ҚАҢЛЫ ТАРИХЫ НЕГЕ ТАСАДА ҚАЛАДЫ?

Тарих
1 308 Views

Осыдан екі жыл бұрын 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласында Тектұрмас тарихи кешені бой көтерді.

Орта Азия мен Қазақстанда өзіндік орны бар ежелгі шаһардың тарихи қалыптасуына, өркендеп-дамуына үлкен үлес қосқан белгілі тұлғалармен бірге Шөже тәңірқұтқа еңселі құлпытас қойылыпты. Жергілікті тарихшылар Шөжені Тараз қаласының алғашқы ірге тасын қалаған деп жазып жүр. Бұл тарихи шындыққа сай келе ме? Шындығында ол кім? Шөже ежелгі Қаңлы жеріне қалай тап болды?

Б.ж.с. дейінгі 39-жылдан бастап, оңтүстік Һүндердің тәңірқұты Шөже жаулап алу жорығына аттанады. Олар солтүстік хұшаларды (қыпшақтарды), диңлиңдерді өзіне бойсұндырып, батыс жақта хангүндерді (қырғыздарды) талқандайды. Одан соң Іле алқабына қарай ұмтылады. Қаңлы, үйсін, дауан сықылды үш ірі елді бағындырып, батыс өңіріндегілерді жаулап алу үшін өзінің тірек базасына айналдырмақ болады. 44-жылы Шөже тәңірқұт Хан патшалығының елшісі Тужиді өлтіреді. Осы кезде қаңлы елі мен үйсін елінің арасында қақтығыс туып, үйсіндер қаңлыларға шабуыл жасап отырған еді. Үйсіндерге соққы беру үшін сыртқы көмекке сүйенуді ойлаған Қаңлы ханы Шөженің қырғыз елінде екенін естіп, елші жіберіп, оны қаңлы еліне шақырады. Үйсіндердің хан патшалығына бағынып, һұндердің елшісін өлтіргеніне құса болып, зығырданы қайнап отырған Шөже тәңірқұт Қаңлы ханының һұндерімен бірігу туралы ұсынысын қуанышпен қабылдайды да, әскерін бастап, қаңлы еліне аттанады. Қаңлының ханы – Буден мен бектері Шөже бастаған әскерді құшақ жайып, қарсы алады. Салтанатты қонақасы береді. Шөже мен Қаңлы ханы қыз алысып, қыз берісіп, құда болады. Ғұн патшасының басты мақсаты – олардың әскери күшін пайдаланып, батыс өңірдегі елдерді жаулап бағындыру еді.

Қаңлылардың 2000 жылдан астам
тарихы бар жазуы.
Ежелгі Қаңлы мемлекетінің картасы.
Қаңлының арбасы

Қаңлы елінің қарулы күшіне сүйенген Шөже тәңірқұт көп ұзамай Үйсін еліне жорық жасап, елін шауып, малын талайды. Үйсін елінің батыс жағындағы ұлан-байтақ өңір қаңырап бос қалады.

Үйсін еліне жасаған жорықтың жеңісіне масаттанған Шөже тәңірқұт Қаңлының ханын басынып, зорлық-зомбылық жасайды. Қаңлы ханы Бүденнің қызын, елдің ондаған бектерін өлтіріп, Талас өзеніне тастайды. Қаңлы халқын зорлап, қалаға қорған соқтыруға мәжбүрлейді.

Шөже тәңірқұт Қаңлы еліне орнығып, күш жинап алған соң, төңірегіндегі Дауан, Аса елдерін алым-салық төлеуге зорлайды. Бұл елдер Шөжеге ауыр алып-салық беріп тұруға мәжбүр болады. Ол мұнымен тынбайды, жаулап алу жорықтарын үздіксіз жүргізе береді. Шөженің зорлық-зомбылығы мен шапқыншылығына осы өңірдегі елдердің билеушілері мен халқы мейлінше қарсы болады.

Бірнеше жылдан соң, Қытайдың Хан патшалығының батыс елдеріндегі өкіл әкімі Кан Яншу және оның орынбасары Чин Таң Шөже тәңірқұтты жою үшін Қаңлы еліне жорыққа аттанады. Қаңлы елінің он мыңнан артық атты әскері оларға көмектесіп, қаланы қоршайды. Соғысқа Үйсін әскері де қатысады. Шөже тәңірқұт қоршауды бұзып шығуға бірнеше рет әрекет жасайды. Бірақ қоршауды бұза алмай, артқа шегінеді. Ақырында Кан Яншу мен Чин Таң бастаған әскерлер қаланы алып, Шөже тәңірқұтты өлтіреді. Бұл өңірде бірнеше жылға созылған үркін-қорқын тынышталып, ел іргесі орнығады.

