Уақыт көші ілгері жылжыған сайын артта қалған балалық шақтың бақытты күндері жып-жылы қалпында жаныңа тәтті мұң сыйлайды екен. Ол жылдар асқар таудай әкелерімізге арқа сүйеген алаңсыз күндер еді ғой…
Аппақ қаздары қаңқылдап алдыңнан шығатын өзіміз «Тәтем үйі» деп атайтын қарашаңыраққа жеткенше асығатынбыз. Тәтем қолымнан жетектеп, қонаққа ертіп апаратын. Үлкен кісілердің алдында тақылдап тақпақ айтып беретінім еміс-еміс есімде. Сол кездері жап-жас, сыңғырлап күлетін Майра жеңешем өзіме шақтап сәнді көйлектер тігіп беретін.
Жаздың ми қайнатар ыстығында балалар жүгіріп, үйдің артында тұратын еңселі, аппақ, шарбақтармен қоршалған, биік талдар шақырайған күннен қорғап тұратын Мәрлен ағатайымның үйіне баратынбыз. Қашан көрсең де сырбаз қалпынан танбайтын ағатайымның керек-жарағын дайындап Күлпат тәте зыр жүгіріп, бәйек болатын. Үнемі үйінен қонақ арылмайтын ағатайымды сирек көретінбіз.
Ол кеңестік кезең еді ғой. Биік мұраттарға ұмтылатын адамдар ештеңеге де енжар қарамайтын. Бәрі де туған Түгіскеннің түлеуі жолында талмай еңбектенетін. Ауылдық радиодан адамдарды еңбекке, биік рухқа жетелейтін әндер толассыз беріліп жататын. Шынында да ол жылдар Түгіскеннің түлеген түлектерінің толысқан жұлдызды жылдары болды. Бұл ауылдың тарихы да бастауын әріден алады.
«Түгіскен» аталуы туралы көне аңызда жаугершілік заманда Абылай хан сарбаздары құрамыңда болып, ерен ерлік көрсеткен Кіші жүздің Тама, Алшын, Жағалбайлы руларының батырлары ел ішінде бейбіт заман орнағаннан кейін өздерінің ата қонысына қайта оралуға Абылай ханнан рұқсат сұрағаны, айбынды батырларынан айрылғысы келмеген Абылайдың ең шұрайлы жерден қоныс таңдап, ірге тебулерін қалағаны, Сарысу өзенінің бойындағы «түгі өскен, осы өңірді бір тайпа елдің мекендеп қалғаны» айтылады. Ауыл ақсақалы, ардагер ұстаз Сүлейменов Жақсыбай өз естеліктерінде ауыл тарихына қатысты көптеген құнды деректер келтіреді.
Қуаң даланың құйқалы өңірі оңтүстік шығысында Шұбармен шектесіп, оңтүстігінде айдыны шалқыған Бозкөл, Қаракөлдерді, Кенжебай-Самайдың құмдауыт шүйгінді жазығын қамтып, одан ары Бетпақдалаға ұласып жатыр. Қазан төңкерісінен кейін 1928 жылы Түгіскен жерінде Сарысу ауданы құрылды. 1931 жылдан бастап голощекиндік геноцид салдарынан ел аштыққа душар болған кезеңде, елді аштықтан аман алып қалу мақсатымен ел ақсақалдарының ұйғаруы бойынша Түгіскенді мекендеген қалың елдің бір бөлігі оңтүстіктегі астықты өңірге қарай үдере көшті.
Оңтүстікке бет алған 3 мыңға тарта түтіннің бес жүздейі ғана Шабақты өзеніне аман жетіпті. Сол үдере көшкен елдің бас тіреген жерінен Жамбыл облысының Сарысу ауданы ұйымдастырылды. Түгіскенді мекен етіп қалған аз ғана ел 1934 жылы Жаңаарқа ауданына қосылады.
Ұжымдастыру науқаны кезеңінде Түгіскен ауылдық кеңесі өңірінен Коммунар, Жаңатілек, Түгіскен, Қаражартас (Жеңіс), Қарсыадыр, Тасжарған ұжымшарлары құрылды. 50-жылдардың басыңда ұжымшарларды ірілендіру науқаны тұсында Түгіскен ауылдық кеңесі қарамағындағы Коммунар, Түгіскен, Жеңіс атты үш ұжымшар біріктіріліп, «Жеңіс» ұжымшары, 1962 жылдан «Жеңіс» кеңшары, 1986 жылдан «Жеңіс» асыл тұқымды қой кеңшары, 1991 жылдан «Жеңіс» асыл тұқымды қой зауыты, 1995 жылдан «Жеңіс» АҚ атанды.
Осы ауыл тарихымен ағатайымның да өмір тарихы өзектес. Тұтас бір дәуірмен тағдырлас. Сол кездегі дәуірлеп тұрған партияның сарбазы десек те, не істесе де Марлен ағатайым елі үшін еңбектенді. Ауыл мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. «Жеңіс» темір жол стансасы төңірегіне шоғырланған ауылдың тұрғындары да аз болмады.
Шаруашылықтың мамандандырылған негізгі бағыттары — асыл тұқымды қой шаруашылығы, жылқы, қосымша — мүйізді ірі қара өсіру болды. Округтің елді мекендерінде (Кенжебай-Самай, Жомарт, Ақбаз, Талдыеспе) 2 мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, басқа да мәдени-тұрмыстық мекемелер болды. Осылардың бәрінің үгіт – насихат жұмыстарына , мәдени өмірінің жандануына партком хатшысы ретінде ағатайым тікелей басшылық жасайтын.
Белгілі қаламгер, С.Ерубаев атындағы сыйлықтың лауреаты марқұм Қуаныш Ахметов ағатайым жақсы араласқан жандардың бірі еді. Ол кісі өзінің Мәрлен ағатайым жайлы жазған «Ауылының ажарындай азамат еді» деп аталатын мақаласында: «Мәрлен «Жеңістің» әрбір кішкентай жетістігіне баладай қуанатын. Әрбір болмашы сәтсіздігіне анадай ауыратын. Ол – осы шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шыққан азамат. Аттай қырық жыл бойы туған аулына азаматтың азаматындай-ақ қызмет етті. Мансапқа қызықпады, аудан, облыс деңгейіндегі ұсынылған жұмыстардан бас тартты. Сондықтан «Жеңісті» байтақ республика танып отырса, бұл абыройға, бұл беделге Мәкеңнің де қосқан елеулі үлесі бары бұлжымас шындық.» деп ағатайымның өлшеусіз еңбегінің әділ бағасын береді.
Ағатайымның кейінгі ұрпақ есте сақтап, әрі қарай жалғастырар тамаша қасиеттерінің бірі – ағайынмен сыйластықтың жібін үзбей сақтай білуі. Оның жарқын дәлелі – арқадан оңтүстікке көшкен ағайынмен қатынасы, Жамбыл облысындағы Сарысу ауданымен алтын көпір орнатуы.
Атақты Шоқай датқаның кесенесі осы өңірде. Күйші Ықылас Дүкенұлының Шу бойындағы зиратына ескерткіш орнатылған. Дінмұхамед Әділов, Ораз Жандосов, Тынышбай Рахымов, Жарылқасын Отарбаев, бүгінгі Асанәлі Әшімов, Илья Жақанов, Мейрамбек Төлепберген, Қали Сәрсенбай сынды елге танымал азаматтарды өмірге әкелген өлке. Сарысу деп аталуының да өзіндік тарихына жоғарыда тоқталдым. Қаратаулықтар шаршап-шалдыққан, арып-ашып, әбден әлсіреген ағайындарына қамқорлық көрсетуден аянбаған. Кейіннен халықтың ұсынысымен «Сарысу» атауы сақталып қалған. Сарысу ауданын құрап біріккен осы ағайындармен ағатайым ақтық демі үзілгенше сыйласып өтті.
Мәрлен ағатайым Сарысу ауданы, Жайылма ауылының тумасы, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Берік Шахановты туыс әрі рухани дос көрді. Берік Шаханов жайлы ақын Бауыржан Жақып:
Сабырлы, уәдесіне берік адам,
Биіне баяғының теліп алам.
Қақ жарған қара қылды, әділ сөйлеп,
Ол менің асыл мінез Берік ағам.
Тамадай батырлардың сой елінен,
Сөйлейтін дәлелімен, дәйегімен.
Кіргізіп әңгімемен тіл шұрайын,
Ой өрген қара сөздің мәйегінен.
Байладың талай жастың бау, үзігін,
Өнердің арқалап жүр бәрі жүгін.
Ел мұңын айту үшін қонған шығар,
Киесі Ықыластың қобызының.
– десе ақын, жерлесіміз Ғалым Жайлыбай:
Кетілтіп тұлпарының тағаларын,
Үркердей ауған елден бабаларың.
Бетбақтың бедеу белін бебеулетіп –
Шөгерген Қаратауда қара нарын.
Іздеген қара сөзден қазынасын,
Қобыздың күйіндей бір саз ұғасың.
Кей-кейде Қаратаудай қабарасың –
Кей-кейде Жаңаарқадай жазыласың.
– деп жазады.
Берік Шаханов жайлы айтып жатқандағы мақсатым – ағатайым араласқан осындай ағаларды жақсы танып, олармен арадағы сыйластықты ұрпақтары жалғаса деген тілектен туындап жатыр.
Мен білетін ағатайымның қатты араласқан адамдарының бірі – қазақтың арқалы ақыны – Тынышбай Рахимов еді. Сарысу ауданы Байқадам (қазіргі Саудакент) ауылының тумасы Тынышбай Рахимов – халыққа танымал «Кеш жарық» хабарының авторы, әрі жүргізушісі болған, «Алтайдың аржағынан келген ару» әнінің, бірнеше жыр жинақтарының авторы.
Мәрлен ағатайым мен ақынның арасындағы үлкен сыйластықтың белгісіндей «Қауышу» (Мәрлен Асқаровқа) деп аталатын өлең қалды. Алматыдан ауылға келген ақынның кіршіксіз көңілінен туған шумақтар былайша өріледі:
Ауылыңа келдім, төріңнен маған жай бердің,
«Жеңіс» дегенің іргесі екен ғой Жайремнің.
Жұлдызы пырдай Арқаның қысқы аспаны-ай,
Сағынып жүріп, толықсып толған ай көрдім.
Жаным да менің, қаным да менің аңсау бар,
Аңсау бар кезде, жыр саулар, мөлдір ән саулар.
Ет жақын елге ат басын әкеп тіресең –
Сылынып түсер шалдығулар мен шаршаулар.
Жадырап жаның, көнілге әсем күй кіріп,
Бойдағы сері сезімнің бәрін идіріп.
Алыстан келген ақынға кезек берген соң,
Өлеңнің соңын жалғайды әнге Игілік.
Соңғы шумақта ақынның:
Ауылға бардым, көгінен толған ай көрдім,
Рахмет, Мәке, төріңнен орын жай бердің,– деген жолдары бар. Шынында ағатайымның мол кітаптары сақталған сөрелерінде Тынышбай ақынның әр жылдары шыққан кітаптары алғаусыз сыйластықты паш еткендей том-том кітаптардың алдыңғы жағында ерекшеленіп тұратынын әркез байқайтынмын.
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Ақтоғай ауылының тумасы, жазушы, композитор, өнер зерттеуші, публицист, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлаукөл кештері» және т. б. әндердің авторы Ілия Жақанов та өз мақалаларын да Мәрлен ағатайымның есімін ерекше ілтипатпен атап, «қыз мінезді, өте мәдениетті» деп баға береді.
Менің Мәрлен ағатайымды бұрынғы Жезқазған аумағында тұратын кісілердің көпшілігі танитын. Мен 1990 жылдары жоғарғы оқу орнына түскен кезеңде Жезқазған облыс орталығы болатын. Сол жылдардағы облыс басшылары мен мәдениет және өнер кызметкерлері, журналистер мен ақын-жазушылардың көпшілігі ағатайымды білетін. Сәбит Байдалин, Сайлаухан Нәкенов, Сағындық Қожамсейітов, Ғалым Мұхамедин, Береке Көшенов тағы басқалар ағатайымның есімін үлкен құрметпен атайтын.
Ағатайымның үйінен жиі көретін кісінің бірі, «Қалағаң» деп қадірлейтін есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс журналист, бұрынғы Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» (кейіннен » Сарыарқа » ) газетінің
Жаңаарқа ауданы, Қаражал қаласы, Жәйрем кенті бойынша меншікті тілшісі болып істеген Әбілдин Қалиақпар ағамыз еді. Оның қаламынан туған көркем очерктерін, проблемалық ойлы мақалаларын, өткір сындары мен фельетондарын оқырмандар жылы қабылдап отырған. Жиырма жылға жуық Жаңаарқа аудандық газетін (оның он жылы редактор) басқарып, жас таланттардың қаламдарының ұшталуына, кемелденуіне ықпал жасап, зор еңбек сіңірген. Қалиақпар ағамыз қаламы ұшқыр журналистігімен қатар ойлы да сұлу жырларымен танылған ақын. Мәрлен ағатайыма арнап жазған «Дархан жүрек» (Аза жыр) циклды өлеңдерінен адамдықтың биік үлгісін аңғарамыз:
Құдайым-ау, рас сөз бе немене?
Мәрленім жоқ,
Жүрек оған көне ме?
Бір көруге қимайтын жан енді жоқ
Суық сөзге сыйлас достар сене ме?
Кеше еді ғой, кеше ғана кеше еді,
Бірге жүріп думандаттың көшені.
Ортамыздың жарқыраған жұлдызы,
Қалай? Неге? Тым мезгілсіз өшеді?
Иә, 1998 жылдың қаңтар айының аязды күндерінің бірінде, небары 57 жасында әзиз жүрек өз соғуын тоқтатты. Өзінің саналы ғұмырын білімге, туған жерінің гүлденуіне, жан-жағындағыларға шуақ шашуға арнаған Азамат артына ел-жұртын, ағайын-туғанын, ұрпақтарын қалдырып мәңгілікке сапар шекті. Сол күннен бастап менің санамда Мәрлен ағатайым өзі өмір сүрген дәуірдің дара тұлғасына айналды.
Ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін, ішкі мәдениеті жоғары, ақ маңдайы жарқыраған, аппақ ағатайымды келіндері сыртынан «Аққу қайынаға» деп атайтын. Ағатайымның өзінен кейінгі әулеттегі бес інісі мен қарындасы «Ағатайым» деп атайтын. Мен папамның да тіршілігіңде ағатайымның алдын кескенін көрген емеспін, қай-қайсы болсын інілері ағатайымның алдында қаймығып тұратындай көрінетін.
Қалағаң ағатайыма арнаған өлеңдерінің бірінде:
Беу, Мәрленім, Мәкенім-ай, күйреттің,
Қалың елді жаназаңа сүйреттің.
Бір тумай-ақ, бірге өспей-ақ достарға,
Мінезіңмен туысуды үйреттің.
Күлімсіреп, жарқ еткенде ақ маңдай,
Қуанғанбыз, таң арайлап атқандай.
Есік жаққа алаңдаймыз күнде біз
Сәл жымиып, өзің келе жатқандай.
Жақсы жанды «жоқ» деген сөз жат қандай,
(Түріп қойып, іргеңді жау шапқандай)
Мәрлен сынды марғасқаны өлді деу,
Адалдыққа күйе, жала жапқандай…
Бұдан асырып не айтарсың?! Әдеби-мәдени шаралардың ортасында жүретін, Хакім Абай айтқандай «ақырын жүріп, анық басып» артына жақсы аты мен арманын алға апарар ұрпағын қалдырған ағатайымның жарқын бейнесі жүрегімізде.
Туған жерге қызмет етуді азаматтық борышым деп білген ағатайымның бойындағы қайраткерлік, адамгершілік қасиеттері кейінгі жастарға үлгі.
Алмагүл ҮМБЕТОВА,
филология ғылымдарының кандидаты.
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің доценті
Астана қаласы