Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
5 қыркүйек — қазақ ағартушысы, лингвист ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және жаңа Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Саяси қайраткердің 150 жылдығына арналған конференцияға АҚШ, Түркия, Венгрия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Башқұртстан, Татарстан ғалымдары қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің сөзінде ҚР Үкіметі жыл соңына дейін «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін дайындап, мерейтойлық маркалар мен монеталарды айналымға енгізетінін атап өтті. Гуманитарлық ғылымдар саласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын беру ғылым саласы үшін тағы бір маңызды жаңалық болмақ.
«Ахмет Байтұрсынұлына арналған іс-шаралар ЮНЕСКО шеңберінде халықаралық деңгейде өткізіледі. Алдағы екі айдың ішінде Парижде және Ыстамбұлда конференция өтеді. Анкара қаласында Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылады. Осы іс-шаралардың қорытындысы ретінде Мемлекет басшысының қатысуымен ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ аясында Түркістан қаласында халықаралық түркітанушылар конгрессі өтеді. Ұлт ұстазының шығармаларын кеңінен таныту мақсатында таңдамалы еңбектері 4 тілде шығарылады: қазақ, орыс, түрік, ағылшын» — деді Саясат Нұрбек.
Ұлт руханиятының бастауында тұрған Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда «Қазақ» газетін шығарып, оның редакторы болғаны белгілі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығында Орынборда осы газет шығарылған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Ол келесі жылы «Қазақ» газетіне 110 жыл толатынын атап өтті.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың ақпараты бойынша ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылған 12 томдық толық шығармалар жинағы, сондай-ақ ағартушы мен саяси қайраткердің өмірі мен қызметі туралы толық метражды көркем фильм түсірілді.
Ахмет Байтұрсыновтың есімі еліміздегі бір ауылға, 200-ден астам көшеге және 39 мектепке, бір әуежайға, бір мұражайға берілді.
Конференция модераторы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қазақтың ұлы ағартушысы, лингвистің қазақ жазуын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойы – елдіктің белесі, гуманитарлық ғылымның мәртебесі. Бүгін біз жаңа Қазақстанның мемлекетшіл-идеологиялық, ғылыми-интеллектуалдық, мәдени-танымдық ізденісін, тәжірибесін, әлеуетін дәріптеу аясында Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын жаңа бағытта зерттеп-зерделеу, аса көрнекті тіл білімі мен әдебиеттану көшбасшысының ғылыми қағидаттарын, тұжырымдамаларын білім, мәдениет және басқа бағыттарда салаландыру мақсатында конференция ұйымдастырдық» — деді Ерлан Сыдықов.
Конференция аясында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықовтың «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап барлық жастағы аудитория үшін түсінікті тілде жазылған. Автор кітапты оқырмандарға барынша жақындату үшін сұрақ-жауап форматын таңдаған. Философиялық сұхбаттың мәнері Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын тереңірек аша отырып, басылымға бірегейлікті береді. Басылым барлық аймақтық кітапхана мен университеттердің қорын толықтырады.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» институтының ғалымдары Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы үй-музейі бірлесе дайындаған 12 томдық еңбегі жарыққа шығады.
Конференция барысында Мажарстан этнография институтының ғылыми қызметкері, PhD, Давид Шоммай Кара Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығымен 90-шы жылдары қазақ тілін үйрену кезінде танысқанын атап өтті.
«Мен бұрыннан түркі мәдениеті мен тілін үйренумен айналысып келемін. Қытайда жүргенде жергілікті қазақтармен танысып, соның арқасында қазақ тілін үйрене бастадым. Дәл сол кезде мен қазақ лингвисі Ахмет Байтұрсынұлы әзірлеген қазақ әліпбиі туралы алғаш білдім. Ол араб графикасы негізінде Қазақ жазуын реформалап, оны шетелде тұратын миллиондаған қазаққа пайдалануға мүмкіндік берді. Жаңа әліпбиді әлі күнге дейін Қытайда, Ауғанстанда, Иранда тұратын қазақтар қолданады», — деді Мажарстаннан келген қонақ.
Фирдаус Хисамитдинова — Уфа ғылыми орталығының тарих, тіл және әдебиет институты бөлімінің меңгерушісі. Ол қазақтың ұлы лингвист-ғалымы, әдебиеттанушы, қазақ әліпбиінің авторы Ахмет Байтұрсынұлын бүкіл түркі әлемін қадірлейтінін атап өтті.
«Әрине, Башқұрттар Ахмет Байтұрсыновты белгілі ғалым, энциклопедист, ақын-ағартушы ретінде ғана емес, түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшыларының бірі ретінде де біледі және құрметтейді», — деп қосты Башқұртстан сарапшысы.
Конференция жұмысы «Ахмет Байтұрсынұлының тіл білімі мұрасын зерделеу мен түсінудегі жаңа бағыттар», «Ахмет Байтұрсынұлы және әдебиет пен мәдениеттің жаңа жобалары», «Ахмет Байтұрсынұлы феномені және пәнаралық интеграция» атты үш секция бойынша жүргізілді.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын зерттеушілердің ерекше қызығушылығы оның мұрасына арналған шығармашылық көрмеде болды. Көрме үш бөлімнен тұрды. Біріншісінде ұлы ғалымның соңғы жылдары жарық көрген еңбектері бар. Екінші бөлімде Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде жарық көрген фотосуреттері мен түпнұсқа кітаптарының көшірмелері қамтылған. Соңғы бөлім бірегей тұлға туралы ғылыми еңбектерден тұрады.
Конференция соңында шараға қатысушылар қарар қабылдап, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-лицейінде де болды.