Біз тілге тиек етіп отырған тарихи оқиғалар 2006 жылы Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Қытай жылнамаларындағы Қазақ тарихының деректері» атты тарихи туындыда жан-жақты жазылады.

Ежелден қатар өмір сүрген Қаңлы мен Үйсін мемлекеттеріне үлкен сатқындық жасаған Шөже тәңірқұтты өтірік дәріптегенінен біз не ұтамыз? Бұл тарихқа жасалып отырған қиянат емес пе, әруақты, бабалар рухын аяққа басу, таптау емес пе?

Сөз орайы келгенде айта кететін бір жай – жоғарыда сөз еткен тарихи жазбаларды қытай тарихшылары жазғанын ұмытпау керек. Олар өткен тарихты шынайы жазуға тырысқанымен, өз мүдделерін ешқашан да ұмытпайды, өздерін Қаңлы мемлекетін құтқарушы ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнінде қытайдың ішкі зымиян саясаты – Гүндердің, Қаңлылардың және Үйсіндердің басын біріктірмеу, араларына от жағып, бір-біріне айдап салу еді. Қысық көзді, арам пиғылды көршілеріміз сол мақсатына көбінесе жетіп отырды.

Біздің дәуірімізге дейін, одан кейін де кең байтақ сахарада үлкен саяси-әскери күшке айналған түбі бір, тегі бір Ғұн, Қаңлы, Үйсіндер нағыз батыр жауынгерлер болатын. Олардан қорқып, зәресі ұшқан ежелгі дұшпанымыз Қытай қорғанын салғызғанын ежелгі тарихтан білеміз. Өкінішке қарай, көкірек көзі соқыр, алысты болжай алмайтын, атақ құмар, ашкөз Шөже тәңірқұт сияқтылар өз үйіріне шапқан айғырдай азынап, қаны бір өз бауырларына қайта-қайта шауып, тыныш жатқан елді зар қақсатты, зорлық-зомбылық жасады. Туысқан халықтардың арасында бір-біріне деген алауыздық, өшпендік белең алды. Айдаһардай ысқырған көрші Қытайға да осы керек болды. үнемі арандатып, отқа май құйып, бірің өліп, бірің қал деп сырттай масаттанып отырды. Осы зәлім саясаттың кесірінен миллиондаған түркітілдес халықтар Қытайға сіңіп, қарақытай атанып кетті.

Әртүрлі арандатуға, алдап-арбауға, сатқындыққа жол берілмегенде қазіргі таңда ұлы Тұран мемлекеті болып, дұшпанның көз алартуына жол бермес едік. Әдейі бөлшектеніп, тоз-тозы шыққан, дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен айырылған түркілер ешкімге жаутаңдап жүрмеген болар еді. Мойнында, мойындама бұл – тарихтың ащы шындығы. Өткен тарихымызда орын алған кейбір қателіктер осы күнге дейін басы бірікпей жүрген түркі тілдес халықтарды мықтап ойландырып, ащы сабақ болуы тиіс.

Тектұрмас тарихи кешенінде көпшіліктің көңіліне қаяу салатын тағы бір жай кездеседі. Бой көтерген құлпытастың бірінде ежелгі Тараз шаһарының тарихи қалыптасуына Үйсін мемлекетінің қосқан үлесі айшықты әріптермен жазылады да, Қаңлы мемлекетін ауызға да алмайды. Бұл тарихи сауатсыздық па, әлде қолдан жасаған бұрмалау ма? Тараз қаласының алғашқы ірге тасын қалаған Қаңлылар, Қаңлы мемлекеті емес пе еді? Бұл туралы дүние жүзінің тарихшылары, археологтары жақсы біледі. Тарихи және ғылыми дәлелдер жеткілікті. Сөзім нақты болу үшін кейбір деректерді келтіре кетейін.

Қазақ Совет энциклопедиясының 8-інші томында: «Тарихи генеологиялық (шежірелік) зерттеулерде Қаңлылардың шығу тегі, оның таралу өрісі, даму-өркендеу кезеңдері, түркі халықтарының тарихындағы рөлі туралы талас-пікір көп. Алайда, Қаңлы тарихын зерттеушілердің көпшілігі – Жұңго жылнамалары мен Авеста тарихынан белгілі біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ-І ғасырларда Сыр бойы мен Қаратау алқабын мекендеген, өзінің дербес мемлекеті болған Қанғұй, Қаңға тайпалары бірлестігі мен одан кейінгі дәуірлерде де дәл сол өлкені қоныстанып, көрші түркі тайпаларының саяси-әлеуметтік өміріне әр кезде түрлі ықпал жасап келген Қаңлылар, сайып келгенде, біртұтас этностық қауымның негізі екенін мойындайды», – деп жазды.

Ханзу ғалымы Уи Иуан: «Үш ордаға бөлінген қазақтар… ежелгі қаңлы елі», – деген деректерді алға тартады. Жапон ғалымы Сиратори: «Ежелгі қаңлылар тұрмысы, ғұрып-әдет және тіл жағынан қазіргі қазақтар еді», – деп дәлелдейді.

Б.з.д. ІІІ ғасырдан бастап, жазба тарихта әйгілі болған қаңлы елінің негізгі территориясы – Сырдарияның орта алқабы мен Қаратау өңірінде болған. Қаңлылардың күшейіп, гүлденген дәуірінде олардың қарамағына Ташкеннен Хорезмге дейінгі өлкелер енген. Б.ж.сж. дейінгі І ғасырдың аяғында қаңлы елінің территориясы Ферғана, Соғды өлкелеріне дейін кеңейген. Бұл туралы «Жин патшалығы тарихы» кітабының Қаңлы тарауында нақты сөз болады.

Жуалыда қазба жұмыстарындағы табылған артифактар, хан ордасының бөлмелерінің соғылуы, біздің дәуірге дейін 2 мың жыл бұрын Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы Битьян-Бетен қаласы болуы, белгілі орыс тарихшысы Л.Баравкованың «Царство Западного края» атты еңбегінде Бетен қаласының Тараз шаһарының маңында болғанын атап көрсетуі көп нәрсені аңғартады. Сондай-ақ Томирис пн Кирдің соғысы Сыр бойында Қаңлы мемлекетінің жерінде болғанын тарихтан жақсы білеміз. Жуалыдағы Хан ордасынан табылған көмірдің қалдықтарын зерттеу нәтижесі арада 19 ғасыр өткендігін дәлелдеп бері.

Белгілі қаламгер, марқұм Таласбек Әсемқұловтың «Қондыгер-Қаңлы» атты еңбегі жұрт назарын аудартқан болатын. Кир мен Тұмар патшайым шайқасы туралы Иран-Парсы еліндегі ежелгі тарихи кітаптарына сүйеніп жазылған туынды өте құнды, тарихи деректерге бай.

Талас Әсемқұлов «Қондыгер-Қаңлы» еңбегінде: «Біздің бабаларымыз өздерін өздері «қондыгер» немесе «қаңлы» деп атапты. Ал, әлемдік ғылым әлі күнге дейін пайдаланып келе жатқан «скиф» термині – ол гректің экзоэтнонимі. К.Витчек пен С.Кулланда бұл сөзді көне гректің «skudate» яғни «лучники» – «садақшылар» немесе «жебелі жауынгерлер» деген сөзінен шыққан деп түсіндіреді. Ешқашан да қондыгер немесе қаңлы жойылып кетіп, орнына ғұн пайда болған емес. Қондыгер-қаңлы мен ғұн үшеуі бір-ақ халық. Төңіректегі көршілес халықтар біз туралы ешқашан ұмытпаған. Бәрін былықтырып бүлдіретін теріс ниеттегі сарай тарихшылары» деп қалам тербейді.

Соңғы кездері адамзат өркениетінде ерекше орын алатын Шумерлер мемлекеті, шумерлер туралы көп жазылып, көп айтылып жүр. Итальян, ағылшын, неміс, еврей және басқа халықтар да өздерінің түбін, теңдесі жоқ мәдениеті мен рухани байлығын шумерлерден іздейді. Дегенмен, дүниежүзінің ең беделді, білікті деген, қара қылды қақ жаратын ғалымдары шумерлердің түркі тілдес халықтарға туыс екендігін тайға таңба басқандай дәлелдеп берді. Бес-алты жыл бұрын «Ана тілі» газетінде «Шумерлер – түркілермен тектес халық» атты көлемді мақала жарық көріп, оқырмандардың назарын өзіне аударды. Белгілі жазушы, профессор Әбілфайыз Ыдырысов шумерлердің тарихын, олардың адамзат өркениетінде алатын орнын, түркі тілдес халықтарға туыстық жақындығын жан-жақты зерттеп, талдап жазған. Тарихшылар мен лингвистер үнсіз қалып, аша алмай жүрген сырды жан-жақты ашуға белгілі ғалым, қаламгер батыл қадам жасайды. Өкінішке қарай, шумерлер мен түркілерді байланыстыратын маңызы зор, тарихи құндылығы терең, кейбір деректер мақаладан тыс қалыпты. Қалың оқырманға оны жеткізуді парыз санап отырмын. Ефрат пен Тигр алқабында қалыптасқан көне (б.д.д. IV-III ғ.ғ.) Шумер мемлекетінің мәдени дәстүрі қатар жатқан қос өзен Сейхун мен Жейхун аралығында дәуірлеген Құшан, Канғюи-Қаңха Хорезм мемлекеттерінің дәстүрімен байланыста болғандығын кезінде орыстың белгілі ғалымы С.Толстов жазды. Ал, Еуропаның белгілі ғалымдары Ф.Хоммел және А.Фалькенштеин өткен ғасырдың өзінде шумерлердің арғы аталары қаңлы болды деген пікір айтқан еді. Шумерлердің ежелгі тарихын көптен бері зерттеп жүрген қазақтың талантты ақыны О.Сүлейменов пен белгілі ғалым С.Аманжоловтың бұл туралы пікірлері ашық айтылмаса да, жоғарыда аталып өткен әлемдік өркениетте өзіндік орны бар шетелдік ғалымдардың тұжырымдарымен тұспа-тұс келіп жатады.

Біз бұл туралы бір жақты пікір дегеннен аулақпыз. Оны жан-жақты түбегейлі зерттеуді ғалымдардың еншісіне қалдырайық. Шынайы пікірге толы талас әрқашан да шындық пен ақиқатты тудырып жатады. Ал, қазақтың халық болып қалыптасуына өзекті ұйытқы болған негізгі тайпалардың бірі – Қаңлылардың Шумерлер сияқты адамзат өркениетінің өркендеуіне қосқан үлесі шексіз екені бәрімізге де белгілі ақиқат.

Қаңлылардың тұңғыш рет арбаны ойлап тануы, дүние жүзінде тұңғыш болып мектеп ашқаны, жазуы мен сызуы болуы – біздің пікірімізді дәлелдей түседі.

Жамбыл облысы, Жуалы ауданының маңында археологиялық қазба жұмыстары қолға алынғанын жоғарыда атап өттік. Елімізге белгілі тарихшылардың, археологтардың зерттеулерінің нәтижесінде мыңдаған жылдар тарихы бар Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы – Бетен қаласының орнынан 3000-нан астам құнды жәдігерлер табылды.

Тарихтағы ашылған жаңалық Тараз қаласы – Қаңлы мемлекетіне тиісті екендігін нақты дәлелдей түседі. Көне Тараз бен Жуалы ауданының арақашықтығы небәрі 40 шақырымдай болатындығы жұртшылыққа жақсы мәлім. Айта берсек, ақиқатқа толы деректер жетерлік.

Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, тарихтың төңірегінде жүрген кейбір тараздық ғалымдар ақиқат пен шындықты білмейді емес, біледі. Шынайы тарихты біле тұрып, әдейі бұрмалау, тек рулық мүддені бірінші қойып, іштарлық көрсету – ешкімді жақсылыққа апармайды, орға жығады. Әңгіменің ашығын айту керек, шынайы тарихты – әдейі мойындағысы келмейтін, көршісін төмен тұқыртып, өздерін жоғары санайтын тараздық шенеуніктер, зиялы қауым әлі де бой көрсетіп қалады. Қаңлының өз жерінде тарихи ақиқаттың айтылмауы, жазылмауы – осының «жемісі». Осыдан болу керек, 22 жыл бұрын Тараз қаласының 2000 жылдығы тойланған кезінде де тарихи шындық айтылмады, жазылмады.

«Бәрін былықтырып бүлдіретін теріс ниеттегі сарай тарихшылары» деп көрнекті жазушы, тарихтың білгірі, жаны жәннатта жатқыр Талас Әлімқұлов жазғандай, бір Таразда ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде тарихи шындығымызды бүлдіріп, былықтырып жүрген бүгінгі заманның сарай тарихшылары әлі де жеткілікті. Мен тарихтан біраз хабары бар, жазушы-режиссер ретінде біреуге жала жауып, тырнақтың арасынан кір іздеп отырған жоқпын. Басты мақсатым – бір Қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың бас қосып, ұйытуына мұрындық болған, әлем өркениетінің өркендеп-дамуына үлкен үлес қосқан ежелгі Қаңлы мемлекеті туралы тарихи деректерді бұрмаламай шындықты қалына келтіруге үлес қосу болу табылады.

Осындайда ұлы Абайдың «Біріңе қазақ бірің дос, болмасаң істің бәрі бос» деген данышпандық сөзі тіл ұшына орала береді. Бұл – онсыз да басы бірікпей жүрген қазақты бөлшектеу, ғасырлар бойы қалыптасқан қарым-қатынасына әдейі сына қағу.

Шынайы тарихты білмесек, ертеңіміз, болашағымыз бұлыңғыр болып, ешқашан да өркениетті ел бола алмаймыз. Тарихқа қиянат жасауға болмайды, ағайын! Мұндайды тарих та, ата-бабалар рухы да, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ та ешқашан кешірмейді.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер, Халықаралық

«Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры

Алматы қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *