2025 жылғы 22–25 сәуір аралығында Халықаралық Ташкент Бейнелеу өнері фестивалі аясында Халықаралық “ТҮРКСОЙ” ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған «Түркі әлеміндегі әйел суретшілерінің көрмесі» өтті. 2024 жылы Қырғызстанның астанасы – Бішкекте алғаш рет өткен көрме биыл Өзбекстанда жалғасын тапты. Халықаралық “ТҮРКСОЙ” ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың бастамасымен жүзеге асырылған және дәстүрлі шараға айналдыру мақсатын көздеген бұл фестиваль “ТҮРКСОЙ”-ға мүше мемлекеттердің әйел суретшілерін бір шаңырақ астына жинады. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстаннан 21 әйел суретші өз туындыларын фестиваль аясында көпшілік назарына ұсынды.
Өзбекстан Көркемсурет академиясымен бірлесіп ұйымдастырған аталмыш көрменің жабылу салтанатына Халықаралық “ТҮРКСОЙ” ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Көркемсурет академиясының төрағасы Акмал Нур, тағы басқа көптеген өнерсүйер азаматтар қатысты. Рәсім барысында сөз сөйлеген Халықаралық “ТҮРКСОЙ” ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев Түркі әлемінің мәдени ынтымақтастығын нығайтатын мағыналы көрменің сәтті өткеніне ризашылығын білдірді: «Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы ретінде біз мәдениет пен өнер саласында жүргізіліп жатқан жан-жақты жұмыстарымыз арқылы Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын Халықаралық деңгейде таныстырып келеміз. 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы — Ақтауда өткізген керемет ашылу рәсімінен кейін енді міне, Ташкентте әйел суретшілеріміздің бас қосып, мәдени байланыстарымызды одан әрі нығайтқаны бізді ерекше қуантады. Осы шараның жүзеге асуына зор үлес қосқан Өзбекстанның Мәдениет министрі Озодбек Назарбековке айрықша алғыс айтқым келеді. Былтыр Бішкекте басталған бұл жақсы бастаманың биыл Ташкентте жалғасқанын көріп, қуанып отырмыз», — деді. Сұлтан Раев өз сөзінен кейін көрмеге үлес қосқан суретшілер мен қолдау көрсеткен мекемелерге Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар Әзербайжанның Мәдениет министрлігімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде «Түркі әлеміндегі әйел суретшілерінің көрмесі» 2026 жылы Бакуде өткізілетінін және “ТҮРКСОЙ”-дың дәстүрлі шараларының қатарына енгізілетін тілге тиек етті.
Рәсімде Өзбекстан Көркемсурет академиясының төрағасы Акмал Нур сөз сөйледі. Түркі әлемінің мәдени бірлігіне үлес қосуға ықпал еткені үшін қуанышты екенін айта келе Бас хатшы Сұлтан Раевқа Алғыс хат табыс етті.
Көрме барысында Ташкентке келген өнерсүйер қауым әйел суретшілердің туындыларымен қызыға танысып, Түркі әлемінің заманауи өнердегі ортақ рухын жақыннан тануға мүмкіндік алды. TRT Avaz және Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдары мұқият назар аударған бұл шара Ташкент Бейнелеу өнері фестивалінің ең көзге түскен бағдарламаларының біріне айналды.
«Түркі әлеміндегі әйел суретшілер көрмесіне» қатысқан суретшілер:
Өзбекстан: Шахноз Абдуллаева, Сарвиноз Қасымова, Марина Бородина, Татьяна Фадеева, Лейла Башарова, Людвига Нестерович, Шарифа Шарафходжаева, Эдие Ягли, Мафтуна Садуллаева, Дилноза Нарзуллаева.
Әзербайжан: Наргиз Гулиева, Ирина Елдарова.
Қазақстан: Асия Хайрулина, Наргиз Алиб, Гүлжанат Қабижанова.
Қырғызстан: Чолпон Тентиева, Поза Жангарачева.
Түрікменстан: Гүнча Гочмирадова, Хатиджа Амансахедова.
Түркия: Халиме Түркйылмаз, Бурджу Гюнай.
Ержан УАЙС,
Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас кеңесшісі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.