НАҒЫЗ ХИРУРГ! НАҒЫЗАДАМ!

Тұлға
1 140 Views

Өмір – өзен ағады да өтеді… Міне, сол өмірде өзінің өнегелі ісімен, ақжарқын мінезімен қоғамда айтарлықтай із қалдырған жомарт жүректі жандардың есімі мәңгілікке ұмытылмақ емес. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ондай асыл азаматтарын елі мен халқы қашан да құрмет тұтатыны ақиқат. Білімді де білікті дәрігер, алтын қолды хирург, кез келген шаруаның көзін таба білетін іскер басшы, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің шынайы жанашыры әрі белсенді оқырманы Мәди Хожаұлы БИГАЛИЕВ сондай атпал азаматтардың бірі-тұғын. Ол қайғылы қазаға ұшыраған кезде күңіренбеген кісі қалмаған шығар. Тіпті, әлі күнге дейін оны сұм ажалға қимайтындар баршылық. Бұған бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі үздіксіз жарияланған материалдар жарқын дәлел бола алады. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Мәкеңнің жақын досы, әрітесі, Түркістан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Әнуарбек Маймақовтың жан тебірентерлік мақаласы жарияланған болатын. Соны оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

*   *   *

Мәдиді, күні кеше ғана арамыздан қайтпас сапарға аттанған білікті дәрігер, дарынды хирург, талантты ұйымдастырушы Мәди Қожаұлы Биғалиевті тоқсаныншы жылдардан жақыннан тани бастаппын. Жүре келе етене араласып кеттік. Бізді етене араластырып жіберген жай – ол кәсібімізге деген өлшеусіз адалдық еді.

Атақты ақын Қадыр Мырза Әлидің әріптесі, әдебиеттегі үзеңгілес досы Төлеген Айбергенов туралы «ол қандай әңгіме айтып тұрсақ та сөздің аяғын бәрібір поэзияға әкеліп тірейтін» дейтін естелігі болушы еді ғой. Міне, менің Мәди досым да тура сол Төлеген Айбергенов ағасы секілді қандай әңгіме айтып тұрсақ та тақырыпты бәрібір хирургияға бұрып жіберетін. Өз басым оның «барым да, бағым да хирургия!» дегенін талай естідім. Мәселен, кейбір адамдарды көз алдыңызға басқа кәсіп иесі етіп те елестете аласыз ғой, ал, Мәдиді хирургтен басқа кәсіп иесі етіп елестете алмайтынсыз. Себебі, ол шын мәнінде нағыз Хирург еді! Оның өмірден нағыз хирург болып өткендігіне мысал көп енді.

Оның нағыз хирург екендігіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып жүрген кезімде анық көзім жетті. Басқаны айтпай-ақ қояйын, перзентханада босана алмай қиналып жатқан ананың, оның ішіндегі сәбидің өмірі үшін күресіп жатқан гинеколог дәрігерлер «ота жасауға тек Мәди Қожаұлын жіберіңізші» деп талай өтініш жасаған. Себебі, гинеколог дәрігер ондай кезде нағыз сынақтың үстінде тұрады. Өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан ана өзі екіқабат, одан бөлек ол адамда тағы бірнеше ауру түрлері болуы мүмкін. Ондай кезде дәрігердің жіберген жалғыз қателігі тағдыршешті әрекет болады. Ал, қасында басқа емес, Мәди Қожаұлының өзі тұрған дәрігердің бойында сенімділік оты лаулайды. Ол адам өмірін сақтап қалу үшін батыл әрекеттерге бара алады. «Тек Мәди Қожаұлын жіберіңізші» деген өтініштің астарында осындай сыр жататын.

Мен маман ретінде, басшы ретінде Мәдимен бірге күрделі оталарға қатысқан әріптестерімді бақытты дәрігерлер деп есептеймін. Олардың кез келгенімен әңгімелессеңіз «қасымызда Мәди Қожаұлы тұрғанда өзімізді батыл сезінуші едік» деген сөз естисіз. Себебі, олардың тәлімгері Мәдидің өзі де тек білікті хирург ғана емес, батыл хирург та болатын. Сену, сенбеу өз еркіңізде, Мәди Құдай берген дарынының арқасында, сол батылдығының арқасында «тірі қалуға үміт жоқ» деп табылған науқастардың өзінің бірсыпырасын ажалдан аман алып қалған. Қалай дейсіз ғой? Алдымен науқастың ең шынайы жанашырларымен сөйлеседі. «Сіздердің туыстарыңыздың жағдайы өте ауыр. Тірі қалуы неғайбыл. Егер сіздер рұқсат берсеңіздер, мен мынадай әрекет жасап көрейін, содан кейін бәлкім тірі қалар… Бірақ, кепілдік берілмейді» дейді. Келіссе, ота жасайды. Айналасындағылар сондай «тірі қалуына үміт жоқ» деп табылған науқастардың алпыс пайыздайының бүгінде арамызда жер басып жүргендігін айтады. Мәдидің нағыз хирург болғандығына осыдан кейін келісетін шығарсыз!

Иә, ол нағыз Хирург ғана емес, нағыз Адам да болатын! Адамдығының биік үлгісі сол, оның бойында «менің білгенімді басқалар білмесе» деген түйірдей де қызғаныш болған емес. Сол адамдығының арқасында ол қанша трансплантолог дәрігерлерді дайындап кетті десеңізші! Оның дайындап кеткен мамандары қазір небір күрделі оталарды жасауға әзір. Мәдидің орнында ойы аласа басқа хирург болса, «бұларды өзіме бәсекелес еткенде не ұтамын?» деп білгенін үйретпеген де болар ма еді, кім білсін… Ал, тума дарын Мәдиге ондай пендешілік ойлар жат еді. Нәтижесі сол, Мәдидің өзі өмірден өтсе де артында ізін жалғастырушы тамаша шәкірттері қалды.

Мәдиді облыстағы медициналық туризмнің атасы десек те болады.

2013 жылдан бастап, өзі өмірден өткенге дейін 130 науқасқа бүйрек, 18 науқасқа бауыр трансплантациясын жасаған Мәди Биғалиев германиялық, румыниялық, канадалық, израильдік 17 шетел азаматына тірі донордан алынған бүйректі алмастыру оталарын сәтті өткізді. Көріп отырсыздар, бәрі де медицинасы дамыған мемлекеттердің азаматтары. Мәди мықты болмаса, оның шәкірттері, командасы мықты болмаса, олар өздеріне ота жасатуға Оңтүстікке келмейді ғой.

Шетелдіктер дегеннен шығады, Мәди доспен бірге бірнеше рет халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысу бақытына ие болдым. «Қатысу бақытына ие болдым» дегенді жәй әншейін қызыл сөз үшін айтып отырғаным жоқ. Мәдимен бірге шетелдердегі үлкен жиындарға қатысу шынында да бақыт еді. Бақыт болғанда… Мәди қатысқан жиындарда қазақ болып туғандығың үшін, Мәдимен дос-жар болғандығың үшін өзіңді бақытты сезінетінсің. Конференцияға қатысушылар шетелдік атақты дәрігерлермен амандасып қалуды, бір тілдесіп қалуды мәртебе көреді. Ал, сол мүйізі қарағайдай шетелдік дәрігерлеріңіз бір тілдесу үшін… Мәдиді іздеп жүреді. Ресейлік дәрігер болсын, литвалық дәрігер болсын, белоруссиялық дәрігер болсын, басқалар болсын, «Мәди Қожаұлы не дер екен?» деп елеңдеп тұратын. Мына біздің көз соны көрген көз.

Мәди Биғалиевтің еңбегі бағаланбады десек, ол ақиқатқа қиянат болар еді. Мәди көзі тірісінде-ақ бағаланды. Жоғары санатты дәрігер, ОҚО хирургтер ассоциациясының төрағасы, ТМД елдері хирургтерінің Н.А.Пирогов атындағы ассоциациясының мүшесі, Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының президиум мүшесі болған Мәди Қожаұлы Шымкент қаласының құрметті азаматы атанды, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

Еліміздің денсаулық сақтау ісіне қосқан орасан зор үлесі үшін Мәди Биғалиев «Құрмет» орденімен, «ҚР Конституциясына – 10 жыл», «ҚР Конституциясына – 20 жыл», «ҚР Парламентіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Бұл – еңбектің бағаланғаны ғой. Алайда, ең үлкен бағаны қарапайым халықтан алды. Қарапайым тұрғындардың Мәдиге деген сүйіспеншілігін көрген, куә болған жалғыз мен емес шығармын деп ойлаймын. Адамның мына өмірде кім болғаны оның жаназасында білінеді! Мәдиді соңғы сапарына шығарып салған күнді есіңізге бір түсірсеңіз, оның мына өмірде кім болғанына көзіңіз анық жетеді. Қайғыдан халық теңселіп кетіп еді ғой, сол күні. Тіршілігінде жақыннан араласпаған адамдардың да қайғыға ортақтасып, қаралы үйге көңіл айта келгенін мен Мәдидің қазасында көрдім. Мұны енді халықтың бағасы дейді.

Иә, Мәди доссыз өмір сүріп жатқанымызға да қырық күннің бедері өтіпті. Қырық күнде не өзгерді? Ештеңе де. Сол күндер, сол жұмыс, сол адамдар… Тек күлсе риясыз күлетін, реніші болса оны да ішіне жасырып қала алмайтын Мәдидің өзі жоқ. Алайда, орнында бардың оңаларына сенеміз. Мәдидің соңында тәрбиелі ұл-қыздары қалды, талантты шәкірттері қалды, адам денсаулығын жақсарту үшін қолға алған тамаша бастамалары қалды. Демек, Мәдидің ісі өлмейді деген сөз! Ал, ісі өлмейтін адамға өлім жолаушы ма еді?!

… Маған әлі күнге дейін тірі сияқты елестейтінің содан шығар, Мәди дос!

Әнуарбек МАЙМАҚОВ,

Түркістан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *