БАС ҰСТАЗ АДАМ ӨЛТІРУГЕ ТАПСЫРЫС БЕРСЕ… ҚОҒАМ ҚАЛАЙ ТҮЗЕЛМЕК?!

Қоғам Құқық
809 Views

Сарыағаштық шенеунік журналистің өмірін 5 миллион теңгеге бағалаған. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы! Ең сұмдығы – ақша беріп адам өлтірмек болған шенеунік аудандық білім бөлімінің басшысы.

Бәрін басынан бастайық. Түркістан облыстық полициясы«Сарыағаш-информ» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековті өлтіруге тапсырыс бергендерді анықтады. Журналистің көзін жою туралы тапсырыс бергенадам Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов болып шықты.Шенеунік өзі туралы мақала жазған журналисті ату үшін адам жалдаған. Ол үшінқол астындағы қызметкерге қомақты ақша берген. Ақшаның бір бөлігін өзінде қалдырған делдал қызметін атқарған адам қылмысқа жас жігіттерді тартыпты.Кешқұрым бетперде киіп келген олар қараңғыда журналисті шатастырған сияқты: оқтілшіге емес, баласына тиген. Бір ажалдан аман қалған Дінмұхамед Батырбеков оншақты күн ауруханада жатып шыққан.

«Шолақ мылтықты шығарып көздеймін дегенше, екі қадам жасаймын дегенше атты. Бір метрге ұшып түстім. Есіктен шығып едім, қуды. Мен ары қарай қаштым. Арғы беттен тағы бір рет атты. Оқ арқама тиді. Сосын мен жаққа бес секундтай қарап тұрды, қансырап тұрғанымды көріп тұр. Көп қан кеткеннен кейін өледі-ау деген кезде бұрылды да, қашып кетті», – деп еске алады Дінмұхамед.

Дегенмен адам атқан жалдамалы «киллерлер» көп ұзамай-ақ қолға түсті. Алдымен Шымкент қаласының екі жас тұрғыны ұсталған. Оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен – осылар. Ол екеуі көп ұзамай-ақ ортадағы делдалдар мен тапсырыс беруші кім екенін жайып салған.Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генералы Қайрат Дәлбеков:

«Қылмысты ашуда біз бірқатар нұсқаны негізге алдық, оның бірі – журналистің кәсіби қызметі. Кейіннен дәл осы нұсқамыз расталды. Бұл қылмысты ізін суытпай ашуда оқиға орын алған уақытта куәләрдің болмауы да өзіндік қиындық туғызды. Дегенмен осы қылмысқа қатысы бар 5 күдікті ұсталды. Заттай айғақ ретінде олардан ВАЗ (2107/21110) маркалы 2 автокөлік тәркіленген. «Олар бұл автокөліктерді қылмысты жасағандары үшін алған ақшаға сатып алған. Сондай-ақ олардан 16 калибрлі патрондар алынды.

Шенеунік журналистің өмірін 5 миллионға бағалаған. Яғни орындаушылар тапсырма орындап, қылмыстың ізін суыту үшін Шардара арқылы Арыс қаласы, Арыстан ары қарай Шымкентке жеткен», – дейді.

Білдей бір ауданның білім бөлімін басқарып отырған басшы тәуелсіз журналисті неге өлтіргісі келді? Кезінде Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевке қатысты шындықты жазғаны үшін журналист 8 айға қамалып шыққан. Айта кетейік, Амангелді Батырбеков – Сарыағашта тәуелсіз газет ашып, 10 жылдан бері аудандағы түйткілді де даулы мәселелерді ашық та батыл жазып жүрген журналист. Ол бірден-ақ қастандық ұлына емес, өзіне жасалғанын айтқан. Тіпті тапсырыс берген аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов болуы мүмкін деп топшылаған екен. Себебі А. Батырбеков 8 жылдан бері шенеуніктің жемқорлық былықтарын әшкерелеп, ашық жазып жүр. Шенеунік оны сол үшін сатып та алмақ болған дейді журналист, талай мәрте қоқан-лоққы да көрсеткен көрінеді. Ал қараша айында шенеунікке тиесілі балабақшаға 40 миллион бөлінгенін жазған соң шыдамы таусылған болуы мүмкін дейді.

«Бауыржан Майрихов бойынша мен 5-6 мақала жаздым, ал әлеуметтік желілерге одан да көп мақала жарияладым. Өте көп. Мысалы, «Сарыағаш ауданындағы білім бөліміндегі мафия-1, мафия-2, мафия-3» дегендей, тақырыбы айқайлап тұрады. Бірақ ол мемлекеттік қызметкер ретінде ешқашан мені сотқа бере алмады. Өйткені ол жерде бәрі де дәлелмен жазылады», – дейді журналист Амангелді Батырбеков.

Ашығын айтқанда, Сарыағаш ауданындағы білім бөлімі төңірегінде шулы мәселелер орын алып жүргені бір бұл емес. Естеріңізде болса, 2018 жылы мұнда бүкіл республика жұртының жағасын ұстатқан аса ауыр жағдай орын алған болатын: 7 жасар ұл баланың зорлануы туралы дау шықты. Кейін 11 сыныпта оқитын 17 жастағы жасөспірім өзін 17 жігіт жабылып зорлағанын айтты. Оның алдында да бір мектеп директоры қоластындағы мұғалімге қоқан-лоққы көрсетіп, тіпті жұмыс кабинетінің есігін жауып қойып, оған қол көтерген деген де дау шыққан болатын. Осының бәрі Бауыржан Майрихов білім бөлімін басқарып жүрген жылдарда болған дау-дамайлар. Ал енді соңғысы мынау – басшының өзі адам өлтіруге тапсырыс берген! Тәрбие тетігін түзеу орнына адам өлтіруді оңай көрген мұндай басшы қалай білім бөлімін басқарған деп еріксіз жаға ұстайсың.

…Бауыржан Майрихов тапсырыс алған төрт азаматпен бірге қамауда отыр. Ұсталғандарға қатысты «адам өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *