ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТҰТАСТЫҒЫН ПАШ ЕТКЕН

Руханият
296 Views

таңғажайып композиция — бірлік пен ынтымақтың жарқын символы

ҚАЗАҚ ПЕН ҚАЗАН – ЕГІЗ ҰҒЫМ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ҚАЗАНЫ – ұлттық менталитетіміздің күретамыры, ырыс-берекенің түп қазығы. Ғасырлардан бері келе жатқан бұл тарихи артефакт туралы аңыз-әңгімелер де, мақал-мәтелдер де көп болуының мәні тереңнен тамыр тартып жатыр.

Себебі тұлпар мініп, ту желбіреткен, жарты әлемді таң-тамаша етіп мойындатқан ұлтымыздың дамуы мен қалыптасуында оның алар орны да ерекше болғандығын мына нақылдар мен ғибратты сөздерден бажайлай беріңіз: «Қазаншының еркі бар, Қайдан құлақ шығарса», «Қазан шайқалса, ырыс шамданады», «Қазаның оттан түспесін», «Астапыралла!» дегеннің қазаны тез қайнайды», «Ырыстың басы – қара қазан», «Аллаға жағамын десең, Азаның болсын. Пендеге жағамын десең, Қазаның болсын», «Қазының пісуіне шыдағанда, Қазанның түсуіне шыдамайсың ба?»Яғни елдіктің, іріліктің, тектіліктің үлгілерін көрсеткен ата-бабаларымыз ең басты күш-қуат, қаһармандық береке-бірліктен бастау алатынын терең түсінген.

Қыл аяғы күнделікті өміріндегі тіршілігінде ҚАРА ҚАЗАННЫҢ қасиетін әсте есте шығармай жұмбақтарын да осы қасиетті ыдыспен байланыстырып отыруының пәлсапалық, әлеуметтік-саяси мәні болғандығын аңғару қиындық тудырмасы хақ.

Назар аударалық:

Қара бием қарап тұр, қызыл бием жалап тұр.

Төңкерсең күмбез сынды,

Шалқайтсаң құдық сынды.

Жиегінде қос құлағы бар,

Тік көтерген үш бұтағы бар.

Дыбыстасаң қарамас,

Болса-дағы құлағы.

От-жалынмен аралас,

Тату-тәтті тұрады.

Қара тайым мықты,

Қара бием сүтті.

ҚАРА ҚАЗАННЫҢ ҚАСИЕТІ

ҚАРА ҚАЗАННЫҢ ҚАСИЕТІНЕ терең бойлағыңыз келсе ұлттық санамызға ұялаған ЫРЫМДАРҒА назар аударыңыз. Баяғыда бір ауылдағы беделді азаматтың суға түсіп, жоқ болып кеткені туралы суық хабар тарайды. Ел-жұрт қотара көтеріліп іздеуге шығады. Өзенді жағалай қанша қараса да таппайды. Сонда сол ауылдағы бір көнекөз қария былай депті: «айналайындар сендер қанша қарасаңдар да таба алмайсыңдар. Одан да сол адамның үйіндегі қазанды алып, суға ағызыңдар, сонда табылады» депті. Жігіттер үй иесінің қазанын суға қоя бергенде ол иесі батқан тұсқа барғанда айналып тұрып алыпты.

Халқымыздың қазанды қастерлегені сонша, оны өте мұқият қолданып, іші босағаннан кейін де үйіне ұқыптылықпен қойған. Қазіргі кейбір жастар оны қолданғаннан кейін суын сүртуге ерініп, төңкере салады. БҰЛ – ӨТЕ ҮЛКЕН ҚАТЕЛІК. Қазақы ырым бойынша қазан иесі қайтып, соңында ұрпақ қалмаған жағдайда ғана оны төңкеріп қойған. Кейбір көне ауылдардың зиратын араласаңыз, кейбір қабірдің үстінде төңкеріліп жатқан қазанды көресіз. Неліктен? Себебі сол ауылдағы қариялар артында тұяғы қалмаған жанның бейітіне сол адамның қазанын төңкерткізіп қойғызған. Соңында ұрпағы қалмады дегенді білдірген. Сондықтан қазан жуылып болған соң ол тек қақпағы жабылған күйде тұруы тиіс. Өрескел білместікке жол берілмеуі тиіс.

САҚ ДӘУІРІНДЕ ынтымақ-бірлік шатынап, ел ішінде арамдық пен алауыздық белең алады. Сонда халық қадір тұтқан ақындар мен абыздар, шешендіктің шыңына шыққан от ауызды, орақ тілді би-ғұламалар ұлттық апат жақындап қалғанын қалың халайыққа жар сала хабарлап, ес жию керектігін айтады. Есті тұлғалар бір уәжге тоқталады: ел бірлігін нығайту үшін сол атыраптағы барлық ру-тайпалардағы сарбаздардың жебелерін бір жерге жинатып, ондағы мысты балқытып, нән тайқазан құйдыртады. Сөйтіп биік бір төбенің басына шығып, дәу қазандағы етті бәрі теңдей бөлісіп жеп, елде бірлік пен татулықты орнатуға серт байласады. Ендігі құйылатын жебелер тек сырттан келетін жауға бағытталуына тоқтам жасасады. Содан бастап жатжұрттықтар мұндай ынтымақ-бірлігі жарасқан ержүрек елден сескенетін болыпты.

Тарихымыздың қилы-қиын кезеңдерінде қазан ұлтымыздың қорғаны да бола білген. Кезінде сыртқы жаулар алаңсыз жатқан ауылдарымызға кенеттен тарпа бас салғанда, алапат қырғында кішкентай балаларын қазанның астына жасырып, аман алып қалғаны туралы, олардан кейіннен бір рулы ел қанат жайғаны хақындағы тарихи әңгімелердің көп болғаны тегін емес.

«Қара қазан, сары баланың қамы үшін» талай ерлеріміз күн-түн демей жортып, кең-байтақ даламызды жауларымыздан қорғап қалды. Осыдан кейін қалайша қазақ пен қазан егіз ұғым демеске. Айталық Түркістандағы Тайқазан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлық дәстүрлерімізден тамыр тартып жатқан қасиетті мұра. Ол ынтымақ — бірлігіміз бен біртұтастығымыздың символикалық көрінісі. Кезінде Эрмитажда тұрып, кейіннен қалың жұртшылықтың талап етуі бойынша Әмір Темір заманынан қалған құнды жәдігер туған елімізге Ресей тарапынан кері қайтарылды. Өзінің құтты орнына қондырылған Тайқазан береке мен бірліктің нышаны ретінде көз тартып тұр.

Хош делік, бұл мақтанышпен айтатын ұлттық құндылығымыз. Алайда қазанның қасиетін одан сайын терең байыптап, оның символдық қасиетін одан сайын асқақтату, дәріптеу жетіспей жатыр.

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ КІЛТІ

Қазір біз цифрландыру заманына қадам басып, жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Егер шын мәнінде ұлттық менталитетімізді сақтап, өзіндік сара жолымызды нақты айқындамасақ, болашағымыз бұлыңғыр болары хақ. Жеріміздің асты-үстіндегі байлығымыз Менделеев таблицасындағы элементтерден де асып, таңғажайып тарихымыз түгенделіп жатқанда ұлтымыздың ұлықтығын мұқым әлемге танытатын кез келді. Ол үшін әлемді елең еткізетін тірлік жасауымыз керек, әлемде ат тұяғының ізі қалмаған ата-бабаларымыздың даңқын аспандату үшін береке бірлігімізді нығайтатын ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫ қалыптастыру керек. Оны ауызша яки жазбаша, мультимедиялық жолдармен ғана емес, сәулеттік композицияны ЕЛОРДАНЫҢ ҚАҚ ТӨРІНЕ орналастыру арқылы ұрпақтарымыздың санасын серпілтуіміз ауадай қажет. Қалай?

Жақында мен белгілі сәулетші Мәлік деген азаматпен танысып, оның «ТАЙҚАЗАН КӨП ҚЫРЛЫ СКУЛЬПТУРАЛЫҚ КОМПОЗИЦИЯСЫ»  атты таңғажайып жобасының куәгері болдым.

Алып көлемді мүсіндік композиция өзімен бірге Тайқазанды көтеріп келе жатқан қазақ халқының көрнекті қайраткерлерін бейнелейтін сегіз фигурадан тұрады. Олар Қазақ хандығын біріктірген үш жүздің хандары, Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы Конституциясының негізін салған «Жеті жарғы»  жоғары заң шығару кеңесінің билері, қазақ халқының татулығы мен бірлігі үшін күрескен батырлар және олар туралы аңыздар жазған ақындар. Таңғажайып туынды Қазақстан халқының бірлігінің, бейбітшілік пен келісімінің символына айналмақ. Оның орналасатын жеріне байланысты сәулетшіде екі түрлі ой бар көрінеді: біріншісі — қаламыздың көрнекті ашық жері, екіншісі — «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің» холлы.

ҚАЗАҚ РУХЫН КӨТЕРУ – АСЫЛ МІНДЕТ

Тарихтан белгілі,  аса құрметті тұлғалар  Тайқазанды молшылық пен амандықтың белгісі ретінде ұлы оқиғаларға орай көтерген. «Тайқазан» композициясы қазақтардың бай мәдени мұрасының басты колоритін танытып тұрғандай, жылнамада тәуелсіздікке жету және республикамыздағы мемлекеттіліктің қалыптасуы жолындағы барлық өткен жолды бейнелейді және Ұлы даланың барша халқын рухани біріктіруге арналған символ болып табылады.

Сондықтан да бұл туынды Орталық Азиядағы ең үлкен музей — «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің» экспозициясындағы аса маңызды фигуралық композиция болу үшін таңдап алыныпты, онда ұлттық тарихты қайта жаңғыртатын ең маңызды артефактілер, зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары кешені жинақталған.

ТАЙҚАЗАН — алтынмен қапталған, дәстүрлі қазақ ою-өрнектерімен безендірілген және қымбат әрі жартылай асыл тастармен көмкерілген дәстүрлі қазақ қазаны. Композицияның жоғарғы тұсы ҚР Президентінің «Қазақ халқының бүкіл тарихы, біріктіру, тұтастану» дәйексөзі жазылған хрусталь әйнектен, сондай – ақ қонақжайлылық пен отбасы ошағының символы — шаңырақтың және тәуелсіз әрі қуатты мемлекеттің символы — алтын грифонның бейнесінен тұрады.

Бұл жұмысты орындау үшін шамот фарфоры,  қолдан жасалған күміс материалдар, дизайн үшін жартылай қымбат және табиғи тастар және басқа құнды материалдар қолданылатын көрінеді. Композицияны жүзеге асыруға белгілі отандық және шетелдік шеберлер атсалысатынын ескерсек, бұл туынды осы ғасырдағы ғажап өнер туындыларының қатарына қосылатынына еш шүбәңіз болмайды.

Атап көрсетерлік жайт, көркемдік композициясының ИДЕЯСЫ КЕРЕМЕТ. Уақыт өтер, замана көші тоқтаусыз ілгері жылжыр. Ал желден жүйрік тұлпарларды тізгіндеп, Алтайдан Атырауға дейінгі кең байтақ даланы жайлап жатқан қазақ қазіргі өмірімізде де ұшырасып қалатын ішінара алауыздықты, балақтан басып, бақайдан шалуды қойып, «БАР ҚАЗАҚ – БІР ҚАЗАҚ» идеясымен ынтымақ, бірлікте ілгері қадам басқанымыз жөн. Бізді ешқандай сыртқы жау ала алмайды. Егер баршамыздың рухымыз күшті болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, еліміз гүлденіп, ұрпақтарымыздың келешегіне алаңдамайтын боламыз. Ал жоғарыда сөз болған сәулеттік композиция ұлттық идеологиямыздың іргетасын қалауда шешуші роль атқаратын болады.

Қазіргі таңда елімізді гүлдендіріп, ҰЛТТЫҢ — РУХЫН КӨТЕРУДЕН асқан міндет жоқ. Ол үшін «Үлкен корабльге – жүйткіп жүзу» дегендейін, түркі әлемінің ата жұрты ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ, оның елордасында мұқым әлемді елең еткізетін, рухымызды оятып, ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ даңқын аспандататын іргелі, асқақ сәулеттік кешен ауадай қажет. Оның бастапқы жоба — нұсқасын белгілі архитектор, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Мәлік Нақанұлы Әбділдин толық жасап шыққан. Көргенде көз тойдыратын СӘУЛЕТТІК АНСАМБЛЬ кез-келгенді таңдандыратыны, сүйсінтетіні айдан анық. Бұл ӘРБІР ҚАЗАҚ ТӘУ ЕТІП КЕЛЕТІН ҚАСИЕТТІ ОРЫНҒА әрі ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫН МАҚТАНЫШПЕН ЕСКЕ АЛАТЫН АРТЕФАКТ ретінде елорда төрін асқақтатып тұратын ҒАСЫР КЕРЕМЕТІ болары хақ. Ең бастысы ұлт санасын серпілтер идеяға ел Президентінің, қалың жұртшылықтың қолдауы ауадай қажет.

Мемлекетіміздің  басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек»,-деп атап көрсеткен еді. Ендеше еліміздің Президенті жариялаған осы қастерлі міндетті жүзеге асыру үшін халық бірлігін, татулық пен тұрақтылықты әспеттейтін таңғажайып жобаның жүзеге асуын жаппай қолдайық. «Халық қаласа – хан түйесін сояды» деген көнеден жеткен  нақыл тегін айтылмаса керек. Егер елдігіміздің еңсесін көтеретін сәулет өнерінің осынау ғажайып туындысы елордада бой көтеруін қалың халық қаласа «Еститін үкімет» үнсіз қалмасы анық.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

профессор, Халықаралық ақпараттандыру және Гуманитарлық ғылымдар  академияларының академигі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *