілік жүзеге асырады, ал оның нәтижесін аз ғана алаяқтар пайдаланады» — деген қанатты сөздер бар. Бұл нақылды сөздердің барлық әлеуметтік күрт өзгерістерге тікелей қатысы бар.

Саяси және әлеуметтік даму арқылы жақсылыққа ұмтылған демократиялық қоғамның идеологиялық Туымен қара халықты адастрып, билікті қолға түсіріп алған соң, мемлекеттік тәртіпті қолайлы дәрежеге нығайту ұранымен өткеннен де сорақы диктат орнатқан мысалдар жетіп артылады.

Оңтүстік Америка құрылығындағы көне Еуропа отаршыларынан екі-үш жүз жыл бұрын қанқырғын соғыспен мемлекеттік тәуелсіздігі мен азаматтық бостандыққа қол жеткіздік деген елдердің заңдылықты қатайту үдерісі авторитарлы режимдердің орнауына ұласып кетті. Алысқа бармай-ақ, өз тарихымыздың сабағы ше?! Жүз жылдан сәл ғана астам бұрын абсолюттік монархиядан құтылдық, екпіндеп дамуға да, жеке адамның өмір сүру сапасына да жол ашылды деп атойлаған ескі Ресей империясының халықтары «пролетариат диктатурасының», «социалистік демократияның» орнына деспотиялық «Генсек» билігін мойнына мінгізді. «Бүткіл Ресей патшасының» билігі «Генсектің» жанында жолда қалды. Өз халқын миллиондап тікелей де, саясаты арқылы да қырып жібергеніне жаратқанның алдында да, жұртшылықтың алдында да жауап бермейтін билеушіні тіршілікке алып келді.

Ал, өз тарихымызға жақын қашықтықтан үңілсек ше? Отыз жыл бұрын, арманымызға енді жеттік деген тұста? Алдымен даму заңдылығына сәйкес идеологиямыздың конструкциясын анықтадық. Осыған байланысты постиндустриалдық, рыноктық экономикалық әдісті таңдадық. Демократиялық , әлеуметтік, зайырлы, құқықтық өмір салтын қолдадық . Енді осыларға негізделген қоғамдық және жеке тіршілікті жүзеге асыру жолында қатаң талапты заңдар легі, ұтымды бағдарламалар, ұнамды жоспарлар, алуан шешімдер туындады. Сенудей-ақ сендік. Жайлы тұстарына қуандық. Сәтсіз тұстарына биліктің «әлемдік дағдарыс» деп жұбатқанына иландық… Нәтижесінде халыққа берілген қаншама уәделер желге ұшып жатқанына, әлеуметтік күрделі өзгеріссіз әрі қарай да құрып біткенімізше ұша беретініне, елдің көзі жеткен кезде ғана саясаткерлердің «түсін айтпа, ісін айт» дейтін нақыл жадымыздан бойлап орын ала бастады.

Тыншымай алға сырғыған тарихта уақыты, түрі әралуан болғанымен, мазмұны спираль сияқты қайталанып тұратын заңдылықтар бүгінгі күні тағы да көзімізге елестей бастады. Қаңтар төңкерісі өтті. Болашақ идеологиялық бағдарымызды жарияладық. Өткен маусымдағы референдумның сандық нәтижесіне сүйенсек, азаматтарымыздың басым көпшілігі конституциялық құқықтық қатынасты, демократиялық билікті, өркениетті экономиканы, әлеуметтік өмірді таңдады. Отыз жыл бұрынғыдай, тағы да ХХI ғасырдың өмір-тіршілік салтын қалады. Үш онжылдық бұрынғы уәде ұлттық гүлдену, халықтық билік, ал іс жүзінде супердиктатура, непотизм, жүйелі коррупция авторлары мен белсенділері (өз жазасын әлі де толық алмаса да), халықтан өз бағасын алды.

Десек те, үлгілі елдердің жолымен тиімді шаруашылық, жоғары талапты құқықтық тәртіп, дамыған саяси мәдениет пен белсенді қоғамдық өмір және нағыз демократиялық тіршілік үшін күрес алда. ЕҢ АЛДЫМЕН, күз айларының басында бүткіл ел болып күтіп отырған өткен референдум нәтижесі арқылы келуге тиісті Конституциялық өзгерістер, осыған байланысты қабылданатын заңдар легі. Қоғамдық пікірдің сеніммен күткені тек алға, даму жолына сүйретін құқықтық және саяси механизмдер ғана емес. Заңдар мен басқа да мемлекеттік шешімдерді орындамау мүмкін емес болатындай моральдық және құқықтық жағдай қалыптастыру. Күні бүгінге дейін сүйретіліп келе жатқан әр қызметкер өз міндетін толымсыз орындамағаны түгелі, тіпті орындамаса да мұртын балта шаппайтын жауапсыздыққа қарсы төзімсіздік күнделікті ережеге айналуы керек. Әлеуметтік желіде өткенде экс-премьердің Президенттің екі жыл бұрынғы берген ресми тапсырмасын орындау ойына да келмегенін көрдік. Тағы басқа да мысалдар келтірілді. Онсыз да мемлекет басшысының шын пейілімен берген тапсырмалары орындала беретініне сенім қоғамда біржақты емес екені белгілі еді. Осындай «қосбиліктілік» зардабын есітудің өзі елдің әр саналы азаматына намыс ұялатты. «Судың да сұрауы бар» дейтін атадан қалған нақылымызды мемлекеттік органдар мен қызметкерлеріміздің өзі ұялмай-қызармай қаперіне де ілмейтіні – «ескі жүйеміздің» іріп-шіруі шегіне жетіп қалғанының белгісі емес пе еді?…

ЕКІНШІ айтайын дегенім: Әр таза қазақтың астарсанасында (подсознание) өз функционалдық ресми міндетін атқару барысында да ертеден қалған қазақи түсініктер тұрады. Сондықтан да, құқықтық сана мен дәстүрлік ұлттық сананың көрінісі көп жағдайда бірі бірімен сәйкессіздік қана емес, қарама-қарсылық түрінде де кездесе береді. Сонда орындаушылық функция бір жағынан құқықтық ресми шешімді талап етсе, екінші жағынан сол орындаушының өзінен моральдық дәстүрлік мазмұндағы шешімді талап етеді. Қалай орындасаң да, әйтеуір бір жағынан бейсаналыққа алып келеді. Осындай парадоксалды көріністің жанында қазаққа үлкен психологиялық проблема болып көрінбейтін аңғалдық, бейғамдық, жайбасарлық, жауапсыздық, жалқаулық үлкен кемістік болып көрінбейді. Бірақ, аталмыш психомерездердің қайсысы болса да, өркениеттілікке де, прагматикалық салтқа да, саяси және құқықтық жоғары мәдениетке де жеткізуі екіталай! Сол себепті ХХI ғасырдағы талаптарға сай, жалпыидеологиялық, кең түсініктегі жоғары мәдениеттілік, биік рухани-саналық қасиеттер мен қабілеттердің аккумуляциясы бойынан табылатын «Жаңа Қазақстанға» лайық азаматтың «жаңа моделін» теориялық және практикалық тұрғыдан қалыптастырып, оны жүзеге асырмасақ, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қала бермек. Осы қоғамдық қажеттілікті қатаң орындаушылық тәртіппен(строгая исполнительская дисциплина) ұштастырмасақ мырқымбайлықтың, этносананың, текесақалдықтың, жәннатжандылықтың құрбаны болу бағытында жылжығанымыз жылжыған…

ҮШІНШІДЕН айтсам дегенім: кеңестік болсын, түркілік болсын, тіпті, өзіміздің ең жаңа тарихымызда да болсын «ескі жүйенің» ескі кадрларының оң да, теріс те ықпалы туралы әңгіме жеке бір төбе. Алға сүйрейтін интеллектуалдар тобы да осылардан шығады. Май шелпектерінен өлсе де айырылғысы келмейтін «контралар» да солар. Қаңтар уақиғаларында біразы көзге көрініп қалды. Біразы қашты. Біразы бұқты. Көпшілігі қазір заңды билігін қолына жинақтаған жаңа мемлекет басшысын қолдаған болып, өз орындарында тыныш отыр. Тура түсінікте – «тыныш» отыр. Алдағы мақсат-мұраттардың саяси-экономикалық бағыты, құқықтық негізі анықталғанның өзінде жылжу шабан, көзге ұрып тұрған белсенділік жоқ сияқты. Президент көрсеткен билік партиясының мүшелігін тоқтату, оның басшылығынан ресми бас тарту атымен жоқ. Сонда қалай? Бұрынғы қимайтын уақыттың «статус-квосын» тағатсыздана күтіп отыр ма екен? Жоқ, әлде, табиғат берген бар шабысы осы ғана болғаны ма?

Демек, қалай болғанда да толыққа жуық кадр жаңартусыз іс бітпейтін сияқты. Қазақта өзін өзі әбиірмен, ұрлық-қарлықсыз, халық-елдің мүддесі үшін төл қоғамын алға бастауға, оның қыртыс-қыртысын басқаруға қадірі мен қасиеті жететін азаматтар сегменті табылатын шығар деген үміт бар деп ойлаймын. Абай атамыз айтқандай: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректілерді» таба білсек болды. Ондайлар аз емес екеніне сенейік…

Дегенменен, ТӨРТІНШІДЕН, орыс халқында «құдайға сен, бірақ өзің де қапы қалма» дейтін сөз бар. Конкурстар арқылы тағайындалатын мемлекеттік қызметкерлер мен сайлаулар арқылы депутаттық статусқа ие болатын үміткерлерге қойылатын талапты қайта қарау керек. Коррупциялық санадан толық арылмайынша, саяси және құқықтық мәдениет ешқандай күдіксіз салтанат құрмайынша, бұл мәселеде Қытайдың үлгісін енгізбесек болмайтын сияқты. Бұл елде айтылмыш лауазымдардан үміткердің өзінен де, оның жұбайынан да, өздерімен бір туғандардың бәрінен де, олардың ұрпағы түгелі, аталмыш нанталаптың әке-шешесімен бір туғандар да ұрпағымен бизнес иелері қатарында болмауы қатаң талап етіледі. Егер осы категориялардың іштерінде кәсіп иелері болған жағдайда, олардың бәрі бизнес меншіктерін сатып, туысқанының үміткерлік құжатына тіркеуге міндетті екен.

Әрине, мүддесі сәйкессе біздің қазақ сансыз атадан кейінгі болса да, «туысқанын» тауып ала салады. Айтылған «қытай әдісі» мақсаттың толық шешілу жолы бола алмайды. Бірақ, тамыр-таныстықтан туындайтын ұйымдасқан жабайы жемқорлықтың тиімді бір тежеуіші болатыны хақ. Бұл – жағдай этнорухшыл патриоттардың есіретін трайбализмі мен топтық коррупциялық менталдықтың бірі бірімен органикалық арабайланысының көрсеткіші. Қаласақ та, қаламасақ та, егер алға қойған идеологиялық мақсатымыз рыноктық экономика мен демократиялық, құқықтық тәртіпке негізделген қоғам болатын болса, онда бұл да «ескі» мен «жаңаның» арасындағы ымырасыз күрестің бірі болатын сияқты.

БЕСІНШІДЕН, ірі жер иеленушілік проблемасы жөнінде. Бұл мәселе адамзат тарихында қандай қоғамда болса да, еңбек пен биліктің арасында сансыз әлеуметтік шиеленістерге, текетірестерге, экономикалық дамудың тұсауына әкеліп тіреп отырғанын іс-қимылдағы Президентіміз жақсы біліп отыр. Жер феодализм тұсындағыдай байлықтың, жеке адамдардың бақуаттылығының көрсеткіші емес, агроиндустриялық кәсіптің негізгі құралдарының бірі ретінде болуы керек. Қандай жер болса да, ауылшаруашылығы саласындағы жұмыс орны болып пайдаланылуы уақыт талабы, болашақ талабы. Сондықтан да, мемлекет басшымыз өкілеттігі шектеулі өткен қаңтарға дейіннің өзінде осы проблеманы шешуді бастау мақсатымен біраз шараларды жүзеге асыруға әрекеттенді. Ол – қалың жұртымызға белгілі. Десек те, бүгінгі күнгі әр апта, әр ай «Жаңа Қазақстан» идеялары мен оның күткен экономикалық нәтижесі сенімділік пен сенімсіздік мазмұнына қалай әсер етуде? Оң сезімдегі әсер ме? Жоқ, әлде, керісінше ме? Қалай болғанда да, қаңтар уақиғаларының қайталанғанын армандайтындардың азая түскені, ондайлардың үмітінің ақталмағаны өте қажет. Ол үшін әзіргі көпшілік қолдайтын, бірақ жүзеге асу қарқыны қоғамдық пікірді қанағаттандыра қоймайтын шабандықты тездете ескеру керек.

АЛТЫНШЫДАН, жоғарыда ұсынылған, менің жеке пікірімше ең басты да кешеуілдетуге болмайтын, проблемаларды шешу үшін халықтың сөзсіз қолдауы ауадай қажет. Азаматтардың алуан түрлі ұсыныстары мен бағасы, мүлт кеткен тұстарда сыны да, — таптырмайтын қажетті факторлар. Мұның бәрі мемлекеттік билік тарапынан нағыз конституциялық демократиялық тәртіппен ашықтық саясаты шын мәнінде қамтамасыз етілсе ғана жүзеге асады. Қара халық көптен бері лжедемократиядан, ешқашан орындалмайтын бос уәделерден, басқа да супердиктатуралық, непотизмдік, клиптократиялық рецидивтерден шаршаған. Тіпті, өзіне пайдалы, өзінің мүддесі үшін қабылданатын шешімдердің өзіне күдіктене қарау орын алып кеткен. Сол себепті ашықтық пен жариялылық маңызды мәселелердің зерттелген, дәлелді мәнімен көмкеріле көпшіліктің жадына жетіп тұруы керек. Бірде бір арыз-шағым құқықтық негізбен жауапсыз қалмауы керек. Әділетті шағым мүмкін болған тура шешімімен жұртшылыққа уақтылы жетіп тұрса, олардың саны біртіндеп азая түседі. Бәлеқорлықпен, жалақорлықпен, арамдықпен көтерілген, жазылған «дүниелердің» жауабы негізделіп, авторларының атымен, көпшілікке ашықтықпен жетіп тұрса, бұл да өз кезегінде «жазғышбектердің» қарқынын бәсеңдете түседі. Олардың басқалардың алдындағы «моральдық бет-бейнесін» аша түседі…

Демократиялық салт-дәстүрді қоғамдық пікірдің аясымен ұштастыру үрдісінде өткен тарихымыздың, артта қалған ғасырдың 80-ші жылдарындағы, М.Горбачевтың елді де, өзін де, жоқ қылған «Қайта құруын», «ашықтығы мен жариялылығын» есте ұстағанымыз дұрыс. «Ни одного заявления трудящися, даже необоснованных, без ответа!», «Гласность и плюрализм!» деген ұрандардың мазмұны орындалса, халық билігінің айнасы, ал, бос сөз болса, орындалмаса, охлократияға қарай жол екенін бүгінде сауатты азаматтардың бәрі түсінеді…

Абай атамыздың: «Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға бәрі анық!» дегеніндей осы мақалада көтерілген проблемалар мен ұсыныстарды менен де терең, жанжақты білетін азаматтар елде аз емес екенін білемін. Менікі – негізінен жеке пікір. Айта берсе, азды-көпті сөзде көп, ой да көп. Десек те, ЖЕТІНШІДЕН, тағы бір-біріне байланысты, меніңше, онсыз өркениетті, демократиялық коғам құру мүмкін емес шарттар бар. Ол – мен осы тақырыптағы мақалаларымда жиі айтатын этатизм, лаицизм және секуляризация талаптары. Бүгінгі таңда этатизмге – мемлекеттік реттеу арқылы әлеуметтік-экономикалық оңтайландыру үрдісіне – тікелей қарсылық жоқ-ау деп ойлаймын. Лаицизмге де, – зайырлылық үрдісімен қоғамды рухани-мәдени оңтайландыру үрдісіне де, – ашық қарсылық көріне бермейді. Қонституциямызда зайырлылық талабы ойылып жазылған. Ал, секуляризация – қоғамдағы діни ықпалды төмендету – оңайлықпен қол жеткізетін үдеріс емес. Кезінде Мұстафа Ататүріктің де, Махатхир Мұхаммедтің де өз халқының санасында діннің ролін төмендету; мемлекеттік саясатта діни дәстүрлерді толық ысырып, қоғамдық құрылысты зайырлылық моделіне ауыстыру, үдерістері ең қиынның қиыны болған.

Біздің өткендегі қоғамдық формациямыз да, өмір сүру уақытымыз да басқа. Ерекшелігіміз де жеткілікті. Сол себепті бұл проблемада ұтымды тұсымыз бар. Бірақ, өткен отызжылдықта Ата заңымыз зайырлы бола тұра, шекарамызды небір діни секталарға «қонақжайлылықпен» аштық. Тіптен, діндарлығы дәстүрлі биік қоңсыларымызды да «таңқалдырдық». Мұның зардабымен әлі біраз уақыт күресуге тура келеді. Жоғарыда көрсетілген дәстүрлі діниден зайырлылыққа бұрын өткен ислам елдерінің тарихи көшбасшыларының тәжірибесі бізге де үлгі деп ойлаймын. Діни идеология мен өркениетті, азаматтық идеологияның теориялық та, практикалық та, тиімділік те сәйкессіздігі білім-ғылымға, қоғамдық және техникалық прогреске ұмтылған азаматтарымызға айтпаса да түсінікті.

Көбіміз күтпеген «Қаңтар трагедиясы» артта қалды. Қайталанбай өзімен кетсін деп қояйық. Оған дейін билігі жарым-жартылай мемлекет басымыздың өкілеттігі толыққандыға айналды. Енді халық үшін, ел үшін, ұлт үшін жауапкершілігі кемеліне жетті. Болашақтағы дамуымызға, әлеуметтік әділеттікке біржолата қол жеткізуге, жемқорлық пен парақорлықты, басқа да қоғамдағы мерездерді еңсеретінімізге сенейік.

Тарихи тағдырымыз, ел тағдыры сайлаған Президентімізге, «Жаңа Қазақстан» идеологиясын ұсынушыға, толық та жанжақты ҚОЛДАУЫМЫЗДЫ көрсетейік!

Сапарбек САХОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан журналистер Одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *