БАЛА МІНЕЗ БЕКЗАТТАР

Таным Тұлға
1 196 Views

Мен сексенінші жылдың басында сол кездегі Бөген аудандық «Коммунизм таңы» газеті редакторының орынбасары қызметінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің партия тұрмысы бөлімінеаға тілші болып ауысып келдім.

Бөлім меңгерушісі Оразхан Жарқынбеков екен. Екеуміз сонау 1978 жылы Бөген аудандық газетінде жауапты хатшы болып жүрген тұста Сарыағаш қаласында өткен семинар-кеңесте танысқанбыз. Ол сол кездегі Қызылқұм аудандық «Қызылқұм» газетінде жауапты хатшысы екен, бірден тіл табысып, дос болып кетіп едік. Енді міне, тағдыр бізді облыс баспасөзінің қара шаңырағында қайта тоқайластырып отыр. Сонда Орекең Артқа қайырлған қалың шашына салалы саусақтарын салып жіберіп бір туралап алды да, жүзіне нұр жүгіре, ерекше ықласпен қолымды қысып тұрып:

– Басқа емес, тура сенің келгеніңе өте қуаныштымын. Мұнда өзіңмен қатарлас бір қауым ел бармыз, бізді елуінші жылғылар дейді. Жаңа қызметің құтты болсын, Сәке, бөлім басшысы ретінде қолдан келген көмегімді аямаймын! – деп еді.

Біздің сол тұстағы үлгі тұтар ұстаздарымыз да, ақылшымыз да кілең қасқа мен жайсаңдар еді. Алды қызметке елуінші жылдары КазГУ-ді бітіріп келген редакторымыз – Әмірсейіт Әлиев, Әбдіманап Әлшериев, Уәлихан Темірбеков болса, мұнан кейінгі Пайыз Кәдеев, Жұмамұрат Тұяқ­баев, Байдулла Қонысбеков,Сәділ Кәдеев, Мархабат Бай­ғұт, т.б. болды.

Жұрт ерекше сүйсіне, құрметтеп қарайтын біздің құрдастардың бәрі де еңбегімен елге танылған,үлгілі де, өнегелі, мақтаулы жандар болатын. Солардың ішінде Бекзаттармен қызметіме кіріскеннен кейін екі-үш күн өткенде сәл кешігіңкіреп танысқаным естен шықпайды.

Жұмыс уақыты бітіп, үйге қайтуға қамданып жатқанымда Оразхан:

– Ертең сенбіде демалыс. Мұндағы құрдастардың бәрімен дерлік танысып үлгірдің, Қазір еңбек демалысында жүрген Бекзаттар Дінәсілов деген ұзынтұра тағы бір досымызды сен әлі көрген жоқсың. Бес бөлмелі пәтері, бес баласы, Әлия деген әдемі әйелі бар бай жігіт. Не істерін білмей іші пысып үйіне сыймай жатқан шығар, барып сені таныстырып, жағдайын сұрап қайтсақ қалай болады?

– Бастық айтса – құп, тақсыр дейміз ғой, – дедім әзілдеп.

– Ә, сен ондайды қой, «бастық» деген сөзіңді ендгәрім есітпейтін болайын. Біздер ешқашан да жұбымыз жазылмайтын дос әрі құрдастармыз. Ұқтың ба? – деді Левитанның мақамына ұқсас жуан даусымен гүр етіп.

– Құп, енді біз жан доспыз! – дедім қолымды маңдайыма тақап құрмет көрсете.

Ол алғашқыда қаттырақ айтып қойдым ба дегендей ыңғайсыданып барып, менің әзілмен қайтарған елгезек жауабыма жүрегі елжіреп кетті ме:

– Келістік, жәнім-ау! – деді ернін дөңгелектете арқамнан қағып.

Ертеңіне сағат ондар шамасында Шымқаланың онбірінші мөлтек ауданындағы «Қазығұрт» кинотетрына қарсы орналасқан бес қабатты қазына үйлерінің алдында жолықтық.

– Бекзаттар дос осында тұрады, – деді Оразхан бірінші қабаттағы қоңыр дермантинмен қапталған, жартылай ашық тұрған есіктің алдына ертіп келіп.

– Қалада есіктер тарс жабық тұрушы еді, бұлар…

– Иә, бұлар түннің жарымы ауғанда, ұйқыға жатар алдында ғана жабады, – деді досым сөзімді бөліп.

Ішке кіре берістегі асхана жақтан «Кімсіңдер-әй, Оразхансың ба, залға өте беріңдер!» деген әйел даусы шықты.

Ішке кірсек, төргі бөлменің қақ ортасында ұзыннан ұзына көсіліп бойы екі метрге жуық арық адам теріс қарап ұйықыны соғып жатыр, айналасында бой-бойымен қатар тізіле жатқан бес-алты бала-шаға да тырп етпей былбыраған күйі тәтті ұйқы құшағына еніпті.

Оразханға қарап біз іздеп келген Бекзаттар қайда дегендей ымдасам, жаңағы ұзынды көрсетіп сол деген белгі берді. Сол арада беліне аппақ алжапқыш байлаған, көзі танадай әдемі келіншек кірді. Шамасы Оразхан біздің баратынмызды алдын-ала ескертіп қойса керек, азанымен тамақ қамында жүргені көрініп тұр, қолында оқтау.

– Танысып қой, біздің елуінші жылғылар қатарына жаңадан қосылған Слам дос… – деп сөз бастай беріп еді.

– Білем, білем, есіттік, жақсы ортаға түстің, құтты болсын! Менің атым Әлия! – деп апыл-ғұпыл оқтауын екінші қолына ауыстырып, ұн-ұн алақанымен қолымды алды да оқтауын қайта ауыстырып, төрде тізіліп жатқан балалардың әрбірін қабырғада ілулі тұрған әлем картасындағы қалаларды көрсеткендей оқтауымен нұсқап таныстыра бастады.

– Мынау тұлабойы тұңғышым Сандуғашым, биыл бірінші класта оқиды, Еркебұланым бес жасар, Сұлушаш үш жаста, Алтыншаш бір жарым жаста, мынау кенже балам Еламан бір жасқа енді толады.

– Бекзатты оятпайсыңдар ма?

– Тамақ піскенше сәл де болса жата тұрсын, кеше көршіміз Жайлау Сәбденбеков ағамыздың туған күні болып, алдымен ол жақта, одан соң біздің үйде жалғасып дегендей таңға жуық ұйықтады. Ағайыннан артық ескі досымыз Үсен мен зайыбы Зейнеш те бізбен бірге болды.

Жайлау аға облыстық телерадио комитетінде редактор, жұбайы Лира әпшеміз облыстық драма тетрында қызмет етеді, бір алтын жандар өзі. Сол кісілердің арқасында белгілі жазушы облыстық телерадио камитетінің бас редакторы Қарауылбек Қазиевпен, Қазақстанның халық артисі Ақсақал Қалмырзаевпен, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ошат Рахымовпен танысып, бір үйдің адамдарындай араласып кеттік.

Әлия бірсыдырғы сарынмен мәнерлеп, мүдірмей, жылдам және сартылдаған автоматтай тоқтаусыз сөйлейді екен.

– Бекзат құрдасымыз баскетболшылар сияқты бойшаң екен, спортқа қалай өзі? – дедім.

– Е-е, ол баскетболшы емес, боксшы болып университет чемпионы атанған, Көпен айтпақшы, сол атағын әлі жуып жүр, – деп Оразхан әңгімеге араласқаны сол еді, Әлия ары қарай жалғастырып ала жөнелді.

– Ойбай, ол алғашқы сәттен-ақ курстың белсендісі атанған ғой, – деді бірге оқығандай тіпті екпіндеп. Курс комсоргы, факультет кәсіподақ комитетінің мүшесі болған. Университеттегі «Аққу» ансамблінің құрамында Харьковте өткен бүкілодақтық универсиадаға қатысып, лауреат атанғаны тағы бар. Оркестрде мондолин, прима аспабында ойнаған.

– Жан-жақты таланты бар екен дә? – деймін таңқалып.

– Ойбай-ау, ол мектепті алтын медальмен бітіргеннен емтиханды бір ғана пән бойынша «5»-ке тапсырып, оп-оңай, өз күшімен түсіп кеткен ғой. Студент кезінде де жақсы оқиды, суреті университеттің «Құрмет тақтасынан» түспеген. Мен Бекзатпен бірге оқыған жоқпын, – деді бір уақытта менің ойымды оқып қойғандай екпіндей сөйлеп, – мұның бәрін білетінім, алғаш сөз салып жүргенде мақтанып айтқандары көңілімді жылытып, санамда жатталып қалғаны ғой. Содан университет бітірген соң, сол 1973 жылы ашылған Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетіне арнайы жолдамамен келгенде менімен танысты. Екеуміздің дәм-тұзымыз жарасып дегендей отау құрып, екі балалы болған тұста қожайын елге қайтамыз деген соң Шымшаһардан бірақ шықтық қой. Мұнда облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Сәділ Кәдеев ағамыз басқаратын өнеркәсіп және транспорт деген бөлімде аға тілші болып істеп жатыр. Арамызда әзірше үш қыз, екі ұл, барлығы бес баламыз бар, ендігісі ұл болса – үш қыз, үш баламен түйіндеймін-ау, – деп тәжірибелі тамададай тосылмай сөз ағытқан таныстырушым бір сәт тыныс алғанда:

– Айналайын, Әлия, мамандығың радиожурналист емес пе, Бекзат досты кідірмей-мүдірмей және әдеби көркем тілмен жүдә әдемі таныстырып шықтың, – деп мен дағы апыл-ғұпыл сұрақ қойып үлгіріп едім, ол жауап берудің орнына есік жаққа қарай бұрылып «Ойбуй, қазаным тасып кетті, қазір…» деді де оқтауын қолтығына қыстырған күйі асығыс шығып кетті.

Менің әлгі сұрағыма «Е-е, оның мамандығы есепші, Атыраудағы облыстық драма театрында он жылға жуық бұхгалтер болып істеген», – деп Оразхан жауап берді.

Жан-жағыма таңырқай қарап отырғанымда менің ойымды оқып қойғандай-ақ Оразхан сұраулы жүзіме күлімдей қарап:

– Бес бөлмелі пәтері қайда деп таңқалып тұрсың ба? Иә, бұл бір бөлмелі пәтер, енді жақын арада төрт бөлмелі пәтер де әне-міне бұйырғалы тұр. Сонда бәрін қосқанда бес бөлме болмай ма? – деп еді, жарықтық. Кейін теміржол вокзалы аумағвнан үш бөлмелі пәтер алғанына куә болып, жүрегміз жарыла қуанып, кішігірім той жасадық қой..

Сонымен Бекзатты оятып, бес баланы киіндіріп, олардың біреуі мойнымызға асылып, бірі тіземізге отырып, енді бірі арқамызға асылып дегендей барлығымыз бір бөлмеде сол кездегі қаланың қақ ортасындағы ең үздік деген «Шымкент» қонақ үйінің ресторанының төріне шыққандай бақытты күй кешіп өте көңілді отырып едік-ай..

Адамдықты, адалдықты айқайламай-ақ жақсы көріп, сол пәк жолдан таймай келе жатқан ақ көңіл, бала мінез Бекзаттар жайлы жазатын жақсы жәйттер көп-ақ. Бірсыдырғы, сабырлы, оңайлықпен ашу көтермейтін, пайдасы тимесе, ешкімге залалы жоқ көркем мінезімен құрметке бөленген Бекеңнің қандай әзіл айтсаң да жайдары күліп қабылдайтын көнбістігі бар. Содан кейін шығар, онымен үлкен де кіші де әзілдесе береді. Құрдастардың бәрі бір іліп өтуге құмар. Оразхан оның құс тұмсығындай иілген мұрнын «Аузынан бір нәрсе деметіп тұрғандай» деп мысқылдайтын. Ал Төрехан «кедей көкірек» дейтін. Университетте бірге оқыған сатирик Көпен құрдасы «Бокстан университеттің, кейін қаланың чемпионы болып еді, соны әлі жуып жүр» деп әзілдейді. «Жуас түйе жүндемекке жақсы» дегендей, бәрінің айналдыратыны Бекзаттар. Бала мінез Бекзаттар достық рәуіште айтылған мұндай әзілдердің бәрін дұрыс түсініп, көтере береді. Бар болғаны мұртын жыбыр еткізе бір күліп қояды. Ашуланбайды. Ашуланбақ түгілі «Мені қатырды» деп өзін әдемі түйргендердің сөзін өзгелерге жария етіп жүреді.

– Айтылғандардың бәрі рас қой енді, қазір сенің «Қаламгерлер қалжыңы» деген кітабыңда жазылған әдемі әзілдерді оқып, мәзмейрам болып күліп аламыз. Ол да бір жастық шақтың қайта оралмас ең тәтті күндері екен ғой, Сондай тамаша сәттегі жарқ еткен найзағайдай жедел айтылған асыл сөздерді қалай жалыңа сақтап, ерінбей жинағаныңа тәнтімін, – дейді жетпістің жотасына шыққан досым Бекзаттар айналасына маңғаздана, салмақты кейіппен қарап.

Ұлтының ұлы, ағалардың жақсы ісін жалғастырушы, кейінгілердің үлгі тұтар ағасы, үлкен отбасының тірегі Бекзаттар жақында жетпіс атты биікті бағындырды. Жұбайы Әлия екеуі бүгінде 3 ұл мен 3 қыздан 14 немере сүйіп, енді жуырда алғашқы шөбересін де көріп отырған жайы бар. Әлия әулие екен,алғаш танысқан сонау сексеніші жылдың басында «Арамызда әзірше үш қыз, екі ұл, барлығы бес баламыз бар, ендігісі ұл болса – үш қыз, үш баламен түйіндеймін-ау» деп еді, айтқандай-ақ алтыншысы ұл болып, оған Жасұлан деп ат қойып бала тууды түйіндеді.

Бүгінде қыздарын қияға, ұлдарын қияға қондырып дегендей, өздері кенже ұлдары Жасұланның қолында пейіштегідей жағдайда тұрып жатыр. Олай дейтініміз, Бекзат пен Әлияның қазіргі үйі… Тәубә деп қояйық, кезінде бір бөлмелі пәтерде қысылып-қымтырылып өскен перзенттері енді өсіп өсіп-өніп, асыл әке-шешелерін жеті бөлмелі заманауй еңселі үйдің төріне отырғызып қойған.

Бұрыңғы тұрағы теміржол вокзалы аймағына бауыр басып, еркін жүріп қалған ерке Бекзаттар демалыс аймағындағы бақылауы мен тәртібі қатаңдау жаңа мекенге көшіп келгеніне оншақты жылдан асса да әлі үйрене алмай жүрген көрінеді. Қаланың теріскей тұсындағы биік тұғырынан тура бұлардың үйіне қадала қарап тұрған Бәйдібекби атаның қолындағы тас қамшыға кей-кейде имене қарап қоятыны бар.

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *