АУДАННЫҢ АЙНАСЫ БОЛҒАН ГАЗЕТ

Мерей
1 201 Views

Осы күндері халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айналған, ұлттық рухтың ұлы ұстанымдарының бірі ретінде бағаланатын қасиетті Отырар өңірінің газеті –«Отырар алқабының» және ауданның 85 жылдығы кеңінен атап өтілуде. Кезіндегазетке басшылық жасағандар қатарында ұлтымыздың дара перзенттері, белгілімемлекет қайраткерлері, көрнекті қаламгерлер болғанын айта кеткен жөн. Кейінгіуақыттары да басылым тізгіні есімдері елге танымал тұлғаларға тиді. Басылым елбасына түскен зұлмат жылдарды да, ұлттың мерейін тасытқан қуанышты сәттерді дебастан өткерді. Алайда, газет қай кезде ­де, қандай жағдайда да ұлтының сөзінсөйлеуден, ел-жұртты жақсылыққа, іргелі істерге ұмтылдырудан жаңылған емес.Қазіргі таңдағы алдына шырақ етіп ұстанған басты мақсат-мұраты – ел ішіндегібірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет ету. Осының өзі басылымның беделін, оныңсалмақты да салиқалы сөзін бағалағандық. Басылымның қазақта мәңгілік жасайберетіні күмәнсіз.

Той құтты болсын! «Отырардың» тойы – елдің тойы. (Республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бүгінгі санында әріптестеріміздің және зиялы қауым өкілдерінің мерейтойлық лебіздері беріліп отыр).

Ұлттық баспасөзіміздің тарихи тамыры тым тереңде. «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты», «Серке», «Қазақстан», «Қазақ», «Айқап», «Ұран» сынды ата басылымдардың сапында «Отырар алқабы» газетінің орны да, тұғыры да ерекше.

Бұл газетте қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, руханиятының жарқын тұлғалары болған арыстардың қолтаңбасы, ой-толғамдары қалған. Асылында, «Отырар алқабы» – журналистер шеберханасына айналған тағылымы мен тәлімі зор өнегелі мектеп, ғибраты мол басылым, сөз ұстаханасының атасы.

Биыл Отырар ауданы мен «Отырар алқабы» газетінің құрылғанына 85 жыл. Бас газетіміз 1935 жылы Отырар ауданы құрылған сәттен бастап аудан көлеміндегі түрлі жаңалықтарды шалғайда жатқан қазаққа жеткізу мақсатында қызметін бастаған болатын. Елдегі қоғамдық-саяси реформаларға орай газет атауы «Социалистік Шәуілдір», «Қызылқұм» болып өзгертілді. Еліміз егемендігін алғаннан соң басылым аймақ атын иеленіп «Отырар алқабы» деген атпен шыға бастады. Газет редакциясында қызмет еткен аға және орта буынның өкілдері қандай қиын шақтарда да журналистік кәсіпке деген адалдығымен табанды еңбек етіп, аймақтың тыныс-тіршілігін газет беттерінде шынайы көрсетті, тұрғылықты халықты ортақ міндеттерге жұмылдыру парызын адал орындады.

Міне, аталмыш басылым бүгінде ақпарат айдынынан айшықты орын алған басылымға айналды. Газет осы 85 жыл ішінде тек баспасөз қызметін атқарып қана қоймай талай республикалық деңгейдегі журналистерді де түлетіп ұшырған құтты орын болды.

Тарих сахнасынан ойып тұрып орын алған осы айтулы датаны атап өту мақсатында ауданымызда журналистер арасында шахмат турнирі ұйымдастырылып, оған өңіріміздің белді газеттерін басқарып отырған ақылдылар ойынының дарабоздары қатысты.

Той болардан бір күн бұрын басталған турнирдің қорытынды ойынын көруге келген қонақтардың легі көп болды. Шараға елімізге белгілі көптеген беделді басылымдардың редакторлары мен осы аудандық газетте алғаш еңбек жолын бастаған қаламы қарымды қаламгерлер, ардагер журналистер шақырылды.

Мерекелік жиынның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдағы маңызды мәселелерді қарапайым халық санасына көркемсөз, парасатты пайымымен жеткізе білген газет ұжымының жұмысына сәттілік тіледі. «Келер ұрпақ 85 жылдығы өтіп жатқан газеттің 850 жылдығын атап өтер күнге куә болсын», – деді оңтүстік өңірінің қарашаңырағы болған бас басылымның редакторы.

Ақжарма тілектердің легін жалғаған жерлесіміз, халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова «Сегіз қанат ақ үйдей дөңгелесін сексен бес» атты жыр шашуын оқып берсе, «Оңтүстік» телеарнасының директоры, Қазақстан Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уәли Қыдыр, Түркістан облыстық Журналистер Одағының басқарма төрағасы Тұтқабай Фазылбек, «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы Әлішер Сатыбалдиевтар Отырардағы тойдың орны бөлек екенін айтып, халық пен биліктің арасына алтын көпір бола білген газет ұжымына толағай табыстар тілейтінін жеткізді.

Мұнан соң мәртебелі меймандар биыл мемлекеттік деңгейде аталып өтіліп жатқан жерлесіміз, ғұлама ғалым Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы және Отырар ауданы мен «Отырар алқабы» газетінің 85 жылдығына арналған аудандық орталық кітапхананың кітап көрмесін тамашалап, ауданның құрылу кезеңдерінен сыр шертетін тарихи құнды жәдігерлерімен танысты.

Одан әрі шахмат турнирінің негізгі ойыны өтіп, жеңімпаздар анықталды. Ақыл мен ойдың ұшқырлығын, тапқырлық пен шеберліктің өрнегін көрсететін ойында «Еркін ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетай өзгелерден дараланып І орын иегері атанса, «Отырар алқабы» газетінің тұрақты авторларының бірі Сабыржан Арысбай мен ардагер журналист Суханберді Оразалыұлы ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті. Сонымен қатар ардагер журналист Шойбек Орынбай, Хуршид Қошқарұлы, Асылбек Балтабекұлы да өздерінің ойын тақтасында осал ойыншы емес екендіктерін дәлелдеді.

Шара барысында турнир жеңімпаздарына арнайы жүлделер табысталып, қатысушылар аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.

Марапаттаудан соң көпшілік «Жібек әже» дәмханасындағы мерекелік дастарханда бас қосып, өмірден өткендерге Құран бағыштады. Дастархан басында ардагер журналистер Суханберді Оразәліұлы мен Шойбек Орынбай, «Қазақ радиолары» серіктестігінің оңтүстік өңірдегі меншікті тілшісі Ерсұлтан Әмірбек, «Созақ үні» газетінің бас редакторы Сәрсенбек Теңізбаев, «Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы Ғалымжан Зиябек, «Арыс ақиқаты» газетінің бас редакторы Әбдімәлік Ағыбай, Түркістан қалалық газетінің бас редакторы Мәлік Дәулетов, «Отырар алқабы» газетінің бұрынғы редакторлары Зайыр Сабыр, Төпен Әмірбек, Әбдімәлік Белгібайлар мен ардагер журналист Оразбай Мұратов, Рысбек Құлжан және өзге де қаламын өмірлік серік еткен журналистер өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор!» деген екен Алаш арысы Міржақып Дулатұлы. Ләйім солай болғай. Елдің де, газеттің де келешегі кемел болсын деп тіледік.

СЕГІЗ ҚАНАТ АҚ ҮЙДЕЙ ДӨҢГЕЛЕДІ 85

Күй толтырсын бүгінгі кереметтей ортаны,

Құттықтаймын газетім, тойың келді торқалы.

Айнасындай арудың тартатұғын жарқырап,

Көңіл тояр, көзге ыстық бұл «Отырар алқабы».

Сөздің буын гулетпей ақын тойға бос келмес,

Ен-таңбалы меншігін әкім қалай ескермес.

Карантинді қақ жарып, көңілденіп бар халық,

Сегіз қанат ақ үйдей дөңгелесін сексен бес.

Омартасы рухтың Отырардай төбеде,

Қазынасы ұлы ұлттың сәулеттенсін сөреде.

Ақпаратты айбынды Алмас батыр қолға алды,

Әселхандай әпкесі шашу шашпай немене.

Журналистер бар жерде жұрт қолдаған майдан бар,

Тау үстінде жүрсе де таймайтұғын қайран нар.

Бір терінің жабылып илеп жүрген пұшпағын,

Ұлылардың төріне қош келдіңіз, меймандар!

Қанша қиын болса да дей алмаймыз ауыр жыл,

Сытылмаған ешкім де сынағынан дәуірдің.

Бай көшесін жайнатып, тайқазанын қайнатып,

Шалқып жатыр мінекей, шарапатты Шәуілдір.

Газетімде бәрі бар, қай нөмірін алсаң да,

әл-Фараби жылы деп тілеу айттық әр таңға.

Өз ауылын, өз жерін сүйетұғын бәрінен,

Айналайын оқырман, бәрі сенің арқаңда.

Той дегенде тақылдап полицейдің таяғы,

Өткендерге салауат, жаңа жыл да таяды.

Сәуле шашып ғайыптан, сана-сезім сауығып,

Серпін берсін қазаққа сексен бестің аяғы!

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,

Қазақстанның Халық ақыны.

БIРЛIК ПЕН ТIРЛIКТI ТЫНБАЙ ЖЫРЛАП КЕЛЕДI

1935 жылы Отырар ауданы құрылып, оның жанынан ақпарат таратушы газет те өз жұмысын бастаған еді. Осы жылдың 22 наурызында «Социалистік Шәуілдір» газетiнiң алғашқы саны отырарлық оқырмандардың қолына тиген-дi. Мiне, сол күннен бастап аудандық газет тұрақты түрде жарық көріп келедi. Әрине, әр жылдары газет атауы өзгерiп отырды.

85 жылдан берi Отырар ауданының жаңа­лығын, өркендеп – өсу жолдарын қалың бұқараға насихаттап, тiпті 1941-1945 жылдардағы соғыс тұсында да еңбекшi жұртшылыққа рух пен жiгер берген де осы газет.

Бүгiнгi күнi «Отырар алқабы» деген атаумен жарық көріп отырған аудан айнасы Тәуелсiздiктi, бiрлiк пен тiрлiктi тынбай жырлап келедi.

Бүгiнгiдей 85 жылдық асу жолындағы мерейлi мерекесiнде газет ұжымына, газет бетi арқылы барша отырарлықтарға ыстық ықыласты құттықтауымды жолдаймын. Қа­ламдарыңыз мұқалмасын, қадiрлi әрiптестер!

Еркін ҚЫДЫР,

«Астана ақшамы» газетінің

бас редакторы.

БАҒЫТ-БАҒДАРЫ АЙҚЫНДАЛҒАН БІРЕГЕЙ БАСЫЛЫМ

Құрметті отырарлықтар!

Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз – аудандық «Отырар алқабы» газетінің жарыққа шыққанына 85 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын.

«Отырар алқабы» газеті – ауданымыздың құрылу кезеңдерімен бірге жасап, небір қилы кезеңдер мен оқиғаларды басынан өткеріп келе жатқан бағыт-бағдары айқындалған бірегей басылым.

Өткен ғасырда «Социалистік Шәуілдір» атауымен бастау алған басылым осынау жылдар ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өтті.

Газет «Қызылқұм», «Отырар алқабы» болып жарыққа шыққан әр жылдары отырарлықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбектерін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отырды.

Отырар өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Отырар алқабы» газеті зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты.

Газет ұжымы қарапайым халық пен билік арасындағы түйткілді мәселелерді көте­ріп, саяси бағдарламалар мен ақпараттарды, маңызды құжаттарды дер кезінде жариялап, жеткізіп отырды.

Қазіргі таңда газет тарихи шежіре мен құндылықтарға бай киелі ауданымыздың келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан танбай жазып келеді.

Осындай мереке күні аудандық «Отырар алқабы» газетінің ұжымына, барлық журналистер мен оқырмандарына зор денсаулық, отбасыларына амандық, шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін!

Ауданымыздың өркендеуі жолында қа­ламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер!

Құрметпен, жерлестеріңіз

Қуаныш АЙТАХАНОВ.

ШЫНДЫҚ ПЕН ПАРАСАТ БИІГІНЕН КӨРІНЕ БЕРУІНЕ ТІЛЕКТЕСПІН!

Менің жиырмадан астам мемлекеттердің мектеп оқулығына енген «Төрт ана» аттыөлеңім бар. Келтіре кетейін:

«Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,

Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ор­таға.

Әр адамда өз анасынан басқа да,

Ғұмырына етер мәңгі астана,

Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

Болу керек құдіретті төрт ана:

ТУҒАН ЖЕРІ – түп қазығы, айбыны,

ТУҒАН ТІЛI – мәңгі өнеге айдыны,

ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ – тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі.

Және ТУҒАН ТАРИХЫ.

Еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер

Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.

Өзге ананың ұлылығын танымас,

Төрт анасын менсінбеген пенделер.

Төрт анадан сенім таба алмаған,

Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!

Төрт анасын сыйламаған халықтың,

Ешқашан да бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана-тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы».

Осы өлеңде көтерілген мәселелердің бәрі негізінен менің туған жерім – Отырар өңірімен тікелей байланысты. Мәселен, әуелі қаперге алатынымыз – туған жер. Ал, менің шығармаларымның басты темірқазығы – Отырар. Мен туған халқымның тілін, салт-дәстүрін, тарихын ұдайы жырлаумен келемін. Отырар – менің рухым. Ал, Қайырхан – мәңгілік асқақ әнім. Міне, осы жәйттың бәрі менің «Төрт ана» атты өлеңімнің негізгі айтар ойы.

Бүгінгі күні 85 жылдығын атап өткелі отырған Отырар ауданының бас басылымы – «Отырар алқабы» газеті де осы тұрғыда қызмет атқарып келді деп білемін. Әрине, аталмыш басылымның елдің рухани-мәдени әлеуетінің дамуына және әлеуметтік-экономикалық дамуын ақпараттандыруға зор үлес қосып келгендігі күмәнсіз. Оның үс­тіне мен «газбас» (газет бастығы) болып отырған Алмас бауырымды бұрыннан жақсы білемін. Оның кезінде КСРО Президенті М.Горбачевтан сұхбат алуына да өзім мұрындық болғанмын. Сондықтан ол жетекшілік етіп отырған «Отырар алқабы» газеті және оның еңбек ұжымының шындық пен парасат бигінен көріне беруіне тілектестік білдіремін!

Мұхтар ШАХАНОВ,

Қазақстанның Халық жазушысы.

ҚАСИЕТТІ ӨҢІРДІҢ ШЕЖІРЕШІСІ

«Отырар алқабы» газетінің ұжымын 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл басылым менің​ журналистика жолын таңдауыма үлкен ықпал етті. Әуелі күн сайын кешкі уақытта құшақ-құшақ газет-журнал оқып отыратын ата-анама ілесіп​ кішкентай​ оқырманы болдым. Кейін мектеп қабырғасында жүріп​ штаттан тыс тілшісіне айналдым.​ Икрамхан Бәкіров (марқұм), Қойшыбай Мамасеріков, Оразбай Мұратов, Алмас Ақылбек, Рысбек Құлжанов, Сейсенбай Ахмет, Дихан Елбасы сынды аға буынның тәлімін алып өстік. Мені журналист еткен – «Отырар алқабы». «Отырар алқабы» 1987 жылы менің мектептегі шара жайында жазған ең алғашқы шимайымды – шағын ақпараттық мақаламды жарияламағанда басқа мамандықты таңдауым да әбден мүмкін еді. Сондықтан, бұл газет мен үшін қашанда ыстық, орны бөлек. Мені осы журналистика жолына салғаны үшін алғысымды айтамын!

Бүгінгі мереке күні осынау іргелі басылымның бүкіл ұжымына шығармашылық табыс тілеймін!

Құрметпен Зейін Әліпбек,

Бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің

«BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағының төрағасы, журналист

“ОТЫРАР АЛҚАБЫ” – МЕНІҢ ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ӘЛІППЕМ”

Менің қазақ журналистикасындағы ең алғашқы еңбек жолым “Отырар алқабы” газетінен басталды. Журналистикадағы бас ұстазым, Бас редактор Икрамхан Бәкіров (марқұм) бастаған журналистік ортаның мектебінен өтуім менің үлкен бағым болды. “Отырар алқабы” газеті жазу-сызудың “шимайын” үйретті, шынайы тәрбие берді. Жауапты хатшы Қойшыбай Мамасеріков пен аға буын журналистер Оразбай Мұратов, Алмас Ақылбек, Рысбек Құлжанов, Сейсенбай Ахмет, Дихан Елбасының қолына “су құйып” жүріп, журналистиканың жалына жармастық. Қазақ журналистикасында қанатымды қомдаған менің “Отырар алқабым” бүгін 85 жасқа келіп отыр. Мерейтой құтты болсын отырарлықтар! Жазар көбейсін әріптестер!

Ізетпен: Ерсұлтан Әмірбек,

журналист

ҚАСИЕТТІ ОТЫРАРДЫҢ КИЕЛІ БАСЫЛЫМЫ

Құрметті әріптестер, қасиетті Отырардың киелі басылымы «Отырар алқабы» газеті 85 жасқатолып отыр. «Теңіздің жанынан құдық қазба» дейді қазақ. Ендеше жоғарыдағыәріптес ағаларымыздың ақжарқын, ақ пейіл тілектеріне қосыла отырып, ниет қабылбола берсін дейміз! Кезінде республикалық «Әділет» газетінде бас редакторорынбасары болып қызмет атқарған республикамызға белгілі журналист АлмасАқылбек ағамызбен бір шаңырақ астында жұмыс жасағанымызбен мақтанамыз.Алакеңнің «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы болып тағайындалғанда дақуанышымыз ерекше болды. Өте еңбекқор, сабырлы, алып жүректің иесі Алмасағамыздың алар асуы алда. Бүгінгі таңда газеттің беделі де, мазмұны да, маңызымен бағыты да республикалық деңгейге жетіп, асқақтап тұр. Мұның бәрі жанкештіеңбектің арқасы. Қазіргі жаһандану заманының ағысымен ілесіп, көштен кейінқалмай, редакция ұжымын қаймақтай ұйытып, ұйымшылдықпен жемісті жеңіске жетіпкеледі. Әлі де жете бермек. Тек қана тілегіміз Алакең аман болсын! Еңбек рәттіболсын! Тағылым мен тәрбиенің кәусар бұлағы болған басылымның 100 жылдығынтойлау баршамызға нәсіп етсін!

Қуаныш БОТАБЕКОВ,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Журналистика және саясаттану ғылымының магистрі, республикалық «Әділет.Рухани жаңғыру» газетінің негізін қалаушы журналист.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *